Тауарлардың кедендік құнын бақылау кезінде пайдаланылатын тәуекелдердің құндық индикаторларын қалыптастыру әдістемесін бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2021 жылғы 20 мамырдағы № 471 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2021 жылғы 22 мамырда № 22785 болып тіркелді

      "Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің 452-бабы 5-тармағының 3) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес Тауарлардың кедендік құнын бақылау кезінде пайдаланылатын тәуекелдердің құндық индикаторларын қалыптастыру әдістемесі бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының қаржы вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Қаржы министрі
Е. Жамаубаев

  Қазақстан Республикасы
Қаржы министрінің
2021 жылғы 20 мамырдағы
№ 471 Бұйрыққа
қосымша

Тауарлардың кедендік құнын бақылау кезінде пайдаланылатын тәуекелдердің құндық индикаторларын қалыптастыру әдістемесі

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Тауарлардың кедендік құнын бақылау кезінде пайдаланылатын тәуекелдердің құндық индикаторларын қалыптастыру әдістемесі (бұдан әрі – Әдістеме) тәуекелдің құндық индикаторларын қалыптастыру және тауарлардың кедендік құнын бақылауды жүзеге асыру кезінде оны аумақтық мемлекеттік кірістер органдарының қолдануы мақсатында әзірленді.

      2. Тәуекелдің құндық индикаторларының мәнін бекіту үшін Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Мемелекеттік кірістер комитетінде (бұдан әрі - Комитет) Жұмыс тобы құрылады, ол "Мемлекеттік кірістер органдарының тәуекелдерді басқару процесін іске асыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 13 ақпандағы № 170 ҚБПҮ (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 16449 болып тіркелген) бұйрығына сәйкес тәуекел бейіндерінің жобасын қарастырады.

      Бекітілген тәуекелдің құндық индикаторларының мәні құпия ақпарат болып табылады.

2-тарау. Тауарлардың кедендік құнын бақылау кезінде пайдаланылатын тәуекелдің құндық индикаторларын қалыптастырудың алгоритмі

      3. Олардан ауытқу немесе оларға сәйкес келуі (бұдан әрі – тәуекелдің құндық индикаторы) бақылау объектісін таңдауды жүзеге асыру мүмкіндік беретін, алдын ала берілген параметрлерімен белгілі бір критерийлері бар тәуекелдің құндық индикаторлары осы Әдістеменің 4-тармағында көрсетілген, ақпарат көздерінің талдау нәтижелерін пайдалана отырып қалыптастырылады.

      4. Ақпарат көздеріне:

      1) Комитеттің тауарларға арналған декларациялардың (бұдан әрі – ТД) электронды көшірмелерінің деректер базасы;

      2) Еауразиялық экономикалық одаққа (бұдан әрі – ЕАЭО) мүше мемлекеттер арасында ақпарат алмасу шеңберінде жолданатын, ТД электронды көшірмелерінің деректер базасы;

      3) олармен кедендік ынтымақтастық саласында тиісті халықаралық келісімдер бар, ЕАЭО-ға мүше болып табылмайтын басқа мемлекеттердің кеден органдарымен ақпарат алмасудың деректер базасы;

      4) Еуропалық одақтың сыртқы саудасының деректер базасы;

      5) Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы елдердің сыртқы саудасының деректер базасы;

      6) Біріккен Ұлттар Ұйымының сыртқы саудасының деректер базасы;

      7) тауар өндірушілермен, сыртқы экономикалық қызмет субъектілерімен, тасымалдаушылармен және қызметі кәсіби бірлестіктермен (қауымдастықтармен) байланысты, өзге де ұйымдармен мемлекеттік кірістер органдарына ұсынылған бағалық ақпарат;

      8) бағалық зерттеулер;

      9) биржалық белгіленімдер деректері;

      10) тауар өндірушілердің прайс-парағы;

      11) тауар өндірушілердің ресми интернет-сайты;

      12) бұқаралық ақпарат құралдарының ақпараты, Интернет желісінің деректері жатады.

      5. Тәуекелдің құндық индикаторы бойынша ұсыныстарды қалыптастыру кезінде ТД электрондық көшірмелерінің деректер базасынан мынадай мәліметтер пайдаланылады:

      1) кедендік рәсім туралы деректер – оларға қатысты кедендік құнды кедендік бақылау аяқталған және тауарларды шығару туралы шешім қабылданған (ТД-ның 37-бағанынан мәліметтер) тауарларды алдындағы кедендік рәсімсіз (ИМ 4000) ішкі тұтыну үшін шығару;

      2) Еуразиялық экономикалық одақтың сыртқы экономикалық қызметі тауарлық номенклатурасына (бұдан әрі - ЕАЭО СЭҚ ТН) сәйкес тауардың он таңбалы коды (ТД-ның 33-бағанынан мәліметтер);

      3) шығарылған елі (ТД-ның 34-бағанынан мәліметтер);

      4) тауардың сипаттамасы (ТД-ның 31-бағанынан мәліметтер);

      5) нетто салмағы (ТД-ның 38-бағанынан мәліметтер);

      6) қосымша өлшем бірліктеріндегі саны (ТД-ның 41-бағанынан мәліметтер, оң кіші бөлік);

      7) кедендік құнды айқындау әдісі туралы деректер – әкелінетін тауарлармен жасалған мәміле құны бойынша әдіс (ТД-ның 43-бағанынан мәліметтер, бірінші кіші бөлік).

      6. Маусымдық тауарларға қатысты тәуекелдің құндық индикаторларын қалыптастыру кезінде өткен жылғы ұқсас кезеңдегі ТД-ның электрондық көшірмелерінің деректер базасынан алынған ақпарат пайдаланылады.

      7. Кедендік бақылау объектісін дұрыс таңдау мақсатында тәуекелдің құндық индикаторларын қалыптастыру кезінде кедендік құнды бақылауды жүзеге асыру кезінде мыналар:

      1) моделі, маркасы (бар болған жағдайда);

      2) тауар белгісі (бар болған жағдайда);

      3) шекарадағы көлік түрі ескеріледі.

      8. Тәуекелдің құндық индикаторлары теңі жоқ жалғыз – бірегей, ерекше тауарларға қалыптастырылмайды.

      9. Осы Әдістеменің 8-тармағына сәйкес оларға тәуекелдің құндық индикаторлары қалыптастырылмайтын ЕАЭО СЭҚ ТН кодтарының тізбесі Комитеттің тәуекелдер бейіндерінің жобасын қарау жөніндегі жұмыс тобымен айқындалады және Комитет Төрағасының бұйрығымен бекітіледі. Аталған тізбе құпия ақпарат болып табылады.

      10. Тәуекелдің құндық индикаторын әзірлеу кезінде ЕАЭО СЭҚ ТН сәйкес тауардың он таңбалы коды, тауардың сипаттамасы, шығарылған елі/шығарылған елдер тобы, нетто салмағы, негізгі немесе қосымша өлшем бірлігіне тәуелді тәуекелдің құндық индикаторының мәні, ақпарат көзі көрсетіледі.

      11. Бірнеше ақпарат көздері болған кезде бірінші кезекте ТД-ның электрондық көшірмелерінің деректер базасынан алынған ақпарат қаралады.

      ЕАЭО СЭҚ ТН коды және шығарылған елі бойынша ТД-ның электрондық көшірмелерінің деректер базасы негізінде тәуекелдің құндық индикаторын қалыптастыру кезінде кедендік құн деректерінің жалпы массивінен 1 (бір) өлшем бірлігі үшін (нетто салмағы килограммен) немесе 1 (бір) қосымша өлшем бірлігі үшін АҚШ долларына аударылған кедендік құнның неғұрлым жиі қайталанатын мәні қабылданады.

      Есептер алдындағы күнтізбелік 12 (он екі) айда шығарылған елдер тобы бөлігіндегі кодтардың әрқайсысы үшін жүргізіледі.

      Бұл ретте, осы деректер массивінен минималды және максималды мәндер алдын-ала алынып тасталады.

3-тарау. Тауарлардың кедендік құнын бақылау кезінде пайдаланылатын тәуекелдің құндық индикаторларын өзектендіру

      13. Бұрын бекітілген тәуекелдің құндық индикаторларын өзектендіруді Комитеттің тәуекелдер бейіндерінің жобаларын қарау жөніндегі жұмыс тобы айына бір рет мынадай жағдайларда:

      1) белгіленген тәуекелдің құндық индикаторынан қосымша өндіріп алуға талдау жүргізу кезінде тәуекелдің құндық индикаторының төмен тиімділігі белгіленген кезде;

      2) сыртқы экономикалық қызмет субъектілерінің бірлестіктерімен, қауымдастықтарымен, тасымалдаушылармен және өзге де кәсіптік бірлестіктермен (қауымдастықтармен) баға ақпараттың ұсынылуы кезінде;

      3) бекітілген тәуекелдің құндық индикаторын, оның мәнін өзгерту жолымен халықаралық сауданың қазіргі заманауи шарттарына (халықаралық саудадағы тауар құнына әсер еткен өзгерістер) сәйкес келтіру;

      4) тауар кодының өзгеруіне байланысты бекітілген тәуекелдің құндық индикаторын ЕАЭО СЭҚ ТН-ға сәйкес келтіру;

      5) Комитеттің тәуекел бейіндерінің жобаларын қарау жөніндегі жұмыс тобы отырысының қорытындысы бойынша бұрын бекітілген тәуекелдің құндық индикаторы жойылған кезде жүргізеді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады