Жаңаарқа ауданы әкімі аппаратының мемлекеттік қызметшілеріне көтермелеулерді қолдану қағидаларын бекіту туралы

Күшін жойған

Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданының әкімдігінің 2021 жылғы 16 наурыздағы № 25/01 қаулысы. Қарағанды облысының Әділет департаментінде 2021 жылғы 25 наурызда № 6259 болып тіркелді. Күші жойылды - Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданының әкімдігінің 2024 жылғы 12 желтоқсандағы № 122/02 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданының әкімдігінің 12.12.2024 № 122/02 қаулысымен (оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы, "Құқықтық актілер туралы" 2016 жылғы 6 сәуірдегі, "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" 2015 жылғы 23 қарашадағы Заңдарына сәйкес, Жаңаарқа ауданының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Жаңаарқа ауданы әкімі аппаратының мемлекеттік қызметшілеріне көтермелеулерді қолдану қағидалары бекітілсін.

      2. "Жаңаарқа ауданы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесі заңнамада белгіленген тәртіппен осы каулының мемлекеттік тіркелуін камтамасыз етсін.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау "Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесінің басшысына жүктелсін.

      4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Жаңаарқа ауданының әкімі Ю. Беккожин

  Жаңаарқа ауданы
әкімдігінің
2021 жылғы 16
наурыздағы
№ 25/01
қаулысына қосымша

Жаңаарқа ауданы әкімі аппаратының мемлекеттік қызметшілеріне көтермелеулерді қолдану қағидалары

      1. Жаңаарқа ауданы әкімі аппаратының (бұдан әрі-Аппарат) мемлекеттік қызметшілеріне көтермелеулерді қолдану қағидалары "Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы" Заңының 35-бабына сәйкес әзірленді және "Қарағанды облысы Жаңаарқа ауданы әкімінің аппараты" мемлекеттік мекемесінің мемлекеттік қызметшілеріне көтермелеулерді қолдану тәртібін айқындайды.

      2. Аппараттың мемлекеттік қызметшілеріне келесі көтермелеулер қолданылады:

      1) біржолғы ақшалай сыйақы;

      2) алғыс жариялау;

      3) грамотамен марапаттау;

      4) көтермелеудің өзге де нысандары, оның ішінде ведомстволық наградалармен марапаттау.

      3. Бір ерекшелігі үшін мемлекеттік қызметшіге тек бір көтермелеу қолданылады.

      4. Аппараттың мемлекеттік қызметшілері лауазымдық міндеттерін үлгілі орындағаны, мінсіз мемлекеттік қызметі, ерекше маңыздылығы мен күрделілігі бар тапсырмаларды орындағаны үшін және жұмыстағы басқа жетістіктері үшін, сондай-ақ олардың қызметін бағалау нәтижелері бойынша көтермеленеді.

      5. Аппараттың мемлекеттік қызметшілерін көтермелеу құрамын аудан әкімі бекіткен комиссия (бұдан әрі - Комиссия) шешімі негізінде жүргізіледі.

      6. Аппараттың әкімшілік мемлекеттік қызметшілері қызметтік міндеттерін үлгілі орындағаны, мінсіз мемлекеттік қызметі үшін біржолғы ақшалай сыйақымен көтермеленеді.

      Осы тармақта көзделген біржолғы ақшалай сыйақылар төлемі Жаңаарқа ауданы әкімі аппаратының бюджеттік бағдарламасын қаржыландыру жоспары бойынша қаржыны үнемдеу жолымен жүзеге асырылады.

      7. Ерекше маңыздылығы мен күрделілігі бар тапсырмаларды орындағаны және жұмыстағы басқа жетістіктері үшін, сондай-ақ олардың қызметін бағалау нәтижелері бойынша мемлекеттік қызметшілерге осы қағиданың 6 тармағында көрсетілген Жаңаарқа ауданы әкімі аппаратының бюджеттік бағдарламасын қаржыландыру жоспарына сәйкес, Аппаратты ұстауға берілген аудандық бюджеттен үнемделген қаражат есебінен комиссия ұсынымдары негізінде аудан әкімінің шешімі бойынша біржолғы ақшалай сыйақымен көтермеленеді.

      8. Аппараттың мемлекеттік қызметшілеріне біржолғы ақшалай сыйақы төлеу аудан әкімінің өкімімен жүзеге асырылады.

      9. Лауазымдық міндеттерін үлгілі орындағаны, қызметте жоғары нәтижеге қол жеткізгені, ерекше маңызды міндеттерді шешуге қосқан жеке үлесі үшін мемлекеттік қызметшілер аудан әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталады.

      10. Аппараттың мемлекеттік қызметшілерін Жаңаарқа ауданы әкімінің Құрмет грамотасымен марапаттаумен көтермеленуді есепке алуды аудан әкімі аппаратының кадрлық қызмет бөлімі мемлекеттік қызметшінің еңбек кітапшасына және жеке іс қағазына деректерді енгізе отырып жүзеге асырады.

      11. Аппараттың мемлекеттік қызметшілеріне көтермелеудің өзге нысандары Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес қолданылады.

      12. Мемлекеттік қызметшілер көтермелеуге жатпайды:

      1) алынбаған тәртіптік жазасы болған кезде;

      2) сынақ мерзімінен өту кезеңінде;

      3) Аппаратта бір айдан аз жұмыс істегендер.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады