Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінің және Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің кейбір бұйрықтарына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2021 жылғы 8 шiлдедегі № 354 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2021 жылғы 14 шiлдеде № 23504 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінің және Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің кейбір бұйрықтарына мынадай өзгерістер енгізілсін:

      1) "Тексеру жүргізуге, жүргізілген тексеру нәтижелерін ресімдеуге арналған актілердің, жүру қауіпсіздігін бұзушылық жағдайларын есепке алу жөніндегі қажетті есеп құжаттарының, анықталған бұзушылықтарды жоюға нұсқамалардың нысандарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрінің міндетін атқарушының 2006 жылғы 13 шілдедегі № 175 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 4317 болып тіркелген):

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген темір жол көлігіндегі жүру қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы ақпарат нысаны осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес редакцияда жазылсын;

      2) "Теміржол көлігіндегі қауіпсіздік қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 26 наурыздағы № 334 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11602 болып тіркелген):

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Теміржол көлігіндегі қауіпсіздік қағидаларында:

      4 және 5-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Меншік нысанына қарамастан теміржол көлігі саласындағы қызметті жүзеге асыратын тасымалдау процесіне қатысушылар, теміржол көлігінің көмекші қызметтері өз құзыреті шегінде тасымалдау процесінің қауіпсіздігін (бұдан әрі - қозғалыс қауіпсіздігі) және қолданыстағы теміржол көлігі саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасы талаптарының сақталуын қамтамасыз етеді.

      Тасымалдау процесіне қатысушылар, теміржол көлігінің көмекші қызметтері қозғалыс қауіпсіздігін мыналарды:

      1) Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрінің міндетін атқарушының 2010 жылғы 20 қыркүйектегі № 424 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6581 болып тіркелген) бекітілген Теміржол көлігі қызметкерлері лауазымдарының (кәсіптерінің) тізбесіне және оларға қойылатын біліктілік талаптарына сәйкес кадрларды жасақтау мен орналастыруды;

      2) поездар қозғалысымен байланысты қызметтерге үміткерлерді кәсіби іріктеуді;

      3) еңбек тәртібін нығайтуды;

      4) "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің 86-бабына және денсаулық сақтау саласындағы Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес қызметкерлерді мерзімді медициналық тексеруден өткізуді, сондай-ақ локомотив бригадаларын және поездар қозғалысымен тікелей байланысты қызметкерлерді ауысым алдындағы (рейс алдындағы) міндетті медициналық қарап-тексерулер;

      5) жаңа техниканың, технологиялардың және менеджмент құралдарының енгізілуін ескере отырып, теміржол көлігінің негізгі кәсіптерінің қызметкерлерін кәсіби дайындау, оқыту, біліктілігін арттыру жүйесін жетілдіруді, сондай-ақ теміржол көлігіндегі қозғалыс қауіпсіздігін бұзу тәуекелдеріне әкеп соғатын стандартты емес жағдайлардағы іс-қимылдардың тәжірибелік дағдыларын жетілдіруді;

      6) локомотив бригадаларын және поездар қозғалысымен байланысты қызметкерлердің осы Қағидаларды, Қазақстан Республикасы Инестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 30 сәуірдегі № 544 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11897 болып тіркелген) бекітілген Теміржол көлігін техникалық пайдалану қағидаларын (бұдан әрі - ТПҚ), Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрінің 2011 жылғы 18 сәуірдегі № 209 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6954 болып тіркелген) бекітілген Темір жол көлігіндегі сигнализация туралы нұсқаулығын (бұдан әрі - Нұсқаулық), Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрінің 2011 жылғы 19 мамырдағы № 291 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7021 болып тіркелген) бекітілген Поездардың қозғалысы және теміржол көлігіндегі маневрлік жұмыс жөніндегі нұсқаулығын білу мәніне мерзімді тексерістер жүргізуді;

      7) Қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған "Қозғалыс қауіпсіздігі күні" тақырыбы бойынша апта сайынғы тексерулер жүргізуді;

      8) жолдарды, жасанды құрылыстарды, жылжымалы құрамды, сигнал беру және байланыс, электрмен жабдықтау құрылғыларын, теміржол өткелдерін, жабдықтарды, тетіктерді және көліктің басқа да техникалық құралдарын жөндеу және күтіп ұстау сапасын арттыру жөніндегі тұрақты жұмысты жүзеге асыруды;

      9) дефектоскопия құралдары мен диагностика жүйелерін жарамды жағдайда ұстауды және тиімді пайдалануды;

      10) анықталған кемшіліктерді жою кесте жөнінде шаралар қабылдаумен қауіпсіздікті бақылау құрылғыларының, аспаптарының жай-күйін және олардың қолданылуын тексеруді бекітілген бойынша жүзеге асыруды;

      11) жаңа қауіпсіздік құрылғыларын, аспаптар мен жүйелерді енгізу жөнінде тұрақты жұмыс жүргізуді;

      12) қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз етуді ұйымдастырудың жаңа нысандарын іздестіруді және енгізуді;

      13) авариясыз жұмыс тәжірибесін жинақтауды және таратуды;

      14) жүргізілетін жұмыс ерекшелігіне сәйкес техникалық түзу құрал-саймандармен және техникалық құралдармен қамтамасыз етуді көздейтін ұйымдастырушылық және техникалық іс-шаралар кешенін жүзеге асыру арқылы қамтамасыз етеді.";

      "5. Тасымалдау процесіне қатысушылар, теміржол көлігінің көмекші қызметтері:

      адамның өмірі мен денсаулығы, жолаушылардың жүруі үшін қауіпсіз жағдайларды;

      жүктер, багаж және жүк-багаж тасымалының қауіпсіздігін;

      теміржол көлігінің техникалық құралдарын пайдалану, күтіп-ұстау, жөндеу, жылжымалы құрамның сервистік қызмет көрсетуі, бағыттамалы бұрмаларды, теміржолдарды және техникалық құралдарды кезінде қозғалыс қауіпсіздігін;

      Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрінің 2005 жылғы 10 қарашадағы № 344-І бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 3931 болып тіркелген) бекітілген Темір жол көлігімен тасымалдаған кезде әскерилендірілген күзетпен алып жүруге жататын жүктердің тізбесіне сәйкес олардың қарауындағы теміржол көлігі объектілерін күзетуді;

      экологиялық қауіпсіздікті;

      өртке қарсы қауіпсіздікті;

      санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз етеді.";

      15-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "15. Теміржолдарда немесе мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарттары бойынша, оның ішінде концессия шарттары бойынша теміржолдарда апатқа, аварияға және оқиғаға әкеп соқпаған, тізбесі теміржол көлігіндегі қауіпсіздік қағидаларында айқындалған жол жүрісі қауіпсіздігінің бұзылу жағдайлары оқыс оқиғаларға жатады:

      1) поезды бос емес жолға қабылдау – келе жатқан поезд бағдаршамның рұқсат беру кірме (бағыттық) сигналында немесе шақыру белгісінде өтіп кетуі (локомотивтің бір бөлігімен болса да) немесе поезд машинисіне басқа поезд немесе жылжымалы құрам тұрған жолға дайындалған бағыт кезінде станцияға жүріп өтуге рұқсат беру;

      2) поезды бос емес аралыққа (блок-учаскеге) жөнелту бағдаршамның ашық шығу сигналы немесе шақыру сигналы кезінде немесе машинистке аралыққа орналасуға берілген рұқсат бойынша және ол қажетті жағдайларда поездың жүруі туралы қосымша нұсқау немесе сигнал алғаннан кейін алда тұрған аралыққа (блок-учаске), онда басқа поездың (кез келген бағыттағы) немесе жылжымалы құрамның тұрғанына қарамастан, поездың жөнелтілуі (немесе тоқтамай өтуі) және осы жолдың шығу сигналынан (сигнал болмағанда - шектік бағанадан) локомотивтің бір бөлігімен болса да өтіп кету;

      3) поезды дайындалмаған бағыт бойынша қабылдау (жөнелту) дұрыс дайындалмаған немесе дайын емес, соның ішінде жылжымалы құрам тұрмаған жолға әкелетін бағытқа бағдаршамның тыйым салатын кірме (шығу) сигналы кезінде келе жатқан (жөнелтілетін) поезд бағдаршамның ашық кірме (шығу) сигналынан өтіп кеткен (локомотивтің бір бөлігімен болса да), станцияға (станциядан) жүруге машинистке рұқсат беру, сондай-ақ электр тартұышы бар поезға электрлендірілмеген жолға немесе токтың басқа түрімен электрлендірілген жолға немесе түйіспе сымында кернеуі алынған жолға қабылдау бағытын әзірлеу;

      4) бағдаршамның тыйым салу сигналынан немесе шектік бағанадан рұқсатсыз өту;

      5) арнайы жылжымалы құрам және/немесе жылжымалы құрама асты немесе алды маневрлік бағыттамаға немесе поезға кіретін бағыттаманы ауыстыру немесе жылжымалы өзекшесі үшкірін ауыстыру;

      6) жылжымалы құрамның станциялардағы, кірме жолдардағы, оның ішінде концессия шарттары бойынша теміржолдардағы шектік бағанадан асып іргелес аралыққа поезды қабылдау-жөнелту бағытына, станциядан аралыққа немесе аралықтан станцияға кетуі, бірақ осы Қағидалардың 12, 13 және 14-тармақтарында көрсетілген салдардың болмауы;

      7) жылжымалы құрам осінің, доңғалақ осі мойнағының, доңғалақ жұбының сынуы;

      8) жылжымалы құрам арбашасының бүйір жағының немесе рессоры үстіндегі арқалығының сынуы (жарылу);

      9) жылжымалы құрам арқалығының сынуы (жарылу);

      10) техникалық ақауларға байланысты, жолда жолаушылар поездарынан вагонның ағытылуы (жолаушылар поездарын құрастыру станцияларынан басқа, барлық станцияларда есепке алынады);

      11) поезды жабылған шеткі крандармен жөнелту;

      12) станцияларда бағдаршам белгісінің тыйым салу көрсеткішінде жылжымалы құрамның жүріп өтуіне әкеп соқтырған бағдаршамның рұқсат сигналының тыйым салу сигналына ауысуы - станцияда белгі беру құрылғыларының, рельстік тізбегінің ақаулығынан, электр энергиясының ажыратылуынан немесе персоналдың қатесінен бағдаршамның рұқсат беру көрсеткішінің тыйым салу көрсеткішіне ауысып, жылжымалы құрамның тыйым салу сигналынан өтіп кетуіне әкеп соқтырған жағдай (сыртқы электрмен жабдықтау бойынша құрылғыларды ажырату жағдайларында оның жүруімен тыйым салу сигналын қоспағанда);

      13) нәтижесінде ауыстыру талап етілген, поезда немесе аралықта, станцияда немесе кірме жолдарда локомотивтің ақауы (локомотив бригадаларын ауыстыру пункттерінен, сондай-ақ негізгі немесе айналымды локомотив депосы бар пункттерден басқа, барлық станцияларда есепке алынады;

      14) жолда келе жатқанда жүктің құлауы - жүктің немесе оның бөлігінің теміржолға түсу жағдайы, сондай-ақ жүктің жылжымалы құрамға жүкті тиеудің белгіленген өлшемдерінен шығуын туғызған жүк бекітпесінің ығысуы, бұрылуы, бұзылуы және басқа да ақаулар;

      15) аралықтар мен станцияларда жол жұмыстарын жүргізу орындарының сигналдық белгілермен қоршалмауы;

      16) мыналар:

      бағдаршамда тыйым салу орнына жалған рұқсат беру көрсеткіші пайда болғанда;

      автоматты локомотив сигнализациясы аралықта сигнализация және байланыс дербес құралы ретінде қолданғанда, локомотив бағдаршамында тыйым салу орнына жалған рұқсат беру көрсеткіші пайда болғанда;

      17) поездағы жылжымалы құрамның автотіркегіштерінің немесе басқа тіркеу құрылғыларының өздігінен ағытылуы;

      18) поездағы жылжымалы құрам автотіркегішінің немесе басқа тіркеу құрылғыларының үзілуі;

      19) жылжымалы құрам бөліктерінің теміржолға құлауы немесе сүйреуі;

      20) аралықта немесе станцияларда жүк тиеудің техникалық шарттарының бұзылуынан және/немесе қауіпті жүктің төгілуі себебінен вагонның поездан ағытылуы (коммерциялық бақылау пункты бар станциядан басқа, барлық станциялар есепке алынады);

      21) нәтижесінде поездардың аралықта немесе станцияда бір сағат уақыт кідіруіне жол берілген, жолдың, жылжымалы құрамның, сигнал берудің, орталықтандыру, бұғаттау және байланыс, түйіспелі желі, электрмен жабдықтау құрылғыларының және басқа да техникалық құралдардың ақаулығы;

      22) магистральдық, станциялық, кірме жолдарда немесе мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарттары бойынша теміржол жолдарында, оның ішінде концессия шарттары бойынша адамды басып кету жағдайы;

      23) магистральдық, станциялық, кірме жолдарда және мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарттары бойынша теміржол жолдарында, оның ішінде концессия шарттары бойынша малды басып кету салдарынан поездан ағытылуы талап етілетін жылжымалы құрамның бүлінуі;

      24) жүк поезының жүру жолында техникалық ақаулықтарынан жүк вагонын ағыту (техникалық қызмет көрсетудің негізгі пунктерінен басқа, барлық жағдайларда есепке алынады);

      25) жолдың жоғарғы құрылысын күтіп ұстаудың бұзылуынан локомотив машинисінің жолдағы "соққыны" мәлімдеуі;

      26) жылжымалы құрамның, техникалық құралдардың, сигнал берудің, орталықтандырудың және бұғаттау мен байланыстың, электрмен жабдықтаудың қалыпты жұмысының бұзылуына алып келген сыртқы ауа температурасы минус 350 С-тан төмен, жел екпіні 25 м/сек-тан астам, найзағай құбылыстары, электрлендірілген учаскелерде түйіспе сымды мұз басқанда кезіндегі ауа-райы жағдайы;

      27) жылжымалы құрамның көлік құралымен соқтығысуы кезіндегі теміржол өткелдеріндегі және темір жолдардағы жол-көлік оқиғасы;

      28) техникалық күтіп ұстауды бұзу салдары болып табылған жылжымалы құрамның, жолдың жоғарғы құрылысының, өртену жағдайы;

      29) табиғи факторлардың (жолды су шайып кету және қар басып қалу) немесе бөгде адамдардың іс-әрекетінің салдарынан болған осы учаске бойынша поезды өткізудің кідіруін туғызған жолдың жоғарғы құрылысының бұзылуы;

      30) поезды шұғыл тежеуді қолдану қажеттілігін және оның тоқтауын туындатқан бөгде адамдардың теміржолға заттар қоюы;

      31) ауа-райы жағдайларына байланысты оқиғаларды қоспағанда, темір жолдарды жөндеу бойынша технологиялық жұмыстарды 1 сағаттан артық ұстау;

      32) қозғалыс қауіпсіздігін өзге де бұзушылықтар, жоғарыда көрсетілген тізбеге енбейтін бөгде себептердің салдары болып табылатын жағдайлар жатады.";

      36-тармақ мынадай редакцияда жызылсын:

      "36. Жөндеу немесе өндіріс технологиясын, сервистік қызмет көрсетуді бұзу салдарынан жол берілген қауіпсіздік бұзушылықтарының жағдайлары жөндеу ұйымының немесе өндіруші зауыттың өкілімен бірлесіп (жөндеу ұйымының немесе өндіруші зауыттың басшылығының жазбаша келісімі болған кезде жөндеу ұйымының немесе өндіруші зауыттың өкілісіз) қаралады және жөндеу ұйымның, өндіруші зауыттың және/немесе өндірушінің есебіне алынады.".

      2. Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Көлік комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Индустрия және инфрақұрылымдық
даму министрі
Б. Атамкулов

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ішкі істер министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық экономика министрлігі

  Қазақстан Республикасының
Индустрия және
инфрақұрылымдық даму
министірінің
2021 жылғы 8 шілдедегі
№ 354 Бұйрыққа қосымша
  Қазақстан Республикасы
Көлік және коммуникация
министрінің міндетін
атқарушының
2006 жылғы 13 шілдедегі
№ 175 бұйрығымен
бекітілген

20___ жылғы ________ айына _____________ бойынша (қала, облыс) темір жол көлігіндегі жүру қауіпсіздігін қамтамасыз ету туралы ақпарат

Жүру қауіпсіздігін бұзушылық түрі

Оқиға орны (километр, пикеті, станция)

Қандай нормативтік-құқықтық актілердің талаптары бұзылды

Темір жол көлігінің айыпты ұйымы

Әкімшілік жауапкершілікке тарту туралы белгі

Қосымша қабылданған шаралар













      Аумақтық көліктік бақылау басқармасының басшысы __________________________ (күні, қолы)

      * - "Теміржол көлігіндегі қауіпсіздік қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 26 наурыздағы № 334 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11602 болып тіркелген) сәйкес.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады