"Астана Хаб" халықаралық технологиялық паркі қызметінің қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрінің 2018 жылғы 26 қыркүйектегі № 415 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2021 жылғы 12 тамыздағы № 277/НҚ бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2021 жылғы 13 тамызда № 23981 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Астана Хаб" халықаралық технологиялық паркі қызметінің қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрінің 2018 жылғы 26 қыркүйектегі № 415 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17437 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Технопарктің функцияларына:

      1) Технопарк қатысушыларына акселерация, технологиялық бизнес-инкубациялау қызметін көрсету;

      2) Технопарк қатысушылары үшін маркетинг және өзге де іс-шараларды өткізу бойынша қызметтер ұсыну;

      3) Технопарк қатысушыларын дамытуды ынталандыру үшін консультациялық, ақпараттық, талдамалық, білім беру іс-шараларын өткізу бойынша қызметтер көрсету;

      4) Технопарк қатысушыларын дамытуды ынталандыру үшін ақпараттық, білім беру және қаржылық ресурстарды тарту, халықаралық тәжірибені зерделеу және білім алмасу мақсатында халықаралық ұйымдармен, шетелдік серіктестермен ынтымақтасу;

      5) Технопарк қатысушыларының ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы индустриялық-инновациялық жобаларды іске асыруы үшін әлеуетті инвесторларды іздеу;

      6) шетелдіктердің және азаматтығы жоқ адамдардың Технопарк бағдарламалары бойынша оқудан өтуі үшін Технопаркке қатысушы жұмыскерлерге визалар алуға шақырулар, өтініш хаттар жіберу;

      7) Қазақстан Республикасының резиденттері мен бейрезиденттерін Технопаркқа қатысуға тарту;

      8) Технопарк қатысушыларын тіркеу және тиісті растайтын құжаттарды беру;

      9) Технопаркте акселерациядан өтетін адамдарға тұрғын жай беру және тұруға жағдай жасау;

      10) Технопарк қатысушыларының ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы индустриялық-инновациялық жобаларын қаржыландыру;

      11) инвестициялық қорларды құру немесе инвестициялық қорларға қатысу үлесін қабылдау;

      12) білікті кадрларды даярлау мақсатында ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласында оны алуға үміткер жеке тұлғаларды оқытуды қаржыландыру жатады.";

      мынадай мазмұндағы 3-1-тармақпен толықтырылсын:

      "3-1. Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласында оқуға үміткер жеке тұлғаларды оқытуды қаржыландыру тәртібі Технопарктің ішкі құжаттарына сәйкес жүзеге асырылады.";

      7-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "7. Технопарк қатысушысы ретінде тіркелу үшін өтініш беруші мынадай талаптарға сәйкес келуі тиіс:

      заңды тұлға болуы;

      өтініш беру кезінде, өкілдіктерді қоспағанда, филиалдардың, сондай-ақ оқшауланған құрылымдық бөлімшелердің болмауы;

      Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 284-бабына сәйкес инвестициялық басым жобаны, сондай-ақ 2015 жылғы 1 қаңтарға дейін жасалған инвестициялық келісімшарттар бойынша инвестициялық стратегиялық жобаны іске асыратын (іске асырған) ұйымдарға кірмеуі;

      акцияларының (жарғылық капиталындағы үлестерінің) елу және одан көп пайызы тікелей немесе жанама түрде мемлекетке, ұлттық басқарушы холдингтерге, ұлттық холдингтерге және ұлттық компанияларға немесе олардың еншілес ұйымдарына тиесілі заңды тұлғалар қатарында болмау;

      жер қойнауын пайдаланушы немесе арнайы экономикалық аймақтың қатысушысы болып табылмау;

      "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы (Салық кодексі)" Қазақстан Республикасы Кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 461-бабына сәйкес кіші акцизделетін тауарлардың төлеушісі болмауы;

      ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы қызметтің бір және (немесе) бірнеше басым түрлерін, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2019 жылғы 11 сәуірдегі № 37/НҚ бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 18523 болып тіркелген) бекітілген Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы басым қызмет түрлерінің тізбесіне (бұдан әрі - Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы басым қызмет түрлерінің тізбесі) сәйкес бір басым қызмет түрі шеңберінде онда көзделген бір және (немесе) бірнеше жұмыстарды жүзеге асыру.";

      8-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "8. Технопарктің қатысушысы ретінде тіркеу үшін өтінішті ұсыну, оны одан әрі Технопарктің қарауы, өтініштің мәртебесін өзгерту туралы хабарлама Технопарктің интернет-ресурсы арқылы жүзеге асырылады.

      Мүдделі тұлға Технопарктің қатысушысы ретінде тіркелу үшін осы Қағидалардың 9-тармағында көрсетілген құжаттарды қоса тіркей отырып, технопаркке қатысуға арналған электрондық өтінішті (бұдан әрі – қатысуға өтініш) Технопарктің интернет-ресурсында толтырады.";

      9-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "9. Қатысуға арналған өтінішке мынадай құжаттар қоса тіркеледі:

      резидент заңды тұлғалар үшін-заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтама;

      бейрезидент заңды тұлғалар үшін - мемлекеттік тіркеу нөмірін (немесе оның баламасын) көрсете отырып, бейрезиденттің инкорпорация елінде мемлекеттік тіркелуін растайтын құжат);

      1) өтініш берген кезде өтініш берушінің атынан әрекет ететін тұлғаның өкілеттігін растайтын құжаттардың электрондық көшірмелері, егер мұндай тұлғаны өтініш беруші тағайындаған болса;

      2) осы Қағидаларға 3-қосымшада көрсетілген қажетті мәліметтерді қамтитын жобаның бизнес-жоспары;

      3) салық органдарында есепке алынатын, өтiнiш республикалық бюджет туралы заңда тиiстi қаржы жылына белгiленген айлық есептiк көрсеткiштiң алты еселенген мөлшерiнен асатын борыштардың болмауы (болуы) туралы өтініш берiлген күнге дейiн күнтiзбелiк он күннен кешiктiрiлмей берiлген мәлiметтер. Бұл құжаттарды Қазақстан Республикасының бейрезиденттері ұсынбайды;

      4) өтініш беруші өз қызметін жүзеге асыратын мекенжай туралы мәліметтер. Мекенжайы өзгерген жағдайда өтініш беруші жедел түрде ол туралы Технопаркті хабардар етеді;

      5) жобаны іске асыру үшін тартуға жаспарланатын бейрезиденттердің және резиденттердің саны туралы мәліметтер (болжамдалған саны және мерзімі).";

      мынадай мазмұндағы 9-1-тармақпен толықтырылсын:

      "9-1. Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы қызметтің басым түрлерінің тізбесі шеңберінде технопаркке қатысушы жүзеге асыратын Қызмет түрі өзгерген және (немесе) толықтырылған жағдайда өтініш беруші технопаркті қатысушының технопаркте тіркелуі туралы куәлікке тиісті өзгерістер енгізбестен қызметті жүзеге асырған кезден бастап 5 жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде хабардар етеді.";

      12-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "12. Технопарк қатысуға өтініш жіберілген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде оны осы Қағидалардың 9-тармағының 1), 3), 4), 5) тармақшаларына сәйкес өтініште қамтылған мәліметтердің толықтығына қарайды.";

      13-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "13. Қатысуға арналған өтініште қамтылған мәліметтер толық болған жағдайда, Технопарк оны Технопарк қатысушыларын іріктеу жөніндегі комиссияның (бұдан әрі – Комиссия) қарауына жібереді. Комиссияның ережесі мен құрамын Технопарк айқындайды.

      Комиссия мемлекеттік органдардың өкілдерінен және (немесе) тиісті біліктілігі бар IT-технологиялар саласындағы мамандардан тұрады, сондай-ақ Комиссияның құрамына халықаралық сарапшылар тартылуы мүмкін.";

      14-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "14. Осы Қағидалардың 9-тармағының 1), 3), 4), 5) тармақшаларында көзделген қатысуға арналған өтініште қамтылған мәліметтер толық болмаған жағдайда, Технопарк қатысуға арналған өтініш жіберілген күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей өтініш берушіге ескертулерді көрсете отырып хабарлама жібереді.";

      15-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "15. Ескертулерді жоюды өтініш беруші оларды алған күннен бастап он жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде жүзеге асырады.";

      16-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "16. Технопарк ескертулерді жойған сәттен бастап қатысуға арналған өтінішті Комиссияға қарауға жібереді.

      Комиссия он жұмыс күні ішінде қарайды және өтініш берушіні қатысушы ретінде тіркеу туралы немесе мұндай тіркеуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.

      Комиссия өтініш берушіні қатысушы ретінде тіркеуден мынадай негіздер бойынша бас тартады:

      бизнес-жоспардың осы Қағидаларға 3-қосымшада көзделген мәліметтерге сәйкес келмеуі;

      өтініш берушінің жобасы ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы басым қызмет түрлерінің бір немесе бірнеше бағытына, сондай-ақ қызметтің бір басым түрі шеңберінде ақпараттық-коммуникациялық технологиялар саласындағы басым қызмет түрлерінің тізбесіне сәйкес онда көзделген бір және (немесе) бірнеше жұмысты жүзеге асыруға сәйкес келмеуі.";

      39-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "39. Технопаркке қатысуды мерзімінен бұрын тоқтату мынадай:

      1) Технопарк осы тараудың 9-параграфына сәйкес жүргізілетін мониторинг нәтижелері бойынша жобаны одан әрі іске асырудың орынсыздығы туралы анықтаған;

      2) жоспарланған нәтижелерге қол жеткізген;

      3) қатысушы Технопарк бағдарламалары шеңберінде жобаны одан әрі іске асырудан бас тартқан;

      4) қатысушы заңды тұлға таратылған;

      5) қатысушының орналасқан жерінің өзгергені, Қызмет түрінің өзгергені және (немесе) толықтырылғаны туралы хабарланбаған, сондай-ақ қатысушының орналасқан жерін анықтау мүмкін болмаған;

      6) осы Қағидалардың 24 және 64-тармақтарында көзделген мәліметтер мен есептіліктер уақтылы берілмеген немесе берілмеген жағдайларда жүзеге асырылады.";

      66-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "66. Қатысушы технопаркке өзі жүзеге асыратын қызмет туралы тоқсан сайынғы есепті есепті тоқсаннан кейінгі айдың 10-күнінен кешіктірілмейтін мерзімде ұсынады.";

      67-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "67. Қатысушы Технопаркке өзі жүзеге асыратын қызмет туралы жыл сайынғы есепті есепті кезеңнен кейінгі жылдың 10 қаңтарынан кешіктірмей ұсынады.

      Жүзеге асырылатын қызмет туралы жыл сайынғы есепке өзгерістер енгізу қажет болған кезде жаңартылған есепті ұсыну 10 сәуірден кешіктірілмейтін мерзімде жүзеге асырылады.";

      осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес 3-қосымшамен толықтырылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Ақпараттық және ақпараттық-коммуникациялық технологияларды дамыту департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтер ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Цифрлық даму, инновациялар және
аэроғарыш өнеркәсібі министрі
Б. Мусин

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Білім және ғылым министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Индустрия және инфрақұрылымдық

      даму министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Қаржы министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық экономика министрлігі

  Қазақстан Республикасының
Цифрлық даму, инновациялар
және аэроғарыш өнеркәсібі
министрінің
2021 жылғы 12 тамыздағы
№ 277/НҚ бұйрығына
қосымша
  "Астана Хаб" халықаралық
технологиялық паркі
қызметінің қағидаларына
3-қосымша

Жобаның бизнес-жоспарында сипаттауға қажетті мәліметтер

р/с № Жобаның бизнес-жоспарында сипаттауға қажетті мәліметтер тізбесі

1.

Жобаның атауы және оның сипаттамасы

2.

Жобаны іске асыру орны

3.

Жобаны иелену үшін негіздеме (өзінің әзірлемесі, лицензиясы)

4.

Әзірлеуші / жоба авторы туралы мәліметтер

5.

Жобаның мақсаты мен міндеттері

6.

Жобаның дайындық сатысы

7.

Жобаның негізгі тиімділік көрсеткіштері (KPI)

8.

Жобаның техникалық сипаттамасы (архитектура, құрылым, қолданылатын шешімдер)

9.

Жобаны іске асыруға жоспарланған шығыстар сметасы

10.

Сату тәсілі және күтілетін түсім (кіріс)

11.

Клиенттер / әлеуетті клиенттер

12.

Жобаны іске асыру үшін қажетті іс-шаралар жоспары (жобаны іске асыру және дамыту үшін қажетті нақты іс-шаралардың (қадамдардың) сипаттамасы).

13.

Жоба шеңберінде ұсынылатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің түрлері, мүліктік құқықтар және болжамды сатудың жыл сайынғы көлемі

14.

Жобаны іске асыру қажеттілігінің негіздемесі (қоғамдық маңыздылығы және табысты іске асырудың әсері)

15.

Патенттік-лицензиялық қорғау, авторлық құқықтар, сауда белгілері және басқа да зияткерлік меншік объектілері (бар болса) туралы мәліметтер.


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады