"Жер қойнауын геологиялық зерттеу бойынша жобалау құжаттарын жасау жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2018 жылғы 28 мамырдағы № 396 бұйрығына өзгерістер және толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 2021 жылғы 30 шiлдедегi № 279 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2021 жылғы 4 тамызда № 23864 болып тіркелді

      Қазақстан Республикасының 2021 жылғы 2 қаңтардағы Экология кодексінің 225-бабының 1-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Жер қойнауын геологиялық зерттеу бойынша жобалау құжаттарын жасау жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2018 жылғы 28 мамырдағы № 396 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17076 болып тіркелген) мынадай өзгерістер және толықтырулар енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Жер қойнауын геологиялық зерттеу бойынша жобалау құжаттарын жасау жөніндегі нұсқаулыққа:

      9, 10, 11, 12, 13, 14, 15, 16, 17, 18, 19, 20, 21, 22, 23, 24-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "9. Геологиялық тапсырмада берілген жер қойнауын пайдаланудағы әрбір объект үшiн зерттеу кешеніне енетін геологиялық түсірілім және (немесе) геофизикалық жұмыстардың барлық қажетті түрлері мен тиiстi жұмыстарының бiрыңғай жобалау құжаттамасы әзiрленедi.

      10. Геологиялық зерттеу жоспары мынадай бөлімдерден тұрады:

      1) геологиялық тапсырма;

      2) кіріспе;

      3) жұмыстар ауданының физикалық-географиялық сипаттамасы;

      4) бұрын жүргізілген зерттеулерді шолу, талдау және бағалау;

      5) жұмыстар ауданының геологиялық сипаттамасы;

      6) геологиялық зерттеу бойынша жұмыстардың құрамы, түрлері, әдістері мен тәсілдері;

      7) жұмыстардың болжамды нәтижелері;

      8) еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы;

      9) қоршаған ортаны қорғау;

      10) қолданылған дереккөздер тізімі;

      11) сметалық бөлігі.

      11. "Геологиялық тапсырма" бөлімі жер қойнауын геологиялық зерттеуді жүргізу мақсатын көрсетеді және:

      1) жұмыстың нысаналы мақсатын, учаске аумағының шекарасы мен негізгі бағалау параметрлерін;

      2) геологиялық міндеттерін, оларды шешудің бірізділігі мен негізгі әдістерін;

      3) күтілетін нәтижелері мен жұмыс орындау мерзімін қамтиды (есеп беру құжаттарының нысаны мен олар ұсынылатын инстанция көрсетілуі тиіс).

      12. Геологиялық тапсырманы жер қойнауын геологиялық зерттеуге арналған лицензияны ресімдейтін тұлға бекітеді.

      13. "Кіріспе" бөлімінде:

      1) жер қойнауын геологиялық зерттеуге лицензия ресімдеуші тұлға туралы мәліметтер, оның ішінде жеке немесе заңды тұлғаның атауы, заңды мекенжайы;

      2) геологиялық зерттеудің мақсаты;

      3) геологиялық зерттеудің ағымдағы және перспективадағы қажеттіліктерін негіздеу;

      4) жұмыстардың басталу және аяқтау мерзімдері қамтылады.

      14. "Ауданның физикалық-географиялық жұмыстар сипаттамасы" бөлімінде ауданның географиялық (әкімшілік) орны көрсетіледі (геологиялық мәселелер шешілетін аумақтар шегінде). Рельеф сипаттамасы, абсолюттік белгілері мен салыстырмалы артықшылықтары, климаттық ерекшеліктері, халық саны мен елді мекеннің сипаттамасы, көлік инфрақұрылымын дамуы, жұмыстарды ұйымдастыру мен құнына әсер ететін коммуникациялар және өзге де мәліметтер.

      15. "Бұрын жүргізілген зерттеулерді шолу, талдау және бағалау" бөлімінде жобаланатын түрлердің жасалуын және жұмыс көлемін негіздеу мақсатында, объектінің геологиялық, геохимиялық, геофизикалық, гидрогеологиялық зерттеулермен зерттелу дәрежесі қысқаша қамтылады және мыналардан:

      1) жобаланып отырған жұмыстардың негіздемесіне байланысты бұрын орындалған геологиялық зерттеулерін қысқаша сараптамалық шолудан;

      2) зерттелген объектілердің контурларын нөмірлеп көрсету, зерттеу картограммаларынан тұрады.

      16. "Жұмыс ауданының геологиялық сипаттамасы" бөлімі стратиграфия (жыныстарды егжей-тегжейлі сипаттамасыз), тектоника, металлогения, пайдалы қазбалар және жұмыс әдістемесін негіздеу үшін қажетті басқа да геологиялық сипаттамалар бойынша алдыңғы зерттеулердің сипаттамасын қамтиды.

      17. Ұсынылған жобаланған жұмыстар ауданының геологиялық сипаттамаларын баяндай отырып, жобаға жобаланған жұмыстардың ауқымындағы немесе аралас ауқымдағы алдыңғы зерттеулердің материалдары бойынша жасалған (немесе басып шығарылған) геологиялық картаны ұсыну қажет.

      Геологиялық карта толық стратиграфиялық бағаннының геологиялық қимасымен қоса беріледі. Егер ауданның жобаланған жұмыстарының стратиграфия, магматизм (вулканизм), тектоника, метаморфизм, металлогения схемасының авторлары әр түрлі және бірдей емес болған жағдайда, барлық схемаларды салыстыру (корреляциялау) қажет.

      18. "Геологиялық зерттеу бойынша жұмыстардың құрамы, түрлері, әдістері мен тәсілдері" бөлімі:

      1) геологиялық міндеттер мен оларды шешу әдістерін;

      2) геологиялық түсіру және (немесе) геофизикалық әдістердің сипаттамасы (стратиграфия, литология, магматизм, тектоника мәселелерін нақтылауды қоса алғанда);

      3) жер қойнауын геологиялық зерттеу жөніндегі жұмыстардың түрлері, болжамды көлемі және жүргізу мерзімдері, сондай-ақ олар бойынша жоспарланған жұмыстардың жиынтық тізбесі;

      4) жоспарланған жұмыстарды негіздейтін графикалық материалдарын.

      19. Геологиялық зерттеу бойынша жұмыстардың барлық түрлері құжатталады және есепке алынады.

      20. Геологиялық түсірілім және геофизикалық зерттеулер кешенінде геологиялық және геофизикалық әдістер көмегімен анықталатын геологиялық міндеттері, осы әдістер мен жұмыс түрлерінің ұтымды кешені негізделген.

      Геофизикалық жұмыстар кешенінде жеке әдістермен шешілетін геологиялық тапсырмалар анықталады. Тиісті аспаптар мен жабдықтарды таңдау негізделген. Қалыптасқан жағдайлардан ауытқуларды ескере отырып, қиындық санаттарына, өндіріс көлігінің түрі мен коэффициенттеріне негізделген. Негізгі және қосалқы жұмыстар көлемі (сейсмикалық барлау, сейсмикалық ұңғымаларды бұрғылау, жарылғыш және топографиялық-геодезиялық жұмыстар) көрсетіледі.

      21. Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешіміне бойынша жер қойнауын пайдаланушы геологиялық зерттеу учаскесінде параметрлік ұңғымаларды бұрғылауды жүзеге асырады.

      Геологиялық ақпараттың нақты геологиялық міндеттері мен талаптары негізінде ұңғымалардың орналасқан жері, олардың тереңдігі, керннің іріктеу интервалы, интервалдар бойынша керннің ең аз рұқсат етілген шығу пайызы анықталады.

      Бұрғылаудың таулы-геологиялық жағдайлары мен ұңғымалардың параметрлері негізінде, бұрғылаудың түрлері мен әдістері таңдалып, бұрғылау қондырғыларының түрлері, ұңғымалар мен бұрғылау технологиясы негізделіп, ұңғымалардың геологиялық және техникалық бөлімдері құрастырылады.

      Бұрғылау көлемі ұңғымалардың орналасуы бойынша (картографиялық, құрылымдық, құрылымдық-параметрлік, іздестіру-картографиялық, барлау), ұңғымалардың түрлері бойынша (тік, бағыттық), бұрғылау әдістерімен (бағаналы, иірлік және т.с.с), базаға және бір-біріне қатысты ұңғымалардың орналасуы бойынша (біреу, топтық), электр қуатын алу тәсілі бойынша (электр станциясынан, жеке меншіктегі стационарлы электр станциясынан, жеке жылжымалы электр станциясынан) есептелінеді.

      Бұрғылау көлемі ұңғымалар топтары арасында тереңдік, бұрғылау қондырғысының қозғалтқышының түрі бойынша (электр қозғалтқышынан немесе ішкі жану қозғалтқышынан) орташа диаметрі бойынша, тау жынысы санаты бойынша бөлінеді.

      22. "Жұмыстардың күтілетін нәтижелері" бөлімі орындалған жұмыстар кешенінің талап етілетін нәтижесін баяндайды.

      23. "Еңбекті қорғау және қауіпсіздік техникасы" бөлімінде:

      1) жұмыс орнының ерекшеліктері, жалпы ережелер;

      2) Қазақстан Республикасының нормативтiк құқықтық актiлерiмен қабылданған қауiпсiздiк пен денсаулықты қорғау бойынша нормативтiк құжаттардың тізбесі;

      3) техникалық қауіпсіздік бойынша іс-шаралар;

      4) жұмыс уақытында еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды жақсарту бойынша іс-шаралар көрсетіледі.

      24. "Қоршаған ортаны қорғау" бөлімі:

      1) қоршаған ортаға әсер ету ықпалын бағалауды;

      2) жобалау жұмыстарын орындау кезінде сақталуы талап етілетін негізгі нормативтік құжаттардың (стандарттар, қағидалар, нұсқаулықтар) тізбесі;

      3) геологиялық барлау жұмысы процесінде жер қойнауын қорғау, жер қойнауының зиянды заттар мен өндiрiс қалдықтарымен ластануын болдырмау жөнiндегi іс-шараларды;

      4) жұмыс ауданының экологиялық-экономикалық сипаттамаларын;

      5) табиғатты қөрғау іс-шаралары, орман, жануарлар әлемін қөрғау және табиғатты қөрғауды бақылауды;

      6) жер қойнауын мен қоршаған ортаны қорғау жөнiндегi iс-шараларды жүзеге асыру үшiн жұмыс көлемi мен тасымалдау көлемiн, жұмыс iстеу уақытын, материалдар мен энергияны тұтынуды есептеу нәтижелерін қамтиды.".

      30-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      30. "Түрлері келесі бөлімдерден тұрады:

      1) кіріспе;

      2) ауданның физикалық-географиялық сипаттамасы;

      3) геологиялық тапсырма;

      4) бұрын жүргізілген зерттеулерді талдау және бағалау;

      5) ауданның геологиялық-гидрогеологиялық сипаттамасы;

      6) гидрогеологиялық зерттеу;

      7) бұрғылау жұмыстары;

      8) геофизикалық зерттеулер;

      9) тәжірибелік-сүзгі жұмыстары (сынақ және сынақ сорғысы);

      10) режимдік және гидрометрлік бақылау жүргізу;

      11) топографиялық-геодезиялық жұмыстар;

      12) зертханалық зерттеулер;

      13) камералдық жұмыстар;

      14) қорытынды;

      15) қолданылған дереккөздер тізімі;

      16) сметалық бөлігі;

      17) қоршаған ортаны қорғау.".

      мынадай мазмұндағы 47-тармақпен толықтырылсын:

      "47. "Қоршаған ортаны қорғау" бөлімі мыналарды қамтиды:

      1) қоршаған ортаға әсер ету ықпалын бағалауды;

      2) жобалау жұмыстарын жүргізу кезінде талаптарын сақтау қажет негізгі нормативтік құжаттардың (стандарттар, қағидалар, нұсқаулықтар) тізбесі;

      3) геологиялық барлау жұмыстары процесінде жер қойнауын кешендi және ұтымды пайдалануды қамтамасыз ету, жер асты сулары қорларының сақталуына жұмыстардың зиянды әсеріне жол бермеу, жер асты суларының зиянды заттармен және өндiрiс қалдықтарымен ластануын болдырмау жөнiндегi іс-шаралар.".

      2. Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Геология комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықтың ресми жарияланған кейін Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларына сәйкес іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтердің Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Экология, геология және табиғи
ресурстар министрі
М. Мирзагалиев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ауыл шаруашылығы министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Цифрлық даму, инновациялар

      және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Энергетика министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Индустрия және

      инфрақұрылымдық даму министрлігі

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады