Бірыңғай сатып алу платформасын пайдалану қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2024 жылғы 16 қыркүйектегі № 627 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2024 жылғы 19 қыркүйекте № 35085 болып тіркелді

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы бұйрық 01.01.2025 бастап қолданысқа енгізіледі

      "Мемлекеттік сатып алу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 22-бабы 9) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес Бірыңғай сатып алу платформасын пайдалану қағидалары бекітілсін.

      2. Осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің кейбір бұйрықтарының күші жойылды деп танылсын.

      3. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік сатып алу және квазимемлекеттік секторының сатып алу заңнамасы департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтердің Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынылуын қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрық 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануы тиіс.

      Қазақстан Республикасының
Қаржы министрі
М. Такиев

  Қазақстан Реcпубликасының
Қаржы министрінің
2024 жылғы 16 қыркүйектегі
№ 627 бұйрығына
1-қосымша

Бірыңғай сатып алу платформасын пайдалану қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Бірыңғай сатып алу платформасын пайдалану қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Мемлекеттік сатып алу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 22-бабы 9) тармақшасына сәйкес әзірленді және бірыңғай сатып алу платформасын пайдалану тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) бірыңғай сатып алу платформасы (бұдан әрі – веб-портал) – мемлекеттік сатып алу саласындағы уәкілетті органның ақпараттық жүйесі, ол мемлекеттiк сатып алудың және "Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы" Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы заң) сәйкес жүзеге асырылатын сатып алудың электрондық көрсетілетін қызметтеріне қол жеткiзудiң бірыңғай нүктесiн ұсынады;

      2) веб-порталға қатысушы – веб-порталда тіркеуден өткен тапсырыс беруші, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушы және Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы заңға сәйкес жүзеге асырылатын ұйымдастырушы, мемлекеттік сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушы, әлеуетті өнім беруші; өнім беруші;

      3) веб-порталды пайдаланушы (бұдан әрі – пайдаланушы) – веб-порталға қатысушының лауазымды адамы немесе веб-порталға қатысушының өкілі;

      4) жария оферта – ұсыныс жасаған тұлғаның ұсыныста көрсетілген шарттарда кез келген адаммен шарт жасасу еркі қаралатын шарттың барлық елеулі талаптарын қамтитын веб-порталын пайдалану бойынша шарт жасасу туралы ұсыныс;

      5) Қазақстан Республикасының сенім білдірілген үшінші тарапы (бұдан әрі – ҚР СҮТ) — трансшекаралық өзара іс-қимыл жасау шеңберінде шетелдік электрондық цифрлық қолтаңбаның және Қазақстан Республикасының аумағында берілген электрондық цифрлық қолтаңбаның төлнұсқалығын растауды жүзеге асыратын ақпараттық жүйе;

      6) құжаттың электрондық көшірмесі – төлнұсқа құжаттың түрін және ақпаратын (деректерін) электрондық-цифрлық нысанда толығымен көрсететін құжат;

      7) мемлекеттік сатып алу саласындағы бірыңғай оператор (бұдан әрі – оператор) – мемлекеттік сатып алу саласындағы уәкілетті орган айқындаған, акцияларының (жарғылық капиталға қатысу үлестерінің) жалғыз меншiк иесi мемлекет болып табылатын заңды тұлға;

      8) мемлекеттiк сатып алу саласындағы уәкiлеттi орган – мемлекеттiк сатып алу саласында басшылықты жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      9) квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілері үшін электрондық сатып алу ақпараттық жүйелерінің операторлары (бұдан әрі – операторлар) – Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы заңның 2-бабы 26) тармақшасына сәйкес айқындалған заңды тұлғалар;

      10) электрондық құжат – өзіндегі ақпарат электрондық-цифрлық нысанда ұсынылған және электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландырылған құжат;

      11) электрондық цифрлық қолтаңба – электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электрондық құжаттың дұрыстығын, оның тиесілілігін және мазмұнының өзгермейтіндігін растайтын электрондық цифрлық нышандар жиынтығы;

      12) электрондық цифрлық қолтаңбаның ашық кілті – кез келген тұлғаға қолжетімді және электрондық құжаттағы электрондық цифрлық қолтаңбаның төлнұсқалығын растауға арналған электрондық цифрлық нышандар дәйектілігі;

      13) электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кілті – электрондық цифрлық қолтаңба құралдарын пайдалана отырып, электрондық цифрлық қолтаңбаны жасауға арналған электрондық цифрлық нышандар дәйектілігі.

      3. Веб-порталда электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдаланған кезде пайдаланушылар осы Қағидаларды және "Электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы" Қазақстан Республикасының Заңын басшылыққа алады.

2-тарау. Веб-порталды пайдалану тәртібі

      4. Веб-порталда жұмыс істеу және (немесе) Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы заңға сәйкес жүзеге асырылатын сатып алу мен мемлекеттік сатып алуға қатысу үшін пайдаланушылар мынадай іс-қимылдардың жиынтығын жасайды:

      1) электрондық цифрлық қолтаңба сертификаттарын (ашық және жабық кілт) пайдалану мүмкіндігі үшін аппараттық-бағдарламалық қамтамасыз етуді орнатады;

      2) электрондық цифрлық қолтаңба сертификаттарын (ашық және жабық кілт) алады;

      3) веб-порталда тіркеу рәсімдерінен өтеді.

      5. Веб-порталда Қазақстан Республикасының Ұлттық куәландырушы орталығы, сондай-ақ Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің куәландырушы орталықтары жеке және заңды тұлғалар үшін шығарған, ҚР СҮТ растаған электрондық цифрлық қолтаңба сертификаттары қолданылады.

      6. Сатып алуды ұйымдастыруға және өткізуге байланысты ұсынылатын құжаттар мен мәліметтерді веб-портал пайдаланушысы электрондық құжаттар немесе құжаттардың электрондық көшірмелері түрінде орналастырады және электрондық цифрлық қолтаңбамен қол қойылады.

      7. Веб-порталда барлық электрондық құжаттар мен құжаттардың электрондық көшірмелерін жасау, алу және жіберу уақыты Астана қаласының жергілікті уақыты бойынша тіркеледі.

      8. Жүйеге жүктелетін файлдардың немесе файл архивтерінің мөлшері 20 мегабайттан асқан жағдайда оларды жүйеге әрқайсысының мөлшері 20 мегабайттан аспайтын бөліктермен жүктеу қажет.

3-тарау. Пайдаланушыларға веб-порталды пайдалану (қол жеткізу) бойынша қызметтер көрсету тәртібі

      9. Пайдаланушыларға жарияланған мемлекеттік сатып алуларды және Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы заңына сәйкес жүзеге асырылатын сатып алулар бойынша мәліметтерді қарау үшін көрсетілетін қызметтер веб-порталды пайдалану (қол жеткізу) бойынша ақы алынбай жүзеге асырылады.

      10. Пайдаланушыларға мемлекеттік сатып алуға қатысу үшін веб-порталды пайдалану (қол жеткізу) бойынша қызметтерді мынадай тұлғаларды қоспағанда, жария оферта және (немесе) мемлекеттік сатып алу туралы шарт негізінде (Заңға сәйкес тапсырыс берушілер мен өнім берушілер бір мезгілде айқындаған заңды тұлғалар үшін) ақылы негізде бірыңғай оператор көрсетеді:

      1) Заңның 16-бабы 3-тармағының 39) тармақшасына сәйкес шарттар жасаған жағдайда Қазақстан Республикасы мүгедектігі бар адамдарының қоғамдық бірлестіктері;

      2) мемлекеттік мекемелер;

      3) бірыңғай оператор.

      11. Пайдаланушыларға Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы заңға сәйкес жүзеге асырылатын сатып алуға қатысу үшін веб-порталды пайдалану (қол жеткізу) бойынша қызметтерді операторлар жария оферта және (немесе) сатып алу туралы шарт негізінде ақылы негізде (Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерін сатып алу туралы заңға сәйкес тапсырыс берушілер мен өнім берушілер бір мезгілде айқындаған заңды тұлғалар үшін) көрсетеді.

      12. Бірыңғай оператор мен операторлар веб-порталды пайдалану (қол жеткізу) бойынша көрсетілетін қызметтер шеңберінде мынадай функционалдығын ұсынады:

      1) Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерін сатып алу туралы заңға сәйкес жүзеге асырылатын сатып алуға және мемлекеттік сатып алуға қатысуға өтінім беру;

      2) бір көзден алу тәсілімен сатып алуға қатысу туралы келісім беру;

      3) баға ұсынысын ұсыну;

      4) Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы заңға сәйкес жасалатын сатып алу туралы шартты және мемлекеттік сатып алу туралы шартты келісу және оған қол қою.

      13. Бірыңғай оператор мен операторлар веб-порталды пайдалану (қол жеткізу) бойынша қызметтерді толық және тиісті төлем жасалған сәтке дейін тоқтата тұрады.

  Қазақстан Реcпубликасының
Қаржы министрінің
2024 жылғы 16 қыркүйектегі
№ 627 бұйрығына
2-қосымша

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің күші жойылған кейбір бұйрықтарының тізбесі

      1. "Мемлекеттік сатып алу веб-порталын пайдалану қағидаларын және Мемлекеттік сатып алу веб-порталының жұмысында техникалық іркілістер туындаған жағдайда мемлекеттік сатып алу веб-порталының жұмыс істеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 28 желтоқсандағы № 692 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12671 болып тіркелген).

      2. "Мемлекеттік сатып алу веб-порталын пайдалану қағидаларын және Мемлекеттік сатып алу веб-порталының жұмысында техникалық істен шығу туындаған жағдайда мемлекеттік сатып алу веб-порталының жұмыс істеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 28 желтоқсандағы № 692 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары – Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2020 жылғы 12 ақпандағы № 139 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20038 болып тіркелген).

      3. "Мемлекеттік сатып алу веб-порталын пайдалану қағидаларын және Мемлекеттік сатып алу веб-порталының жұмысында техникалық істен шығу туындаған жағдайда мемлекеттік сатып алу веб-порталының жұмыс істеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 28 желтоқсандағы № 692 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2021 жылғы 21 желтоқсандағы № 1322 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 25931 болып тіркелген).

      4. "Мемлекеттік сатып алу веб-порталын пайдалану қағидаларын және Мемлекеттік сатып алу веб-порталының жұмысында техникалық істен шығу туындаған жағдайда мемлекеттік сатып алу веб-порталының жұмыс істеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 28 желтоқсандағы № 692 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрінің 2022 жылғы 17 тамыздағы № 843 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 29159 болып тіркелген).

      5. "Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің кейбір бұйрықтарына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2024 жылғы 21 маусымдағы № 385 бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің өзгерістер енгізілетін кейбір бұйрықтарының тізбесінің 1-тармағы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 34544 болып тіркелген).

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады