БҰЙЫРАМЫН:
1. "Монументтік өнер құрылыстарын орнату қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2020 жылғы 28 сәуірдегі № 103 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20527 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:
кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:
"Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 20) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:";
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Монументтік өнер құрылыстарын орнату қағидаларында:
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"1. Осы Монументтік өнер құрылыстарын орнату қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) Қазақстан Республикасының "Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы" Заңының 10-бабының 20) тармақшасына сәйкес әзірленді және монументтік өнер құрылыстарын орнату тәртібін анықтайды.";
3 және 4-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"3. Қазақстан Республикасының "Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы" Заңының 11-бабының 9) тармақшасына сәйкес монументтік өнер құрылыстарын орнату жөнфіндегі жұмысты облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергiлiктi атқарушы органдары (бұдан әрі - жергілікті атқарушы органдар) жүргізеді.
4. Монументтік өнер құрылыстарын (бұдан әрі - құрылыс) орнату үшін жергілікті атқарушы органдар монументті өнердің құрылыстарын (бұдан әрі - құрылыс) орнату жөніндегі ұсыныстарын аса көрнекті тұлғаның үлесін және (немесе) тарихи оқиғаның маңыздылығын растайтын құжаттармен қоса тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану жөніндегі уәкілетті органға (бұдан әрі - уәкілетті орган) жолдайды.
Аса көрнекті тұлғаның үлесі және (немесе) тарихи оқиғаның маңыздылы архивтік құжаттардың көшірмелерімен, деректік, тарихи, анықтамалық энциклопедиялардан, кітаптардан үзінділермен, ғылыми мақалалармен және өзге құжаттармен расталады.
Құрылыстар орнату туралы ұсыныстар мемлекет тәуелсіздігін нығайтуға қосқан, қаһармандық пен ерлік көрсеткен ерекше жағдайларды қоспағанда, аса көрнекті тұлғалар қайтыс болған және (немесе) тарихи оқиғалар болған күннен бастап бес жылдан ерте қаралмайды.";
8-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"8. Комиссиямен құрылысты орнату жөніндегі ұсыныстар мақұлданған жағдайда жергілікті атқарушы органдар уәкілетті органға мынадай құжаттарды жолдайды:
1) құрылысты орнатуды қаржыландыру туралы ақпарат қамтылған ілеспе хат;
2) құрылысты орнату үшін жер учаскесін бөлу туралы жергілікті атқарушы органның шешімінің немесе қаулысының көшірмесі;
3) құрылыстың 1:10 масштабтан кем емес кемінде екі жұмыс жобасы;
4) жарықтың төрт бағыты көрсетілген құрылысты орнатудың ситуациялық сызбасы;
5) құрылыстың 1:500 масштабтағы бас жоспарының макеті;
6) құрылыстың сәулеттік-көркемдік, композициялық шешімдерін қысқа сипаттауды қамтитын түсіндірме жазба.".
2. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық қолданысқа енгізілгеннен кейін үш жұмыс күні ішінде оны Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы тармақта көзделген іс-шаралар орындалғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Заң қызметі департаментіне іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі |
А. Раимкулова |