Қаржылық мониторинг органдарының қызметкерлерін тәртіптік жауапкершілікке тарту қағидалары мен шарттарын бекіту туралы (экономикалық тергеп-тексеру қызметі)

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігі Төрағасының 2021 жылғы 13 қыркүйектегі № 8 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2021 жылғы 16 тамызда № 24368 болып тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігі Төрағасының 2022 жылғы 31 қазандағы № 37 бұйрығымен.

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі Төрағасының 31.10.2022 № 37 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      Қазақстан Республикасының "Құқық қорғау қызметі туралы" Заңының 57-бабы 2-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Қаржылық мониторинг органдарының қызметкерлерін тәртіптік жауапкершілікке тарту қағидалары мен шарттары бекітілсін (экономикалық тергеп-тексеру қызметі).

      2. Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігінің Кадр жұмысы департаменті заңмен белгіленген тәртіпте:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықты Агенттіктің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы
Ж. Элиманов

  Қазақстан Республикасы
Қаржылық мониторинг агенттігі
төрағасының
2021 жылғы 13 қыркүйектегі
№ 8 бұйрығымен
бекітілді

Қаржылық мониторинг органдарының (экономикалық тергеу қызметі) қызметкерлерін тәртіптік жауапкершілікке тарту қағидалары мен шарттары

      1. Осы Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг органдарының қызметкерлерін тәртіптік жазаға тарту қағидалары мен шарттары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 6 қаңтардағы "Құқық қорғау қызметі туралы" Заңының (бұдан әрі – Заң) 57-бабы 2-тармағына сәйкес әзірленді және қаржылық мониторинг органдары қызметкерлерін тәртіптік жауапкершілікке тарту тәртібі мен шарттарын айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі ұғымдар:

      1) тәртіптік жаза – қызметкерге қолданылатын тәртіптік жауапкершілік шарасы;

      2) тәртіптік жауапкершілік (бұдан әрі – жауапкершілік) – Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген жағдайларда, тәртіптік теріс қылықтар, сондай-ақ әкімшілік құқық бұзушылықтар жасағаны үшін қызметкерлерге тағайындалатын заңдық жауапкершілік түрі;

      3) тәртіптік теріс қылық (бұдан әрі – теріс қылық) – қаржылық мониторинг органдары қызметкерінің өзіне жүктелген міндеттерді құқыққа қайшы, кінәлі орындамауы немесе тиісінше орындамауы, лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалануы, қызметтік және еңбек тәртібін бұзуы, Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы № 153 Жарлығымен бекітілген Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметшілерінің Әдеп кодексінің (мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп қағидаларының) талаптарын бұзуы, сол сияқты құқық қорғау қызметінде қызмет атқаруға байланысты белгіленген шектеулерді сақтамауы.

      3. Тәртіптік жаза Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 16 наурыздағы "Қазақстан Республикасы Құқық қорғау органдарында кадр саясатын іске асырудың кейбір мәселелері туралы" № 211 Жарлығымен бекітілген тәртіптік жауаптылықты қалыптастыру (тәртіптік практикадағы профилактикалық қызметті күшейту) қағидаларында және тәртіптік теріс қылықтардың ауырлығын бағалау жүйесінде көзделген өлшемшарттар ескеріле отырып, жасалған теріс қылықтың ауырлығына сәйкес қолданылады.

      4. Қызметкер тәртіптік теріс қылық жасаған кезде одан жазбаша түсініктеме талап етіледі.

      Егер жазбаша түсініктемеде қызметкер өзінің осы тәртіптік теріс қылықты жасау фактісімен келіссе, онда осы Қағидалардың 11-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, уәкілетті тұлға қызметтік тергеп-тексеру жүргізбестен жаза қолданады.

      Егер қызметкер өзінің жазбаша түсініктемесінде тәртіптік теріс қылық жасау фактісімен келіспесе, онда қызметтік тергеу жүргізіледі.

      Қызметкер жазбаша түсініктеме беруден бас тартқан кезде жазбаша түсініктеме беруден бас тарту туралы еркін түрде акт жасалады.

      Тәртіптік жазаны келесілер қолданады:

      1) Агенттіктің төрағасы қаржылық мониторинг органдарының барлық қызметкерлеріне қатысты – Заңның 56-бабы 2-тармағында көрсетілген тәртіптік жазаларды;

      2) аумақтық департаменттердің басшылары бағынысты бөлімшелерде қызмет өткеретін қызметкерлерге қатысты өз номенклатурасы бойынша – Заңның 56-бабы 2-тармағында көрсетілген тәртіптік жазаларды қолданады.

      Жоғары тұрған бөлімшемен келісім бойынша тағайындалатын қызметкерлерге қатысты "қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту" тәртіптік жазасын қолдануға Агенттікпен келісілгеннен кейін жол беріледі.

      5. Қызметкерлер қызметтік және еңбек тәртібін бұлжытпай сақтау, өздерінің қызметтік міндеттерін адал және сапалы орындау, сондай-ақ жұмыс уақытын ұтымды және тиімді пайдалану бойынша міндеттемелер қабылдайды.

      Еңбек тәртібін сақтау мәселелерін қарау кезінде еңбек тәртібін сақтау, қызметке келу уақыты, жұмыс орнында болмау заңдылығы және жұмыс орнында болмау себептері туралы тікелей басшыны хабардар етудің уақтылығы ескеріледі.

      Осыны ескере отырып, қызметкер еңбекке уақытша жарамсыздығы (науқастануы) кезінде тікелей басшыны, ведомстволық емдеу мекемесін және кадр қызметін жұмыстан уақытша босату құқығын растайтын құжат рәсімделген кезден басталған күнді көрсете отырып, дереу (тәсілдері – іс жүзінде келуі, басқа емдеу мекемесінде ауруының бар екендігі туралы құжатты (анықтаманы) ұсына отырып, қолжетімді байланыс құралдарымен) хабардар етуге міндетті.

      6. Қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту, атқаратын лауазымынан босату, атқаратын лауазымынан босату, арнаулы атағын бір сатыға төмендету және қызметтен шығару түріндегі жаза жүргізілген қызметтік тергеу нәтижелері және қаржылық мониторинг органдарының тәртіптік комиссиясының (бұдан әрі – тәртіптік комиссия) тиісті ұсынымдары бойынша қолданылады.

      Қызметке толық сәйкес еместігі туралы ескерту, атқаратын лауазымынан босату түріндегі жаза алқаның немесе Агенттік төрағасы жанындағы жедел кеңестің шешімі негізінде де қолданылады.

      7. Өзіне қатысты қызметтік тергеу жүргізілген қызметкердің тәртіптік теріс қылық жасау фактісі анықталған жағдайда, жасалған теріс қылықтың ауырлығына қарай қорытындыда тәртіптік жазаның нақты түрін қолдану туралы ұсыныстар көрсетіледі.

      Қызметкерді ескерту, сөгіс, қатаң сөгіс түрінде тәртіптік жауаптылыққа тарту туралы ұсынымы бар қызметтік тергеп-тексеру материалдары оның келісімі болған жағдайда тәртіптік комиссияның қарауына шығарылмайды.

      8. Бірнеше қызметкер бірлесіп жасаған тәртіптік теріс қылық орын алған кезде жазалар әрқайсысына жеке-жеке қолданылады.

      9. Қызметтік тәртіпті бұзудың әрбір жағдайы үшін бір тәртіптік жаза қолданылады.

      10. Жаза қолдану тәртіптік теріс қылық жасаған қызметкерді орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін жаза қолданылған міндеттерді орындаудан босатпайды.

      11. Қабылданған шешім туралы жазаға тартылған қызметкер бұйрық шыққан күннен бастап үш жұмыс күні ішінде қолын қойғызу арқылы хабардар етіледі.

      Қызметкер тәртіптік жаза қолдану туралы бұйрықпен танысудан бас тартқан немесе жалтарған жағдайда, еркін түрде акт жасалады, онда қызметкердің бұйрықпен танысудан бас тарту немесе жалтару фактісі, оның лауазымы, тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда), бөлімшенің атауы, күні, тегі, аты, әкесінің аты (болған жағдайда), актіні жасау кезінде қатысқан қызметкерлердің лауазымы көрсетіледі.

      Қызметкерді тәртіптік жаза қолдану туралы бұйрықпен жеке таныстыру мүмкін болмаған жағдайда, жазалау туралы бұйрықтың көшірмесі қызметкерге хабарламасы бар хатпен жіберіледі.

      Тәртіптік жазаға тартылған қызметкер қызметін басқа өңірде өткерген жағдайда бұйрық шыққан күні оның жұмыс орны бойынша тәртіптік жаза туралы бұйрықтың көшірмесі жіберіледі. Аумақтық органның кадр мәселелеріне жауапты құрылымдық бөлімшесі қызметкерді, белгіленген мерзімге сәйкес бұйрықпен таныстырады.

      12. Тәртіптік жаза тәртіптік теріс қылық анықталған күннен бастап бір айдан және тәртіптік теріс қылық жасалған күннен бастап алты айдан кешіктірілмей қолданылады.

      Қызметкер қызметі бойынша бағынатын тұлғаларға тәртіптік жаза қолдану құқығы берілгеніне немесе берілмегеніне қарамастан, тәртіптік теріс қылық жасалғаны туралы белгілі болған күн белгіленген мерзімді есептеу басталатын тәртіптік теріс қылық анықталған күн болып есептеледі.

      13. Іссапарға жіберу оны тәртіптік жауаптылыққа тартуға байланысты жағдайларды қоспағанда, қызметкер еңбекке уақытша жарамсыз, демалыста немесе іссапарда болған кезеңде, сондай-ақ егер тәртіптік теріс қылық жасалған күннен бастап алты айдан астам уақыт өтсе, оған тәртіптік жаза қолданылмайды.

      14. Қызметкерге қатысты қызметтік тергеп-тексеру не сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілген немесе сотпен қаралған әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалған жағдайларда, кінәлі тұлғаның науқастануы бойынша жұмыста болмаған немесе оның демалыста, іссапарда болған уақытын есептемегенде, тәртіптік жаза тергеп-тексеру аяқталған, қылмыстық істі немесе әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс бойынша іс жүргізуді тоқтату туралы процестік шешім қабылданған күннен бастап тиісінше бір айдан кешіктірілмей қолданылады.

      15. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру тоқтатылған жағдайларда, бірақ қызметкердің әрекеттерінде тәртіптік теріс қылық, әкімшілік құқық бұзушылық белгілері болған кезде жаза – сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тоқтату туралы шешім қабылданған күннен бастап бір айдан кешіктірілмей, ал сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық белгілері үш айдан кешіктірілмей қолданылады.

      16. Еңбекке уақытша жарамсыздық кезеңі, демалыста, іссапарда болу, уәкілетті органдар мен лауазымды тұлғалардың шешімдеріне, актілері мен ұсынымдарына, тәртіптік жаза қолдану үшін негіз болып табылатын қызметтік тергеп-тексеру актілеріне (қорытындыларына, нәтижелеріне) шағым жасау кезеңі, егер жасалған тәртіптік теріс қылық туралы осы кезеңде немесе ол басталғанға дейін белгілі болса, жаза қолдану мерзімінің қолданысын тоқтата тұрады. Қызметтік тергеп-тексеру және жаза қолдану мерзімінің қолданылуы сотқа дейінгі тергеп-тексеру немесе арнайы зерттеулер (сараптамалар) нәтижелері болмаған кезде тоқтатыла тұруы мүмкін.

      17. Бұрын жарияланған тәртіптік жаза жасалған теріс қылықтың ауырлығына сәйкес келмеген немесе қолданыстағы заңнаманы бұза отырып қолданылған жағдайда, Агенттік төрағасы қолданылған тәртіптік жазаның күшін жоюға құқылы және қосымша қызметтік тергеп-тексеруге жібереді не тәртіптік жазаның тиісті түрін қолданады.

      18. Өзіндік қауіпсіздік бөлінісі кадр қызметіне тәртіптік теріс қылықтың расталған фактілері бойынша ғана қорытындының және қызметтік тергеп-тексеру материалдарының көшірмесін ұсынады.

      19. Тәртіптік жауапкершілік мәселесі көтерілген жағдайда Агенттіктің аумақтық органдары не оның құрылымдық бөлімшелері кадр қызметіне ұсыну, жедел кеңес хаттамасын, қызметтік тергеп-тексеру қорытындысын, түсініктемелер мен жауаптылық шараларын айқындау үшін қажетті өзге де материалдарды жібереді.

      20. Қызметкер өзін тәртіптік жауапкершілікке тартуға байланысты барлық материалдармен танысуға құқылы.

      21. Қызметкерге қолданылған тәртіптік жазаның мерзімі ол қолданылған күннен бастап алты айдан аспауы тиіс. Егер осы мерзім ішінде қызметкер жаңа тәртіптік жазаға тартылмаса, онда оның тәртіптік жазасы жоқ деп есептеледі.

      22. Заңның 56-бабы 2-тармағының 7), 8), 9) тармақшаларында көзделген тәртіптік жаза қолданылған теріс қылықты қоспағанда, әрбір тәртіптік теріс қылық бойынша мерзімдері мен мазмұны бойынша нақты, сондай-ақ бақылауға алынатын іс-шараларды көздейтін кемшіліктерді жою Жоспары дайындалады (бұдан әрі – Жоспар), оның ішінде:

      1) ұйымдастырушылық-басқарушылық сипаттағы (теріс қылықтың, оның ішінде қызметтік жүктеменің жасалуына ықпал еткен факторларды, себептер мен жағдайларды талдау және бағалау);

      2) теріс қылық жасаған қызметкердің кәсіби құзыретін арттыру бойынша (қызметкерді іс-әрекеттің тәртібі мен мазмұнына, оның ішінде жұмыс орнында оқытуды ұйымдастыру арқылы оқыту);

      3) тәрбиелік сипаттағы (құқықтық насихатты ұйымдастыру, жеке алдын алу-алдын алу іс-шараларын өткізу).

      23. Жоспарды әзірлеу, ұйымдастыру және іске асыру тәртіптік теріс қылыққа жол берген қызметкердің тікелей басшысына жүктеледі.

      24. Бұрын қолданылған жазаны мерзімінен бұрын шешу тікелей басшының негізделген өтінішхаты бойынша көтермелеу тәртібімен, бірақ қызметкер жоспарда көрсетілген кемшіліктерді жойған жағдайда және міндеттерін үлгілі орындаған, сондай-ақ қызметтік әрекетінде елеулі нәтижелерге қол жеткізген жағдайда, оны қолданған күннен бастап үш айдан ерте болмайтын мерзімде жүргізіледі.

      Қызметкерлерге қатысты тәртіптік жазаны мерзімінен бұрын шешуді жазалау шараларын қолдануға уәкілетті тұлға жүргізеді.

      Аумақтық органдардың қызметкерлерінен тәртіптік жазаларын шешу мәселелері Агенттіктің кадр қызметіне материалдар тапсыру арқылы Орталық аппаратпен келісіледі.

      25. Қаржылық мониторинг органдары бөлімшесінің тәртіптік жаза қолдану, қолдану жөніндегі өзіне берілген құқықтардан асып кеткен басшысы бұл үшін тәртіптік жауаптылықта болады, ал тәртіптік жаза қолдану туралы бұйрықтардың күшін жоғары тұрған лауазымды тұлға жояды.

      26. Егер қызметкер атқаратын лауазымынан босату түрінде тәртіптік жауаптылыққа тартылған болса, одан әрі ауыстыру және (немесе) қызмет бойынша жоғарылату Заңда көзделген тәртіппен жүргізіледі.

      27. Арнаулы атағы бір сатыға төмендетілген қызметкерлерді атқарып отырған штаттық лауазымына қарамастан, қаржылық мониторинг органдарының уәкілетті басшысы бұрынғы арнаулы атағын қалпына келтіреді, бірақ арнаулы атағы төмендетілген күннен бастап алты айдан ерте емес.

      28. Арнаулы атақта еңбек сіңіру мерзімі арнаулы атақты бір сатыға төмендету түрінде тәртіптік жауаптылыққа тарту туралы бұйрық шыққан күннен бастап үзіледі және арнаулы атақты қалпына келтіру туралы бұйрық шыққан күннен бастап қайта басталады.

      Алты ай өткенге дейін арнаулы атағын бір сатыға төмендету түрінде тәртіптік жауаптылыққа қайта тартуға жол берілмейді.

      29. Қолданылған тәртіптік жазалар туралы мәліметтер жазаланған қызметкердің жеке ісіне міндетті түрде енгізіліп, жеке құрамға жеткізіледі.

      30. Егер қызметкер өзіне қолданылған тәртіптік жазамен келіспесе, ол тәртіптік жаза қолдану туралы бұйрыққа оған жоғары тұрған органға немесе сотқа шағым жасайды.

      Жаза қолдану туралы шешімге шағым жасау оның орындалуын тоқтатпайды.

      31. Қызметкерлерді жазалау туралы бұйрықтардың түпнұсқа (бірінші) даналары осы бұйрықтарды шығарған қаржылық мониторинг органдарында сақталады.

      Жазалау туралы бұйрықтардың көшірмелері немесе бұйрықта көрсетілген тұлғаларға қатысты олардың үзінділері тиісті аумақтық органдарға жіберіледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады