Ақтоғай ауданында мүгедектігі бар балалар қатарындағы кемтар балаларды жеке оқыту жоспары бойынша үйде оқытуға жұмсаған шығындарын өндіріп алу тәртібі мен мөлшерін айқындау туралы

Жаңартылған

Павлодар облысы Ақтоғай аудандық мәслихатының 2021 жылғы 30 наурыздағы № 17/4 шешімі. Павлодар облысының Әділет департаментінде 2021 жылғы 8 сәуірде № 7240 болып тіркелді.

      Ескерту. Тақырыбы жаңа редакцияда - Павлодар облысы Ақтоғай аудандық мәслихатының 10.08.2023 № 44/6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 6-бабы 1-тармағының 15) тармақшасына, Қазақстан Республикасының 2002 жылы 11 шілдедегі "Кемтар балаларды әлеуметтік және медициналық-педагогикалық түзеу арқылы қолдау туралы" Заңының 16-бабы 4) тармақшасына, Қазақстан Республикасының 2016 жылғы 6 сәуірдегі "Құқықтық актілер туралы" Заңының 46-бабы 2-тармағының 4) тармақшасына сәйкес Ақтоғай аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Ақтоғай ауданында мүгедектігі бар балалар қатарындағы кемтар балаларды жеке оқыту жоспары бойынша үйде оқытуға жұмсаған шығындарын өндіріп алу тәртібі мен мөлшері осы шешімнің қосымшасына сәйкес айқындалсын.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - Павлодар облысы Ақтоғай аудандық мәслихатының 10.08.2023 № 44/6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.
      2. Алып тасталды - Павлодар облысы Ақтоғай аудандық мәслихатының 10.08.2023 № 44/6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      3. Ақтоғай аудандық мәслихатының 2017 жылғы 28 қыркүйектегі "Ақтоғай ауданында мүгедектер қатарындағы кемтар балаларды жеке оқыту жоспары бойынша үйде оқытуға жұмсаған шығындарын өндіріп алу туралы" № 106/20 шешімінің (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5639 болып тіркелген, 2017 жылғы 19 қазанда Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің эталондық бақылау банкінде электрондық түрде жарияланған) күші жойылды деп танылсын.

      4. Осы шешімнің орындалуын бақылау Ақтоғай аудандық мәслихаттың әлеуметтік сала мен заңдылық жөніндегі тұрақты комиссиясына жүктелсін.

      5. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Ақтоғай аудандық мәслихатының сессия төрағасы Л. Дисенова
      Ақтоғай аудандық мәслихатының хатшысы Ж. Ташенев
     

      Павлодар облысы
Ақтоғай аудандық
мәслихатының 2023 жылғы
10 тамыздағы № 44/6
шешіміне қосымша


      Ақтоғай ауданында мүгедектігі бар балалар қатарындағы кемтар балаларды жеке оқыту жоспары бойынша үйде оқытуға жұмсаған шығындарын өндіріп алу тәртібі мен мөлшері

      Ескерту. Шешім қосымшасымен толықтырылды - Павлодар облысы Ақтоғай аудандық мәслихатының 10.08.2023 № 44/6 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.

      1. Ақтоғай ауданында мүгедектігі бар балалар қатарындағы кемтар балаларды жеке оқыту жоспары бойынша үйде оқытуға жұмсаған шығындарын өндіріп алудың осы тәртібі мен мөлшері Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2021 жылғы 25 наурыздағы № 84 "Әлеуметтік – еңбек саласында мемлекеттік қызметтерді көрсетудің кейбір мәселелері туралы" (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 22394 болып тіркелген) бұйрығымен бекітілген (әрі қарай – шығындарды өтеу Қағидалары) "Мүгедектігі бар балаларды үйде оқытуға жұмсалған шығындарды өтеу" мемлекеттік қызметін көрсету Қағидаларына сәйкес әзірленді.

      2. Мүгедектігі бар балалар қатарындағы кемтар балаларды жеке оқыту жоспары бойынша оқытуға жұмсалған шығындарды өндіріп алуды (бұдан әрі – оқытуға жұмсалған шығындарды өндіріп алу) "Ақтоғай ауданы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі мүгедектігі бар баланың үйде оқу фактісін растайтын оқу орынының анықтамасы негізінде жүргізеді.

      3. Оқытуға жұмсалған шығындарды өндіріп алу (толық мемлекеттің қамсыздандыруындағы мүгедектігі бар балалардан және оларға қатысты ата-аналары ата-ана құқығынан айырылған мүгедектігі бар балалардан басқа) отбасының табысына қарамастан мүгедектігі бар балалардың ата-анасының біреуіне немесе өзге де заңды өкілдеріне беріледі.

      4. Оқытуға жұмсалған шығындарды өндіріп алу өтініш берілген айдан бастап мүгедектігі бар баланы үйде оқыту фактісін растайтын оқу орнынан анықтамада көрсетілген мерзім аяқталған айға дейін жүргізіледі.

      5. Шығындарды өтеуді тоқтатуға әкеп соққан жағдайлар бар болғанда (мүгедектігі бар баланың он сегіз жасқа толуы, мүгедектік мерзімінің аяқталуы, мүгедектігі бар баланың мемлекеттік мекемелерде оқып жатқан кезеңі, мүгедектігі бар баланың қайтыс болуы) төлем тиісті жағдайлар туындағаннан кейінгі айдан бастап тоқтатылады.

      6. Оқытуға жұмсалған шығындарды өндіріп алу үшін өтініш беруші "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" коммерциялық емес ақционерлік қоғамы немесе "электрондық үкімет" веб-порталы (бұдан әрі – Портал) осы шығындарды өтеу Қағидаларының 3-қосымшасына сәйкес "Мүгедектігі бар балаларды үйде оқытуға жұмсалған шығындарды өтеу" мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын негізгі талаптар тізбесінде көрсетілген құжаттарды қоса шығындарды өтеу Қағидаларының 1 немесе 2-қосымшаларына сәйкес нысан бойынша өтінішпен жүгінеді.

      Өтініш беруші оқытуға жұмсалған шығындарды өндіріп алу бойынша төлемді тағайындау үшін Портал арқылы жүгінген кезде ұсынылған мәліметтерді растау және шығындарды өтеу Қағидаларының 2-қосымшасына сәйкес өтініш нысанында көзделген қажетті мәліметтерді алу үшін мемлекеттік органдардың және (немесе) ұйымдардың ақпараттық жүйелеріне сұрау салуды өтініш берушінің өзі жүзеге асырады.

      7. Мүгедектігі бар балалар қатарындағы кемтар балаларды жеке оқыту жоспары бойынша үйде оқытуға жұмсаған шығындарын өндіріп алу мөлшері әр мүгедектігі бар балаға тоқсанына сегіз айлық есептік көрсеткішке тең.

      8. Оқытуға жұмсалған шығындарды өндіріп алудан бас тарту негіздері шығындарды өтеу Қағидаларының 3-қосымшасының тоғызыншы жолында көзделген.

     

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады