"Дуальды оқытуды ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 21 қаңтардағы № 50 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2021 жылғы 18 мамырдағы № 222 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2021 жылғы 19 мамырда № 22774 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Дуальды оқытуды ұйымдастыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 21 қаңтардағы № 50 бұйрығына (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13422 болып тіркелген, 2016 жылғы 31 наурызда "Әділет" Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің ақпараттық құқықтық жүйесінде жарияланған) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген дуальды оқытуды ұйымдастыру қағидаларында:

      13-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "13. Білім алушы өндірістік оқыту мен кәсіптік практикадан өту уақытында білім алушының еңбек өтіліне есептелетін белгілі бір функционалдық міндеттерді орындайды және осы уақыт ішінде Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 23 қарашадағы Еңбек кодексінің 119-бабына сәйкес өтемақы төлемі жүргізілуі мүмкін.

      Дуальды оқыту туралы шарт білім алушының еңбек қызметін растайтын құжат болып табылады.

      Өндірістік оқыту мен кәсіптік практикадан өтетін адамдарға еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі талаптар қолданылады.

      Дуальды оқыту кезінде техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдары беретін шығыстар Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2017 жылғы 27 қарашадағы № 597 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 16137 болып тіркелген) Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытудың, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім берудің, сондай-ақ кредиттік оқыту технологиясын есепке алғандағы жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру әдістемесіне сәйкес кәсіпорындарға (ұйымдарға) өтеледі.";

      21-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "21. Оқу орны:

      1) оқу процесіне қажетті жағдайлар туғызады;

      2) кәсіпорынмен (ұйыммен) дуальды оқыту бойынша оқу жоспарларын және бағдарламаларды келіседі;

      3) кәсіпорынның (ұйымның) талаптарын ескере отырып, дуальды оқыту бойынша білім беру бағдарламаларын іске асырады;

      4) кәсіпорында (ұйымда) білім алушылардың өндірістік оқытудан және кәсіптік практикадан өтуіне бақылау жүргізеді;

      5) оқу орнында аралық және қорытынды аттестаттауды өткізеді және біліктілік емтиханына қатысады;

      6) кәсіпорынмен (ұйыммен) келісім бойынша педагогтерді тағылымдамадан өтуге жібереді;

      7) дуальды оқыту бойынша білім алған және өз біліктілігін растаған түлектерді жұмысқа орналастыруға көмек көрсетеді;

      8) дуальды оқыту туралы үш жақты шарттар жасасады;

      9) білім алушының бір біліктілік шеңберінде кәсіптік модульдерді меңгеру қорытындылары және (немесе) аралық аттестаттаудың нәтижелері бойынша кәсіптік даярлау туралы куәлік береді;

      10) кәсіпорын (ұйым) базасында білім алушының өндірістік оқуын және кәсіптік практикасын ұйымдастыру кестесін бекітеді;

      11) кәсіпорын (ұйым) базасында өндірістік оқыту мен кәсіптік практикадан өту кезеңінде білім алушыға ұйымдастыруды және бақылауды жүзеге асыратын практика жетекшісін немесе өндірістік оқыту шеберін тағайындайды;

      12) оқу процесінің кестесіне сәйкес кәсіпорын (ұйым) базасында өндірістік оқыту және кәсіптік практика бағдарламаларын орындау бойынша тәлімгер қол қойған білім алушының есебін қабылдайды.".

      22-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "22. Кәсіпорын (ұйым):

      1) Қазақстан Республикасының білім туралы заңнамасына сәйкес кәсіптік практикадан, сондай-ақ өндірістік оқытудан өту үшін орындар ұсынады, қауіпсіз жағдайлар жасайды және шарттарда көзделген міндеттерді орындайды;

      2) оқу орнын жақсарту бойынша ұсынымдарды енгізу мақсатында оқу орнының материалдық-техникалық базасымен танысады;

      3) оқу орнының материалдық-техникалық базасын нығайтуға жәрдемдеседі;

      4) дуальды оқыту бойынша кәсіпорында (ұйымда) оқу, жұмыс орындары туралы өңірлік кәсіпкерлер палатасына өтінімдер береді;

      5) оқу орындарының оқу жұмыс жоспарлары мен білім беретін оқу бағдарламаларын сондай-ақ оқу-әдістемелік кешендерін әзірлеуге қатысады;

      6) білім беру бағдарламаларына сәйкес кәсіпорында (ұйымда) өндірістік оқыту мен кәсіптік практиканы өткізуді ұйымдастыруды келісімге сәйкес қамтамасыз етеді;

      7) білім алушыны кәсіпорынның (ұйымның) нұсқаулықтарына, оқу үшін қажетті құралдарға сәйкес жеке қорғаныс заттарымен қамтамасыз етеді;

      8) техникалық қауіпсіздік талаптарына сәйкес жабдықталған оқушы, жұмыс орындарын ұсынады;

      9) дуальды оқыту туралы шарт негізінде кәсіпорын (ұйым) өндірістік оқыту мен кәсіптік практикаға басшылықты жүзеге асыру үшін білім алушыға тәлімгерді береді;

      10) аталған саланы реттейтін жұмыс шарттарымен, нормативтік құқықтық актілермен, қауіпсіздік және еңбекті қорғау талаптарымен таныстырады;

      11) еңбекті қорғау, техника қауіпсіздігі бойынша заңнамада және кәсіпорында (ұйымда) жергілікті құжаттар да көзделген барлық нұсқамалықтардың түрлерін жүргізеді;

      12) білім алушының аралық және қорытынды аттестаттауына қатысады;

      13) өндірістік оқыту мен кәсіптік практикадан өту кезінде Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 23 қарашадағы Еңбек кодексінің 119-бабына және дуальды оқыту туралы шарттың талаптарына сәйкес білім алушыға орындалған белгілі бір функционалдық міндеттері үшін өтемақы төлемін жүргізе алады;

      14) дуальды оқыту бойынша білім алған және өз біліктілігін растаған бітірушілерді бос орындар болған жағдайда жұмыс орындарымен қамтамасыз етуді қарастырады;

      15) дуальды оқыту бойынша оқуға ниет білдірген талапкерлермен әңгімелесу жүргізеді;

      16) дуальды оқыту туралы үш жақты шарттар жасасады;

      17) дуальды оқыту туралы шартқа сәйкес білім алушының кәсіпорын (ұйым) базасында өндірістік оқыту мен кәсіптік практикадан өтуді растайды.";

      26-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "26. Тәлімгер:

      1) кәсіпорынның (ұйымның) тікелей басшысының келісімімен өзінің қамқорлығындағы адамды қосымша оқыту үшін кәсіпорынның басқа мамандарын тартады;

      2) білім алушыдан өндірістік қызметке байланысты мәселелер бойынша нұсқаулардың орындалуын талап етеді;

      3) өзінің қамқорлығындағы оқушының қолайлы еңбек қызметі үшін жағдайлар жасау туралы басшылық алдында өтініш жасайды;

      4) білім алушыдан ауызша және жазбаша нысанда жұмыс есептерін талап етеді;

      5) білім алушыға жұмысшы разрядын беру және оның кәсіби мінездемесін талқылауға қатысу туралы ұсыныс енгізеді;

      6) білім алушының өндірістік және қоғамдық қызметіне байланысты мәселелерді талқылауға қатысуға, кәсіпорынның (ұйымның) оны көтермелеу немесе тәртіптік жазалау шараларын қолдану туралы тікелей басшыға ұсыныстар енгізеді;

      7) білім алушыға өндірістік қызметпен, корпоративтік мәдениетпен танысуға және кейіннен кәсіби дамуына, оның жұмыс орнында кәсіби қызметті бекітуге жәрдемдеседі;

      8) білім алушыны практикалық тәсілдерге және лауазымдық міндеттер мен тапсырмаларды сапалы орындау әдістеріне оқытады;

      9) кәсіпорынмен (ұйыммен) келісілген оқу жұмыс жоспарына сәйкес білім алушыны оқытуды жүзеге асырады;

      10) білім алушыға берілген тапсырмалардың орындалуын бақылайды;

      11) білім алушы жіберген қателіктерді анықтауға және бірлесіп жоюға, бар кемшіліктерді жеңуге көмек көрсетеді;

      12) білім алушының бойында өзінің кәсіби міндеттерін орындауға жауапты қарауға, сондай-ақ жұмыстағы әріптестеріне дұрыс қарым-қатынасты қалыптастырады;

      13) еңбек етушілерге, олардың еңбегіне және еңбек нәтижелеріне, сондай-ақ қатар жеке еңбекке деген жауапты қатынасты құрметтеуге тәрбиелейді;

      14) білім алушыға пікір жазады;

      15) педагогикалық технологиялар саласында өз біліктілік денгейін көтереді;

      16) дуальды оқыту туралы шарты шеңберінде өндірістік оқыту мен кәсіптік практикадан өту кезеңінде білім алушының міндеттемелерінің орындалуын растайды.".

      2. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Техникалық және кәсіптік білім департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Білім және ғылым вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Білім және ғылым министрі
А. Аймагамбетов

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Денсаулық сақтау министрлігі

      2021 жылғы "____" ______________

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Мәдениет және спорт министрлігі

      2021 жылғы "____" ______________

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

      2021 жылғы "____" ______________

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Қаржы министрлігі

      2021 жылғы "____" ______________

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады