Ақтөбе облысының қалалары мен елді мекендерінде иттер мен мысықтарды ұстау және серуендету, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою қағидаларын бекіту туралы

Күшін жойған

Ақтөбе облыстық мәслихатының 2021 жылғы 24 желтоқсандағы № 108 шешімі. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 12 қаңтарда № 26452 болып тіркелді. Күші жойылды - Ақтөбе облыстық мәслихатының 2022 жылғы 17 тамыздағы № 145 шешімімен

      Ескерту. Күші жойылды - Ақтөбе облыстық мәслихатының 17.08.2022 № 145 шешімімен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      Қазақстан Республикасының "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Кодексінің 408 бабына және Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 6 бабының 2-2 тармағына сәйкес Ақтөбе облыстық мәслихаты ШЕШТІ:

      1. Қоса беріліп отырған Ақтөбе облысының қалалары мен елді мекендерінде иттер мен мысықтарды ұстау және серуендету, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою Қағидалары 1-қосымшаға сәйкес бекітілсін.

      2. Осы шешімнің 2 қосымшасына сәйкес Ақтөбе облыстық мәслихатының келесі шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.

      3. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Облыстық мәслихаттың хатшысы А. Нугманов

  Ақтөбе облыстық мәслихатының 2021 жылғы 24 желтоқсандағы № 108 шешіміне № 1 қосымша

Ақтөбе облысының қалалары мен елді мекендерінде иттер мен мысықтарды асырау және серуендету, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою Қағидалары

1 тарау. Жалпы ережелер

      1. Ақтөбе облысының қалалары мен елді мекендерінде иттер мен мысықтарды ұстау, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) – Қазақстан Республикасының "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Кодексінің 408 бабы, Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 6 бабының 2-2 тармағы, Қазақстан Республикасының "Ветеринария туралы" Заңының 10 бабының 1 тармағы 4-3 тармақшасына және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес Ақтөбе облысының аумағында қаңғыбас иттер мен мысықтарды ұстау және серуендету, аулау және жою тәртібін айқындау мақсатында әзірленді.

      2. Қағида меншік нысанына қарамастан, иттер мен мысықтарды асырайтын барлық жеке және заңды тұлғаларға қолданылады. Бұған қызметтік иттері бар құқық қорғау органдарының мекемелері және иттерді өсіретін питомниктер, сондай-ақ ұлттық қауіпсіздік органдарының кинологиялық қызметтері кірмейді.

2 тарау. Иттер мен мысықтарды ұстау шарттары

      3. Иттер мен мысықтарды асырауға санитарлық-гигиеналық, зоогигиеналық талаптар, ветеринариялық және осы Қағидалар сақталған жағдайда рұқсат етіледі:

      1) бір отбасы орналасқан тұрғын үй-жайларда;

      2) бірнеше отбасы тұратын тұрғын үй-жайларда, тек өзінің тұрғын алаңында (пәтерде тұратындардың барлығының жазбаша келісімімен);

      3) иттер байлаулы кәсіпорындарда, ұйымдарда, мекемелерде немесе вольерлерде және айналадағылар үшін алаңдаушылық туғызу және қауіп тудыру мүмкіндігін болдырмайтын жағдайларда жүргізіледі.

      4. Иттер мен мысықтарды көпшілік пайдаланатын орындарда (асүйлер, дәліздер, баспалдақ алаңдары, жертөлелер, шатырлар, лоджиялар, балкондар және қосалқы үй-жайлар), үй маңындағы аумақтарда (жеке тұрғын үйлердің аумақтарынан басқа), жатақхана дәліздерінде ұстауға жол берілмейді, (қонақ үйді қоспағанда) қонақ үй әкімшілігінің келісімі бойынша және санитарлық-гигиеналық ережелерді сақтаған жағдайда иесінің итімен немесе мысығымен бірге орналасуына жол беріледі.

      5. Иттер мен мысықтарды жеке тұрғын үй қорындағы үйлерде, ғимаратта және оған іргелес аумақта ұстауға тек осы аумақ иесінің рұқсатымен немесе заңды тұлғаның келісімімен рұқсат етіледі. Иттер жақсы қоршалған аумақта ұсталуы тиіс, қоршау жануардың қашып кетуіне, адамдарға немесе жануарларға шабуыл жасауына, өтіп бара жатқан адамдардың тістеуіне жол бермеуі. Аумақта иттің бар екендігі туралы ескерту тақтасы жасалуы керек.

3 тарау. Иттер мен мысықтарды серуендету тәртібі

      6. Иттерді серуендеткен кезде иелері келесі талаптарды қамтамасыз етеді:

      1) иттерді тұмылдырықпен және қысқа (1,5 метрге дейін) мойын жіппен осы Қағидалардың 7-тармағында аталмаған орындарда айналадағыларға алаңдаушылық және кедергі келтірмей шығаруға;

      2) иттерді қарғыбаусыз және тұмылдырықсыз серуендетуге қоршалған аумақтарда, жаттықтыру алаңдарында және жергілікті атқарушы органдар, пәтер иелері кооперативтері көздеген еркін серуендетуге арналған орындарда ғана жол беріледі, егер ондай орындар болмаса, серуендету бөлінген бос жерлерде жүзеге асырылады;

      3) иттердің иелері иттің аты, оның тұқымы, иесінің мекен-жайы мен телефондары көрсетілген жетон бекітілген қарғыбауы болуы. Жетонда иесінің қалауы бойынша итке қатысты өзге де ақпарат көрсетілуі мүмкін;

      4) жеке тұлғалардың қалыпты демалысы мен тыныштығын сақтау үшін жұмыс күндері сағат 22-ден таңғы 9-ға дейін және демалыс және мереке күндері сағат 23-тен таңғы 10-ға дейін тұрғын үйлердің (жеке секторды қоспағанда) жанында тыныштықты сақтау;

      5) итті, егер бұл ретте адамдарға қауіп төнбесе, қоғамдық тәртіпті бұзбаса, иттің қозғалысы мен денсаулығына жануар иесі осы ғимараттың үй-жайларында тұрған уақытқа ғимараттың жанында тұмылдырықта және өз еркімен шешілуін болдырмайтын қысқа мойын жіппен қалдыруға. Бұл жағдайда ит адамдардың өтуіне кедергі жасамауы керек.

      7. Жануарлардың иелеріне жол берілмейді:

      1) құтыруға қарсы вакцинациядан және токсоплазмозға зерттеуден өтпеген иттерді серуендетуге;

      2) балалардың аула алаңдарында, спорт алаңдарында, мектепке дейінгі және оқу орындарының, емдеу мекемелерінің аумақтарында, саябақтарда және азаматтардың көпшілік демалатын орындарында жануарларды серуендетуге;

      3) жағажайларда, қоғамдық шомылу орындарында, тоғандарда, субұрқақтарда, су айдындарында және су тоғандарында жануарларды серуендетуге және шомылдыруға;

      4) қоғамдық тәртіпті сақтау жөніндегі жұмыстарды орындайтын қызметтік иттерді және көзі нашар көретін адамдарды жетелеуші иттерді қоспағанда, адамдар көп жиналатын орындарда және қоғамдық іс-шараларда жануарлармен бірге болуға.

4 тарау. Иттер мен мысықтардың иелері

      8. Иттер мен мысықтардың иелері заңды мәртебесі мен меншік нысанына қарамастан, осы Қағидалардың талаптарына сәйкес иттер мен мысықтарды тиісті ұстауды қамтамасыз етеді.

      9. Иттер мен мысықтардың иелері келесі талаптарды қамтамасыз етеді:

      1) иттер мен мысықтардың айналасындағыларға қауіп төндірмейтін мінез-құлқы;

      2) тұрғын үй-жайларда шуды болдырмау бойынша шаралар қабылдауға;

      3) аулаларды, кіреберістерді, баспалдақ алаңдарын, лифтілерді, балалар алаңдарын, жолдарды, тротуарларды, скверлерді, саябақтарды, демалыс аймақтарын ластамауға, ал ластанған жағдайда дереу жинауды жүзеге асыруға (қағаз немесе полиэтилен пакеттерге);

      4) жануарларды зоотехникалық, зоогигиеналық және ветеринариялық-санитариялық талаптарға сәйкес келетін жағдайларда күтіп-бағуға, қоғамдық қауіпсіздік талаптарын сақтауға;

      5) иттер мен мысықтарды олардың биологиялық қажеттіліктеріне сәйкес ұстауға, оларға ізгілікпен қарауға, қараусыз қалдырмауға, жануарларға қажетті мөлшерде тамақ беруге, ауыз суға тұрақты қол жеткізуге, қатыгездікпен қарауға жол бермеуге;

      6) иттер мен мысықтарды кедергісіз қарап-тексеру, диагностикалық зерттеу, емдеу-профилактикалық өңдеу және вакцинациялау мен дегельминтизациялау үшін ұсыну;

      7) жыл сайын, екі және үш айлық жастан бастап, мысықтар мен иттерді құтыру ауруына және жұқпалы ауруларға қарсы алдын алу егулері үшін ветеринариялық емханаларға жеткізу, бұл туралы ветеринариялық паспортта белгі қойылады;

      8) жүйелі түрде, тоқсанына кемінде бір рет, иттер мен мысықтарды тері паразиттерінен профилактикалық емдеу;

      9) ветеринариялық мекемелерге дереу жүгіну, аурудың барлық жағдайларында немесе иттер мен мысықтардың ауруына күдік болған кезде, тексеру нәтижелері бойынша маманның ұсынымдарын мүлтіксіз сақтау;

      10) жануарлардың шағуының барлық жағдайлары, сондай-ақ жануарлардың өлу жағдайлары туралы ветеринариялық мекемелерге дереу хабарлауға. Ветеринарлық қызмет мамандары келгенге дейін иесі жануарды оқшаулайды.

5 тарау. Қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою

      10. Қоғамдық орындарда (көшелерде, аула аумақтарында, саябақтарда және басқа жерлерде) иелері уақытша байлауда қалдырғандардан басқа иттер мен мысықтар қараусыз деп есептеледі және қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау жөніндегі арнайы қызметтермен аулануға жатады.

      11. Қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау кестеге сәйкес немесе жеке және заңды тұлғалардың өтініштері бойынша жүзеге асырылады.

      12. Қараусыз қалған жануарларды аулау кезінде оларды жарақаттайтын немесе денсаулықтарына және өміріне зиян келтіретін техникалық құралдарды және ветеринариялық препараттарды қолданбайды.

      13. Ауланған қаңғыбас иттер мен мысықтар олардың тиесілігі анықталғанға дейін Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 246-бабына сәйкес екі айға дейін уақытша ұстау орындарына жеткізіледі.

6 тарау. Ауланған жануарларды тасымалдау

      14. Ауланған иттер мен мысықтарды тасымалдау қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау жөніндегі арнайы қызметтермен арнайы символикасы және телефон нөмірі бар арнайы металл торлармен жабдықталған автокөлікте (бұдан әрі – арнайы автокөлік) жүргізіледі.

      15. Ауланған қаңғыбас жануарларды тасымалдауға арналған автомобиль аулау процесінде зардап шеккендерге шұғыл көмек көрсетуге арналған ветеринариялық құралдар жиынтығымен жабдықталады, табиғи желдеткішпен жабдықталған.

      16. Ауланған қаңғыбас иттер мен мысықтарды жануарлардың өлекселерімен бір мезгілде тасымалдауға жол берілмейді.

      17. Ауланған жануарларды тасымалдау ит пен мысыққа зақым келтіруге немесе олардың денсаулығына өзге де зиян келтіруге жол бермейтін әдістермен жүргізіледі.

7 тарау. Қаңғыбас иттер мен мысықтарды уақытша ұстау изоляторында ұстау тәртібі

      18. Ауланған иттер мен мысықтар уақытша ұстау изоляторына орналастырылады.

      19. Иттер мен мысықтарды тіркеу, ұстау, тамақтандыру, қарау, жою жөніндегі іс-шараларды, сондай-ақ изоляторды қажетті құрал жабдықтармен жарақтандыруды қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау жөніндегі арнайы қызметтер қамтамасыз етеді.

8 тарау. Қаңғыбас иттер мен мысықтарды жою тәртібі

      20. Қаңғыбас иттер мен мысықтарды жою Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы Министрінің 2014 жылғы 30 желтоқсандағы № 16-02/701 бұйрығымен бекітілген Жануарларға қарау қағидасына сәйкес жүргізіледі (Қазақстан Республикасының Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10183 тіркелген).

      21. Жою туралы шешімді дауыс беру құқығы бар волонтерлер қатысатын комиссия қабылдайды (комиссия құрамы жергілікті атқарушы органдардың ішкі бұйрығымен бекітіледі).

9 тарау. Осы Ережені бұзғаны үшін жауапкершілік

      22. Осы Қағидалардың талаптарын бұзған кінәлі тұлғалар "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің 408-бабына сәйкес жауапты болады.

  Ақтөбе облыстық мәслихатының 2021 жылғы 24 желтоқсандағы № 108 шешіміне № 2 қосымша

Ақтөбе облыстық мәслихатының күші жойылған ТІЗБЕСІ

      1. Ақтөбе облыстық мәслихатының "Ақтөбе облысының қалаларында және басқа елді мекендерінде иттер мен мысықтарды асырау және серуендету, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою Қағидалары туралы" 2013 жылғы 5 маусымдағы № 122 шешімі (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 3601 болып тіркелген);

      2. Ақтөбе облыстық мәслихатының 2015 жылғы 27 наурыздағы № 292 "облыстық мәслихаттың 2013 жылғы 5 маусымдағы № 122 "Ақтөбе облысының қалалары мен басқа да елді мекендерінде иттер мен мысықтарды асырау және серуендету, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою Қағидалары туралы" шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы " шешімі (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 4312 болып тіркелген);

      3. Ақтөбе облыстық мәслихатының 2020 жылғы 5 маусымдағы № 531 "облыстық мәслихаттың 2013 жылғы 5 маусымдағы № 122 "Ақтөбе облысының қалалары мен басқа да елді мекендерінде иттер мен мысықтарды асырау және серуендету, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою Қағидалары туралы" шешіміне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы " шешімі (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7175 болып тіркелген).

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады