"Бизнестің жол картасы-2025" бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде кәсіпкерлікті қаржылай қолдау бағдарламалары шеңберінде іске асырылатын жобаларға мониторинг жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2020 жылғы 7 қыркүйектегі № 62 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2021 жылғы 2 желтоқсандағы № 103 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2021 жылғы 9 желтоқсанда № 25687 болып тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2022 жылғы 1 маусымдағы № 41 бұйрығымен.

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Ұлттық экономика министрінің 01.06.2022 № 41 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Бизнестің жол картасы-2025" бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде кәсіпкерлікті қаржылай қолдау бағдарламалары шеңберінде іске асырылатын жобаларға мониторинг жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2020 жылғы 7 қыркүйектегі № 62 бұйрығына (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21187 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген "Бизнестің жол картасы-2025" бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде кәсіпкерлікті қаржылай қолдау бағдарламалары шеңберінде іске асырылатын жобаларға мониторинг жүргізу қағидаларында:

      3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Осы Қағидаларда мынадай терминдер мен анықтамалар пайдаланылады:

      1) Бағдарламаның өңірлік үйлестірушісі – облыстың, астананың, республикалық маңызы бар қаланың әкімі айқындайтын, Бағдарламаның облыстық (астана, республикалық маңызы бар қала) деңгейде іске асырылуына жауапты жергілікті атқарушы органның құрылымдық бөлімшесі;

      2) банк – "Қазақстанның Даму Банкі" акционерлік қоғамын қоса алғанда, Бағдарламаға қатысатын екінші деңгейдегі банк және (немесе) Тетікке қатысатын екінші деңгейдегі банк;

      3) банктік кредит (бұдан әрі – кредит) – мерзімділік, төлемділік, қайтарымдылық, қамтамасыз етілу және нысаналы пайдалану шарттарында банктік қарыз беру туралы шарттың негізінде банктің кәсіпкерге беретін ақша сомасы. Банктік кредитке кредиттік желі де жатады.

      Ислам банкі үшін кредит – ислам банкінің кәсіпкерге қаржыландыру шартына сәйкес беретін тауар үшін төлемді кейінге шегеру немесе бөліп төлеудегі қаржыландыру ретінде түсініледі;

      4) банктік қарыз/микрокредит беру туралы шарт (бұдан әрі – қарыз шарты) – банк/МҚҰ мен кәсіпкер арасында жасалған жазбаша келісім, оның шарттары бойынша кәсіпкерге кредит беріледі. Қарыз шартына кредиттік желіні ашу туралы келісім де жатады.

      Ислам банкі үшін қарыз шарты ислам банкі мен кәсіпкер арасында жасалған жазбаша келісім – қаржыландыру шарты ретінде түсініледі, оның талаптары бойынша ислам банкі кәсіпкерге – тауарды сатып алушыға немесе сатушыға коммерциялық кредит береді. Қаржыландыру шартына бас қаржыландыру келісімі де жатады, оның шеңберінде ислам банкі мен кәсіпкер коммерциялық кредит беру (қаржыландыру) туралы жеке шарттар жасасады. Коммерциялық кредит деп ислам банкінің кәсіпкердің сауда қызметін кәсіпкерге тауарды тауар бағасы мен тауардың үстеме бағасынан тұратын тауарды сату бағасы бойынша төлемнің мерзімін ұзарту немесе бөліп төлеу арқылы сату жолымен сауда делдалы ретінде қаржыландыруы түсініледі;

      5) грант – Бағдарлама шарттарына сәйкес жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін гранттар беру туралы шартқа сәйкес өтеусіз негізде грант алушыға бөлінетін мемлекет қаражаты;

      6) грант алушы – жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін конкурстық комиссия шешіміне сәйкес грант берілетін шағын кәсіпкерлік субъектісі;

      7) грант беру туралы шарт – Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 31 желтоқсандағы № 1060 қаулысымен бекітілген Бағдарлама шеңберінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар беру қағидаларына сәйкес айқындалатын үшжақты жазбаша келісім;

      8) жоба – кіріс алуға бағытталған және Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін бастамашылық қызмет ретінде кәсіпкер жүзеге асыратын бизнестің түрлі бағыттарындағы іс-қимылдар мен іс-шаралар жиынтығы;

      9) жобаны мониторингтеу – қаржы агенттігі банктің/лизингтік компанияның/МҚҰ немесе грант алушының/эмитенттің өкілдерімен бірлесіп жобаның Бағдарлама/Тетік шарттарына сәйкес іс жүзінде іске асырылуын тексеру, оның ішінде жоба іске асырылатын жерге барып тексеру жолымен өткізетін кәсіпкердің/грант алушының/эмитенттің қызметін мониторингтеу;

      10) кепілдік – қаржы агенттігінің кәсіпкердің кепілдік беру шартынан туындайтын қарыз шарты бойынша негізгі борыштың бір бөлігін кепілдік сомасы шегінде төлеу жөніндегі міндеттемелерін орындағаны үшін банк/МҚҰ алдында жауап беру міндеттемесі;

      11) кепілдік беру – Бағдарламада/Тетікте, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 31 желтоқсандағы № 1060 қаулысымен бекітілген Бағдарлама шеңберінде жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға мемлекеттік гранттар беру қағидаларында (бұдан әрі – Кепілдік беру қағидалары) және кепілдік беру шартында айқындалатын талаптарда кәсіпкердің кредиті бойынша міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету ретінде ішінара кепілдік беру түрінде пайдаланылатын кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдау нысаны;

      12) кепілдік беру шарты – Кепілдік беру қағидаларына сәйкес айқындалатын үшжақты жазбаша келісім;

      13) кәсіпкер – өз қызметін Бағдарлама шеңберінде жүзеге асыратын шағын және (немесе) орта кәсіпкерлік субъектісі, жекелеген кәсіпкерлік субъектілері және өз қызметін Тетік шеңберінде жүзеге асыратын жеке кәсіпкерлік субъектілері, "Астана" халықаралық қаржы орталығының аумағында тіркелген, сондай-ақ жобаларды Қазақстан Республикасының аумағында тікелей инвестициялар қорларының қаражаты есебінен іске асыратын заңды тұлғалар;

      14) конкурстық комиссия – жергілікті атқарушы органдар, қоғамдық бірлестіктер, ғылыми-білім беру мекемелері өкілдерінің, салалық сарапшылардың, өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарының қатысуымен құрылатын, құрамында кемінде 10 (он) адам бар алқалы-кеңесші орган (жергілікті атқарушы органдардың өкілі конкурстық комиссияның төрағасы бола алмайды);

      15) кредиттің/гранттың/лизингтің/орналастырылған облигациялардан алынған қаражаттың нысаналы пайдаланылуы – кәсіпкердің/грант алушының/эмитенттің қарыз шартында/грант беру туралы шартта/қаржылық лизинг шартында/облигациялар шығарылымының проспектісінде белгіленген мақсаттарға қарыз шарты/грант беру туралы шарт/қаржылық лизинг шарты/облигациялар шығарылымының проспектісі бойынша және Бағдарламаның/Тетіктің шарттарына сәйкес келетін қаржы агенттігі/конкурстық комиссия шешімі бойынша алынған кредитті/грантты/лизингті/орналастырылған облигациялардан алынған қаражатты пайдалануы.

      Нысаналы пайдалану кәсіпкердің активті/жұмыстарды/көрсетілетін қызметтерді сатып алу және (немесе) Бағдарламаның/Тетіктің талаптарына сәйкес басқа мақсаттарға қол жеткізу жөніндегі мәмілені толық көлемде төлегенін растау болып табылатын кепілдік беру жобаларын қоспағанда, жиынтығында кәсіпкердің/грант алушының/эмитенттің активті/жұмыстарды/көрсетілетін қызметтерді толық көлемде төлегенін, алғанын және пайдаланғанын (Бағдарлама/Тетік талаптарына қайшы келмейтін қызмет шеңберінде) және (немесе) Бағдарламаның/Тетіктің талаптарына сәйкес басқа мақсаттарға қол жеткізгенін растайтын тиісті құжаттармен расталады.

      16) қаржы лизингі шарты – лизингтік компания/банк пен кәсіпкер арасында жасалған жазбаша келісім, оның шарты бойынша Бағдарламаға қатысушы лизингтік компания/банк кәсіпкерге қаржы лизингін ұсынады.

      Исламдық лизингтік компания үшін – исламдық лизингтік компания мен кәсіпкер арасында жасалған жазбаша келісім, оның шарты бойынша исламдық лизингтік компания кәсіпкерге мүлікті (лизинг затын) лизинг шарттарында (жалға беру) ұсынады.

      17) лизингтік компания (оның ішінде исламдық лизингтік компания) – банк болып табылмайтын, өз қызметін "Қаржы лизингі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асыратын және Бағдарламаға қатысатын заңды тұлға;

      18) лизингтік мәміле (лизинг) – лизингке қатысушылардың азаматтық құқықтар мен міндеттерді белгілеуге, өзгертуге және тоқтатуға бағытталған келісілген іс-қимыл жиынтығы;

      19) микрокредит (бұдан әрі – кредит) – микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйым қарыз алушыға "Микроқаржылық қызмет туралы" Қазақстан Республикасының Заңында айқындалған мөлшерде және тәртiппен төлемділік, мерзімділік және қайтарымдылық шарттарында Қазақстан Республикасының ұлттық валютасында беретiн ақша;

      20) микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйым – (бұдан әрі – МҚҰ) – микрокредиттер беру жөніндегі қызметті жүзеге асыратын микроқаржы ұйымы;

      21) мониторингтік есеп – қаржы агенттігі белгілеген нысан бойынша банк/лизингтік компания/МҚҰ/Бағдарламаның өңірлік үйлестірушісі/грант алушы/эмитент қол қойған, қаржы агенттігі жасаған мониторинг туралы есеп;

      22) облигацияларды ұстаушылардың өкілі – бағалы қағаздардың қайталама нарығында облигациялардың айналысы, облигациялар бойынша сыйақы төлеу және оларды өтеу процесінде эмитентпен жасалған шарт негізінде купондық сыйақының субсидияланатын мөлшерлемесі бар облигацияларды ұстаушылардың мүддесінде әрекет ететін, осы облигациялар эмитентінің үлестес тұлғасы болып табылмайтын бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушысы;

      23) орталық депозитарий – "Бағалы қағаздар нарығы туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көзделген қызмет түрлерін жүзеге асыратын мамандандырылған коммерциялық емес акционерлік қоғам;

      24) сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін/үстеме бағаны/жалдау төлемінің бір бөлігін портфельдік субсидиялау – Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 31 желтоқсандағы № 1060 қаулысымен бекітілген Бағдарлама шеңберінде шағын, оның ішінде микрокәсіпкерлік субъектілерінің кредиттері/микрокредиттері бойынша портфельдік сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялауды және ішінара кепілдік беруді ұсыну қағидаларында (бұдан әрі – Портфельдік субсидиялау және кепілдік беруді ұсыну қағидалары) айқындалатын шарттарда кәсіпкерлерге банк/МҚҰ үшін қаржы агенттігі белгілеген лимит шеңберінде субсидиялар беру нысаны;

      25) портфельдік ішінара кепілдік беру – Портфельдік субсидиялау және кепілдік беруді ұсыну қағидаларында айқындалатын шарттарда банк/МҚҰ үшін қаржы агенттігі белгілеген лимит шеңберінде кәсіпкерлерге кепілдіктер беруді ұсыну нысаны;

      26) портфельдік кепілдік беру – Кепілдік беру қағидаларында айқындалатын шарттарда қаржы агенттігінің банк үшін белгілеген лимит шеңберінде кәсіпкерлерге кепілдіктер беруді ұсыну нысаны;

      27) субсидиялар – субсидиялау шарттары негізінде кәсіпкерлерді субсидиялау шеңберінде қаржы агенттігі банкке/лизингтік компанияға/МҚҰ/эмитентке өтеусіз негізде төлейтін мерзімді төлемдер;

      28) субсидиялау – кәсіпкердің/эмитенттің банкке/лизингтік компанияға/МҚҰ/облигация ұстаушыға кредиттер/лизинг/шығарылған облигациялар бойынша сыйақы ретінде болашақта кәсіпкердің/эмитенттің операциялық қызметіне жататын белгілі бір шарттарды орындауға айырбас ретінде төлейтін шығыстарын ішінара өтеу үшін пайдаланылатын кәсіпкерлерді мемлекеттік қаржылай қолдау нысаны;

      29) субсидиялау шарты – Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 31 желтоқсандағы № 1060 қаулысымен бекітілген Бағдарлама шеңберінде сыйақы мөлшерлемесінің бір бөлігін субсидиялау қағидаларына және (немесе) Бағдарлама шеңберінде ислам банктері кәсіпкерлік субъектілерін қаржыландырған кезде ислам банктерінің кірісін құрайтын тауардың үстеме бағасының бір бөлігін және жалдау төлемінің бір бөлігін субсидиялау қағидаларына сәйкес айқындалатын үшжақты жазбаша келісім;

      30) есепті кезең – 1 қаңтардан басталатын және 31 желтоқсанда аяқталатын күнтізбелік есепті кезең;

      31) франчайзинг (кешенді кәсіпкерлік лицензия) – айрықша құқықтар кешенінің құқық иеленушісі оны өтеулі негізде басқа тұлғаға пайдалануға беретін кәсіпкерлік қызмет;

      32) эмитент – купондық сыйақының субсидияланатын мөлшерлемесі бар облигациялар шығаруды жүзеге асыратын кәсіпкер.";

      10 және 11-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "10. Жобаны мониторингтеу кепілдік беру жобалары бойынша, оның ішінде портфельдік ішінара кепілдік беру/портфельдік кепілдік беру жобалары бойынша, сондай-ақ кәсіпкерлердің айналым қаражатын толтыру мақсаттарына бағытталған кредиттері бойынша жоба іске асырылатын жерге бармай жүргізіледі.

      11. Инвестициялық мақсаттарға бағытталған субсидиялау жобалары бойынша қаржы агенттігі жобаның инвестициялық фазасы аяқталғаннан кейін (контрагентпен жасалған келісімшарт/шарт бойынша талаптардың орындалу мерзімі аяқталғаннан кейін), бірақ кредит берілгеннен кейін 1 (бір) жылдан кешіктірмей жоба іске асырылатын жерге барады (жобаның іске асырылуын көзбе-көз растайды). Кейіннен жоба іске асырылатын жерге бару мерзімдері қаржы агенттігі берген қосымша мерзімге сәйкес айқындалады.";

      17-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "17. Жобаны мониторингтеу шеңберінде қаржы агенттігі мониторинг басталатын күнге дейін 20 (жиырма) жұмыс күнінен кешіктірмей банкке/лизингтік компанияға/МҚҰ Бағдарлама/Тетік шеңберінде мониторингтеуге жататын жобалар тізбесі, мониторинг жүргізу мерзімдері және осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес субсидияланатын жобаларға мониторинг жүргізу үшін қажетті құжаттар тізбесі бар мониторинг жүргізу туралы хабарлама жолдайды.

      Жобаны мониторингтеу шеңберінде қаржы агенттігі мониторинг басталатын күнге дейін 20 (жиырма) жұмыс күнінен кешіктірмей эмитентке/облигация ұстаушылар өкіліне Бағдарлама шеңберінде мониторингтеуге жататын жобалар тізімі, мониторинг жүргізу мерзімдері және осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес облигациялар бойынша купондық сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау кезінде жобаларға мониторинг жүргізу үшін қажетті құжаттар тізбесі бар мониторинг жүргізу туралы хабарлама жолдайды.

      Мониторингтеуге жататын жобалар тізімі мониторинг жүргізу күніне кредиттері өтелген не қаржы агенттігінің шешімі негізінде оларды субсидиялау тоқтатылған кәсіпкерлердің жобаларын қоспағанда, мониторингтеуге жататын тиісті кезеңде жасалған қолданыстағы субсидиялау шарттарының жалпы пулынан қалыптастырылады.

      Портфельдік субсидиялау құралы бойынша Бағдарламаның бірінші бағыты шеңберінде қаржыландырылған, мониторингтеуге жататын жобалар тізбесі тиісті кезеңге жасалған және инвестициялық мақсаттарға бағытталған қолданыстағы субсидиялау шарттарының жалпы пулынан іріктеліп қалыптастырылады. Аралас кредиттік желілер бойынша мониторинг инвестициялық транштар бойынша жүргізіледі.

      Жобаға мониторинг жүргізу үшін қажетті құжаттарды ұсыну мерзімі жобаны мониторингтеу басталатын күн ескеріле отырып, қаржы агенттігінің хабарламасында көрсетіледі.";

      мынадай мазмұндағы 18-1-тармақпен толықтырылсын:

      "18-1. Қаржы агенттігі банктен/МҚҰ-дан мынадай:

      1) кредитті/микрокредитті мақсатсыз пайдалану;

      2) жобаның және/немесе кәсіпкердің Бағдарлама шарттарына сәйкес келмеу фактілерінің анықталғаны туралы хабарлама алған кезде портфельдік субсидиялау құралы бойынша Бағдарламаның бірінші бағыты шеңберінде қаржыландырылған жобалар бойынша жоспардан тыс мониторинг жүргізеді.

      Бұл ретте жоспардан тыс мониторинг жүргізу мерзімі қаржы агенттігінің тиісті хабарламасында көрсетіледі.";

      мынадай мазмұндағы 22-1-тармақпен толықтырылсын:

      "22-1. Бағдарламаның бірінші бағыты шеңберінде қаржыландырылған, мониторингтеуге жататын портфельдік ішінара кепілдік беру жобаларының тізбесін қаржы агенттігі тиісті кезеңде жасалған және инвестициялық мақсаттарға бағытталған қолданыстағы кепілдік беру шарттарының жалпы пулынан ішінара қалыптастырады (аралас кредиттік желілер бойынша мониторинг тек инвестициялық транш бойынша жүргізіледі).";

      27 және 28-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "27. Банк/МҚҰ кәсіпкер жобасының (-ларының) іске асырылу барысына ай сайынғы ағымдағы мониторингті қамтитын кәсіпкердің жобасын мониторингтеуді жүзеге асырады. Осы Қағидаларға 4-қосымшаға сәйкес нысан бойынша Бағдарламаның бірінші/екінші бағыты шеңберінде және банк/МҚҰ дайындаған Тетік шеңберінде кәсіпкерлер жобасының (-ларының) іске асырылу барысын ағымдағы мониторингтеу туралы есеп қаржы агенттігіне есепті айдан кейінгі айдың 5 (бесінші) күнінен кешіктірілмей, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес электрондық цифрлық қолтаңбамен қол қойылған, ақпарат жинауға және алмасуға арналған ақпараттық жүйелер арқылы немесе жазбаша түрде бағдарламалар бөлінісінде бөлек ұсынылады (есеп жазбаша түрде ұсынылған кезде есептің электрондық нысаны қаржы агенттігі айқындаған жауапты орындаушының электрондық мекенжайына қосымша жіберіледі).

      28. Қаржы агенттігі кәсіпкердің кредитті мақсатты пайдалануының мониторингін/жобаның және (немесе) кәсіпкердің Бағдарламаның немесе Тетіктің шарттарына және (немесе) Бағдарламаның екінші бағыты шеңберінде қаржыландырылған, портфельдік кепілдік беру шеңберінде қаржы агенттігінің кепілдігін алған жобалар бойынша қаржы агенттігі шешімінің сәйкестігіне мониторинг жүргізбейді. Көрсетілген жобалардың мониторингі кәсіпкер қарыз шарты бойынша негізгі борыш сомасын өтеу жөніндегі міндеттемелерді күнтізбелік 60 (алпыс) күн ішінде (немесе кепілдік беру шартында белгіленген өзге де мерзімде) орындамаған жағдайларда жүргізіледі.

      Бағдарламаның бірінші бағыты бойынша портфельдік ішінара кепілдік беру құралы шеңберінде кепілдік алған жобалар бойынша кәсіпкер кредиттік шарт бойынша негізгі борыш сомасын өтеу жөніндегі міндеттемелерді күнтізбелік 60 (алпыс) күн ішінде (немесе кепілдік беру шартында белгіленген өзге де мерзімде) орындамаған жағдайда, қаржы агенттігі инвестициялық жобалар бойынша ғана мониторинг жүргізеді (аралас кредиттік желілер бойынша мониторинг инвестициялық транш бойынша ғана жүргізіледі).";

      37, 38 және 39-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "37. Қаржы агенттігі кәсіпкердің өндірісін жаңғыртуға және кеңейтуге, айналым қаражатын толықтыруға және франчайзингке бағытталған, оның ішінде "Бизнестің жол картасы-2020" бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасының бірінші және екінші бағыттары шеңберінде 2017-2019 жылдар кезеңінде мемлекеттік қолдау алған жаңа инвестициялық жобаның және (немесе) жобаның бағдарлама шеңберіндегі тиімділік өлшемшарттарына (Бағдарламаның бірінші бағыты шеңберінде қаржыландырылған портфельдік субсидиялау және портфельдік ішінара кепілдік беру жобаларын қоспағанда), сондай-ақ Тетік шеңберінде жаңа және қолданыстағы жобалардың тиімділік өлшемшарттарына сәйкестігіне мониторинг жүргізеді. 100% ағымдағы міндеттемелерді қайта қаржыландыруға бағытталған кредиттер үшін тиімділік өлшемшарттарына қол жеткізу туралы талаптар қолданылмайды.

      38. Жұмыс орындарының жылдық орташа санын сақтауды/ұлғайтуды, еңбекақы төлеу қорының көлемін, есепті кезеңде бюджетке төленетін салықтар (корпоративтік табыс салығы/жеке табыс салығы) көлемін ұлғайтуды, кірістің (өткізуден түсетін кірістің: негізгі қызметтен өткізілген тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің құны) өсуін көздейтін Бағдарлама немесе Тетік бойынша тиімділік өлшемшарттарына мониторинг жүргізу мақсатында қаржы агенттігі Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің деректері негізінде алынған ақпаратты және бюджетпен есеп айырысудың жай-күйі туралы жеке шоттан үзінді көшірмеге сәйкес ақпаратты, сондай-ақ жобалардың тиімділігіне мониторинг жүргізу барысында банк/МҚҰ/лизингтік компания және (немесе) кәсіпкер ұсынған әлеуметтік төлемдер және (немесе) салық декларациясы бойынша ақпаратты пайдаланады.

      39. Өндіріс көлемін (ақшалай мәнде) айқындауды қаржы агенттігі кәсіпкердің өнеркәсіп өнімдерін (тауарлар, көрсетілетін қызметтер) өндіру көлемін көрсететін статистикалық деректері, жылдық статистикалық есептілігі негізінде жүзеге асырады.".

      2. Кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау және қорғау департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтер ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика бірінші вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрі
А. Иргалиев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады