Тексерілетін тұлғаға көшпелі кедендік тексерудің алдын ала актісін жіберу немесе табыс ету, тексерілетін тұлғаның көшпелі кедендік тексерудің алдын ала актісіне жазбаша қарсылық ұсыну және мұндай қарсылықты қарау қағидалары мен мерзімдерін бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2021 жылғы 21 сәуірдегі № 376 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2021 жылғы 22 сәуірде № 22593 болып тіркелді.

      "Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің 418-бабының 20-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Тексерілетін тұлғаға көшпелі кедендік тексерудің алдын ала актісін жіберу немесе табыс ету, тексерілетін тұлғаның көшпелі кедендік тексерудің алдын ала актісіне жазбаша қарсылық ұсыну және мұндай қарсылықты қарау қағидалары мен мерзімдері бекітілсін.

      2. Мыналар:

      1) "Көшпелі кедендік тексерудің алдын ала актісін тексерілетін тұлғаға табыс ету, көшпелі кедендік тексерудің алдын ала актісіне жазбаша қарсылықты ұсыну, мемлекеттік кірістер органының мұндай қарсылықты қарау қағидалары мен мерзімдерін, сондай-ақ оларға қатысты көшпелі кедендік тексерудің алдын ала актісі бойынша нормалар қолданылатын тексерілетін тұлғалардың санаттарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 23 қаңтардағы № 45 бұйрығы (Қазақстан Республикасы Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 16362 болып тіркелген);

      2) "Көшпелі кедендік тексерудің алдын ала актісін тексерілетін тұлғаға табыс ету, көшпелі кедендік тексерудің алдын ала актісіне жазбаша қарсылықты ұсыну, мемлекеттік кірістер органының мұндай қарсылықты қарау қағидалары мен мерзімдерін, сондай-ақ оларға қатысты көшпелі кедендік тексерудің алдын ала актісі бойынша нормалар қолданылатын тексерілетін тұлғалардың санаттарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 23 қаңтардағы № 45 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2020 жылғы 9 қыркүйектегі № 840 бұйрығы (Қазақстан Республикасы Нормативтік құқықтық актілернің мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21193 болып тіркелген) күші жойылды деп танылсын.

      3. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындауын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Қаржы вице-министріне жүктелсін.

      5. Осы бұйрық оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Қаржы министрі
Е. Жамаубаев

  Қазақстан Республикасы
Қаржы министрінің
2021 жылғы 21 сәуірдегі
№ 376 бұйрықпен
бекітілген

Тексерілетін тұлғаға көшпелі кедендік тексерудің алдын ала актісін жіберу немесе табыс ету, тексерілетін тұлғаның көшпелі кедендік тексерудің алдын ала актісіне жазбаша қарсылық ұсыну және мұндай қарсылықты қарау қағидалары мен мерзімдері

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Тексерілетін тұлғаға көшпелі кедендік тексерудің алдын ала актісін жіберу немесе табыс ету, тексерілетін тұлғаның көшпелі кедендік тексерудің алдын ала актісіне жазбаша қарсылық ұсыну және мұндай қарсылықты қарау қағидалары мен мерзімдері (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 418-бабы 20-тармағын іске асыру мақсатында әзірленді.

      Осы Қағидалар тексерілетін тұлғаға көшпелі кедендік тексерудің алдын ала актісін жіберу немесе табыс ету, тексерілетін тұлғаның көшпелі кедендік тексерудің алдын ала актісіне жазбаша қарсылық ұсыну және мұндай қарсылықты қарау қағидалары мен мерзімдерін айқындайды.

      Осы Қағидалар шеңберінде мынадай ұғымы пайдаланылады:

      2. жазбаша қарсылық – тексерілетін тұлғаның көшпелі кедендік тексерудің алдын ала актісінің нәтижелерімен жазбаша келіспеуі.

2-тарау. Тексерілетін тұлғаға көшпелі кедендік тексерудің алдын ала актісін жіберу немесе табыс ету тәртібі мен мерзімдері

      3. Кодекстің 418-бабының 19-тармағында көзделген көшпелі кедендік тексеру актісі жасалғанға дейін, мемлекеттік кірістер органының лауазымды адамы тексерілетін тұлғаға көшпелі кедендік тексерудің алдын ала актісін жібереді немесе табыс етеді.

      4. Көшпелі кедендік тексерудің алдын ала актісі тексерілетін тұлғаға көшпелі кедендік тексерудің аяқталу күніне дейінгі 5 (бес) жұмыс күнінен кешіктірмей қолын қойдыра отырып жібереді немесе табыс етіледі.

      5. Тексерілетін тұлғаға көшпелі кедендік тексерудің алдын ала актісін табыс ету немесе тексерілетін тұлғаның тіркеу деректерінде көрсетілген орналасқан жері бойынша тексерілетін тұлғағаның болмауына байланысты пошта операторы немесе байланыс операторы оны қайтару мүмкіндігі болмаған кезде, мемлекеттік кірістер органы осындай құжаттар қайтарылған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде 2 (екі) куәгерді тарта отырып, осындай тұлғаның орналасқан жері бойынша зерттеп-қарауды жүргізеді.

      Зерттеп-қарау нәтижелері бойынша зерттеп-қарау актісі жасалады, онда:

      актінің жасалған орны, күні мен уақыты;

      актіні жасаған мемлекеттік кірістер органы лауазымды адамының лауазымы, тегі, аты және әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе);

      мемлекеттік кірістер органының атауы;

      тартылған куәгерлердің тегі, аты және әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе), жеке басын куәландыратын құжаттың атауы мен нөмірі, тұрғылықты жерінің мекенжайы;

      тексерілетін тұлғаның тегі, аты және әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе) және (немесе) атауы, оның жеке сәйкестендіру нөмірі/бизнес-сәйкестендіру нөмірі;

      зерттеп-қарау нәтижелері туралы ақпарат көрсетіледі.

      Куәгер ретінде мемлекеттік кірістер органының лауазымды адамы мен тексерілетін тұлғаның әрекеттері нәтижесіне мүдделі емес, кәмелетке толған, әрекетке қабілетті кез келген азамат шақырылады. Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының лауазымды адамдары мен тексерілетін тұлғаның жұмыскерлеріне, құрылтайшыларына (қатысушыларына) куәгерлер ретінде қатысуға жол берілмейді.

      Зерттеп-қарау нәтижесінде тіркеу деректерінде көрсетілген орналасқан жері бойынша тексерілетін тұлғаның іс жүзінде болмауы анықталған кезде, зерттеп-қарау актісін жасаған күн көшпелі кедендік тексерудің алдын ала актісін табыс еткен күн болып табылады.

3-тарау. Тексерілетін тұлғаның көшпелі кедендік тексерудің алдын ала актісіне жазбаша қарсылық ұсыну және мұндай қарсылықты қарау тәртібі мен мерзімдері

      6. "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасының Кодексінің (Салық кодексі)" (бұдан әрі – Салық кодексі) ірі салық төлеушілер мониторингіне жататын, тексерілетін тұлғаларды қоспағанда, тексерілетін тұлғаның көшпелі кедендік тексерудің алдын ала актісіне жазбаша қарсылығы көшпелі кедендік тексерудің алдын ала актісін алған немесе табыс етілген күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде көшпелі кедендік тексеруді жүзеге асыратын мемлекеттік кірістер органына табыс етіледі.

      Бұл ретте ірі салық төлеушілер мониторингіне жататын, тексерілетін тұлғаның көшпелі кедендік тексерудің алдын ала актісіне жазбаша қарсылығы көшпелі кедендік тексерудің алдын ала актісін алған немесе табыс етілген күннен бастап 15 (он бес) жұмыс күні ішінде көшпелі кедендік тексеруді жүзеге асыратын мемлекеттік кірістер органына табыс етіледі.

      Тексерілетін тұлға көшпелі кедендік тексерудің алдын ала актісіне жазбаша қарсылығын мынадай тәсілдермен ұсынады:

      1) келу тәртібімен – қағаз жеткізгіште;

      2) пошта арқылы хабарламасы бар тапсырыс хатпен – қағаз жеткізгіште;

      3) "Азаматтарға арналған үкімет" Мемлекеттік корпорациясы арқылы – электрондық нысанда.

      7. Жазбаша қарсылықта:

      1) көшпелі кедендік тексеруді жүргізетін мемлекеттік кірістер органының атауы;

      2) жазбаша қарсылықты беруші тұлғаның тегі, аты және әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе) не толық атауы, оның тұрғылықты жері (орналасқан жері);

      3) жазбаша қарсылықты беретін тұлғаның жеке сәйкестендіру нөмірі/бизнес-сәйкестендіру нөмірі (ЖСН/БСН);

      4) жазбаша қарсылық берілген күн;

      5) жазбаша қарсылық беруші тұлға өзінің талаптарын және осы мән-жайларды растайтын дәлелдемелерді негіздейтін мән-жайлар;

      6) қоса берілетін құжаттардың тізбесі көрсетіледі.

      8. Көшпелі кедендік тексеруді жүзеге асыратын мемлекеттік кірістер органының жазбаша қарсылықты қабылдаған және тіркеген күні жазбаша қарсылықты беру күні болып табылады.

      9. Жазбаша қарсылықты көшпелі кедендік тексеруді жүзеге асыратын мемлекеттік кірістер органы онда көрсетілген мәселелер шегінде оны алған күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде қарайды.

      Бұл ретте, жазбаша қарсылықты қарау мерзімі:

      1) осы Қағидалардың 10-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетіне жазбаша сұрау салу жолдаған кезде – жауапты алған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күніне;

      2) осы Қағидалардың 12-тармағына сәйкес тексерілетін тұлғаға және (немесе) Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына, сондай-ақ шет мемлекеттің тиісті органына және (немесе) өзге ұйымдарға сұрау салу жолдаған кезде, жауапты алған күннен бастап күнтізбелік 15 (он бес) күннен артық емес мерзімге ұзартылады.

      Көшпелі кедендік тексеруді жүзеге асыратын мемлекеттік кірістер органы жазбаша қарсылықты қарау мерзімдері тоқтатыла тұрған жағдайда тексерілетін тұлғаға сұрау салу жолданған күннен бастап 1 (бір) жұмыс күні ішінде мынадай тәсілдермен:

      1) хабарламасы бар тапсырыс хатпен пошта арқылы;

      2) электрондық тәсілмен "электрондық үкімет" веб-порталындағы пайдаланушының веб-қосымшасына немесе жеке кабинетіне осындай тоқтата тұру туралы ақпаратты жолдайды.

      10. Көшпелі кедендік тексеруді жүзеге асыратын мемлекеттік кірістер органы тексерілетін тұлғаның жазбаша қарсылығымен келіспеген кезде мынадай:

      1) Салық кодексінің 130-бабының 3-тармағына сәйкес ірі салық төлеушілер мониторингіне жататын;

      2) инвестициялық және (немесе) арнайы инвестициялық келісімшарттар жасаған;

      3) көшпелі кедендік тексерудің алдын ала актілері бойынша оларға есептелетін кедендік төлемдер, салықтар, арнайы, демпингке қарсы, өтемақы баждары, пайыздар сомасы "2021 – 2023 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы" Қазақстан Республикасының Заңда белгіленген және тиісті қаржы жылының 1 қаңтарында қолданыста болатын айлық есептік көрсеткіштің 5 000-еселенген мөлшерінен асып кеткен тексерілентін тұлғаларға қатысты жазбаша қарсылықты қарау мерзімінің ішінде Комитетке сұрау сауды жолдайды.

      Сұрау салуға мынадай құжаттар:

      көшпелі кедендік тексерудің алдын ала актісі;

      тексерілетін тұлғаның жазбаша қарсылығы;

      көшпелі кедендік тексеруді жүзеге асыратын мемлекеттік кірістер органының жазбаша ұстанымы;

      есептер, сондай-ақ көшпелі кедендік тексеру барысында алған тексерілетін тұлғаның жазбаша қарсылығында жазылған мәселелерді қозғайтын өзге де құжаттар мен мәліметтер қоса беріледі.

      11. Комитет көшпелі кедендік тексеруді жүзеге асыратын мемлекеттік кірістер органының сұрау салуын, оны Комитетте тіркеген күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде, қарсылық берген тұлға өзінің аталған мән-жайларды растайтын талаптары мен дәлелдерін негіздеген мән-жайлар шегінде, сондай-ақ көшпелі кедендік тексеруді жүзеге асыратын мемлекеттік кірістер органының ұстанымында көрсетілген дәлелдер мен негіздемелер шегінде қарайды.

      Комитет мемлекеттік кірістер органының сұрау салуын қарау кезінде тексеретін тұлғаға және (немесе) Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына, сондай-ақ шет мемлекеттердің тиісті органдарына және өзге де ұйымдарына жазбаша қарсылықта жазылған мәселелер бойынша ақпараттар не түсіндірулер ұсыну туралы сұрау салуды жолдайды.

      Бұл ретте сұрау салуды қарау мерзімі сұрау салуды жолдаған күннен бастап жауап алған күнге дейінгі уақыт кезеңіне тоқтатыла тұрады.

      Сұрау салуды қараудың қорытындысы бойынша Комитет көшпелі кедендік тексеруді жүзеге асыратын мемлекеттік кірістер органына тексеретін тұлғаның жазбаша қарсылығында жазылған мәселелер бойынша дәлілделген негіздемемен жауап жолдайды.

      12. Осы Қағидалардың 10-тармағында көрсетілмеген тексеретін тұлғаның жазбаша қарсылығын қарау кезінде көшпелі кедендік тексеруді жүзеге асыратын мемлекеттік кірістер органы жазбаша қарсылықты қарау мерзімі ішінде тексеретін тұлғаға және (немесе) Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдарына, сондай-ақ шет мемлекеттердің тиісті органдарына және өзге де ұйымдарына жазбаша қарсылықта жазылған мәселелер бойынша ақпараттар не түсіндірулер ұсыну туралы сұрау салуды жолдайды.

      Бұл ретте көрсетілген сұрау салуларды Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 44-бабында белгіленген тәртіппен және мерзімдерде қарайды.

      Шетел мемлекетінің мемлекеттік органдарымен өзара іс-қимыл Қазақстан Республикасының халықаралық шарттарына сәйкес жүзеге асырылады.

      Ескерту. 12-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - Қаржы министрінің 28.10.2022 № 1101 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      13. Көшпелі кедендік тексеруді жүзеге асыратын мемлекеттік кірістер органы осы Қағидалардың 9-тармағында көзделген мерзімде жазбаша қарсылықты қараудың қорытындысы бойынша, сондай-ақ осы Қағидалардың 11-тармағына сәйкес ұсынылған сұрау салуға жауапты ескере отырып, Кодекстің 418-бабында белгіленген тәртіпте және мерзімде тексерілетін тұлғаға:

      1) Кодекстің 418-бабының 18-тармағының талаптарына сәйкес көшпелі кедендік тексеруді жаңарту туралы хабарламаны;

      2) Кодекстің 418-бабының 21-тармағының талаптарына сәйкес көшпелі кедендік тексеру актісін табыс ету жолымен көшпелі кедендік тексеруді жаңартады және аяқтайды.

      14. Тексерілетін тұлға осы Қағидалардың 6-тармағында белгіленген мерзімде жазбаша қарсылықты ұсынбаған немесе тексерілетін тұлға жазбаша қарсылықты кері қайтарған кезде, көшпелі кедендік тексеруді жүзеге асыратын мемлекеттік кірістер органы Кодекстің 418-бабында белгіленген тәртіпте тексерілетін тұлғаға:

      1) Кодекстің 418-бабының 18-тармағының талаптарына сәйкес көшпелі кедендік тексеруді жаңарту туралы хабарламаны;

      2) Кодекстің 418-бабының 21-тармағының талаптарына сәйкес көшпелі кедендік тексеру актісін табыс ету жолымен көшпелі кедендік тексеруді жаңартады және аяқтайды.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады