Құпия ақпарат болып табылмайтын тәуекел дәрежесінің өлшемшарттарын айқындау туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2021 жылғы 9 сәуірдегі № 321 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2021 жылғы 15 сәуірде № 22549 болып тіркелді

      "Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы" 2017 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің 452-бабының 2-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес құпия ақпарат болып табылмайтын тәуекел дәрежесінің өлшемшарттары айқындалсын.

      2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Қаржы министрі
Е. Жамаубаев

  Қазақстан Республикасы
Қаржы министрінің
2021 жылғы 9 сәуірдегі
№ 321 бұйрығына
қосымша

Құпия ақпарат болып табылмайтын тәуекел дәрежесінің өлшемшарттары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы құпия ақпарат болып табылмайтын тәуекел дәрежесінің өлшемшарттары (бұдан әрі – Өлшемшарттар) "Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы" 2017 жылғы 26 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 452-бабының 2-тармағына сәйкес әзірленген.

      2. Тәуекелдерді барынша азайту жөніндегі шараларды саралап қолдану мақсатында мемлекеттік кірістер органдары тәуекел дәрежесінің өлшемшарттары негізінде төмен, орташа немесе жоғары тәуекел деңгейлеріне жатқызу жолымен тауарларды шығарғанға дейін де, шығарғаннан кейін де кедендік операцияларды жасайтын тұлғаларды санаттауды жүзеге асырады.

2-тарау. Тауарларды шығарғанға дейінгі кедендік операцияларды жасайтын тұлғаларды санаттау үшін пайдаланылатын өлшемшарттар

      3. Тауарларды шығарғанға дейінгі кедендік операцияларды жасайтын тұлғаларды санаттау үшін пайдаланылатын өлшемшарттарға:

      1) "Тіркелген активтердің болуы" өлшемшарты – соңғы есепті жылдың аяғында салық есептілігінде көрсетілген шаруашылық субъектiсінiң тіркелген активтерінің көлемі;

      2) "Еуразиялық экономикалық одағының және Қазақстан Республикасының анықталған кеден заңнамасын бұзушылықтардың болуы/болмауы" өлшемшарты – сыртқы экономикалық қызметке (бұдан әрі – СЭҚ) қатысушыларына қатысты анықталған әкімшілік құқық бұзушылықтар мен қылмыстық істердің болуы не болмауы;

      3) "Қарыздың болуы және салық берешегін өндіріп алуды қамтамасыз ету шараларын қолдану" өлшемшарты – кедендік төлемдер мен салықтар бойынша берешектің болуы, банктік шоттар бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұру туралы өкімдердің болуы;

      4) "Кедендік құнға жүргізілген түзетулер мен өндіріп алынған кедендік төлемдер мен салықтардың саны (бұдан әрі – КТжС)" өлшемшарты – кедендік құнды өндіріп алынған КТжС ескере отырып, шығарылған тауарлардың жалпы санына түзету туралы шешім қабылданған тауарлардың санына қатынасы;

      5) "СЭҚ жүзеге асыру кезеңі" өлшемшарты – кедендік операцияларды жасайтын тұлғаның СЭҚ жүзеге асыруының жалпы кезеңі;

      6) "Бір қызметкерге орташа айлық жалақы" өлшемшарты – салық агентінің жеке тұлғаларға есептеген кірістердің орташа айлық сомасының қызметкерлердің орташа санына қатынасы;

      7) "Салықтық жүктеме коэффициенті" өлшемшарты – "Салық органдарында дара кәсіпкерлер ретінде тіркелмеген және жеке практикамен айналыспайтын жеке тұлғаларды қоспағанда, салық төлеушінің (салық агентінің) салықтық жүктемесінің коэффициентін есептеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 20 ақпандағы № 253 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 16518 болып тіркелген) бекітілген дара кәсіпкер ретінде салық органдарында тіркелмеген және жеке практикамен айналыспайтын жеке тұлғаларды қоспағанда, салық төлеушінің (салық агентінің) салықтық жүктеме коэффициентін есептеу қағидаларына сәйкес есептелген;

      8) "Экспорттық бағдар" өлшемшарты – СЭҚ қатысушының тауарлар экспорты көлемінің Қазақстан Республикасындағы тауарлар экспортының жалпы көлеміндегі үлесі. Осы өлшемшартты есептеу кезінде шикізат тауарларының экспорты ескерілмейді;

      9) "Салық төлеушіні (салық агентін) санаттау нәтижесі" өлшемшарты – "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі)" 2017 жылғы 25 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Кодексінің 136-бабына сәйкес жүзеге асырылған санаттау нәтижесі;

      10) "Кеден өкілін санаттау нәтижесі" өлшемшарты – Кодекстің 452-бабына сәйкес жүзеге асырылған санаттау нәтижесі;

      11) "Ірі салық төлеушілер, инвесторлар, уәкілетті экономикалық операторлар" өлшемшарты жатады.

      Ірі салық төлеушілер – "Ірі салық төлеушілер мониторингіне жататын салық төлеушілердің тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2020 жылғы 28 желтоқсандағы № 1241 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21995 болып тіркелген) сәйкес ірі салық төлеушілердің мониторингіне жататын заңды тұлғалар.

      Инвесторлар:

      заңды тұлғалар – жобалары іске асырылған не іске асыру сатысында тұрған арнайы экономикалық аймақтарға қатысушылар;

      жобалары Республикалық индустрияландыру картасына енгізілген заңды тұлғалар;

      жобалары үкіметаралық келісімдермен реттелетін заңды тұлғалар.

      Уәкілетті экономикалық операторлар – Кодекстің 529-бабына сәйкес құрылған және уәкілетті экономикалық операторлардың тізіліміне енгізілген заңды тұлғалар.

3-тарау. Тауарлар шығарылғаннан кейінгі кедендік операцияларды жасайтын тұлғаларды санаттау үшін пайдаланылатын өлшемшарттар

      4. Тауарлар шығарылғаннан кейінгі кедендік операцияларды жасайтын тұлғаларды санаттау үшін пайдаланылатын өлшемшарттарға:

      1) "Қылмыстық құқық бұзушылықтардың болуы не болмауы" өлшемшарты – жеке тұлғаларда қылмыстық жауапкершілікке тартылған, оның ішінде 2014 жылғы 3 шілдедегі Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 234, 235, 236, 237, 238, 239, 245 және 286-баптарына сәйкес кедендік операцияларды жасайтын тұлғалардың басшылары, құрылтайшылары және (немесе) бухгалтерлері болып табылатын 2014 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасының Қылмыстық процестік кодексінің 35-бабы 1-тармағының 11) тармақшасына сәйкес тоқтатылған фактілердің болуы не болмауы;

      2) "Әкімшілік құқық бұзушылықтардың болуы не болмауы" өлшемшарты – әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы қаулылар заңды күшіне енген кедендік операцияларды жасайтын тұлғаға қатысты кеден заңнамасында белгіленген талаптарды бұзғаны үшін әкімшілік істер санының кедендік операцияларды жасайтын тұлға ресімдеген тауарларға арналған декларациялардың жалпы санына қатынасы;

      3) "Бұзушылықтарды жою туралы орындалмаған хабарламалардың болуы" өлшемшарты – бұзушылықтарды жою туралы орындалмаған хабарламалардың кедендік операцияларды жасайтын тұлғаға қатысты Кодекстің 417-бабына сәйкес берілген бұзушылықтарды жою туралы хабарламалардың жалпы санына қатынасы;

      4) "Кедендік төлемдер, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары, өсімпұлдар, пайыздар бойынша берешектің болуы" өлшемшарты – кедендік төлемдер, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары, өсімпұлдар, пайыздар бойынша өтелмеген берешектің болуы;

      5) "Шартты түрде шығарылған тауарлардың, сондай-ақ таңдалған кедендік рәсімге сәйкес кедендік бақылауда болатын және (немесе) болған тауарлардың үлесі" өлшемшарты – осындай тауарлар құнының кедендік операцияларды жасайтын тұлға әкелген тауарлардың жалпы құнына қатынасы;

      6) "Сыртқы экономикалық қызметті жүзеге асыру кезеңі" өлшемшарты – кедендік операцияларды жасайтын тұлғаның сыртқы экономикалық қызметті жүзеге асыруының жалпы кезеңі;

      7) "Ұйымдастырушылық-құқықтық нысан" өлшемшарты – салық төлеушілерді есепке алуды жүзеге асыру үшін арналған мемлекеттік кірістер органдардың ақпараттық жүйесінде көрсетілген кедендік операцияларды жасайтын тұлғалардың ұйымдастырушылық-құқықтық нысаны.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады