"Мемлекеттік сатып алу веб-порталын пайдалану қағидаларын және Мемлекеттік сатып алу веб-порталының жұмысында техникалық істен шығу туындаған жағдайда мемлекеттік сатып алу веб-порталының жұмыс істеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 28 желтоқсандағы № 692 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2021 жылғы 21 желтоқсандағы № 1322 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2021 жылғы 23 желтоқсанда № 25931 болып тіркелді.

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Бұйрықтың күшін жою көзделген - ҚР Қаржы министрінің 16.09.2024 № 627 (01.01.2025 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Мемлекеттік сатып алу веб-порталын пайдалану қағидаларын және Мемлекеттік сатып алу веб-порталының жұмысында техникалық істен шығу туындаған жағдайда мемлекеттік сатып алу веб-порталының жұмыс істеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 28 желтоқсандағы № 692 бұйрығына (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12671 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:

      ""Мемлекеттік сатып алу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабы 3) және 4) тармақшаларына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:";

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Мемлекеттік сатып алу веб-порталын пайдалану қағидалары осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын;

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Мемлекеттік сатып алу веб-порталының жұмысында техникалық істен шығу туындаған жағдайда мемлекеттік сатып алу веб-порталының жұмыс істеу қағидалары осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік сатып алу және квазимемлекеттік секторының сатып алу әдіснамасы департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтердің ұсынылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Қаржы министрі
Е. Жамаубаев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық Банкі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық экономика министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Қаржы министрінің
2021 жылғы 21 желтоқсандағы
№ 1322 Бұйрыққа
1-қосымша
  Қазақстан Республикасы
Қаржы министрінің
2015 жылғы 28 желтоқсандағы
№ 692 бұйрығымен
бекітілген

Мемлекеттік сатып алу веб-порталын пайдалану қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Мемлекеттік сатып алу веб-порталын пайдалану қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Мемлекеттік сатып алу туралы" Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Заң) 16-бабының 3) тармақшасына сәйкес әзірленді және мемлекеттік сатып алу веб-порталын пайдалану тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) ақпараттық көрсетілетін қызмет – ақпараттық ресурстарды пайдаланушыларға ұсыну бойынша көрсетілетін қызмет;

      2) әлеуетті өнім беруші – мемлекеттік сатып алу туралы шарт жасасуға үміткер, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлға, заңды тұлға (егер Қазақстан Республикасының заңдарында олар үшін өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік мекемелерді қоспағанда), заңды тұлғалардың уақытша бірлестігі (консорциум). Кәсіпкерлік қызмет субъектісі болып табылмайтын жеке тұлға осы жеке тұлғаға жекеменшік құқығымен тиесілі тұрғынжайды тапсырыс берушілер сатып алған жағдайда, әлеуетті өнім беруші болып табылады.

      3) веб-порталға қатысушы – веб-порталда тіркеуден өткен тапсырыс беруші, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы, бірыңғай ұйымдастырушы, әлеуетті өнім беруші;

      4) веб-порталды пайдаланушы (бұдан әрі – пайдаланушы) – қатысушының лауазымды адамы немесе қатысушының өкілі;

      5) веб-порталда тіркелу – мемлекеттік сатып алу жүйесі субъектісінің веб-портал арқылы мемлекеттік сатып алуға қатысуға қол жеткізуі;

      6) веб-порталдың байланыс орталығы (бұдан әрі – Байланыс орталығы) – пайдаланушының жүгіну сипатына байланысты оператордың басқа бөлімшелері мәселені одан әрі корреляциялаумен инциденттерді тіркеуді қамтамасыз ететін оператордың сервистік-диспетчерлік қызметі;

      7) еңсерілмес күш жағдайлары – зілзала апаттар немесе көздеу немесе алдын алу мүмкін емес, веб-порталдың не тұтастай алғанда жүйенің жұмыс істеуін немесе тиісінше жұмысқа қабілеттілігін тоқтатуға әкеп соқтыратын өзге жағдайлар;

      8) жария оферта – ұсыныс жасаған тұлғаның ұсыныста көрсетілген шарттарда кез келген адаммен шарт жасасу еркі қаралатын шарттың барлық елеулі талаптарын қамтитын мемлекеттік сатып алу веб-порталын пайдалану бойынша шарт жасасу туралы ұсыныс;

      9) көрсетілетін қызмет – мемлекеттік сатып алу веб-порталын пайдалану (оған қол жеткізу) бойынша көрсетілетін қызмет;

      10) көрсетілетін қызметтердің бағасы – уәкілетті органмен келісім бойынша оператор белгілеген Заңның 17-бабының 3) тармақшасына сәйкес әлеуетті өнім берушілердің мемлекеттік сатып алу веб-порталын пайдалану (оған қол жеткізу) бойынша көрсетілетін қызметтердің бағасы;

      11) Қазақстан Республикасының сенім білдірілген үшінші тарапы (бұдан әрі – ҚР СҮТ) — трансшекаралық өзара іс-қимыл жасау шеңберінде шетелдік электрондық цифрлық қолтаңбаның және Қазақстан Республикасының аумағында берілген электрондық цифрлық қолтаңбаның төлнұсқалығын растауды жүзеге асыратын ақпараттық жүйе;

      12) құжаттың электрондық көшірмесі – төлнұсқа құжаттың түрін және ақпаратын (деректерін) электрондық-цифрлық нысанда толығымен көрсететін құжат;

      13) мемлекеттік сатып алу веб-порталы (бұдан әрі – веб-портал) –мемлекеттік сатып алудың электрондық көрсетілетін қызметтеріне қол жеткізудің бірыңғай нүктесін ұсынатын мемлекеттік органның ақпараттық жүйесі;

      14) мемлекеттік сатып алу жүйесінің субъектілері – әлеуетті өнім беруші, өнім беруші, тапсырыс беруші, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы, мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушы, мемлекеттік сатып алу саласындағы бірыңғай оператор, уәкілетті орган, сарапшы;

      15) мемлекеттік сатып алу саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – мемлекеттік сатып алу саласында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган;

      16) мемлекеттік сатып алу саласындағы бірыңғай оператор (бұдан әрі – оператор) – мемлекеттік сатып алу саласындағы уәкілетті орган айқындаған, Заңның 2-бабының 20) тармақшасына сәйкес акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) жалғыз меншік иесі мемлекет болып табылатын заңды тұлға;

      17) техникалық және профилактикалық жұмыстары – техниканың және (немесе) жабдықтың жұмыс істемей қалуын және оның уақытынан бұрын тозуын болдырмау мақсатында профилактиканы, ақауларды жоюды, жекелеген бөліктер мен блоктарды ауыстыруды, жабдықтың қуатын ұлғайту үшін жабдықтарды, бағдарламалық қамтамасыз етуді, қосымша қондырғылар мен платаларды орнатуды және теңшеуді және пайдаланушыларға көмек көрсетуді қамтитын есептеу техникасы құралдарын және телекоммуникациялық жабдықты жұмысқа қабілетті жағдайда ұстау жөніндегі іс-шаралар кешені;

      18) электрондық мемлекеттік ақпараттық жүйелердің меншік иесі (бұдан әрі - меншік иесі) – аталған объектілерді олардың меншік иесі айқындаған шекте және тәртіппен иелену, пайдалану және оларға билік ету құқықтарын іске асыратын субъекті;

      19) электрондық құжат – өзіндегі ақпарат электрондық-цифрлық нысанда ұсынылған және электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландырылған құжат;

      20) электрондық мемлекеттік сатып алу (бұдан әрі - сатып алу) – ақпараттық жүйелер мен электрондық ақпараттық ресурстарды пайдалана отырып жүзеге асырылатын мемлекеттік сатып алу;

      21) электрондық цифрлық қолтаңба – электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электрондық құжаттың дұрыстығын, оның тиесілілігін және мазмұнының өзгермейтіндігін растайтын электрондық цифрлық нышандар жиынтығы;

      22) электрондық цифрлық қолтаңбаның ашық кілті – кез келген тұлғаға қолжетімді және электрондық құжаттағы электрондық цифрлық қолтаңбаның төлнұсқалығын растауға арналған электрондық цифрлық нышандар дәйектілігі;

      23) электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кілті – электрондық цифрлық қолтаңба құралдарын пайдалана отырып, электрондық цифрлық қолтаңбаны жасауға арналған электрондық цифрлық нышандар дәйектілігі.

      3. Веб-порталда электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдаланған кезде пайдаланушылар осы Қағидаларды және "Электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы" Қазақстан Республикасының Заңын басшылыққа алады.

2-тарау. Веб-порталды пайдалану тәртібі

      4. Веб-порталда жұмыс істеу және (немесе) электрондық мемлекеттік сатып алуға қатысу үшін веб-порталды пайдаланушылар мынадай іс-әрекеттер жиынтығын жасайды:

      1) электрондық цифрлық қолтаңба сертификаттарын (ашық және жабық кілт) пайдалану мүмкіндігі үшін қажетті аппараттық-бағдарламалық қамтылымды орнатады;

      2) Қазақстан Республикасының Ұлттық куәландырушы орталығында, не Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің куәландырушы орталықтарында электрондық цифрлық қолтаңбаның сертификаттарын (ашық және жабық кілт) алады;

      3) веб-порталда тіркелу рәсімдерін өтеді.

      5. Веб-порталда Қазақстан Республикасының Ұлттық куәландырушы орталығы, сондай-ақ ҚР СҮТ растаған Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің куәландырушы орталықтары жеке және заңды тұлғалар үшін шығарған электрондық цифрлық қолтаңба сертификаттары қолданылады.

      6. Тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру мақсатында электрондық мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыруға және өткізуге байланысты ұсынылатын құжаттар мен мәліметтерді веб-порталды пайдаланушы электрондық құжаттар немесе құжаттардың электрондық көшірмелері түрінде орналастырады және веб-порталдың тиісті қатысушысының атынан әрекет етуге құқығы бар адамның немесе пайдаланушының электрондық цифрлық қолтаңбасы қойылады.

      7. Веб-порталда барлық электрондық құжаттарды және құжаттардың электрондық көшірмелерін жасау, алу және жөнелту уақыты "Электрондық мемлекеттік сатып алу" автоматтандырылған интеграцияланған ақпараттық жүйесінің (бұдан әрі – Жүйе) уақыты бойынша (Нұр-Сұлтан қаласының жергілікті уақыты бойынша) тіркеледі.

      8. Жүйеге жүктелетін файлдардың немесе файл архивтерінің мөлшері 20 мегабайттан асқан жағдайда, оларды жүйеге әрқайсысының мөлшері 20 мегабайттан аспайтын бөліктермен жүктеу қажет.

1-параграф. Әлеуетті өнім берушілерге веб-порталды пайдалану (оған қол жеткізу) бойынша ұсынылатын көрсетілетін қызметтер

      9. Әлеуетті өнім берушілерге көрсетілетін қызметтерді:

      1) Заңның 39-бабы 3-тармағының 54) тармақшасына сәйкес шарттар жасаған жағдайда мүгедектердің қоғамдық бірлестіктерін және (немесе) мүгедектердің қоғамдық бірлестіктері құратын ұйымдарды;

      2) мемлекеттік мекемелерді;

      3) операторды қоспағанда, оператор жария оферта және (немесе) мемлекеттік сатып алу туралы шарт (мемлекеттік сатып алу туралы заңнамаға сәйкес бір мезгілде тапсырыс берушілер және өнім берушілер болып белгіленген заңды тұлғалар үшін) негізінде ақылы негізде көрсетеді.

      10. Мемлекеттік сатып алу туралы шартқа (бұдан әрі – шарт) сәйкес әлеуетті өнім берушілерге қызмет көрсету тәртібі мынадай дәйекті іс-шараларды орындауды көздейді:

      1) әлеуетті өнім берушілерді веб-порталда тіркеу (егер ол тіркелмеген жағдайда);

      2) веб-порталда оны төлеу үшін көрсетілетін қызметтердің тиісті бағасын таңдау. Көрсетілетін қызметтердің бағасын әлеуетті өнім беруші қатысуды жоспарлап отырған өтінімдер мен шарттардың шекті сомасына қарай дербес таңдайды (таңдалған көрсетілетін қызметтердің бағасын қолданылу кезеңінде берілетін өтінімдер мен жасалатын шарттардың саны шектелмеген);

      3) веб-порталдың қызметтерді көрсетуге арналған шарттың жобасын қалыптастыруы (тікелей шарт жасасу арқылы бір көзден алу тәсілімен сатып алудың бекітілген жылдық жоспары негізінде). Әлеуетті өнім беруші электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалана отырып веб-портал арқылы шартқа қол қояды және операторға қол қою үшін жібереді. Оператор шартқа 3 (үш) жұмыс күні ішінде қол қояды;

      4) әлеуетті өнім берушінің шартқа қол қоюы оның таңдап алынған көрсетілетін қызметтердің бағасына сәйкес қызметке ақы төлеуге келісімін білдіру нысаны болып табылады;

      5) тараптар шартқа қол қойғаннан кейін оператор көрсетілетін қызметті ұсынуы және әлеуетті өнім берушіге веб-портал арқылы электрондық нысанда көрсетілген қызметтер актісін жіберуі;

      6) әлеуетті өнім беруші оператордан көрсетілген қызметтер актісін алған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде оған электрондық цифрлық қолтаңба арқылы қол қоюы;

      7) әлеуетті өнім беруші көрсетілген қызметтер актісіне қол қойғаннан кейін төлемді 5 (бес) жұмыс күні ішінде оператордың банктік шотына ақша аудару жолымен қолма-қол ақшасыз төлеммен жүзеге асыруы (төлемдерді жүзеге асыруға арналған деректемелер және көрсетілетін қызметтердің бағасы туралы ақпарат веб-порталдың ақпараттық материалдарында орналастырылады);

      8) әлеуетті өнім беруші көрсетілетін қызметтер үшін жүргізілген төлемді веб-порталдағы жеке кабинетінде растауы (растау пайдаланушының жеке кабинетінде көрсетілген операторға аударылған ақша жеткілікті болған жағдайда ғана жүзеге асырылады).

      Қағидалардың осы тармағының 7) тармақшасына сәйкес көрсетілетін қызметке ақы төленгеннен кейін веб-порталдағы пайдаланушының жеке кабинетінде 3 (үш) жұмыс күні ішінде (банктік аударымдарды жүргізу мерзімі) әлеуетті өнім беруші аударған ақша көрсетіледі.

      11. Оператор веб-порталды пайдалану (оған қол жеткізу) бойынша толық және тиісті ақы төленген сәтке дейін қызмет көрсетуді мынадай жағдайларда тоқтата тұрады:

      1) осы Қағидалардың 10-тармағы 6) тармақшасында көзделген көрсетілген қызметтер актісіне қол қою мерзімін бұзу;

      2) осы Қағидалардың 10-тармағы 7) тармақшасында көзделген көрсетілетін қызметке ақы төлеу мерзімін бұзу.

      12. Жария оферта шарттарында әлеуетті өнім берушілерге қызмет көрсету тәртібі мынадай дәйекті іс-шараларды орындауды көздейді:

      1) әлеуетті өнім берушіні веб-порталда тіркеу (егер ол тіркелмеген жағдайда);

      2) оператордың банктік шотына аудару жолымен қолма-қол ақшасыз төлеммен ақша енгізу (төлемдерді жүзеге асыруға арналған деректемелер және көрсетілетін қызметтердің бағасы туралы ақпарат веб-порталдың ақпараттық материалдарында орналастырылады);

      3) веб-порталда тиісті көрсетілетін қызметтердің бағасын таңдау жолымен көрсетілетін қызметтер үшін ақы төлеуді жүзеге асыру. Көрсетілетін қызметтердің бағасын әлеуетті өнім беруші қатысуды жоспарлап отырған өтінімдер мен шарттардың шекті сомасына қарай дербес таңдайды (таңдалған көрсетілетін қызметтердің бағасын қолданылу кезеңінде берілетін өтінімдер мен жасалатын шарттардың саны шектелмеген);

      4) әлеуетті өнім беруші көрсетілетін қызметтердің бағасын таңдағаннан кейін веб-порталдағы жеке кабинетінде оның жария оферта шарттары мен көрсетілген қызметтер актісін танысу үшін көрсетуі;

      5) жария оферта шарттарымен келіскен жағдайда, әлеуетті өнім беруші электрондық нысанда көрсетілген қызметтер актісіне қол қоюы және веб-порталдағы жеке кабинетінде көрсетілетін қызметтер үшін ақы төленгенін растауы (растау әлеуетті өнім берушінің жеке кабинетінде көрсетілген операторға аударылған ақша жеткілікті болған жағдайда ғана жүзеге асырылады).

      13. Оператор қызмет көрсету шеңберінде веб-порталдың мынадай функционалдығын ұсынады:

      1) мемлекеттік сатып алуға қатысуға өтінім беру;

      2) бір көзден алу тәсілімен мемлекеттік сатып алуға қатысу туралы келісім беру;

      3) баға ұсынысын беру;

      4) мемлекеттік сатып алу туралы шартты келісу және қол қою.

      14. Ақылы негізде көрсетілетін қызмет таңдалған көрсетілетін қызметтердің бағасына сәйкес ұсынылады.

      Егер өткізілетін сатып алудың (лоттың) бөлінген сомасы жеке-жеке таңдалған көрсетілетін қызметтер бағасының сомасынан аспаса, әлеуетті өнім беруші бір мезгілде бірнеше сатып алуға (лоттарға) қатысады.

      15. Қызмет көрсету жөніндегі шартты Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 402-бабында көзделген тәртіппен бұзуға жол беріледі.

      16. Оператор меншік иесімен серверлік үй-жайларға рұқсаты бар тұлғалардың тізбесін алдын ала (осы тұлғалар серверлік үй-жайға келгенге дейін) келіседі.

  Қазақстан Республикасы
Қаржы министрінің
2021 жылғы 21 желтоқсандағы
№ 1322 Бұйрыққа
2-қосымша
  Қазақстан Республикасы
Қаржы министрінің
2015 жылғы 28 желтоқсандағы
№ 692 бұйрығымен
бекітілген

Мемлекеттік сатып алу веб-порталының жұмысында техникалық іркілістер туындаған жағдайда мемлекеттік сатып алу веб-порталының жұмыс істеу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Мемлекеттік сатып алу веб-порталының жұмысында техникалық іркілістер туындаған жағдайда мемлекеттік сатып алу веб-порталының жұмыс істеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Мемлекеттік сатып алу туралы" Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Заң) 16-бабының 4) тармақшасына сәйкес әзірленді және мемлекеттік сатып алу веб-порталының жұмысында техникалық іркілістер туындаған жағдайда мемлекеттік сатып алу веб-порталының жұмыс істеу тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) ақпаратқа рұқсат етілмеген ықпал ету – ақпаратқа қол жеткізудің жария болуына, бұрмалануына, жасанды лығына, жойылуына, оқшаулануына, сондай-ақ ақпаратты тасығыштың жоғалуына, жойылуына немесе жұмыс істеуінің іркілуіне әкеп соқтыратын қол жеткізудің белгіленген құқықтарын және/немесе қағидаларын бұза отырып, қорғалған ақпаратқа ықпал ету;

      2) веб-порталға қатысушы – веб-порталда тіркеуден өткен тапсырыс беруші, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы, бірыңғай ұйымдастырушы, әлеуетті өнім беруші;

      3) веб-порталды пайдаланушы (бұдан әрі – пайдаланушы) – қатысушының лауазымды адамы немесе қатысушының өкілі;

      4) веб-порталдың байланыс орталығы (бұдан әрі – Байланыс орталығы) – пайдаланушының жүгіну сипатына байланысты оператордың басқа бөлімшелері мәселені одан әрі корреляциялаумен инциденттерді тіркеуді қамтамасыз ететін оператордың сервистік-диспетчерлік қызметі;

      5) жүйенің стандартты жұмыс істеуі – нормативтік-техникалық құжаттамаға сәйкес ақпараттық жүйенің техникалық іркілістер болмаған кезде өңделетін ақпараттың берілген режимдері мен көлемінде жұмыс істеуі;

      6) компьютерлік шабуыл – ақпаратқа, электрондық ресурсқа, ақпараттық жүйеге рұқсатсыз ықпал ету немесе оларға бағдарламалық немесе бағдарламалық-аппараттық құралдарды (немесе желіаралық өзара іс-қимылдардың хаттамаларын) қолдана отырып, қолжетімділік алу арқылы қатерлер төндіруді іске асырудың мақсатты әрекеті;

      7) мемлекеттік сатып алу веб-порталы (бұдан әрі – веб-портал) –мемлекеттік сатып алудың электрондық көрсетілетін қызметтеріне қол жеткізудің бірыңғай нүктесін ұсынатын мемлекеттік ақпараттық жүйе;

      8) веб-порталға қызмет көрсету жөніндегі жоспардан тыс іс-шаралар –веб-порталдың күрделілік осалдығын жою мақсатында не істен шыққан жабдықты ауыстыруға байланысты бағдарламалық қамтамасыз етуді күрделі жаңартуларды орнатуға байланысты техникалық және профилактикалық жұмыстары;

      9) оператордың заңсыз әрекеттері – мынадай веб-порталдың жұмысының төмендеуіне, тоқтауына, онда техникалық іркілістердің туындауына әкеп соққан оператор мамандарының әрекеттері:

      веб-порталдың жүйелік журналдарында тіркелген оператор мамандарының рұқсат етілмеген әрекеттерді орындауы;

      меншік иесі мен оператор арасындағы тиісті шартта көзделген веб-порталдың аппараттық-бағдарламалық кешенін сүйемелдеу, әкімшілендіру және оған жүйелік-техникалық қызмет көрсету жөніндегі талаптарды бұзу және (немесе) тиісінше орындамау;

      10) еңсерілмес күш жағдайлары – зілзала апаттар немесе көздеу немесе алдын алу мүмкін емес, тұтастай алғанда жүйенің жұмыс істеуін немесе тиісінше жұмысқа қабілеттілігін тоқтатуға әкеп соқтыратын өзге жағдайлар;

      11) техникалық әкімшілендіру бөлімі (бұдан әрі – бөлім) - оператордың веб-порталдың бағдарламалық-аппараттық кешеніне мониторинг жүргізуге және жүйелік-техникалық қызмет көрсетуге жауапты құрылымдық бөлімшесі;

      12) техникалық және профилактикалық жұмыстары – техниканың және (немесе) жабдықтың жұмыс істемей қалуын және оның уақытынан бұрын тозуын болдырмау мақсатында профилактиканы, ақауларды жоюды, жекелеген бөліктер мен блоктарды ауыстыруды, жабдықтың қуатын ұлғайту үшін жабдықтарды, бағдарламалық қамтамасыз етуді, қосымша қондырғылар мен платаларды орнатуды және теңшеуді және пайдаланушыларға көмек көрсетуді қамтитын есептеу техникасы құралдарын және телекоммуникациялық жабдықты жұмысқа қабілетті жағдайда ұстау жөніндегі іс-шаралар кешені;

      13) техникалық іркіліс – бір немесе бірнеше қатысушылардың Жүйені пайдалану мүмкіндігін болдырмауға әкеліп соғатын Жүйенің аппараттық-бағдарламалық кешенінің немесе оның жеке құрауыштарының жоспарланбаған уақытша істен шығуы (апаттық тоқтауы, жады мазмұнының күйреуі, аппараттық-бағдарламалық қамтамасыз ету ресурстарының артық жүктемесі және қабылданған технологияны елеулі бұзатын және жүйенің жағдайында бағдарламалық қамтамасыз етуді пайдалануға мүмкіндік бермейтін басқа да ахуалдар, оның ішінде бағдарламалық қамтамасыз ету беретін қате шығыс деректері (нәтижелері);

      14) электрондық мемлекеттік ақпараттық жүйелердің меншік иесі (бұдан әрі - меншік иесі) – аталған объектілерді олардың меншік иесі айқындаған шекте және тәртіппен иелену, пайдалану және оларға билік ету құқықтарын іске асыратын субъекті;

      15) электрондық мемлекеттік сатып алу (бұдан әрі – сатып алу) – ақпараттық жүйелер мен электрондық ақпараттық ресурстарды пайдалана отырып жүзеге асырылатын мемлекеттік сатып алу;

      16) электрондық мемлекеттік сатып алу саласындағы бірыңғай оператор (бұдан әрі – оператор) – Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылатын, акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) жалғыз меншік иесі мемлекет немесе ұлттық холдинг болып табылатын, электрондық мемлекеттік сатып алу саласында бірыңғай техникалық саясатты іске асыруды жүзеге асыратын заңды тұлға.

2-тарау. Веб-порталдың жұмысында техникалық іркілістер туындаған жағдайда веб-порталдың жұмыс істеу тәртібі

1-параграф. Веб-порталды пайдалану кезінде техникалық іркілістер туындаған жағдайда пайдаланушылардың, оператордың және оператор мамандарының іс-әрекеті

      3. Техникалық іркіліс туындаған кезде мынадай іс-шаралар жүргізіледі:

      1) пайдаланушы техникалық іркіліс анықталған күнді және уақытты Нұр-Сұлтан қаласының уақыты бойынша, сондай-ақ байланыс деректерін және растаушы құжаттарын қоса бере отырып, веб-порталда көрсетілген электрондық пошта арқылы 1 (бір) сағаттан кешіктірмей Байланыс орталығын хабардар етеді.

      Техникалық іркіліс туралы ақпаратты электрондық пошта бойынша жіберу мүмкін болмаған жағдайда пайдаланушы телефон арқылы бір сағаттан кешіктірмей Байланыс орталығын хабардар етеді;

      2) оператор маманы Жүйе жұмысында немесе конфигурациясында стандартты жұмыс істеуге сәйкес келмейтін өзгерістерді тапқан жағдайда, осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша Веб-порталда техникалық іркілістер туындауы туралы пайдаланушылардың өтініштерін есепке алу журналында (бұдан әрі – Есепке алу журналы) техникалық іркілістің туындаған күні мен уақытын тіркейді.

      Байланыс орталығы жүгіну тәсіліне (телефон, электрондық пошта, ресми хаттар, интернет-форум арқылы) байланысты Жүйені пайдаланушылармен өзара іс-қимылды қамтамасыз етеді:

      жұмыс күндері – Нұр-Сұлтан қаласының уақыты бойынша сағат 9.00-ден 18.30-ге дейін, түскі үзіліс сағат 13.00-ден 14.30-ға дейін;

      Оператор Байланыс орталығының жұмыс уақытын ұлғайтады, оның ішінде уәкілетті органмен келісім бойынша тәулік бойы қолдауға көшуді жүзеге асырады.

      4. Байланыс орталығының операторы пайдаланушылар мен оператор мамандарының өтініштерін Есепке алу журналына Нұр-Сұлтан қаласының уақыты бойынша жұмыс уақытында келіп түскен сәттен бастап 30 (отыз) минут ішінде тіркейді.

      Егер техникалық іркіліс туралы пайдаланушының өтініші Нұр-Сұлтан қаласының уақыты бойынша түскі үзіліс кезінде электрондық пошта бойынша түскен жағдайда, онда оператор хабарламаны түскі үзілістен кейін 30 (отыз) минут ішінде тіркейді.

      Егер техникалық іркіліс туралы пайдаланушының өтініші Нұр-Сұлтан қаласының уақыты бойынша жұмыстан тыс уақытта электрондық пошта бойынша түскен жағдайда, онда оператор хабарламаны келесі жұмыс күні тіркейді.

      Байланыс орталығының операторлары Есепке алу журналын пайдаланушылардың өтініштерін есепке алу бойынша оператордың ақпараттық жүйесінде электронды түрде жүргізеді.

      5. Өтініш тіркелгеннен кейін пайдаланушылардың өтініштерін есепке алу бойынша оператордың ақпараттық жүйесіндегі инциденттің бірегей сәйкестендірушісі беріледі және 1 (бір) сағат ішінде пайдаланушының электрондық поштасына жіберіледі.

      6. Техникалық іркіліс туралы ақпарат болған кезде оператор Жүйенің техникалық іркіліс фактісін растау немесе теріске шығару мақсатында Нұр-Сұлтан қаласының уақыты бойынша жұмыс уақытында ақпарат келіп түскен сәттен бастап 2 (екі) сағат ішінде алынған ақпаратқа немесе ұсынылған материалдарға (экран түсірілімдері мен өзге де ұсынылған электрондық құжаттарға) талдау жүргізеді.

      7. Пайдаланушылардың сатып алуға қатысу мүмкіндігіне кедергі болмайтын техникалық іркілістерді қоспағанда, өтінімдерді немесе баға ұсыныстарын қабылдау мерзімі техникалық іркілісті растау немесе теріске шығару уақытында өтетін сатып алуды оператор ықтимал техникалық іркіліс фактісін растау немесе теріске шығару сәтіне дейін ұзартады.

      8. Техникалық іркіліс теріске шығарылған кезде оператор Жүйенің техникалық іркілісі теріске шығарылғандығы туралы фактілердің болуы расталғаннан кейін 30 (отыз) минут ішінде растайтын ақпаратты қоса бере отырып техникалық іркілістің теріске шығарылғаны туралы техникалық қолдауға жүгінген пайдаланушыны хабардар етеді.

2-параграф. Веб-порталдың жұмысы және веб-портал жұмысының техникалық іркілістері расталған жағдайда оператордың әрекеті

      9. Оператор техникалық іркілісті растаған кезде оның күрделілік деңгейі белгіленеді.

      10. Техникалық іркілістер Жүйенің бағдарламалық-аппараттық кешенінің жұмыс істеуіне және электронды түрде өткізілетін сатып алу рәсімдеріне ықпал ету дәрежесі бойынша мынадай күрделілік деңгейлерге бөлінеді:

      1) төмен – сатып алу рәсімдерін өткізуге және оларға қатысу мүмкіндігіне, шарттарды келісуге немесе қол қоюға, талқылау, шағым беру, хабарламаларды, қарсылықтар мен қорытындылар жіберу рәсімдеріне кедергі келтірмейтін іркілістер;

      2) орташа – Жүйені пайдаланушылардың алдыңғы жұмыстарының нәтижесіздігіне әкеп соқтыратын немесе әкеп соқтырған техникалық іркілістер ықпалына ұшыраған бір және (немесе) бірнеше қатысушылардың сатып алуға қатысу мүмкіндігінің болмауына, не мемлекеттік сатып алу туралы шартты келісу немесе қол қою, талқылау, шағым беру, хабарламаларды, қарсылықтарды, қорытындыларды жіберу мүмкіндігінің болмауына әкеп соқтырған іркілістер;

      3) жоғары – Жүйенің бір және одан да көп модульдерінің тоқтауын немесе қол жетімсіздігін тудыратын іркілістер және (немесе) оқиғалар, ол кезінде веб-порталдың барлық пайдаланушыларында сатып алуға қатысу, шартты келісу немесе қол қою, талқылау, өтінім беру, хабарламалар, қарсылықтар, қорытындылар жіберу мүмкіндігі болмайды.

      11. Төмен күрделілік деңгейіндегі техникалық іркілістер туындаған жағдайда оператор мынадай іс-шараларды орындайды:

      1) техникалық іркіліс расталған сәттен бастап 30 (отыз) минут ішінде техникалық қолдауға жүгінген пайдаланушыны техникалық іркілістің күрделілік деңгейі, техникалық іркілісті жоюдың жоспарлы уақыты мен күні туралы хабарлайды.

      Мұндай ақпарат өзгерген жағдайда Жүйені пайдаланушыға қайта хабарлайды;

      2) техникалық іркіліс себептерін жоюға дереу кіріседі;

      3) техникалық іркіліс жойылғаннан кейін техникалық қолдауға жүгінген пайдаланушыны жұмыс жүргізудің аяқталғаны және техникалық іркілістің жойылғаны туралы қайта хабарлайды.

      Төмен күрделілік деңгейіндегі техникалық іркіліс жойылған жағдайда сатып алу мерзімдерін ұзарту жүргізілмейді.

      12. Орташа күрделілік деңгейіндегі техникалық іркілістер туындаған жағдайда оператор мынадай іс-шараларды орындайды:

      1) егер іркілістің ықпалына бірнеше қатысушы ұшыраған болса, техникалық іркіліс расталған сәттен бастап 1 (бір) сағат ішінде веб-порталдың басты бетіне хабарландыру мен лоттардың нөмірін көрсете отырып, техникалық іркіліс, оның күрделілік деңгейі, оны жоюдың жоспарлы уақыты мен күні туралы ақпаратты орналастырады.

      Мұндай ақпарат өзгерген жағдайда ақпаратты қайта орналастырады;

      2) техникалық іркіліс расталған сәттен бастап 1 (бір) сағат ішінде техникалық қолдауға жүгінген пайдаланушыларға, сондай-ақ техникалық іркіліс туындаған мемлекеттік сатып алуға қатысатын барлық әлеуетті өнім берушілерге техникалық іркіліс, оның күрделілік деңгейі, оны жоюдың жоспарлы уақыты мен күні туралы хабарлайды.

      Осы ақпарат өзгерген жағдайда техникалық қолдауға жүгінген пайдаланушыларды, сондай-ақ техникалық іркіліс туындаған мемлекеттік сатып алуға қатысатын барлық әлеуетті өнім берушілерді қайта хабардар етеді;

      3) мемлекеттік сатып алу бойынша, сондай-ақ осыған ұқсас техникалық іркіліс анықталған жағдайда басқа сатып алу бойынша техникалық іркілісті жоюға кіріседі;

      4) техникалық қолдауға жүгінген пайдаланушыларға, сондай-ақ техникалық іркіліс туындаған мемлекеттік сатып алуға қатысатын барлық әлеуетті өнім берушілерге техникалық іркілістің жойылғаны, нақты жою күні мен уақыты туралы қайта хабарлайды, сондай-ақ осы ақпаратты веб-порталдың басты бетінде хабарландырулар мен лоттардың нөмірлерін көрсете отырып орналастырады;

      5) меншік иесіне техникалық іркіліске жол бермеу жөніндегі ұсыныстарды көрсете отырып, техникалық іркіліс, туындау себебі мен жою бойынша орындалған іс-шаралар, жою нәтижесі туралы жазбаша хабарлайды.

      13. Жоғары күрделілік деңгейіндегі техникалық іркілістер туындаған жағдайда оператор мынадай іс-шараларды орындайды:

      1) туындаған техникалық іркіліс туралы меншік иесін жазбаша электрондық пошта және телефон арқылы дереу хабардар етеді;

      2) техникалық іркіліс расталған сәттен бастап Жүйенің тиісті модуліндегі техникалық іркіліспен уақыты қатар келген барлық аяқталып жатқан рәсімдерді техникалық іркілісті жою үшін кеткен уақытқа ұзартады;

      3) техникалық іркіліс расталған сәттен бастап 30 (отыз) минут ішінде веб-порталдың басты бетіне техникалық іркіліс, оның күрделілік деңгейі, оны жоюдың жоспарлы уақыты мен күні туралы ақпаратты орналастыру жолымен пайдаланушыларды хабарландырады, ал ақпаратты веб-порталдың басты бетінде орналастыру мүмкін болмаған жағдайда ақпаратты өз сайты арқылы және Байланыс орталығы арқылы өтініштер бойынша жеткізеді.

      Мұндай ақпарат өзгерген жағдайда Жүйенің пайдаланушыларын қайта хабарландырады;

      4) конкурс, аукцион, тұрғын үйлерді сатып алу немесе баға ұсыныстарын сұрату тәсілдерімен сатып алуға қатысуға өтінімдерді және (немесе) баға ұсыныстарын қабылдау мерзімі сәйкес болған кезде өтінімдерді және (немесе) баға ұсыныстарын қабылдау рәсімдерінің уақытын ұзартады;

      5) әлеуетті өнім берушінің шартты келісуі немесе қол қою мерзімі сәйкес келген кезде шартты келісу немесе қол қою уақытын тиісті күндер санына, бірақ кемінде күнтізбелік 1 (бір) күнге ұзартады;

      6) шағымдарды, хабарламаларды, қарсылықтарды, қорытындыларды жіберу мерзімі сәйкес келген кезде шағымдарды, хабарламаларды, қарсылықтарды, қорытындыларды жіберу мерзімін тиісті күндер санына, бірақ кемінде күнтізбелік 1 (бір) күнге ұзартады;

      7) техникалық іркіліс уақыты мен аукцион тәсілімен сатып алудағы аукциондық сауда-саттық кезеңін өткізу уақыты сәйкес келген кезде аукциондық сауда-саттық өткізу кезеңін техникалық іркілісті жою фактісі расталғаннан кейін келесі жұмыс күніне ұзартады.

      Жүйе аукционды өткізу нәтижелері туралы хаттаманы автоматты түрде қалыптастырған жағдайда, мұндай хаттама мен берілген өтінімдер күшін жояды;

      8) өтінімдерді немесе баға ұсыныстарын қабылдау мерзімінен асатын техникалық іркіліс болған кезде, мұндай сатып алу бойынша өтінімдерді немесе баға ұсыныстарын қабылдауды бастау мерзімін проблеманы жою мерзіміне ұзартады;

      9) "Баға ұсыныстарын сұрату", "Аукцион", "Конкурс", "Тұрғын үйлерді сатып алу" тәсілдерімен сатып алуға берілген баға ұсыныстарын ашу мүмкіндігін болдырмайтын техникалық іркіліс кезінде, егер өтінімдерді немесе баға ұсыныстарын қабылдау мерзімі техникалық іркіліс туындаған сәтте өтпеген болса, оператор сатып алуды іркілісті жою уақытына ұзартады және әлеуетті өнім берушілерге өтінімдерді және баға ұсыныстарын қайта беру қажеттігі туралы хабарлайды;

      10) "Баға ұсыныстарын сұрату", "Аукцион", "Конкурс", "Тұрғын үйлерді сатып алу" тәсілдерімен сатып алуға берілген баға ұсыныстарын ашу мүмкіндігін болдырмайтын техникалық іркіліс кезінде, егер өтінімдерді немесе баға ұсыныстарын қабылдау мерзімі өткен болса, оператор өтінімдерді немесе баға ұсыныстарын қабылдау мерзімін іркіліс жойылған сәттен бастап 5 (бес) жұмыс күніне ұзартады және әлеуетті өнім берушілерге өтінімдерді және баға ұсыныстарын қайта беру қажеттігі туралы хабарлайды. Еңсерілмес күш жағдайлары басталған жағдайда оператор меншік иесін дереу хабардар етеді және жағдаяттардың бүкіл орын алу уақытында тоқтаған сәтіне дейін меншік иесіне қабылданып жатқан шаралар туралы ақпарат пен аталған жағдаяттардың дәлелдемелерін ұсынады. Мұндай жағдайларда оператор сатып алу мерзімін ұзарту туралы шешімді меншік иесімен келісім бойынша жағдаяттар созылған уақыт (күндер) санына қабылдайды;

      11) техникалық іркілісті жоюға кіріседі;

      12) веб-порталдың басты бетінде хабарландырулар мен лоттардың нөмірлерін, сатып алуды ұзарту фактісі туралы көрсете отырып, техникалық іркілістің нақты жойылған күні мен уақыты туралы ақпаратты орналастыра отырып, техникалық іркілістің жойылғаны туралы пайдаланушыларды қайта хабарлайды;

      13) техникалық іркілісті болдырмау жөнінде ұсыныстарды көрсете отырып, меншік иесіне техникалық іркіліс, туындау себебі және жою бойынша орындалған іс-шаралар, жою нәтижесі, сатып алуды ұзарту фактісі туралы жазбаша 1 (бір) жұмыс күні ішінде хабарлайды.

      14. Жүйенің жұмыс істеуінде оператордың өз күшімен жоюы мүмкін емес іркілістер болған жағдайда, оператор меншік иесінің келісімімен бағдарламалық және аппараттық қамтамасыз ету бойынша тиісті жоғары білікті мамандарды тартады.

3-параграф. Оператордың жоспарлы-профилактикалық жұмыстарды жүргізуі кезіндегі веб-порталдың жұмысы

      15. Жүйеде техникалық және профилактикалық жұмыстарды жүргізу бекітілген және веб-порталда жарияланған уәкілетті органмен келісілген Жүйеде техникалық және профилактикалық жұмыстар жүргізу бойынша жұмыстар жоспары негізінде жүзеге асырылады.

      16. Жүйенің техникалық және профилактикалық жұмыстары жүргізілген жағдайда оператор техникалық және профилактикалық жұмыстар жүргізілгенге дейін күнтізбелік 2 (екі) күннен кешіктірмей Жүйені пайдаланушыларға хабарлайды. Бұл ретте, күні профилактикалық жұмыстарды жүргізу күніне келетін өтінімдерді немесе баға ұсыныстарын немесе өтінімдерге толықтыруларды қабылдауды, ашу, жіберу және сатып алу бойынша қорытындылар шығару рәсімдерін аяқтау мерзімдерін, сондай-ақ веб-порталда шарттарды келісу және оларға қол қою мерзімдерін оператор техникалық және профилактикалық жұмыстар жүргізу мерзімін ескере отырып ауыстырады.

4-параграф. Техникалық іркіліс туындаған жағдайда веб-портал жұмысының мәселелері бойынша оператордың меншік иесімен өзара іс-қимылы

      17. Техникалық іркілістің туындағаны туралы ақпарат түскен кезде оператор "орта" және "жоғары" күрделілік деңгейіндегі техникалық іркілісті растау мақсатында жазбаша электрондық пошта және телефон арқылы меншік иесінің ақпараттандыру, ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелеріне жауапты құрылымдық бөлімшесін туындаған техникалық іркіліс туралы хабардар етеді.

      18. Оператор күнделікті алдыңғы күннің техникалық іркілістеріне талдау жүргізеді және оларды барынша тез жоюды қамтамасыз етеді.

      19. Оператор жыл сайын меншік иесіне:

      жауапты тұлғалар қол қойған Есепке алу журналынан үзінді көшірмені;

      техникалық іркілістердің туындау себептері, жою бойынша орындалған іс-шаралар, жою нәтижелері туралы ақпаратты, техникалық іркілістерге жол бермеу жөніндегі ұсыныстарды береді.

      20. Меншік иесі ұсынылған ақпаратты қарайды және техникалық іркілістерді жою және болдырмау бойынша ұсынымдар қалыптастырады.

      21. Меншік иесіне мемлекеттік сатып алуға қатысу барысында туындаған Жүйенің техникалық іркілістері туралы жеке және заңды тұлғалардан жазбаша өтініштер келіп түскен жағдайда меншік иесі операторға қарауға келіп түскен өтініштің көшірмесін қоса бере отырып хат жібереді.

      22. Оператор белгіленген ден қою мерзімдеріне сәйкес туындаған техникалық іркілістің басымдығын (егер ондай болған жағдайда), туындау себептерін және техникалық іркіліс фактісі расталған кезде жою мерзімдерін жіктей отырып, туындаған инцидент туралы ақпарат береді.

      23. Техникалық іркіліс күні мен көрсетілетін қызметтердің бағасы қолданысының аяқталу күні сәйкес келген жағдайда, көрсетілетін қызметтер бағасының қолданылу мерзімі өтінімдерді және (немесе) баға ұсыныстарын қабылдау рәсімдерін ұзарту немесе шартты келісу немесе қол қою уақытын ұзарту мерзіміне ұзартылады.

      24. Техникалық іркіліс кезінде қорытындылар туралы ашу хаттамалары қалыптастырылған жағдайда, оператор Жүйеде техникалық іркіліске байланысты өткізілетін мемлекеттік сатып алуға қатысу мүмкін еместігі туралы веб-портал пайдаланушыларының өтініштері бойынша (техникалық іркіліс расталған кезде) қалыптастырылған хаттаманы жояды және әлеуетті өнім берушілердің өтінімдерін қабылдау мерзімін күнтізбелік 1 (бір) күнге ұзартады.

      25. Жүйенің техникалық іркілісінің туындауына және көрсетілген себеп бойынша оны мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушылар тізіліміне енгізуіне байланысты әлеуетті өнім берушінің шартқа қол қою мүмкіндігі болмаған жағдайда, оператор әлеуетті өнім берушінің тиісті өтінішінің негізінде шартты жасасу кезеңінде осындай техникалық іркілістің туындауын растау кезінде оны мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану туралы уәкілетті органның шешімін жояды.

      Оператор әлеуетті өнім берушіге күнтізбелік 1 (бір) күн ішінде шартқа қол қою үшін функционал береді. Тапсырыс беруші шарт жобасын екінші жеңімпазға жіберген жағдайда оператор екінші жеңімпазға жіберілген шарт жобасын жояды.

      Бұл ретте, оператор Жүйенің техникалық іркілісінің туындауымен байланысты жасалған әрекеттер туралы уәкілетті органды хабардар етеді.

      26. Пайдаланушы Жүйедегі техникалық іркіліске байланысты конкурстық (аукциондық) құжаттама жобасын талқылау кезеңінде мәселелерді беру мүмкіндігінің болмауы туралы жүгінген жағдайда, оператор техникалық іркіліс расталған кезде конкурстық құжаттама жобасын талқылау мерзімін күнтізбелік 1 (бір) күнге ұзартады.

  Мемлекеттік сатып алу
веб-порталының жұмысында
техникалық іркілістер туындаған
жағдайда мемлекеттік сатып алу
веб-порталының жұмыс
істеу қағидаларына
қосымша

Мемлекеттік сатып алу веб-порталының туындаған техникалық іркілістері туралы пайдаланушылардың өтініштерін есепке алу журналы

рр/с №

Жүгінген ұйымның атауы

БСН, ЖСН

Өтініш күні мен уақыты

Пайдаланушы жүгінген байланыс деректері

Техникалық іркілістің сипаттамасы

Өтінім қабылдаған маманның Т.А.Ә

Расталды/расталмады

Растаудың/растамаудың күні мен уақыты

Қабылданған шешім

Оператор қабылдаған шаралар

Техникалық іркілісті жою күні мен уақыты

Техникалық іркілістің туындау себептері

Күрделілік деңгейі

Техникалық іркілістің түрі

Бұдан былай техникалық іркіліске жол бермеу жөніндегі ұсынымдар

















      Техникалық әкімшілендіру бөлімінің

      жауапты тұлғасы (қолы) Т.А.Ә

      Аббревиатуралардың толық жазылуы:

      БСН – бизнес-сәйкестендіру нөмірі;

      ЖСН – жеке сәйкестендіру нөмірі;

      р/с – реті бойынша;

      Т.А.Ә. – тегі, аты, әкесінің аты (болған кезде).

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады