"Мәдениет туралы" 2006 жылғы 15 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабы 35-10) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Музыкалық туындыларды орындау кезінде фонограммалардың пайдаланылуы туралы көрерменге хабарлау қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет және өнер істері департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық қолданысқа енгізілгеннен кейін оны Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы тармақта көзделген іс-шаралар орындалғаннан кейін екі жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Заң қызметі департаментіне іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі |
А. Раимкулова |
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі 2021 жылғы 20 сәуірдегі № 102 бұйрығымен бекітілген |
Музыкалық туындыларды орындау кезінде фонограммалардың пайдаланылуы туралы көрерменге хабарлау қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Музыкалық туындыларды орындау кезінде фонограммалардың пайдаланылуы туралы көрерменге хабарлау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Мәдениет туралы" 2006 жылғы 15 желтоқсандағы Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабының 35-10) тармақшасына сәйкес әзірленді және музыкалық туындыларды орындау кезінде фонограммалардың пайдаланылуы туралы көрерменге хабарлау тәртібін анықтайды.
2. Осы Қағидаларда қолданылатын негізгі ұғымдар:
1) бұқаралық ақпарат құралы – мерзiмдi баспасөз басылымы, теле-, радиоарна, киноқұжаттама, дыбыс-бейне жазбасы және интернет-ресурстарды қоса алғанда, бұқаралық ақпаратты мерзiмдi немесе үздiксiз бұқаралық таратудың басқа да нысаны;
2) мәдени-бұқаралық іс-шара – халыққа музыкалық-эстетикалық тәрбие беруге, оның рухани және эстетикалық сұраныстарын қанағаттандыруға бағытталған мәдени іс-шара;
3) ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шараны ұйымдастырушы – бастамасы бойынша ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шара өткізілетін жеке немесе заңды тұлға;
4) ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шара – ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шаралар өткізуге арналған орындарда өткізілетін және осы іс-шарада екі жүз және одан көп көрерменнің бір мезгілде болуы көзделетін мәдени-бұқаралық іс-шара;
5) орындаушы – актер, әнші, музыкант, биші немесе рөлде ойнайтын, ән салатын, оқитын, мәнерлеп оқитын, музыкалық аспапта ойнайтын, интерпретациялайтын немесе әдебиет және (немесе) өнер туындыларын (соның ішінде эстрадалық, цирк немесе қуыршақ нөмірлерін) немесе халық шығармашылығы туындыларын өзгедей жолмен орындайтын басқа адам, сондай-ақ спектакльді қоюшы-режиссер және дирижер;
6) сыртқы (көрнекі) жарнама объектісі – жарнаманы тарату және (немесе) орналастыру үшін пайдаланылатын құрылысжайлар, әртүрлі көлемдегі немесе жалпақ конструкциялар, оның ішінде экрандар мен электронды таблолар, жарықты конструкциялар және өзге де құралдар;
7) фонограмма – орындаушылықтардың немесе өзге де дыбыстардың дыбыстық жазбасы, сондай-ақ дыбыстау-бейнелеу туындысына енгізілген жазбаны қоспағанда, дыбыстарды кез келген нысанда беру.
2-тарау. Музыкалық туындыларды орындау кезінде фонограммалардың пайдаланылуы туралы көрерменге хабарлау тәртібі
3. Ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шараларды ұйымдастырушылар (бұдан әрі – ұйымдастырушылар), сондай-ақ мәдени-бұқаралық іс-шаралардың шығармашылық ұжымдары мен орындаушылар (бұдан әрі – шығармашылық ұжымдары мен орындаушылар) музыкалық туындыларды орындау кезінде фонограммаларды пайдаланылуы туралы көрерменге хабарлайды.
4. Ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шараларды және мәдени-бұқаралық іс-шараларды (бұдан әрі – бұқаралық іс-шаралар) өткізу кезінде музыкалық туындыларды орындау кезінде фонограммалардың пайдаланылуы туралы ақпарат тиісті ақпараты бар сыртқы (көрнекі) жарнама объектілерінде және басқа да баспа өнімдерінде, оның ішінде тиісті билет өнімдерін сату орындарында орналасқан және орналастырылған, сонымен қатар бұқаралық ақпарат құралдарында орналастырылады.
Бұл ретте, осы тармақта көзделген мұндай ақпараттың көлемі ақпарат алаңының жалпы мөлшерінің кемінде 20%-ын құрайды және қазақ, орыс, ал қажет болған кезде басқа да тілдерде көрсетіледі.
5. Осы Қағидалардың 4-тармағында көрсетілген хабарламалар мәтініндегі ақпараттың қаріп мөлшері сол хабарламалар мәтініндегі іс-шара атауын неғұрлым ірі жазу үшін пайдаланылатын қаріп мөлшерінің жартысынан кем емесін құрайды.
6. Фонограммалардың пайдаланылуы туралы көрерменді хабардар ету кезінде негізгі фонға қарағанда қаріптердің ашық не күңгірт реңдерін пайдалана отырып ақпаратты қабылдауды төмендету тәсілдерін пайдалануға және өзге де ақпаратты қабылдауды төмендету тәсілдерін пайдалануға жол берілмейді.
7. Осы Қағидалардың 8-тармағындағы жағдайларды қоспағанда, бұқаралық іс-шараларды өткізу туралы теле-, радиоарналарда берілетін ақпарат фонограммалардың пайдаланылуы туралы дыбыстық хабарламасының ұзақтығы хабарламаның басында немесе соңында кемінде 5 секундты құрайды. Теледидарда және радиодағы фонограммалардың пайдаланылуы туралы хабарламалардың дыбыс деңгейі бұқаралық іс-шараларды өткізу туралы хабарламаның дыбыс деңгейінен төмен болмауы керек.
8. Егер фонограмма пайданылуымен музыкалық туындылар орындалатын бұқаралық іс-шаралардың өткізу туралы дыбыстық хабарламасының, оның ішінде теле-, радиоарналарда берілетін ақпарат ұзақтығы 15 секундтан аспаған жағдайда, басында немесе соңында "фонограмма пайдаланылады" деген сөздерді айту немесе телеарналарда осыған ұқсас мазмұндағы мәтінді жазу арқылы фонограммалардың пайдаланылуы туралы хабардар етуге жол беріледі.
9. Бұқаралық іс-шараларды өткізу туралы, оның ішінде теле-, радиоарналарда берілетін дыбыстық хабарлама кезінде фонограммалардың пайдаланылуы туралы берілетін ақпарат өзге дыбыстармен бұрмалауға және ақпараттың естілуін немесе ажыратылуын төмендетудің өзге де тәсілдерін қолдануға жол берілмейді.
10. Музыкалық туындыларды орындау кезінде фонограммалардың пайдаланылуы туралы көрерменге хабарлау ұйымдастырушылармен, сондай-ақ шығармашылық ұжымдармен және орындаушылармен бұқаралық іс-шараларға билеттерді сатуға жібергенге дейін жүзеге асырылады.
11. Ұйымдастырушылар, шығармашылық ұжымдар және орындаушылар музыкалық туындыларды орындау кезінде фонограммалардың пайдаланылуы туралы осы Қағидалардың 2-тарауында көзделген тәртіппен көрерменге алдын ала хабарламаған жағдайда фонограмманы пайдалануға жол берілмейді.
12. Ұйымдастырушының, шығармашылық ұжымның және орындаушының атынан фонограммалардың пайдаланылуы туралы көрерменге хабарлау жөніндегі тараптардың қатынастары олардың арасында азаматтық заңнама шеңберінде жасалған шарттар негізінде реттеледі.