Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің 2019 жылғы 16 қыркүйектегі № 316 "Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру қағидаларын бекіту туралы" қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің 2020 жылғы 17 тамыздағы № 285 қаулысы. Шығыс Қазақстан облысының Әділет департаментінде 2020 жылғы 18 тамызда № 7457 болып тіркелді

      ЗҚАИ-ның ескертпесі.
      Құжаттың мәтінінде түпнұсқаның пунктуациясы мен орфографиясы сақталған.

      "Агроөнеркәсіптік кешенді және ауылдық аумақтарды дамытуды мемлекеттік реттеу туралы" Қазақстан Республикасының 2005 жылғы 8 шілдедегі Заңының 7-бабы 2-тармағының 17-10) тармақшасына сәйкес, "Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асырудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2019 жылғы 29 шілдедегі № 280 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2020 жылғы 1 сәуірдегі № 109 бұйрығына (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу тізілімінде нөмірі 20272 болып тіркелген) сәйкес Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің 2019 жылғы 16 қыркүйектегі № 316 "Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру қағидаларын бекіту туралы" қаулысына (Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде нөмірі 6168 болып тіркелген, 2019 жылғы 26 қыркүйектегі Нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде электрондық түрде, 2019 жылғы 1 қазандағы "Дидар" және "Рудный Алтай" газеттерінде жарияланған) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асырудың қағидаларында:

      2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) азық-түлiк тауарларының өңірлік тұрақтандыру қоры – облыс аумағында аграрлық азық-түлік нарығына реттеушілік әсер ету және азық-түлiк қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету үшiн құрылған азық-түлiк тауарларының жедел қоры;

      2) азық-түлiк тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорын жаңарту – азық-түлік тауарларының сақталу мерзімі аяқталғанға дейін оларды өткізу немесе жаңа сақталу мерзімімен немесе келесі жылдың жаңа егінінен дәл сондай көлемдегі азық-түлік тауарларын кейін жеткізе отырып, азық-түлік тауарларының сақталу мерзімі аяқталғанға дейін оларды қайтару;

      3) азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорын пайдалану – тауар интервенцияларын жүргізу және азық-түлiк тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорын жаңарту мақсатында азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорынан азық-түлік тауарларын өткізу;

      4) азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорын қалыптастыру – сатып алу интервенциялары, азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорына азық-түлік тауарларын орналастыру және сақтау;

      5) әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары – тізбесі Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілетін, олардың есебінен адамның физиологиялық қажеттіліктері қанағаттандырылатын азық-түлік тауарлары;

      6) мамандандырылған ұйымдар – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті бағаларды белгілеу жөніндегі шараларды қоспағанда, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыратын, тізбесі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 9 қазандағы № 1279 қаулысымен бекітілген ұйымдар;

      7) сатып алу интервенциялары – облыс аумағында бағалар төмендеген кезде және/немесе Қазақстан Республикасы аумағында төтенше жағдай енгізілгенде мамандырылған ұйымдардың азық-түлік тауарларын сатып алу жөніндегі іс-шаралар;

      8) тауар интервенциялары – бағалар өскен кезде ішкі нарықты тұрақтандыру мақсатында жүзеге асырылатын, азық-түлiк тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорларынан ішкі нарықта азық-түлік тауарларын өткізу жөніндегі іс-шаралар;

      9) әлеуметтiк маңызы бар азық-түлiк тауарларына бөлшек сауда бағаларының шектi мәнi – елде бағалардың негiзсiз өсуiне жол бермеу, инфляцияны жол берілетін шектерде ұстау және макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында белгiленетiн бөлшек сауда бағаларының жол берілетін деңгейi, ішкі сауда субъектiсi әлеуметтiк маңызы бар азық-түлiк тауарларына бөлшек сауда бағаларын осы деңгейге дейін айқындауға құқылы;

      10) әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына жол берілетін шекті бөлшек сауда бағалары – әлеуметтiк маңызы бар азық-түлiк тауарларына бөлшек сауда бағаларының шектi мәндерiн асырған жағдайда, жергілікті атқарушы органдар белгілейтін бөлшек сауда бағаларының деңгейі;

      11) шекті сауда үстемесі – ішкі сауда субъектілерінің түпкілікті тұтынушыларға азық-түлік тауарларын өткізуі кезінде бағаны айқындау үшін қалыптастырылатын сауда үстемесі.";

      9-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "9. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру үшін облыстың жергілікті атқарушы органы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыратын мамандандырылған ұйымдардан әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті бағаларды белгілеу жөніндегі шараларды қоспағанда, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру туралы шарт жасасу жолымен көрсетілетін қызметтерді сатып алуды жүзеге асырады.";

      мынадай мазмұндағы 9-1, 9-2-тармақтармен толықтырылсын:

      "9-1. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыру туралы шарттың қолданылу мерзімі аяқталғанға дейінгі үш жылдық кезеңге облыстың жергілікті атқарушы органы мамандандырылған ұйыммен тұрақтандыру қорының заттай және ақшалай мәндегі өтпелі активтері туралы міндеттемелері көрсетілген қосымша келісім жасасады.

      Тұрақтандыру қоры таратылған жағдайда, мамандандырылған ұйым азық-түлік тауарларын сатып алу үшін пайдаланылған бюджет қаражатының жергілікті бюджетке қайтарылуын қамтамасыз етеді.

      Егер мамандандырылған ұйымның шешімі бойынша азық-түлік тауарларын өткізу сатып алу бағасынан төмен баға бойынша жүзеге асырылса, онда соманың қайтарылуы сатып алу және өткізу бағаларының айырмасын шегере отырып жүзеге асырылады.

      9-2. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру тетіктерін іске асыратын мамандандырылған ұйымның үстеме шығыстары азық-түлік тауарларының белгіленген және нарықтық бағаларының айырмасы есебінен жабылады.";

      11-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "11. Шығыс Қазақстан облысының ауыл шаруашылығы басқармасы ай сайын айдың 20-күніне дейін Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы, сауда және интеграция министрлігіне әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаны тұрақтандыру тетіктерінің іске асырылу барысы туралы ақпарат ұсынады.";

      23-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "23. Мамандандырылған ұйым өткізетін әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына шекті сауда үстемесі Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 19 наурыздағы "Мемлекеттік статистика туралы" Заңы 19-бабының 1-тармағына сәйкес, Статистикалық жұмыстар жоспарына сай Шығыс Қазақстан облысының мемлекеттік статистика органдары қалыптастыратын әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бөлшек сауда бағаларының ресми нарықтық мәндерінен 10 немесе одан да көп пайызға төмен бағаларды ұстап тұру ескеріле отырып қалыптастырылады.";

      25-тармақ мынадай мазмұндағы 25-1-тармақпен толықтырылсын:

      "25-1. Ауыл шаруашылығы басқармасы азық-түлік тауарларының аймақтық тұрақтандыру қорында сатып алынатын азық-түлік тауарларының тізімін және шекті саудалық жәрдемақы мөлшерін бекіту туралы шешімді тіркеуді қамтамасыз етеді.";

      26-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "26. Өңірлік тұрақтандыру қорларын қалыптастыру кезінде азық-түлік тауарлары тікелей өндірушілерден және (немесе) ауыл шаруашылығы өндірушілерінен және (немесе) көтерме кәсіпорындардан (дистрибюторлардан) сатып алынады.";

      30-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "30. Мамандандырылған ұйым аграрлық азық-түлік нарығына реттеушілік ықпал ету қажет баға деңгейінің көтерілуі жағдайында, 2 (екі) жұмыс күнінен кешіктірмей, тауар интервенцияларын жүргізу туралы шешім қабылдайды.";

      36, 37-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "36. Облыстың жергілікті атқарушы органы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаларды тұрақтандыру мақсатында Комиссия айқындайтын азық-түлік тауарларының тізбесіне сәйкес мамандандырылған ұйымға кейін кәсіпкерлік субъектілеріне беру үшін қарыз береді. Қарыз беру қарыз шартын жасасу жолымен қайтарымдылық, қамтамасыз етілу және ақылылық талаптарымен жүзеге асырылады.

      37. Бағаларды тұрақтандыру мамандандырылған ұйымның әлеуметтiк маңызы бар азық-түлiк тауарларына белгіленген төмендетілген бөлшек/көтерме сауда бағаларын белгілеуі жолымен қамтамасыз етіледі.";

      40, 42-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "40. Кәсіпкерлік субъектісі мамандандырылған ұйымның қарызды қайтару бойынша міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз етеді. Міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз ету мынадай түрде беріледі: кепіл және/немесе банктік кепілдендіру және/немесе сақтандырушарты және/немесе үшінші тұлғалардың кепілдік/кепілгерлігі және/немесе корпоративтік кепілдендіру. Міндеттемелерінің орындалуын қамтамасыз ету заңнамада көзделген жазбаша нысанда рәсімделеді.";

      "42. Жергілікті атқарушы органдар бөлетін, оның ішінде бұдан бұрын азық-түлік тауарларының өңірлік тұрақтандыру қорларын қалыптастыруға бөлінген қаражат қаржыландыру көзі болып табылады.".

      2. Кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы:

      1) осы қаулының аумақтық әділет органында мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесінің облыс аумағында таратылатын мерзімді

      баспа басылымдарында ресми жариялауға жіберілуін;

      3) осы қаулы ресми жарияланғаннан кейін Шығыс Қазақстан облысы әкімінің интернет-ресурсында орналастырылуын;

      4) осы қаулының облыстың қалалары мен аудандарының жергілікті атқарушы органдарының назарына жеткізілуін қамтамасыз етсін.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау облыс әкімінің агроөнеркәсіп кешені мәселелері жөніндегі орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Шығыс Қазақстан облысы әкімі Д. Ахметов

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады