Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 27-бабы 2-тармағына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 20 наурыздағы "Экономиканы тұрақтандыру жөніндегі одан арғы шаралар туралы" Қазақстан Республикасы Президентiнiң 2020 жылғы 16 наурыздағы № 287 Жарлығын iске асыру жөнiндегi шаралар туралы" № 126 қаулысына сәйкес Павлодар облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Павлодар облысының жергілікті атқарушы органының мемлекеттік бағалы қағаздардың ішкі нарықтағы айналымы үшін оларды шығаруының келесі шарттары, көлемі және нысаналы мақсаты айқындалсын:
1) шарттары:
мемлекеттік бағалы қағаздар шығарылған жылы - 2020 жыл;
бағалы қағаздардың түрі - Жұмыспен қамту жол картасының іс-шараларын қаржыландыру үшін облыстың жергілікті атқарушы органы шығаратын мемлекеттік бағалы қағаздар;
мемлекеттік бағалы қағаздардың айналым мерзімі - 10-12 жыл;
сыйақының пайыздық мөлшерлемесі - жылына 6,1%;
мемлекеттік бағалы қағаздар бойынша купондарды төлеу мемлекеттік бағалы қағаздар айналымы сәтінен бастап бір жыл өткеннен кейін жылына бір рет жүргізіледі;
негізгі қарызды өтеу айналым мерзімі аяқталғаннан кейін бекітілген кестеге сәйкес жүргізіледі;
2) көлемі - 31 150 000 000 (отыз бір миллиард жүз елу миллион) теңге;
3) нысаналы мақсаты - төтенше жағдайдың әрекет ету кезеңінде анықталған Жұмыспен қамту жол картасының іс-шараларын қаржыландыру.
2. "Павлодар облысының қаржы басқармасы" мемлекеттік мекемесі заңнамамен белгіленген тәртіпте:
осы қаулының аумақтық әділет органында мемлекеттік тіркелуін;
осы қаулыны Павлодар облысы әкімдігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
мемлекеттік бағалы қағаздар шығаруды қамтамасыз етсін.
3. Осы қаулының орындалуын бақылау облыс әкімінің орынбасары Ә. А. Арыноваға жүктелсін.
4. Осы қаулы қол қойылған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануы тиіс.
Павлодар облысының әкімі | А. Скаков |