Алып қойылған өнімді сақтау қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрінің 2021 жылғы 21 мамырдағы № 349-НҚ бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2021 жылғы 27 мамырда № 22835 болып тіркелді

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!

      Осы бұйрық 01.07.2021 бастап қолданысқа енгізіледі.

      "Техникалық реттеу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 44-бабының 5-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Алып қойылған өнімді сақтау қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық 2021 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға жатады.

      Қазақстан Республикасының
сауда және интеграция министрі
Б. Сұлтанов

  Қазақстан Республикасының
сауда және интеграция
министрінің
2021 жылғы 21 мамырдағы
№ 349-НҚ бұйрығымен
бекітілген

Алып қойылған өнімді сақтау қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Алып қойылған өнімді сақтау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Техникалық реттеу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 44-бабының 5-тармағына сәйкес әзірленді және алып қойылған өнімді сақтау тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидалар әлеуметтік қауіпті салдардың басталуының алдын алу мақсатында техникалық реттеу саласындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау жүргізу барысында техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келмейтіні зертханалық сынақтардың нәтижелерімен дәлелденген алып қойылған өнімге қолданылады.

      3. Техникалық реттеу саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесі шығарған өнімді алып қою туралы қаулы алып қойылған өнімді сақтауға орналастыруға негіз болып табылады.

2-тарау. Алып қойылған өнімді сақтау тәртібі

      4. Алып қойылған өнім Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасына сәйкес қадағалау субъектісімен жасалған сақтау шарты негізінде қадағалау субъектісінде немесе үшінші тұлғада (бұдан әрі – үшінші тұлға) сақтауға орналастырылады.

      5. Алып қойылған өнім қаулы күшіне енген сәттен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде сақтауға орналастырылады.

      6. Қадағалау субъектісі алып қойылған өнімге қол жеткізуді болдырмайтын жағдайларды қамтамасыз ету үшін техникалық реттеу саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесінің лауазымды адамының қатысуымен алып қойылған өнімді немесе алып қойылған өнім сақталатын үй-жайды (үй-жайды) пломбалауды, не желімдеуді, не оларға ескерту жазуларымен мөр басуды қамтамасыз етеді.

      Пломбалау, желімдеу, мөр басу алып қойылған өнімнің атауы, саны (бірлік (дана), салмағы (килограмм), көлемі (куб) немесе басқа өлшемдер), құны, партия нөмірі, дайындалған күні, сақтау орны, сақтауға жауапты адамды көрсете отырып, еркін нысандағы актімен ресімделеді. Акт қазақ және орыс тілдерінде түпнұсқа екі данада жасалады, оған техникалық реттеу саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесінің лауазымды адамы және қадағалау субъектісі қол қояды. Бір дана қадағалау субъектісінде, екіншісі - техникалық реттеу саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесінің лауазымды адамында сақталады.

      Егер алып қойылған өнімді сақтауды үшінші тұлға жүзеге асырса, акт үш данада жасалады, оған техникалық реттеу саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесінің лауазымды адамы, қадағалау субъектісі, үшінші тұлға қол қояды. Бір дана қадағалау субъектісінде, екіншісі - техникалық реттеу саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесінің лауазымды адамында, үшіншісі – үшінші тұлғада сақталады.

      7. Алып қойылған өнімді сақтауды жүзеге асыратын қадағалау субъектісі немесе үшінші тұлға алып қойылған өнімді алып қойылған өнімге арналған стандарттау жөніндегі нормативтік құжаттардың талаптарына және өнімге арналған таңбалауда немесе тауарға ілеспе құжаттарда көрсетілген сақтау шарттарына сәйкес сақтауды қамтамасыз етеді.

      8. Алып қойылған өнімді сақтау үшін осы Қағидалардың 7-тармағында белгіленген талаптарға сәйкес келетін жеке үй-жай (бөлме, қойма, аумақ), аймақ немесе учаске қарастырылады.

      Егер алып қойылған өнім бір үй-жайда өзге өніммен бірге сақталса, онда қадағалау субъектісі немесе үшінші тұлға алып қойылған өнімнің өзге өніммен жанасуын болдырмайтын аймақта сақталуын қамтамасыз етеді.

      9. Алып қойылған өнім "АЛЫП ҚОЙЫЛДЫ, ӨНІМ ТЕХНИКАЛЫҚ РЕГЛАМЕНТ ТАЛАПТАРЫНА СӘЙКЕС КЕЛМЕЙДІ" деген жазумен сақталады. Бұл жазба оптикалық құрылғыларды пайдаланбай ақпаратты оқу мүмкіндігін қамтамасыз ете отырып, фондық түстер мен жазулар арасындағы контрастты ескере отырып қолданылады.

      10. Алып қойылған өнім Заңның 44-бабының 4-тармағына сәйкес техникалық реттеу саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесінің талап-арызы бойынша сот шешімі күшіне енгенге дейін осы Қағидалардың талаптарына сәйкес сақталады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады