Басым туристік аумақтарды қалыптастыру, олардың жұмыс істеу және оларды басқару қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2021 жылғы 15 желтоқсандағы № 386 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2021 жылғы 20 желтоқсанда № 25846 болып тіркелді

      "Қазақстан Республикасындағы туристік қызмет туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабының 20-9) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Басым туристік аумақтарды қалыптастыру, олардың жұмыс істеу және оларды басқару қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Туризм индустриясы комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық қолданысқа енгізілгеннен кейін үш жұмыс күні ішінде оны Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы тармақта көзделген іс-шаралар орындалғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Мәдениет және спорт министрі
А. Раимкулова

  Қазақстан Республикасы
  Мәдениет және спорт министрі
  2021 жылғы 15 желтоқсандағы
  № 386 Бұйрықпен
  бекітілген

Басым туристік аумақтарды қалыптастыру, олардың жұмыс істеу және оларды басқару қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Басым туристік аумақтарды қалыптастыру, олардың жұмыс істеу және оларды басқару қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасындағы туристік қызмет туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 11-бабының 20-9) тармақшасына сәйкес әзірленді және басым туристік аумақтарды қалыптастыру, олардың жұмыс істеу және оларды басқару тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) басым туристік аумақ – туристендіру картасының республикалық деңгейдегі объектілерінің тізбесіне енгізілген туристік дамудың ерекше әлеуеті бар аумақ;

      2) жергілікті атқарушы орган (бұдан әрі – ЖАО) – облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың, ауданның (облыстық маңызы бар қаланың) әкімі басқаратын, өз құзыреті шегінде тиісті аумақта жергілікті мемлекеттік басқаруды және өзін-өзі басқаруды жүзеге асыратын алқалы атқарушы орган;

      3) туристендіру картасы – туристер үшін қызығушылық тудыратын, республикалық және өңірлік деңгейлердегі аумақтар;

      4) уәкілетті орган – туристік қызмет саласындағы мемлекеттік басқару функцияларын жүзеге асыратын орталық атқарушы орган.

2-тарау. Басым туристік аумақтарды қалыптастыру, олардың жұмыс істеу және оларды басқару тәртібі

      3. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар (бұдан әрі – қатысушылар) басым туристік аумақтардың қатысушылары болып табылады.

      4. Басым туристік аумақтарды уәкілетті орган ЖАО ұсынған Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2021 жылғы 27 қазандағы № 332 бұйрығымен бекітілген Туристендіру картасына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 24950 болып тіркелген) енгізілген республикалық деңгейдегі туристік аумақтардың негізінде туристік әлеуетті талдау (бұдан әрі – талдау) нәтижелері бойынша қалыптастырады.

      5. Талдау жүргізу үшін уәкілетті орган ЖАО ұсыныстарын алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде оларды "Kazakh Tourism" ұлттық компаниясы" акционерлік қоғамын құру туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 14 шілдедегі № 428 қаулысымен құрылған ұйымға (бұдан әрі – ұйым) жібереді.

      6. Ұйым уәкілетті органнан ЖАО ұсыныстарын алған күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде талдау жүргізеді және оның нәтижелерін уәкілетті органға жолдайды.

      7. Талдау басым туристік аумақтардың ерекше мәнін және әлеуетінің бар-жоғын айқындауды қамтиды.

      8. Уәкілетті орган талдау нәтижелерін алған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде оларды басым туристік аумақтардың тізімін (бұдан әрі – тізім) қалыптастыру үшін уәкілетті орган құратын тұрақты жұмыс істейтін комиссияның қарауына енгізеді.

      9. Комиссия мүшелері тақ саннан, кемінде жеті адамнан тұрады, олардың арасынан төраға және төрағаның орынбасары тағайындалады.

      Комиссия төрағасы оның қызметіне басшылық жасайды, комиссия отырыстарын өткізеді. Төраға болмаған кезде оның функцияларын төрағаның орынбасары атқарады.

      Комиссия отырыстарының хаттамаларын дайындауды комиссия мүшесі болып табылмайтын хатшы жүзеге асырады.

      Комиссияның төрағасы, төрағаның орынбасары, хатшысы уәкілетті органның қызметкерлері қатарынан тағайындалады.

      Комиссия құрамына "Атамекен" Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, салалық қауымдастықтардың өкілдері, бизнес өкілдері де кіреді.

      Комиссия ЖАО ұсыныстарының түсуіне қарай, бірақ жылына кемінде бір рет отырыстар өткізеді.

      10. Комиссия уәкілетті орган талдау нәтижелерін енгізген күннен бастап екі жұмыс күні ішінде оларды қарайды және мынадай шешімдердің бірін шығарады:

      1) тізімге енгізу туралы;

      2) тізімге енгізуден бас тарту туралы;

      3) тізімнен шығару туралы.

      11. Ұйым жүргізген талдаудың қанағаттанарлықсыз нәтижелері тізімге енгізуден бас тарту үшін негіз болып табылады.

      12. Комиссияның шешімі дауыс беру арқылы қабылданады және егер отырысқа қатысқан Комиссия мүшелерінің жалпы санының көпшілігі дауыс берсе, қабылданды деп есептеледі. Дауыстар тең болған жағдайда, төрағалық етуші дауыс берген шешім қабылданды деп есептеледі

      13. Комиссия қабылдаған шешім хаттамамен ресімделеді.

      14. Комиссияның тізімге енгізу туралы шешімінің негізінде уәкілетті орган ЖАО ұсынған аумақтарды тізімге енгізеді және оларды комиссия шешімі қабылданған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде өзінің интернет-ресурсында орналастырады.

      15. Басым туристік аумақтардың жұмыс істеуі үшін ЖАО Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінде көзделген инвестициялық преференциялар беру арқылы облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың аумағында кәсіпкерлік қызметті және инвестициялық ахуалды дамыту үшін қатысушыларға жағдайлар жасайды.

      16. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда басым туристік аумақтардың жұмыс істеуі рекреациялық орталықтарды, қонақ үйлерді, кемпингтерді, музейлерді және туристерге қызмет көрсететін басқа да объектілерді пайдалану, әуесқойлық (спорттық) балық аулауды жүргізу, рекреациялық жүктемелердің нормаларын ескере отырып, демалу, рекреациялық және шектеулі шаруашылық қызмет аймақтарында демалу тұрақтарын және тамашалау алаңдарын орнату арқылы жүзеге асырылады.

      17. Басым туристік аумақтың шекарасын, сондай-ақ оларды өзгертуді ЖАО айқындайды.

      18. Басым туристік аумақты басқаруды ЖАО "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырады.

      Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға жататын жер бойынша басым туристік аумақты басқаруды уәкілетті орган "Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес өз құзыреті шегінде жүзеге асырады.

      19. Басым туристік аумақты тізімнен алып тастау осы Қағидалардың 6-тармағына сәйкес жүргізілген талдау нәтижелері бойынша комиссия шешімінің негізінде жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады