Сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлерге жатқызылған жануарлардың қырылу жағдайларын тергеп-тексеру қағидаларын бекіту туралы.

Жаңа

Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 2021 жылғы 19 мамырдағы № 150 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2021 жылғы 26 мамырда № 22810 болып тіркелді

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы бұйрық 01.07.2021 бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының Экология кодексінің 257-бабының 2-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлерге жатқызылған жануарлардың қырылу жағдайларын тергеп-тексеру қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оның Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күн ішінде Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтердің ұсынылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық 2021 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиiс.

      Қазақстан Республикасының
Экология, геология және табиғи
ресурстар министрі
М. Мирзагалиев

  Қазақстан Республикасының
Экология, геология және табиғи
ресурстар министрінің
2021 жылғы 19 мамырдағы
№ 150 Бұйрыққа қосымша

Сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлерге жатқызылған жануарлардың қырылу жағдайларын тергеп-тексеру қағидалары

1 тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлерге жатқызылған жануарлардың қырылуын тергеп-тексеру қағидасы (бұдан әрі – Қағида) Қазақстан Республикасының Экология кодексінің 257-бабының 2-тармағына сәйкес әзірленді, сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлерге жатқызылған жануарлардың қырылуын тергеп-тексеру қағидаларын айқындайды.

2- тарау. Сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлерге жатқызылған жануарлардың қырылуы анықталған жағдайдағы тергеу

      2. Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы лауазымды тұлғалар (бұдан әрі – лауазымды тұлға) сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлерге жатқызылған жануарлардың қырылуы туралы жеке және заңды тұлғалардан ақпарат алған кезде жергілікті жерге баруды жүзеге асырады.

      3. Сирек кездесетін және Құрып кету қаупі төнген түрлерге жатқызылған жануарлардың ұшалары анықталған жағдайда лауазымды тұлға өлімнің ықтимал себебін (оқпен жаралану, ашық жаралар, аяқ-қолдардың сынуы, ауру белгілері) көзбен шолып анықтайды, оқиға болған жердің жағдайын (адамдардың, техниканың іздері және заңсыз аң аулау заттары) бағалайды.

      4. Ұшаның жай-күйі бойынша лауазымды тұлға сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлерге жатқызылған жануарлардың өлім-жітімінің шамамен алынған уақытын белгілейді және ұшаның анықталған орны, уақыты және мән-жайлары туралы құқық қорғау органдарына және ветеринариялық қызметке хабарлайды.

      5. Лауазымды тұлға ақпаратта мыналарды көрсетеді:

      1) оқиғаның күні, уақыты, сипатамасы (табиғи өлім, ату), оқиғаның ауданы (координаттары), белгілі масштабтар туралы ақпарат және өзінің байланыс деректері;

      2) сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрлерге жатқызылған жануарлар туралы мәліметтер, өлімнің ықтимал себептері (оқпен жаралану, ашық жаралар, аяқ-қолдардың сынуы белгілері, аурулар);

      3) іздестіру-құтқару жұмыстарын ұйымдастыру туралы мәліметтер;

      4) белгілі жағдайлар (метеожағдайлар, көлік түрі, маркасы және нөмірі, қару-жарақ).

      6. Лауазымды тұлға құқық қорғау органдары келгенге дейін ұшаның және оқиға іздерін тапқан жердің сақталуын қамтамасыз етеді.

      7. Құқық қорғау органдарының және ветеринариялық қызметтің өкілі келгенге дейін лауазымды тұлға еркін нысанда акт жасайды.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады