Төмен тұрған құрамның әскери қызметшілерін не азаматтарды бос әскери лауазымға уақытша тағайындау қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2017 жылғы 22 желтоқсандағы № 751 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2018 жылғы 9 қаңтарда № 16189 болып тіркелді.

      Ескерту. Бұйрықтың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Қорғаныс министрінің 22.12.2022 № 1247 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 25 мамырдағы № 124 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында әскери қызмет өткеру ережелерінің 50-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Төмен тұрған құрамның әскери қызметшілерін не азаматтарды бос әскери лауазымға уақытша тағайындау қағидалары бекітілсін.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Қорғаныс министрінің 22.12.2022 № 1247 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Кадрлар департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелген күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін қағаз және электрондық түрде қазақ және орыс тілдерінде Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде ресми жариялау және оған енгізу үшін "Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнына жолдауды;

      3) осы бұйрықты ресми жарияланғанынан кейін Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      4) мемлекеттік тіркелген күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Заң департаментіне жолдауды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі Кадрлар департаментінің бастығына жүктелсін.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Қорғаныс министрінің 15.01.2024 № 21 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      4. Осы бұйрық лауазымды адамдарға, оларға қатысты бөлігінде жеткізілсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Қорғаныс министрі
      генерал-полковник С. Жасұзақов

  Қазақстан Республикасы
Қорғаныс министрінің
2017 жылғы 22 желтоқсандағы
№ 751 бұйрығымен
бекітілген

Төмен тұрған құрамның әскери қызметшілерін не азаматтарды бос әскери лауазымға уақытша тағайындау қағидалары

      Ескерту. Қағидалар жаңа редакцияда - ҚР Қорғаныс министрінің 22.12.2022 № 1247 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Төмен тұрған құрамның әскери қызметшілерін не азаматтарды бос әскери лауазымға уақытша тағайындау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 25 мамырдағы № 124 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында әскери қызмет өткеру қағидаларына сәйкес әзірленді және төмен тұрған құрамның әскери қызметшілерін не азаматтарды бос әскери лауазымға уақытша тағайындау тәртібін айқындайды.

2-тарау. Төмен тұрған құрамның әскери қызметшілерін не азаматтарды бос әскери лауазымға уақытша тағайындау тәртібі

      2. Лауазымға уақытша тағайындау лауазымды адамдар тізбесіндегі лауазымды адамның жеке құрам бойынша бұйрығымен жүргізіледі.

      3. Төмен тұрған құрамның әскери қызметшілері Қарулы Күштер түрлері бас қолбасшыларының, Арнайы операциялар күштері, өңірлік қолбасшылықтар әскерлері мен әскер тектері қолбасшыларының басқармаларын қоспағанда, бағынысында офицер болмаған жағдайда кемінде үш жыл үздіксіз әскери қызмет өтілі, жоғары білімі, базалық офицер курсынан өтуі болған кезде "майор" штаттық-лауазымдық санатынан жоғары емес офицер құрамының бос әскери лауазымына уақытша тағайындалады.

      Базалық офицер курсынан өту туралы талап қаралып отырған әскери лауазымның әскери-есептік мамандығына сәйкес білімі бар, сондай-ақ әскери лауазымның әскери-есептік мамандығына сәйкес келмейтін білімі бар, бірақ қаралып отырған әскери лауазымның әскери-есептік мамандығы бойынша кемінде 3 жыл қызметтік іс тәжірибесі бар әскери қызметшілерге және "Әскери полиция органдары туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 13-бабының 2-тармағына сәйкес арнайы бастапқы оқытудан өткен әскери полиция органының әскери қызметшілеріне қолданылмайды.

      Базалық офицер курсының бағдарламаларын Қазақстан Республикасының Ұлттық қорғаныс университеті әзірлейді, оларды Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Бас штабының бастығы бекітеді және Қорғаныс министрлігіне ведомстволық бағынысты жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын әскери оқу орны жанында жүргізіледі.

      Медициналық мамандық пен "ақпараттық жүйелер және киберқауіпсіздік (IT мамандары)", "математикалық және компьютерлік модельдеу", "ғарыш техникасы және технологиялары", "ақпаратты қорғау әдістері мен жүйесі (криптография)", "журналистика (PR және SMM мамандары)" мамандықтары, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Спорт комитеті – Орталық спорт клубы лауазымына олимпиада ойынының, әлем чемпионатының, Азия чемпионатының және әскери спорт түрі бойынша халықаралық жарыстардың жүлдегер спортшыларын тағайындау кезінде кемінде үш жыл үздіксіз әскери қызмет өтілінің болуы талап етілмейді.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Қорғаныс министрінің 04.04.2024 № 317 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      4. Офицер құрамының бос әскери лауазымына Қорғаныс министрлігінің, Бас штабтың құрылымдық бөлімшелерін, Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің бас басқармаларын және Қорғаныс министрлігі мен Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің орталықтарын қоспағанда, бағынысында офицер болмаған жағдайда әскери-есептік мамандығына сәйкес келетін мамандық бойынша жоғары білімі бар азаматтар, сондай-ақ тиісті құрамның әскери міндеттілері тағайындалады.

      Қатардағы жауынгерлер мен сержанттар құрамының бос әскери лауазымына лауазымға қажет білімі (негізгі орта білімі, орта білімі (жалпы орта білімі, техникалық және кәсіптік білімі) және орта білімнен кейінгі білімі) және мамандығы бойынша жұмыс тәжірибесі бар азаматтар уақытша тағайындалады.

      Ескерту. 4-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Қорғаныс министрінің 15.01.2024 № 21 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      5. Азаматтар офицерлер құрамының бос лауазымына уақытша тағайындауға ұсынылған кезде тиісті командир (бастық) осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес бос лауазымға уақытша тағайындау кезінде ұсынылатын құжаттар тізбесін (бұдан әрі – Құжаттар тізбесі) қоса бере отырып, баянат жолдайды.

      6. Азаматтарды қатардағы жауынгерлер мен сержанттар құрамының лауазымына уақытша тағайындау олар әскери бөлімнің (мекеменің) жасақтау органына Құжаттар тізбесін ұсынғаннан кейін жүзеге асырылады.

      7. Әскери лауазымға уақытша тағайындалған азаматтар бұйрық шығарылған сәттен бастап үш жұмыс күні ішінде еңбек шартын жасайды.

  Төмен тұрған құрамның
әскери қызметшілерін не
азаматтарды бос әскери
лауазымға уақытша
тағайындау қағидаларына
қосымша

Бос лауазымға уақытша тағайындау кезінде ұсынылатын құжаттар тізбесі

      Ескерту. Тізбе жаңа редакцияда - ҚР Қорғаныс министрінің 15.01.2024 № 21 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Жеке сәйкестендіру нөмірі бар Қазақстан Республикасы азаматының жеке басын куәландыратын құжаттың немесе оның электрондық нысанының көшірмесі.

      2. Кадр қызметі куәландырған қосымшасы бар білім туралы дипломның көшірмесі.

      3. Кадр қызметі растаған еңбек кітапшасының көшірмесі (еңбек өтілі болған жағдайда).

      4. "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес кірістері мен мүлкі туралы декларацияны тұрғылықты жері бойынша мемлекеттік кіріс органына ұсынғанын растайтын құжат.

      5. Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 2020 жылғы 18 мамырдағы № 64 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20674 болып тіркелген) бекітілген "Соттылықтың болуы не болмауы туралы анықтама беру" мемлекеттік қызметті көрсету қағидаларына 4-қосымшаға сәйкес нысан бойынша соттылығының болуы не болмауы туралы анықтама.

      6. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 7 сәуірдегі № ҚР ДСМ-34 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 27505 болып тіркелген) Дәрігерлік-консультативтік комиссияның қызметі туралы ереженің 17-тармағының 8) тармақшасына сәйкес алдын ала медициналық куәландырудан өткені туралы құжат.

      7. Фотосуреті бар резюме (нақты тұрғылықты мекенжайы мен телефоны, оның ішінде байланыс телефоны, білімі, жұмыс тәжірибесі көрсетіліп, еркін нысанда).

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады