"Құқықтық кадастрда жылжымайтын мүлікке құқықтарды жүйелі түрде тіркеу жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2015 жылғы 24 ақпандағы № 110 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2021 жылғы 29 наурыздағы № 225 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2021 жылғы 31 наурызда № 22442 болып тіркелді

      "Жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу туралы" Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 26 шілдедегі Заңының 1-бабына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Құқықтық кадастрда жылжымайтын мүлікке құқықтарды жүйелі түрде тіркеу жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2015 жылғы 24 ақпандағы № 110 бұйрығына (Нормативтiк құқықтық актiлердi мемлекеттiк тiркеу тiзiлiмiнде № 10539 болып тіркелген, ҚР НҚА электрондық түрдегі эталондық бақылау банкінде 2015 жылы 15 сәуірінде жарияланған) келесі өзгерістер енгізілсін:

      Көрсетілген бұйрықпен бекітілген Құқықтық кадастрда жылжымайтын мүлікке құқықтарды жүйелі түрде тіркеу жүргізу қағидаларында:

      5-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "5. Осы Қағидаларда мынадай терминдер және анықтамалар пайдаланылады:

      1) бұрын туындаған құқық (құқықтық ауыртпалықтар) - 1996 жылғы 1 наурызға дейін туындаған және ол тиісті құқық туындаған сәтте қолданыстағы заңнамаға сәйкес келген жағдайда жарамды болатын жылжымайтын мүлікке құқық (құқық ауыртпалығы);

      2) бұрын туындаған құқықтарды құқықтық кадастрда жүйелі тіркеу - жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу жүйесі енгізілгенге дейін туындаған және егер олар туындаған сәтте қолданыстағы заңнамаға сәйкес келсе, жарамды болатын жылжымайтын мүлікке құқықтарды (құқықтық ауыртпалықтар) есептік тіркеу;

      3) есептік тіркеу - құқықтық кадастрда мемлекеттік тіркеусіз жарамды болатын жылжымайтын мүлікке құқықтарды (құқықтық ауыртпалықтар), оның ішінде бұрын туындаған құқықтарды есепке алу мақсатында жылжымайтын мүлікке құқықтарды (құқықтық ауыртпалықтар) тіркеу;

      4) жылжымайтын мүлік - жер учаскелері, ғимараттар, құрылыстар және жермен тығыз байланысты өзге де мүлік, яғни мақсатына шамадан тыс зиян келтірілмей көшірілуі мүмкін болмайтын объектілер;

      5) жылжымайтын мүліктің бастапқы объектісі - әр түрлі функционалдық мақсаттағы ғимараттар және құрылыстар, сондай-ақ ерекше реттеу және қала құрылысын регламенттеу объектілері;

      6) жылжымайтын мүлікке құқықтық ауыртпалық - Қазақстан Республикасының заңдарында немесе тараптардың келісімімен көзделген тәртіппен туындаған және құқық иесінің жылжымайтын мүлікке иелік ету, пайдалану және (немесе) билік ету құқығын шектеуде көрінетін жылжымайтын мүлікке құқықты кез келген шектеу;

      7) жылжымайтын мүлікті мемлекеттік техникалық тексеру - үйлердің, ғимараттардың және олардың құрамдастарының құқықтық кадастрды жүргізу үшін қажетті техникалық, сәйкестендіру сипаттамаларын айқындау;

      8) жылжымайтын мүліктің кейінгі объектісі - құқықтарды тіркеу мақсатында меншіктің жеке (бөлек) құқық (өзге де заттық құқық) объектілері ретінде оларға кадастрлық нөмірлер берілетін тұрғын және тұрғын емес үй-жайлар;

      9) жылжымайтын мүлік объектісінің сәйкестендіру сипаттамалары - жылжымайтын мүліктің мекенжайын, мекенжайдың тіркеу кодын (ол бар болған кезде), түрін, кадастрлық нөмірін, меншік нысанын, құрамдастарының санын, жерлерінің, санаттарын, бөлінуін, нысаналы мақсатын, қабатын, ауданын (жалпы, тұрғын, пайдалы) қоса алғанда, жылжымайтын мүлік объектісі туралы құқықтық кадастрды жүргізу мақсатына қажетті мәліметтер;

      10) құқық белгілейтін құжаттар - солардың негізінде жылжымайтын мүлікке құқықтар (құқықтық ауыртпалықтар) туындайтын, өзгеретін және (немесе) тоқтатылатын құжаттар;

      11) құқықтық кадастр – жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтардың (құқықтық ауыртпалықтардың) бірыңғай мемлекеттік тізілімі;

      12) құқықтық кадастрдан мәліметтер - құқықтық кадастрда қамтылған жылжымайтын мүлікке тіркелген құқықтар (құқықтық ауыртпалықтар) және мемлекеттік тіркеудің өзге де объектілері туралы ақпарат және тіркеуші орган ұсынатын тіркеу ісіндегі құжаттардың көшірмелері;

      13) өтініш беруші - құқық иесі, сатып алушы және мүддесі үшін мемлекеттік тіркеу жүзеге асырылатын өзге де адамдар;

      14) өтініш берушінің уәкілетті өкілі - өтініш берушінің атынан өтініш беретін және сенімхатқа, заңнамаға, соттың шешіміне не құқықтық актіге негізделген өкілеттіктерге орай мемлекеттік тіркеуге байланысты өзге де әрекетті жүзеге асыратын адам;

      15) техникалық паспорт - жылжымайтын мүлікті мемлекеттік техникалық тексерудің нәтижелері бойынша жасалған, құқықтық кадастрды жүргізу үшін қажетті, бастапқы немесе кейінгі объектінің техникалық, сәйкестендіру сипаттамаларын қамтитын белгіленген нысандағы құжат;

      16) тіркеуші орган – жылжымайтын мүліктің орналасқан жері бойынша мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы;

      17) уәкілетті орган – жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу және жылжымайтын мүлікті мемлекеттік техникалық зерттеп-қарау саласындағы қызметті мемлекеттік реттеу мен бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік орган.".

      2. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Тіркеу қызметі және заң қызметтерді ұйымдастыру департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен осы бұйрықты мемлекеттік тіркеуді және Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің ресми интернет-ресурсында жариялауды қамтамасыз ету тапсырылды.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Әділет вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Әділет министрі
М. Бекетаев
      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Цифрлық даму, инновациялар
және аэроғарыш министрлігі
____________________
2021 ж. "____" _______
      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Қаржы министрлігі
____________________
2021 ж. "____" _______

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады