БҰЙЫРАМЫН:
1. "Төмен тұрған құрамның әскери қызметшілерін, тиісті құрамның әскери міндеттілерін не азаматтарды бос әскери лауазымдарға уақытша тағайындау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2017 жылғы 22 желтоқсандағы № 751 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 16189 болып тіркелген) мынадай толықтыру енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Төмен тұрған құрамның әскери қызметшілерін, тиісті құрамның әскери міндеттілерін не азаматтарды бос әскери лауазымдарға уақытша тағайындау қағидалары:
мынадай мазмұндағы 5-1-тармақпен толықтырылсын:
"5-1. Әскери барлау органдары офицерлер құрамының бос әскери лауазымдарына мыналар уақытша тағайындалады:
1) "ақпараттық жүйелер және киберқауіпсіздік (ІT мамандары)", "ақпаратты қорғаудың әдістері мен жүйелері (криптография)" мамандықтары бойынша "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 38-бабы 1-тармағының 3) тармақшасында көзделген шарттар болған кезде, сондай-ақ олардың бағынысында офицерлер болмаған жағдайда, кемінде бір жыл үздіксіз әскери қызмет өтілі, жоғары білімі және тиісті әскери есептік мамандықтың бейіні бойынша ұқсас мамандығы бар төмен тұрған құрамның әскери қызметшілері;
2) "математикалық және компьютерлік үлгілеу", "ғарыштық техника мен технологиялар" мамандықтары бойынша "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 38-бабы 1-тармағының 3) тармақшасында көзделген шарттар болған кезде, олардың бағынысында офицерлер болмаған жағдайда, жоғары білімі және тиісті әскери есептік мамандықтың бейіні бойынша ұқсас мамандығы бар төмен тұрған құрамның әскери қызметшілері.".
2. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Кадрлар департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды;
3) алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Заң департаментіне жолдауды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
4. Осы бұйрық лауазымды адамдарға, оларға қатысты бөлігінде жеткізілсін.
5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі |
Н. Ермекбаев |