Ерікті түрде сертификаттау жүйесінің жұмыс істеу және қолданылу, сондай-ақ тіркелген ерікті түрде сертификаттау жүйелерінің тізілімін жүргізу және көрсетілген тізілімдегі мәліметтерді беру қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрінің 2021 жылғы 22 маусымдағы № 422-НҚ бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2021 жылғы 26 маусымда № 23185 болып тіркелді

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы бұйрық 01.07.2021 бастап қолданысқа енгізіледі.

      "Техникалық реттеу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 36-бабының 3-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Ерікті түрде сертификаттау жүйесінің жұмыс істеу және қолданылу, сондай-ақ тіркелген ерікті түрде сертификаттау жүйелерінің тізілімін жүргізу және көрсетілген тізілімдегі мәліметтерді беру қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық 2021 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
сауда және интеграция министрі
Б. Сұлтанов

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Цифрлық даму, инновациялар және

      аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі

  Қазақстан Республикасының
сауда және интеграция
министрінің
2021 жылғы 22 маусымдағы
№ 422-НҚ бұйрығымен
бекітілген

Ерікті түрде сертификаттау жүйесінің жұмыс істеу және қолданылу, сондай-ақ тіркелген ерікті түрде сертификаттау жүйелерінің тізілімін жүргізу және көрсетілген тізілімдегі мәліметтерді беру қағидаларын бекіту туралы

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Ерікті түрде сертификаттау жүйесінің жұмыс істеу және қолданылу, сондай-ақ тіркелген ерікті түрде сертификаттау жүйелерінің тізілімін жүргізу және көрсетілген тізілімдегі мәліметтерді беру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Техникалық реттеу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 36-бабының 3-тармағына сәйкес әзірленді және ерікті түрде сертификаттау жүйесінің жұмыс істеуі мен қолданылу, сондай-ақ тіркелген ерікті түрде сертификаттау жүйелерінің тізілімін жүргізу және көрсетілген тізілімдегі мәліметтерді беру тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) сәйкестiк белгiсi – өнімнің және көрсетілетін қызметтің техникалық регламенттерде және (немесе) ұлттық стандарттарда белгіленген талаптарға сәйкестігін растау рәсімінен өткені туралы сатып алушыларға ақпарат беруге арналған белгіленім;

      2) сәйкестікті бағалау – техникалық реттеу объектісіне қойылатын талаптардың сақталуын тікелей немесе жанама айқындау;

      3) сәйкестікті ерікті түрде растау – өтінім берушінің бастамасы бойынша жүргізілетін, ол арқылы өнімдердің, процестердің және көрсетілетін қызметтердің стандарттау жөніндегі құжаттарға және (немесе) өтінім берушінің талаптарына сәйкестігін растау жүзеге асырылатын рәсім;

      4) сәйкестiктi растау – нәтижесі техникалық реттеу объектісінің техникалық регламенттерде және (немесе) стандарттау жөніндегі құжаттарда белгіленген талаптарға сәйкестігін құжаттамалық куәландыру (сәйкестік туралы декларация немесе сәйкестік сертификаты түрінде) болып табылатын рәсім;

      5) сәйкестiктi сәйкестікті растау жөніндегі орган – сәйкестікті растау жөніндегі қызметті жүзеге асыру үшін "Сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес аккредиттелген заңды тұлға;

      6) сертификаттау – сәйкестікті растау жөніндегі орган ол арқылы өнімнің және (немесе) онымен байланысты процестің, сондай-ақ көрсетілетін қызметтің техникалық регламенттерде және (немесе) стандарттау жөніндегі құжаттарда белгіленген талаптарға сәйкестігін куәландыратын рәсім;

      7) техникалық реттеудің ақпараттық жүйесі – техникалық реттеу тізілімдеріндегі, өлшем бірлігін қамтамасыз етудің мемлекеттік жүйесінің, ұлттық стандарттау жүйесінің және Еуразиялық экономикалық одақтың сәйкестікті бағалау туралы берілген немесе қабылданған құжаттарының бірыңғай тізілімдерінің мәліметтері мен ақпараттарын сақтауға, өңдеуге, іздеуге, таратуға, беруге және ұсынуға арналған автоматтандырылған ақпараттық жүйе;

      8) техникалық реттеудің ақпараттық жүйесінің веб-порталы (бұдан әрі – веб-портал) – техникалық реттеудің ақпараттық жүйесіне бірыңғай қол жеткізу нүктесін ұсынатын интернет-ресурс.

2-тарау. Ерікті түрде сертификаттау жүйесінің жұмыс істеу және қолдану тәртібі

      3. Ерікті түрде сертификаттау жүйесін құрған, жеке кәсіпкер ретінде тіркелген заңды тұлға және (немесе) жеке тұлға немесе жеке кәсіпкерлер ретінде тіркелген бірнеше заңды тұлғалар және (немесе) жеке тұлғалар (бұдан әрі – өтініш беруші) ерікті сертификаттау жүйесінің жұмыс істеуін және қолданылуын қамтамасыз етеді.

      4. Ерікті түрде сертификаттау жүйесінің жұмыс істеуі және қолданылуы үшін өтініш беруші:

      1) сертификаттауға жататын объектілердің тізбесін және осы объектілерді ерікті түрде сертификаттау оларға сәйкестігі жүзеге асырылатын сипаттамаларды белгілейді;

      2) ерікті түрде сертификаттау жүйесіне қатысушыларды айқындайды;

      3) сәйкестік белгісін қолданады (бар болса).

      5. Сәйкестікті ерікті растау, егер бұл техникалық регламентте немесе өзге де нормативтік құқықтық актілерде белгіленген болса, өнімнің сәйкестігін міндетті растауды алмастырмайды.

      6. Сәйкестікті ерікті растауды сәйкестікті растау жөніндегі орган шарт негізінде ерікті сертификаттау нысанында жүргізеді.

      Ерікті түрде сертификаттау сәйкестікті бағалаудың кез келген объектілеріне қатысты олардың стандарттау жөніндегі құжаттарға, ал олар болмаған кезде мәлімделген талаптарға сәйкестігі тұрғысынан өтінім берушінің бастамасы және талаптары бойынша жүргізіледі.

      7. Ерікті түрде сертификаттау жүйесін қолдануды өтініш беруші осы Қағидалардың 4-тармағының 1) тармақшасына сәйкес сертификаттауға жататын объектілердің белгіленген тізбесі шегінде жүзеге асырады.

3-тарау. Тіркелген ерікті түрде сертификаттау жүйелерінің тізілімін жүргізу және көрсетілген тізілімде қамтылған мәліметтерді беру тәртібі

      8. Тіркелген ерікті сертификаттау жүйелерінің тізілімін жүргізуді техникалық реттеу саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) жүзеге асырады.

      9. Тіркелген ерікті түрде сертификаттау жүйелерінің тізілімін жүргізу үшін өтініш беруші техникалық реттеудің ақпараттық жүйесі арқылы уәкілетті органға осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша ерікті түрде сертификаттау жүйесін тіркелген ерікті сертификаттау жүйелерінің тізіліміне енгізу үшін мынадай құжаттарды қоса бере отырып, электрондық түрде өтініш (бұдан әрі – өтініш) береді:

      1) сертификаттауға жататын объектілердің тізбесі және осы объектілерді ерікті түрде сертификаттау оларға сәйкестігі жүзеге асырылатын сипаттамалар;

      2) ерікті түрде сертификаттау жүйесіне қатысушылар туралы;

      3) сәйкестік белгісін қолдану сипаттамасы (бар болса).

      Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ақпараттық қауіпсіздік жөніндегі талаптарға сәйкес келетін техникалық реттеудің ақпараттық жүйесінің деректеріне қол жеткізу оны пайдаланушылар үшін уәкілетті органның веб-порталы арқылы жүзеге асырылады.

      10. Уәкілетті орган өтініш келіп түскен күннен бастап өтініш берушінің ұсынылған құжаттарын 15 (он бес) жұмыс күні ішінде қарайды.

      11. Өтінішті қарау кезінде уәкілетті орган осы Қағидалардың 9-тармағында көрсетілген құжаттардың болуын немесе болмауын тексереді.

      12. Өтініш пен құжаттарды қарау оң нәтиже берген кезде уәкілетті орган олар келіп түскен күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде тіркелген ерікті сертификаттау жүйелерінің тізіліміне өтініш берушінің ерікті түрде сертификаттау жүйесін енгізеді.

      Техникалық реттеудің ақпараттық жүйесі ерікті түрде сертификаттаудың әрбір жүйесіне бірегей сәйкестендіру нөмірін береді.

      13. Осы Қағидалардың 9-тармағында көрсетілген ұсынылған құжаттар толық болмаған кезде уәкілетті орган өтініш берушіге ұсынылған құжаттарды жазбаша дәлелді бас тартуды қоса бере отырып, Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 73-бабында белгіленген талаптарды сақтай отырып 10 (он) жұмыс күні ішінде қайтарады.

      14. Бұрын тіркелген ерікті сертификаттау жүйесі туралы мәліметтер және (немесе) деректер өзгерген кезде өтініш беруші техникалық реттеудің ақпараттық жүйесі арқылы уәкілетті органға осы Қағидалардың 9-тармағына сәйкес өтініш береді.

      15. Өтінішті қарау және мәлімделген ерікті түрде сертификаттау жүйесін тіркелген ерікті түрде сертификаттау жүйелерінің тізіліміне енгізу осы Қағидалардың 10, 11, 12 және 13-тармақтарына сәйкес жүзеге асырылады.

      16. Уәкілетті орган мүдделі тұлғалардың сұрау салуы бойынша Кодекстің 76-бабында белгіленген тәртіппен тіркелген ерікті түрде сертификаттау жүйелерінің тізіліміндегі мәліметтерді және (немесе) деректерді ұсынады.

      17. Тіркелген ерікті түрде сертификаттау жүйелері туралы мәліметтер өтініш берушіні ерікті сертификаттау жүйесін тіркелген ерікті түрде сертификаттау жүйелерінің тізіліміне енгізілгеннен кейін веб-порталда ашық түрде орналастырылады.

  Ерікті түрде сертификаттау
жүйесінің жұмыс істеу және
қолданылу, сондай-ақ тіркелген
ерікті түрде сертификаттау
жүйелерінің тізілімін жүргізу
және көрсетілген тізілімдегі
мәліметтерді беру қағидаларына
қосымша
  Нысан

Тіркелген ерікті сертификаттау жүйелерінің тізіліміне ерікті сертификаттау жүйесін енгізу туралы өтініш

      Кімге:__________________________________________________________

      (уәкілетті органның атауы)

      кімнен:_________________________________________________________

      ____________________________________________________________________

      (заңды тұлғаның толық және қысқартылған (бар болса) атауы, заңды тұлғаның бизнес-сәйкестендіру нөмірі, жеке кәсіпкердің тегі, аты және әкесінің аты (бар болса), жеке кәсіпкердің жеке сәйкестендіру нөмірі)

      __________________________________________________________________

      (ерікті сертификаттау жүйесінің атауы)

      ерікті сертификаттау жүйесін тіркелген ерікті сертификаттау жүйелерінің тізіліміне енгізуді сұрайды.

      Мекенжайы ___________________________________________________

      ___________________________________________________________________

      (пошта индексі, облыс, қала, аудан, елді мекен, көшенің (даңғылдың) атауы, үйдің (ғимараттың) нөмірі, кеңсенің (пәтердің) нөмірі))

      Байланыс деректері____________________________________________

      (телефоны, электрондық поштасы)

      Өтініш беруші ______________________ ____________________________

      (тегі, аты, әкесінің аты (бар болса))

      Толтырылған күні: 20__ жылғы "__" ____________

      Ескертпе: Бұл құжат "Электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабының 1-тармағына сәйкес қағаз жеткізгіштегі құжатпен бірдей.

      Электрондық құжат техникалық реттеудің ақпараттық жүйесімен қалыптастырылды.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады