ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы бұйрықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 4 т. қараңыз.
Қазақстан Республикасының Экология кодексінің 44-бабының 3-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Жол берілетін жиынтық антропогендік жүктеме нормативтерін әзірлеу қағидалары осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Экологиялық реттеу және бақылау комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оның Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтердің Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі және 2021 жылғы 1 шілдеден бастап туындаған құқықтық қатынастарға қолданылады.
Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрі |
М. Мирзагалиев |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрлігі
Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 2021 жылғы 25 маусымдағы № 211 бұйрыққа қосымша |
Жол берілетін жиынтық антропогендік жүктеме нормативтерін әзірлеу қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Жол берілетін жиынтық антропогендік жүктеме нормативтерін әзірлеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Экология кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 44-бабының 3-тармағына сәйкес әзірленді және жиынтық антропогендік жүктемені әзірлеу тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі ұғымдар:
1) адамның күнделікті тіршілік ету ортасын білдіретін жасанды жасалған жағдайлар мен антропогендік объектілердің жиынтығы антропогендік орта деп танылады. Адам өзінің әлеуметтік қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін жасаған немесе өзгерткен және табиғи объектілердің қасиеттері жоқ материалдық әлемнің объектілері антропогендік деп танылады;
2) қоршаған ортаға антропогендік әсер ету деп адам қызметінің қоршаған ортаға:
антропогендік объектілерден босап шығатын ластағыш заттардың атмосфералық ауаға, суға, жерге немесе оның беткі қабатының астына түсуі түсінілетін эмиссиялар;
антропогендік объектілерден босап шығатын парниктік газдардың атмосфералық ауаға түсуі;
жануарлар мен өсімдіктер дүниесі объектілерін табиғи ортаға интродукциялау, оның ішінде қоршаған ортаға әдейі жіберу және генетикалық түрлендірілген организмдерді нарықта өткізу (орналастыру) ;
қалдықтарды көму, оларды жер бетінде заңсыз орналастыру немесе олардың су объектілеріне түсуі;
қоршаған орта компоненттерінің табиғи температуралық, энергетикалық, толқындық, радиациялық және басқа да физикалық қасиеттерінің өзгеруін туғызатын шудың, дірілдің, электромагнит өрістерінің, иондаушы сәулеленудің, температуралық және басқа да физикалық факторлардың әсері деп түсінілетін объектілердің қоршаған ортаға физикалық әсер етуінен тұрады;
қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шараларды жүргізу;
объектілерді (ғимараттарды, құрылысжайларды, құрылыстарды, коммуникацияларды) салу және пайдалану, сондай-ақ өз ресурсын игеріп біткен объектілерді кейіннен кәдеге жарату (сүріп тастау) мақсатында құрылады;
табиғи ортаның табиғи ресурстары мен пайдалы қасиеттерін, оның ішінде оларды уақытша немесе қайтарымсыз алып қою арқылы пайдалану түріндегі тікелей немесе жанама ықпалы түсініледі;
3) қоршаған ортаға антропогендік қызметтен түсетін ластағыш зат бойынша шекті антропогендік әсердің көрсеткіші деп осы аумақтық бірлік үшін ластағыш заттың жылына (тонна/жыл) ең жоғары жол берілетін массасы ретінде уәкілетті орган айқындаған жыл ішінде келіп түсетін ластағыш заттың массасы түсініледі;
4) нәтижесінде адамның өміріне және (немесе) денсаулығына, мүлкіне зиян келтірілуі мүмкін және (немесе) қоршаған ортаның ластануына, экологиялық залал келтірілуіне және (немесе) табиғи орта сапасының, оның ішінде:
табиғи орта компоненттерінің сарқылуы немесе тозуы;
табиғи және табиғи-антропогендік объектілер мен олардың кешендерін жою немесе олардың орнықты жұмыс істеуін бұзуы;
биоәртүрліліктің жоғалуы немесе азаюы;
табиғи ортаны, оның ресурстары мен қасиеттерін рекреациялық және заңда жол берілетін өзге де мақсаттарда пайдалануға кедергілер туындауы;
табиғи ортаның эстетикалық құндылығының төмендеуі нысанындағы өзге де жағымсыз өзгерістеріне алып келетін немесе алып келуі мүмкін қоршаған ортаға антропогендік әсер етудің кез келген нысандары зиянды деп танылады;
5) судағы ластағыш заттардың базалық антропогендік фондық концентрациясы деп жол берілетін төгінді нормативтерін айқындау кезінде жүзеге асырылатын басқа көздердің төгінділеріне байланысты қолайсыз жағдайларда су объектісінің нақты бақылау тұстамасындағы ластағыш зат концентрациясының мәні түсініледі;
6) биологиялық объектілер тобының жай-күй көрсеткіштері, оның ішінде өсімдіктердің, жануарлардың және организмдердің қоршаған орта сапасының индикаторлары ретінде пайдаланылатын басқа да түрлері мен топтары биологиялық көрсеткіштер болып табылады.
2-тарау. Жол берілетін жиынтық антропогендік жүктеме нормативтерін әзірлеу тәртібі
3. Жиынтық антропогендік әсердің параметрлерін белгілеу қаралатын аумақта (акваторияда) қабылданатын басқарушылық және шаруашылық шешімдердің нұсқалары бойынша жиынтық антропогендік жүктемені айқындау, табиғи ортаның жай-күйін одан әрі мониторингтеу және қоршаған ортаның барлық объектілеріне және халықтың денсаулығына әсерді егжей-тегжейлі бағалауды жүргізу жөнінде ұсынымдар мен ұсыныстар әзірлеу, сондай-ақ табиғат қорғау іс-шаралары мен табиғатты ұтымды пайдалану жүйесін әзірлеу мақсатында жүргізіледі.
4. Жол берілетін жиынтық жүктеме аумағы антропогендік әсерге ұшыраған және (немесе) сезімтал экологиялық жүйелерді қозғайтын көзделіп отырған шаруашылық қызмет үшін белгіленеді.
5. Қоршаған ортаға жиынтық антропогендік жүктеменің нормативтері I және II санаттағы объектілердің әсеріне ұшыраған аумақтар (және/немесе акваториялар) үшін және/немесе қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштері әзірленетін аумақтар үшін белгіленеді.
6. Экологиялық жағдай төтенше деп айқындалған аумақтар (және/немесе акваториялар) үшін қоршаған ортаға жиынтық антропогендік жүктеме нормативтері белгіленбейді, оларды енгізу аумаққа (және/немесе акваторияға) антропогендік жүктемені төмендететін техникалық іс-шараларды әзірлеу талап етіледі.
Осы облыстың (ауданның/қаланың) антропогендік жүктемесінің төмендеуіне қол жеткізілген кезде қоршаған ортаға жиынтық антропогендік жүктеменің нормативтерін белгілеу орындалады.
7. Атмосфералық ауаға, су объектілеріне, топыраққа және жер қойнауына жол берілетін жиынтық әсер ету қоршаған ортаға эмиссиялар нормативтерін (атмосфералық ауа ластануының жиынтық есептерін және елді мекендердің жол берілетін шекті шығарындыларының жиынтық томдарын қоса алғанда), қалдықтарды жинақтау мен көму, күкіртті карталарда орналастыру лимиттерін айқындау әдістемелерінің талаптарына сәйкес айқындалады.
8. Жиынтық антропогендік әсерді анықтау үшін қоршаған орта объектісіне әсер ететін физикалық әсер ескеріледі.
9. Жиынтық антропогендік жүктеменің нормативтері аумақтық бірлік (облыс/аудан/қала) үшін шекті антропогендік әсер ету көрсеткіштері айқындалған атмосфералық ауа мен су ресурстарына түсетін әрбір ластағыш зат бойынша белгіленеді.
Шекті антропогендік әсердің көрсеткіштері сапаның экологиялық нормативтері, қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштері және қоршаған орта факторларының әсерінен халық денсаулығы мен табиғи объектілер үшін қатерді жиынтық бағалау негізінде белгіленеді.
10. Атмосфералық ауаға жол берілетін жиынтық антропогендік жүктеменің белгіленген нормативтерін сақтау үшін экологиялық рұқсатта жол берілетін шығарындылар нормативтерімен қатар әрбір стационарлық көз және тұтастай алғанда I және II санаттағы объектілер үшін жылына тоннамен көрсетілген шығарындыларға жылдық лимиттер белгіленеді.
11. Сапаның экологиялық нормативтері қоршаған ортаның әрбір компоненті: атмосфералық ауа, жерүсті және жерасты сулары, топырақ және жер үшін жеке әзірленеді және белгіленеді.
Экологиялық сапа нормативтеріне мыналар жатады:
1) қоршаған орта компоненттері жай-күйінің химиялық көрсеткіштері үшін белгіленген нормативтер;
2) қоршаған орта компоненттері жай-күйінің физикалық көрсеткіштері үшін белгіленген нормативтер;
3) қоршаған орта компоненттері жай-күйінің биологиялық көрсеткіштері үшін белгіленген нормативтерді қамтуға тиіс.
12. Жиынтық антропогендік әсер ету нормативтері жеке әсер ету саласы бар оператор үшін және (немесе) басқа операторлардың әсер ету салаларын ескере отырып белгіленеді.
13. Бір-біріне салынатын ықпал ету саласы объектілерінің операторлары үшін жиынтық антропогендік әсер ету нормативтері аумаққа (және/немесе акваторияға) антропогендік жүктеме белгілеу нәтижелері бойынша айқындалады.
14. Көзделіп отырған қызметтің бастамашысы көзделіп отырған қызмет туралы өтініш беру сатысында көзделіп отырған шаруашылық қызметті іске асырудың мүмкіндігі/мүмкін еместігі туралы шешім қабылдау үшін қаралып отырған аудандағы қоршаған ортаға нақты антропогендік жүктемені бағалайды.
Бұл ретте көзделіп отырған көзделіп отырған шаруашылық қызметтің антропогендік жүктемесі қаралып отырған ауданда қоршаған орта сапасының экологиялық нормативтерінен және (немесе) қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерінен аспайды:
Сi< CЭНК (ЦПКООС)
мұндағы, Сі-көзделіп отырған қызметтің антропогендік жүктемесі;
ЭНКЖ (СЖҚКОО) - қоршаған орта сапасының экологиялық нормативтері (лері) немесе сапасының нысаналы көрсеткіштері.
15. Көзделіп отырған қызметтің әсер ету скринингінің және (немесе) қамтылу саласын айқындаудың нәтижелері бойынша көзделіп отырған шаруашылық қызметтің бастамашысы сапаның экологиялық нормативтерін және (немесе) қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерін сақтауға қол жеткізбегенін анықтаған кезде, көзделіп отырған шаруашылық қызметтің бастамашысы мынадай шешім қабылдайды:
- алғашқы ұсынылған техникалық және технологиялық шешімдерді қайта қарайды және экологиялық сапа нормативтеріне және (немесе) қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштеріне қол жеткізуге мүмкіндік беретін қоршаған орта объектілеріне нөлдік әсер ететін баламалы шешімдерді және (немесе) шешімдерді қарауға ұсынады;
- көзделіп отырған шаруашылық қызметті жүзеге асыру ауданында анропогендік әсер көрсететін операторлардың өз қаражаты және (немесе) қаражаты есебінен қоршаған орта сапасының экологиялық нормативтеріне және (немесе) сапасының нысаналы көрсеткіштеріне қол жеткізуге бағытталған техникалық іс-шаралар кешенін іске асырады, одан кейін қоршаған орта саласындағы уәкілетті органға көзделіп отырған қызмет туралы өтінішті қайта береді;
- жоспарланған экономикалық қызметтен бас тартады.