Валидациялау мен верификациялауды жүргізу қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 2022 жылғы 14 қаңтардағы № 12 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 20 қаңтарда № 26587 болып тіркелді.

      Қазақстан Республикасы Экология кодексінің 304-бабының 8-тармағына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Валидациялау мен және верификациялауды жүргізу қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Климаттық саясат және жасыл технологиялар департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастырылуын;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтердің ұсынылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Экология, геология және табиғи
ресурстар министрі
С. Брекешев
      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Сауда және интеграция министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Экология, геология және
табиғи ресурстар министрі
2022 жылғы 14 қаңтардағы
№ 12 Бұйрығымен
бекітілген

Валидациялау мен верификациялауды жүргізу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер.

      1. Осы Валидациялау және верификациялауды жүргізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Экология кодексінің 304-бабының 8-тармағына сәйкес әзірленді және мониторинг жоспарының валидациялау рәсімдерін, көміртегі офсеттерінің жобалары жөніндегі құжаттаманы, верификациялау және парниктік газдарды түгендеу туралы есептің және көміртегі офсеттері бойынша дұрыстығын растауды қамтамасыз етуге бағытталған.

      2. Осы Қағидаларда мынадай терминдер мен анықтамалар пайдаланылады:

      1) аккредиттеу – ҚР СТ ISO 14064-3, ҚР СТ ISO 14065, ҚР СТ ISO 17029 стандарттарында және осы Қағидаларда белгіленген талаптарды растау үшін Ұлттық аккредиттеу органының сәйкестікті бағалау саласындағы аккредиттеу туралы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылатын валидациялау және верификациялау жөніндегі органдарды аккредиттеу;

      1-1) аккредиттеу аттестаты – аккредиттеу жөніндегі орган беретін, аккредиттеу субъектілерінің сәйкестікті бағалаудың белгілі бір саласында жұмыстарды орындауға құзыреттілігін куәландыратын құжат;

      2) аккредиттеу саласы – аккредиттеу қолданылатын сәйкестікті бағалаудың ресми танылған объектілері;

      3) алаң – ұйым өз қызметін жүзеге асыратын немесе қызмет көрсететін орын;

      4) бағалаушы – ҚР СТ ISO 14064-3, ҚР СТ ISO 14065, ҚР СТ ISO 17029 стандарттарының және осы Қағидалардың талаптарына сәйкес валидациялау және верификациялау жөніндегі органның бағалау тобының құрамында немесе жеке орындау үшін Ұлттық аккредиттеу органы тағайындаған тұлға;

      5) бақылау жүйесі – оларды үздіксіз басқаруды қоса алғанда, парниктік газдар шығарындыларын түгендеу туралы жыл сайынғы есепті немесе қызмет туралы деректер нәтижелерінің негізінде көміртегі офсетін өткізу туралы есепті қамтамасыз ету үшін, бұл ретте қандай да бір олқылықтарды болдырмай және мониторинг жоспарына, осы Қағидаларға және Қазақстан Республикасының Экология кодексіне сәйкес белгіленген, құжатталған, енгізілген, жұмыс жағдайында ұсталатын және олардың көмегімен бақылау жүйесі жақсартылатын іс-шаралар кешені;

      6) бақылау жөніндегі қызмет – квоталанатын қондырғының немесе көміртегі офсетінің операторы оларға тән тәуекелдерді төмендету мақсатында жүзеге асыратын іс-әрекеттер немесе шаралар;

      7) бұрмалау – парниктік газдарды түгендеу туралы есепте немесе көміртегі офсетін өткізу туралы есепте қателер, олқылықтар, дұрыс емес немесе дұрыс емес ақпарат;

      7-1) валидатор – валидациялауды жүргізуге және валидация бойынша есеп жасауға жауапты құзыретті және бейтарап тұлға;

      8) валидациялау – парниктік газдардың шығарылуын қысқарту немесе сіңірілуін ұлғайту жөніндегі жобаларды әзірлеу шеңберінде мониторинг жоспарының, сондай-ақ құжаттаманың халықаралық стандарттарда және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкестігін бағалау мен растаудың жүйелі, тәуелсіз және құжатпен рәсімделген процесі;

      8-1) валидациялау және верификациялау жөніндегі жоспар – валидациялау және верификациялау жөніндегі орган әзірлеген және іс-қимылдар мен кестелерді сипаттайтын құжаттамалық ресімделген іс-шаралар кешені, оның ішінде:

      валидациялау/верификациялаудың мақсаттары мен қолдану аясы;

      валидациялау/верификациялау командасының мүшелерін және олардың командадағы рөлдері мен міндеттерін айқындау;

      валидациялау/верификациялау жөніндегі қызметтің мерзімдері мен ұзақтығы;

      белгілі бір талаптар;

      9) валидациялау және верификациялау жөніндегі орган – Қазақстан Республикасы Экология кодексінің 304-бабы 3-тармағына сәйкес аккредиттелген валидациялауды және/немесе верификациялауды валидациялаудың және/немесе верификациялаудың келісілген критерийлеріне сәйкестікке валидациялауды және/немесе верификациялауды орындайтын орган;

      9-1) верификатор – верификациялауды жүргізуге және верификациялау жөніндегі хаттамаға жауапты құзыретті және бейтарап тұлға;

      10) верификациялау – парниктік газдардың шығарылуын түгендеу туралы есепте және парниктік газдардың шығарылуын қысқарту немесе сіңірілуін ұлғайту жөніндегі жобаларды іске асыру туралы есепте көрсетілген мәліметтердің халықаралық стандарттарда және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкестігін бағалаудың және анықтығын растаудың жүйелі, тәуелсіз және құжатпен ресімделген процесі;

      11) верификациялау жөніндегі ішкі құжаттама – валидациялау және верификациялау жөніндегі орган қызметтің барлық құжаттық растамалары мен негіздемелерін тіркеу, парниктік газдарды түгендеу туралы есепті немесе көміртегі офсетін іске асыру туралы есепті тексеру үшін жинаған барлық ішкі құжаттама;

      12) верификациялық тәуекел – егер парниктік газдардарды түгендеу туралы есепте немесе көміртегі офсетін іске асыру есебінде Елеулі бұрмалаулар болса, верификатор верификациялау бойынша теріс пікір рәсімдейтінін ажырамас тәуекелдің, бақылау тәуекелінің және анықтау тәуекелінің ажырамас бөлігі болып табылатын тәуекел;

      13) елеулі бұрмалау – болжамды пайдаланушылардың шешімдеріне әсер ететін қондырғы операторының есебінде немесе көміртегі офсетін іске асыру туралы есепте жекелеген нақты бұрмалау немесе олардың жиынтығы;

      14) жетекші валидатор немесе верификатор – ол валидация және верификация процесінің орындалуына жауапты, валидациялау және верификациялау жөніндегі топтың іс – әрекеттеріне басшылық жасауды және бақылауды іске асыратын валидациялау және верификациялау жөніндегі органның аудиторы;

      15) офсеттік жоба мониторингінің жоспары – көміртегі офсеттерін жүзеге асыру қағидаларында бекітілген нысан бойынша жасалатын көміртегі офсеті мониторингінің жоспары;

      16) жобаға өтініш беруші – қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті органның (бұдан әрі – уәкілетті орган) қарауына және мақұлдауына көміртегі офсетінің жобасын ұсынатын жеке тұлға, заңды тұлға немесе заңды тұлғалар тобы;

      17) жобалау құжаттамасы – Қазақстан Республикасы Экология кодексінің 298-бабының 4-тармағына сәйкес нысан бойынша жасалатын парниктік газдар шығарындыларын азайту немесе сіңірулерін ұлғайту жөніндегі жобаның құжаттамасы;

      18) парниктік газдар шығарындыларын азайту немесе сіңірулерін ұлғайту жөніндегі жоба – Қазақстан Республикасының экономиканың кез келген секторларында жүзеге асырылатын және базалық сценарийде (көміртегі офсеті) сәйкестендірілген шарттарды өзгертетін парниктік газдар шығарындыларын азайтуға және (немесе) парниктік газдар сіңірулерін ұлғайтуға бағытталған қызмет немесе қызмет түрлері;

      19) квоталау субъектісі мониторингінің жоспары – Қазақстан Республикасы Экологиялық кодексінің 293-бабының 1-тармағына сәйкес нысан бойынша жасалатын көміртегі офсеті мониторингінің жоспары;

      20) көміртекті офсетті өткізу туралы есеп – Қазақстан Республикасы Экология кодексінің 298-бабының талаптарына сәйкес көміртегі офсетін іске асыру туралы ақпаратты қамтитын есеп;

      21) куәландыру деңгейі – верификациялау жүргізудің мән-жайларына сәйкес верификациялау тәуекелін төмендету мақсатына сүйене отырып, верификатор парниктік газдар шығарындылары туралы ресми мәлімдемеге беретін сенім дәрежесі;

      22) квоталау субъектісінің есебі – Қазақстан Республикасы Экология кодексінің 294-бабына сәйкес квоталау субъектісі ұсынатын парниктік газдар шығарындыларын түгендеу туралы жыл сайынғы есеп;

      23) қоршаған ортаны бақылау – ішкі бақылау жүйесі жұмыс істейтін орта және осы ішкі бақылау жүйесі туралы хабардар болуды қамтамасыз етуге бағытталған қондырғы операторы немесе көміртегі офсеті операторы басшылығының жалпы әрекеттері;

      24) маңыздылық – болжамды пайдаланушылардың шешімдеріне әсер ететін жеке бұрмалану немесе бұрмаланулар жиынтығы;

      25) маңыздылық деңгейі – сандық шекті немесе ең төменгі қолайлы деңгейді, одан асып кеткен кезде бұрмалау жеке-жеке немесе басқа да бұрмалаулармен жиынтығында верификатор болжамды пайдаланушылардың шешімдеріне әсер ететін маңыздылық ретінде қарайды;

      26) растаудың ақылға қонымды деңгейі – қамтамасыз ету үшін верификациялаудың сипаты мен ауқымы растаудың жоғары, бірақ абсолютті деңгейінде емес айқындалатын парниктік газдар шығарындылары бойынша тарихи деректер мен ақпараттың расталу деңгейі. Көміртекті квоталау мақсаттары үшін растаудың ақылға қонымды деңгейі қолданылады;

      27) талдамалық рәсімдер – парниктік газдар жөніндегі деректер мен парниктік газдар жөніндегі ақпаратқа жатпайтын деректер арасындағы ықтимал байланыстарды талдау жолымен жүргізілген парниктік газдар жөніндегі ақпаратты бағалау;

      28) тәуелсіз рецензент – валидациялау/верификациялау процестерінің ашықтығын, дұрыстығын және олардың ҚР СТ ISO 14064-3 талаптарына және Қазақстан Республикасының парниктік газдар шығарындыларын реттеу саласындағы заңнамасына сәйкестігін растау мақсатында валидация немесе верификация бойынша қорытындылар, қызметтің дұрыстығын тексеруді жүзеге асыратын және валидациялау/верификациялау тобының мүшесі болып табылмайтын құзыретті тұлға;

      29) техникалық сарапшы – қондырғы операторының парниктік газдарды түгендеу туралы есебін немесе көміртегі офсетін іске асыру жобасын бағалау жағдайында валидациялық немесе верификациялық қызметті жүзеге асыру үшін, сондай-ақ валидациялау және верификациялау жөніндегі органдарды аккредиттеу жүргізілген жағдайда аккредиттеуді жүзеге асыру үшін қажетті нақты пән бойынша егжей-тегжейлі білім мен сараптамалық қорытындылар беретін тұлға;

      30) шектеулі сенімділік деңгейі – верификацияның немесе валидацияның сипаты мен ауқымы растаудың шектеулі деңгейінде айқындалатын тарихи деректер мен ақпаратты куәландыру деңгейі. Квоталау мақсаттары үшін валидация кезінде растаудың шектеулі деңгейі қолданылады.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Экология және табиғи ресурстар министрінің 28.02.2024 № 49 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      3. Осы Валидациялау және верификациялауды жүргізу қағидалары Қазақстан Республикасында қабылданған ҚР СТ ISO 14064-3 "Парниктік газдар. 3-бөлім. Парниктік газдар жөніндегі өтініштерге қатысты валидациялау және верификациялау жөніндегі талаптар мен нұсқаулық", ҚР СТ ISO 14065 "Қоршаған орта туралы ақпаратты валидациялау және верификациялау жөніндегі органдарға қойылатын жалпы қағидаттар мен талаптар", ҚР СТ ISO 14066 "Парниктік газдар. Парниктік газдарды валидациялау және верификациялау жөніндегі топтардың құзыреттілігіне қойылатын талаптар", ҚР СТ ISO/EIC 17029 "Сәйкестікті бағалау. Валидациялау және верификациялау органдарына қойылатын жалпы қағидаттар мен талаптар" ұлттық және халықаралық стандарттарды ескере отырып қолданылады.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Экология және табиғи ресурстар министрінің 28.02.2024 № 49 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

2-тарау. Валидациялау және/немесе верификациялау процесін ұйымдастыру тәртібі

      4. Квоталау субъектісі немесе көміртегі офсеті жобасына өтінім беруші қондырғы қызметін немесе көміртегі офсетін жүзеге асыратын экономиканың реттелетін секторы үшін аккредиттеудің тиісті саласына ие және валидациялау немесе тиісті деректерді, ақпаратты, рәсімдер мен құжаттарды верификациялау жөніндегі жұмыстарды жүргізу үшін верификаторлардың немесе валидаторлардың құзыретті тобы бар валидациялау және верификациялау жөніндегі органды айқындайды және онымен валидациялау немесе верификациялау жөніндегі жұмыстарды жүргізуге шарт жасасады.

      5. Квоталау субъектісі немесе жобаға өтініш беруші және валидация және верификация жөніндегі орган валидация немесе верификация жөніндегі жұмыстарды жүргізуге арналған шартта куәландыру деңгейін, маңыздылық деңгейін белгілейді, жұмыстардың алдын ала кестесін, мақсаттары мен критерийлерін, валидацияны немесе верификацияны қолдану саласы мен жүргізу кезеңін келіседі. Бұл ретте, мәнділік деңгейі есепті жылы СО2 жалпы шығарындылары 500 000 тонна және одан жоғары болатын операторлар үшін СО2 жалпы эмиссияларының 2%-нан аспайтын тең деп қабылданады. СО2 жалпы шығарындылары 500 000 тоннадан кем СО2 5% аспайтын қондырғы операторлары үшін.

      6. Валидациялауға және верификациялауға дайындық кезінде валидациялау және верификациялау жөніндегі орган мынадай іс-шараларды жүзеге асырады:

      1) валидация немесе верификация көлемін айқындау үшін квоталанатын қондырғының және/немесе офсеттік жобаның операторы ұсынған ақпаратқа талдау жүргізу;

      2) Әлеуетті валидациялау немесе верификациялау оның аккредиттеу саласына жататындығын анықтау;

      3) валидациялау және верификациялау жөніндегі органның парниктік газдар шығарындыларын азайту немесе сіңірулерін ұлғайту жөніндегі қондырғының бүкіл кешеніне немесе жобаға аудит жүргізуге, сондай-ақ валидациялауды немесе верификациялауды қабілетті валидациялау немесе верификациялау жөніндегі топты таңдау үшін қажетті құзыретінің, персонал мен ресурстардың болуын бағалау, сондай-ақ ҚР СТ ISO/IEC 17029 "Сәйкестікті бағалау. Валидациялау және верификациялау органдарына қойылатын жалпы қағидаттар мен талаптар" 9.4.1-тармағында көзделген уағдаласқан қатынастар шеңберінде квоталау субъектісі Қазақстан Республикасы Экология кодексінің 293-бабының 2-тармағында және 294-бабының 2-тармағында көзделген құжаттамаларды ұсынғанға дейін валидациялауды немесе верификациялауды мерзімінде сәтті аяқтау;

      4) квоталанатын қондырғының нақты операторы немесе парниктік газдар шығарындыларын азайту немесе сіңірулерін ұлғайту жөніндегі жобаның өтініш берушісі үшін валидациялау немесе верификациялау жүргізу үшін қажетті тұлғаларды қамтитын құзыреттілігі бар валидациялау немесе верификациялау жөніндегі әлеуетті топты ұйымдастыру мүмкіндіктерін бағалау;

      5) валидациялау немесе верификациялау бойынша әрбір шарт үшін валидациялауды немесе верификациялауды тиісінше жүргізу үшін қажетті уақытша кезеңді айқындау.

      Ескерту. 6-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Экология және табиғи ресурстар министрінің 28.02.2024 № 49 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      7. Шартты орындау үшін уақытша кезеңді айқындау мақсатында валидациялау және верификациялау жөніндегі орган мынадай талаптарды айқындайды:

      1) қондырғының кешенділігі;

      2) парниктік газдар шығарындыларын азайту немесе сіңірулерін ұлғайту жөніндегі жобаның ауқымдылығы;

      3) ақпарат деңгейі және мониторинг жоспарының күрделілігі;

      4) талап етілетін маңыздылық деңгейі;

      5) қызмет және бақылау жүйесі бойынша деректердің күрделілігі және толықтығы;

      6) парниктік газдар шығарындыларына жататын ақпарат пен деректердің немесе парниктік газдар шығарындыларын азайту немесе сіңірулері туралы деректердің орналасқан жері жатады.

      8. Валидациялау немесе верификациялау бойынша шартты орындау үшін қосымша уақыт мынадай талаптар болған кезде беріледі:

      1) валидациялау немесе верификациялау кезінде квоталау субъектісінің қызметі, бақылау және мониторинг жөніндегі іс-шаралары немесе технологиялық процестері бойынша деректер бастапқыда болжанғаннан анағұрлым күрделі болып табылатыны анықталса;

      2) валидациялау және верификациялау жөніндегі орган деректер мен ақпаратты іріктеу кезінде елеулі қателерді, бұрмалануларды, сәйкессіздіктерді немесе тексеру үшін іріктелген деректер мен ақпараттың жеткіліксіз екенін анықтайды.

      9. Квоталау субъектісі Экология кодексінің 293-бабы 2-тармағының талаптарына сәйкес квоталанатын қондырғының парниктік газдар шығарындылары мониторингінің жоспарын валидациялауға жібереді.

      Квоталау субъектісі Экология кодексінің 294-бабының 4-тармағына сәйкес парниктік газдар шығарындыларын түгендеу туралы есепті верификацияға жібереді.

      10. Осы Қағидалардың 6, 7, 8, 9-тармақтарында көрсетілген мәселелерді келісу қорытындылары бойынша валидациялау және верификациялау жөніндегі орган валидациялау және верификациялау жоспарын әзірлейді.

      11. Валидациялау және верификациялау жоспарында валидациялау және верификациялау жүргізуге байланысты барлық ықтимал тәуекелдер және ықтимал тәуекелдерді азайту жөніндегі шаралар көзделеді. Ықтимал тәуекелдерді азайту шараларына мыналар жатады:

      1) 5 жылдан астам уақыт бойы квоталанатын қондырғының бір операторы бойынша валидациялау және верификациялау қызметтері тұрақты көрсетілген жағдайларда валидациялау және верификациялау жүргізуге тартылған адамдар арасында мүдделер қақтығысын болғызбау, оларды кезең-кезеңімен ротациялау;

      2) валидациялау және верификациялау үшін деректердің қолжетімділігін қамтамасыз ету;

      3) валидациялау және верификациялау жүргізу кезінде алаңға бару;

      4) валидациялау және верификациялау процесін мониторингілеу;

      5) ҚР СТ ISO 14066 "Парниктік газдар. Парниктік газдарды валидациялау және верификациялау жөніндегі топтардың құзыреттілігіне қойылатын талаптар" ұлттық стандартына сәйкес валидациялау және верификациялау жүргізуге тартылған адамдардың құзыреттілігін қамтамасыз ету.

      Ескерту. 11-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Экология және табиғи ресурстар министрінің 28.02.2024 № 49 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

3-тарау. Валидациялау рәсімдерін жүргізу тәртібі.

      12. Валидациялау мониторинг жоспарын, сондай-ақ парниктік газдар шығарындыларын азайту немесе сіңірулерін ұлғайту жөніндегі жобаларды әзірлеу шеңберінде құжаттаманы растау жөніндегі жұмыстарды жүргізу кезінде жүзеге асырылады.

      13. Квоталау субъектісімен немесе өтініш берушімен валидациялау жоспарының жобасын келіскеннен кейін квоталау субъектісі немесе жобаның өтініш берушісі осы Қағидалардың 15,16-тармағына сәйкес валидациялау және верификациялау жөніндегі органға деректерді ұсынады.

      14. Мониторинг жоспарының валидациясын жүргізу мақсатында квоталау субъектісі валидациялау және верификациялау жөніндегі органға қондырғыға көміртегі квотасы бірліктерінің жалпы саны туралы деректерді, квоталау субъектісінің қызметі жөніндегі деректердің сипаттамасын, квоталау субъектісімен немесе офсеттік жобаның өтініш берушісімен келісілген және валидациялауды жоспарлау және жүргізу үшін қажетті ақпаратты ұсынады.

      15. Жобалық құжаттама мен мониторинг жоспарының валидациялауын жүргізу кезінде жобаның өтініш берушісі валидациялау және верификациялау жөніндегі органға ұсынады:

      1) көміртекті офсет туралы ақпарат;

      2) парниктік газдар шығарындыларын азайтуды/сіңіруді есептеу үшін пайдаланылған әдістеме;

      3) офсеттік бірліктерді бөлу туралы шартты қоса алғанда, офсеттік жобаның өтініш берушілері туралы ақпарат;

      4) жобаның базалық желісінің, базалық желі шығарындыларының, жобалық шығарындылардың, жылыстаулардың негіздемесін растайтын құжаттар;

      5) жобалық құжаттамада немесе офсеттік жоба мониторингінің жоспарында ұсынылған деректерді растайтын құжаттар.

      16. Квоталау субъектісінің мониторинг жоспарын, жобалық құжаттаманы және офсеттік жобаның мониторинг жоспарын валидациялау кезінде валидациялау және верификациялау жөніндегі орган бағалайды:

      1) құжаттардың Экология кодексінің 298-бабына, Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 2021 жылғы 14 шілдедегі № 251 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 23555 болып тіркелген) бекітілген көміртегі бірліктерінің мемлекеттік тізілімін қалыптастыру және жүргізу қағидаларына және ҚР СТ ISO 14064-3, ҚР СТ ISO 14065, ҚР СТ ISO 17029 стандарттарына сәйкес келуі.

      2) валидациялауға жататын құжаттарда ұсынылған ақпараттың өзектілігі мен анықтығын қамтуға тиіс.

      17. Валидациялау және верификациялау жөніндегі орган квоталау субъектісі мониторингінің жоспары Қазақстан Республикасы Экология кодексінің 293-бабының талаптарына сәйкес келетіндігін бағалайды. Сәйкес келмеген кезде квоталау субъектісі осы талаптарға сәйкес мониторинг жоспарын жаңартуды жүргізеді.

      18. ҚР СТ ISO 14064-3 стандартында көрсетілген валидациялау қағидаттарының сақталуын қамтамасыз ету үшін валидатор квоталау субъектісі немесе жобаға өтініш беруші ұсынған деректерді, деректердің толықтығын тексеру және сараптамалық қорытынды үшін ақпарат пен дәлелдемелерді жинау үшін алаңға баруды жүзеге асырады.

      19. Қондырғыға бару және деректерді тексеру барысында валидатор валидацияланған мониторинг жоспарына сәйкес қондырғының сипаттамаларын, парниктік газдар шығарындыларын есептеу үшін пайдаланылатын коэффициенттерді, технологиялық процестерді, қондырғыдағы парниктік газдар шығарындыларының көздері болып табылатын жабдықтар мен процестердің сипатын, мониторинг жоспарында сипатталған өлшеу аспаптарын және басқа да бастапқы деректер көздерін тексереді.

      20. Квоталау субъектісі валидаторға еңбекті қорғаудың, қауіпсіздік техникасы мен санитариялық қағидалардың белгіленген ішкі қағидалары сақталған жағдайда, қондырғыға жататын және қондырғы туралы қосымша ақпараты бар қондырғыға және басқа да объектілерге қол жеткізуді ұсынады.

      21. Қондырғыға бару барысында валидатор мыналарды бағалайды:

      1) квоталау субъектісі есептілігінің толықтығы және оның Қазақстан Республикасы экологиялық заңнамасының талаптарына сәйкестігі;

      2) мониторинг жоспары мен квоталау субъектісі есебінің сәйкестігі;

      3) квоталау субъектісінің парниктік газдар шығарындыларын түгендеу туралы есеп деректерінің және қондырғының нақты деректерінің сәйкестігі;

      4) парниктік газдар шығарындылары мониторингінің деректерін жинау және басқару жөніндегі ақпаратты қамтиды;

      5) парниктік газдар шығарындыларының процестері, көздері.

      22. Қондырғы құрамында әртүрлі әкімшілік орындарда орналасқан біреуден артық алаң болған кезде валидация және верификация жөніндегі орган келуге жоспарланған алаңдарда парниктік газдар шығарындылары көздерінің жиынтық үлесі орнату бойынша СО2 жалпы эмиссияларының кемінде 70%-ын құрайтындай етіп алаңдарға баруды жоспарлауы тиіс. Қондырғы құрамында парниктік газдар шығарындыларының 50-ден астам көздері болған кезде валидация және верификация жөніндегі орган бару үшін алаң бойынша СО2 эмиссияларының барлық көлемінің кемінде 50%-ын қосатын көздерден тұратын топты айқындауға тиіс.

      23. Валидатор мен верификатор барлық тиісті деректер валидатор мен верификатор үшін қашықтықтан қолжетімді болған жағдайда, мынадай жағдайларда тәуекелді талдау нәтижелері негізінде қондырғыларға бармауға шешім қабылдайды:

      1) бару үшін шектеулі рұқсаты бар, бірақ бұл ретте осы объектіден жиналған және барлық деректер өңделетін, басқарылатын және сақталатын басқа жерге тікелей берілген деректерді орталықтандырудың жоғары деңгейі расталады. Қол қойылған құжат немесе квоталау субъектісі ұсынған күн белгісі бар фотографиялық куәлік осы тексеру уақытынан бастап қондырғы жұмысында қандай да бір өзгерістер болмағанын куәландырады;

      2) пилотсыз алаңда орналасқан қондырғы және пилотсыз учаскеден алынған телеметрия барлық деректер өңделетін, басқарылатын және сақталатын басқа жерге тікелей жіберіледі.

      24. Осы Қағидалардың 21-тармағында көрсетілген құжаттар ұсынылмаған, олар болмаған немесе сәйкессіздіктер анықталған жағдайда, валидатор валидациялау жөніндегі есепте және қорытындыда осы мән-жайды көрсетеді.

      25. Қондырғыға және валидациялау процестеріне бару аяқталғаннан кейін валидациялау және верификацилауя жөніндегі орган:

      1) квоталау субъектісінен немесе жобаның өтініш берушісінен алынған түпкілікті деректерді, оның ішінде тексеру барысында алынған ақпарат негізінде түзетілген деректерді тексереді;

      2) түпкілікті деректер мен бұрын квоталау субъектілеріне немесе жобаға өтінім берушіге берілген деректер арасындағы айырмашылықтардың себептерін қарайды және оларды қорытындыда көрсетеді;

      3) сенімділік деңгейін бағалайды.

      26. Валидация және верификация жөніндегі Орган валидация процестерінің қорытындылары бойынша мыналарды қамтитын ішкі құжаттаманы ресімдейді:

      1) квоталау субъектісі немесе жобаға өтініш беруші жүзеге асыратын қызметті тексеру нәтижелері;

      2) Стратегиялық талдау, тәуекелдерді талдау және валидациялау жоспары.

      27. Валидациялау және верификациялау жөніндегі орган тәуелсіз және құзыретті рецензентке ішкі құжаттаманы және валидациялау жөніндегі есеп жобасын оны квоталау субъектісіне немесе жобаға өтінім берушіге бергенге дейін ұсынады.

      28. Тәуелсіз рецензенттің валидациялау қорытындылары туралы ескертулері немесе ұсынымдары болған жағдайда валидациялау және верификациялау жөніндегі орган валидациялау туралы өз қорытындысын дайындау кезінде осы ескертулерді немесе ұсынымдарды қарайды және ескереді.

      29. Валидациялау және верификациялау жөніндегі орган расталған құжаттардың дұрыстығын және валидациялау сапасын бағалау үшін уәкілетті органның сұрау салуы бойынша ішкі құжаттамаға қол жеткізуді ұсынады.

      30. Тәуелсіз рецензент ішкі құжаттаманы және валидациялау жөніндегі есеп жобасын қарағаннан кейін валидациялау және верификациялау жөніндегі орган Қазақстан Республикасының ҚР СТ ISO 14064-3 "Парниктік газдар. 3-бөлім. Парниктік газдар жөніндегі өтініштерге қатысты валидациялау және верификациялау жөніндегі талаптар мен нұсқаулық" стандартының талаптарына сәйкес валидациялау жөніндегі түпкілікті есепті әзірлейді.

      Ескерту. 30-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Экология және табиғи ресурстар министрінің 28.02.2024 № 49 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      31. Валидациялау бойынша есепке мынадай деректер енгізіледі:

      1) аккредиттеу саласын қоса алғанда, валидациялау және верификациялау жөніндегі органның аккредиттеу туралы аттестатының деректері;

      2) валидациялау бойынша көрсетілетін қызметтерге арналған шарттың нөмірі;

      3) квоталау субъектісінің қызмет саласы;

      4) аудиттен өткен процесті немесе құжатталған рәсімдерді бағалау;

      5) растау деңгейі;

      6) сәйкессіздіктер, бұрмалаулар, олқылықтар, қателер және жақсартулар тізбесі;

      7) валидациялау бойынша жоспар;

      8) валидациялау және верификациялау жөніндегі орган басшысының қолы.

      32. Валидациялау және верификациялау жөніндегі орган валидациялау жөніндегі есепте әдістемелер мен коэффициенттерді қолданудың сәйкестігі мен дұрыстығы туралы ақпаратты көрсетеді.

      33. Валидациялау жөніндегі есеп квоталау субъектісіне немесе офсеттік жобаның өтініш берушісіне валидациялаудың барлық процесі аяқталғаннан кейін беріледі, түпнұсқаның бір данасы валидациялау жөніндегі органда сақталады.

      34. Валидациялау жоспарында өзгерістер болған жағдайда валидациялау және верификациялау жөніндегі орган осы өзгерістер туралы квоталау субъектісін немесе парниктік газдар шығарындыларын азайту немесе сіңірулерін ұлғайту жөніндегі жобаның өтініш берушісін хабардар етеді.

4-тарау. Верификация рәсімдерін жүргізу тәртібі

      35. Верификация парниктік газдарды түгендеу туралы есепте және парниктік газдар шығарындыларын азайту немесе сіңірулерін ұлғайту жөніндегі жобаларды іске асыру туралы есепте көрсетілген мәліметтердің дұрыстығын растау мақсатында жүргізіледі;

      36. Квоталау субъектісімен верификация жоспарын келіскеннен кейін квоталау субъектісі немесе офсеттік жобаның өтініш берушісі валидациялау және верификациялау жөніндегі органға деректерді ұсынады.

      37. Парниктік газдар шығарындыларын түгендеу туралы есепке верификация жүргізу кезінде квоталау субъектісі валидациялау және верификациялау жөніндегі органға мынадай деректерді ұсынады:

      1) қондырғыға көміртегі квотасы бірліктерінің жалпы саны;

      2) квоталау субъектісінің мониторингінің валидацияланған жоспарының соңғы нұсқасы;

      3) квоталау субъектісінің қызметі бойынша деректердің сипаттамасы;

      4) уәкілетті органға ұсынылған квоталарды бөлудің алдыңғы кезеңдері үшін парниктік газдарды түгендеу туралы есептер;

      5) егер мониторинг жоспарына есепті кезең ішінде қандай да бір өзгерістер енгізілсе, онда барлық осы өзгерістердің жазбасы және осы өзгерістер үшін негіздер;

      6) егер валидациялау және верификациялау жөніндегі орган бұрын осы квоталау субъектісімен алдыңғы кезеңдерде верификация жүргізбеген болса, валидациялау және верификациялау жөніндегі басқа орган верификациялаған квоталау субъектісінің есебі;

      7) мониторингтің валидацияланған жоспарына сәйкес шығарындыларды есептеу үшін деңгейлердің қолданылуын көрсететін квоталау субъектісінің куәліктері;

      8) субъектімен келісілген және верификацияны жоспарлау және жүргізу үшін қажетті ақпарат;

      9) аккредиттелген сынақ зертханасы туралы мәліметтер.

      38. Офсеттік жобаны іске асыру туралы есепті верификациялауды жүргізу кезінде жобаның өтініш берушісі валидациялау және верификациялау жөніндегі органға мынадай деректерді ұсынады:

      1) көміртекті офсет туралы ақпарат;

      2) парниктік газдар шығарындыларын азайтуды/сіңіруді есептеу үшін пайдаланылған әдістеме;

      3) офсеттік бірліктерді бөлу туралы шартты қоса алғанда, парниктік газдар шығарындыларын азайту немесе сіңірулерін ұлғайту жөніндегі жобаның өтініш берушілері туралы ақпарат;

      4) жобаның базалық желісінің, базалық желі шығарындыларының, жобалық шығарындылардың, жылыстаулардың негіздемесін растайтын құжаттар;

      5) орнатылған жабдықтың техникалық паспорттары;

      6) бекітілген көміртегі офсеті мониторингінің жоспарында көзделген есептеуіштердің немесе басқа да мониторинг жүйелерінің деректерін қоса алғанда, жобаны іске асыру мониторингінің нәтижелері;

      7) жобалау құжаттамасында немесе көміртегі офсеті мониторингінің жоспарында ұсынылған деректерді растайтын құжаттар.

      39. Квоталау субъектісінің есебін верификациялау кезінде валидациялау және верификациялау жөніндегі орган бағалайды:

      1) квоталау субъектісінің есебі толық болып табыла ма және ол Қазақстан Республикасының Экология кодексінің, осы Қағидалардың талаптарына және ҚР СТ ISO 14064-3-2019, ҚР СТ ISO 14065-2016, ҚР СТ ISO 17029-2020 ұлттық стандарттарына сәйкес келе ме;

      2) мониторинг жоспарының талаптарына сәйкестік;

      3) квоталау субъектісінің есебінде деректер елеулі бұрмалануларды қамти ма;

      4) деректерді бақылау бойынша квоталау субъектісінің қызметі, басқару жүйесі және онымен байланысты рәсімдер туралы олардың мониторингі мен есептілігінің тиімділігін арттыру үшін жеткілікті ақпарат беріле ме.

      Ескерту. 39-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Экология және табиғи ресурстар министрінің 28.02.2024 № 49 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      40. Офсеттік жобаны іске асыру туралы есепті верификациялау кезінде валидациялау және верификациялау жөніндегі орган бағалайды:

      1) квоталау субъектісінің есебі толық болып табыла ма және ол Қазақстан Республикасының Экология кодексінің, осы Қағидалардың талаптарына және ҚР СТ ISO 14064-3 "Парниктік газдар. 3-бөлім. Парниктік газдар жөніндегі өтініштерге қатысты валидациялау және верификациялау жөніндегі талаптар мен нұсқаулық", ҚР СТ ISO 14065 "Қоршаған орта туралы ақпаратты валидациялау және верификациялау жөніндегі органдарға қойылатын жалпы қағидаттар мен талаптар", ҚР СТ ISO 14066 "Парниктік газдар. Парниктік газдарды валидациялау және верификациялау жөніндегі топтардың құзыреттілігіне қойылатын талаптар", ҚР СТ ISO/EIC 17029 "Сәйкестікті бағалау. Валидациялау және верификациялау органдарына қойылатын жалпы қағидаттар мен талаптар" ұлттық стандарттарына сәйкес келе ме;

      2) уәкілетті орган бекіткен мониторинг жоспарының талаптарына сәйкес келуі;

      3) офсеттік жобаны іске асыру туралы есеп деректерінде Елеулі бұрмалаулар бар ма.

      41. Валидациялау және верификациялау жөніндегі орган өз жұмысында растаудың ақылға қонымды деңгейін қамтамасыз ететін және парниктік газдар шығарындыларын немесе шығарындыларын азайту/сіңіру көлемінің елеулі бұрмаланушылықтары жоқ екенін растайтын верификация туралы пікір алу мақсатында тәуекелді бағалауға негізделген тәсілді және парниктік газдар шығарындыларын түгендеу туралы есепті немесе офсеттік жобаны іске асыру туралы есепті қанағаттанарлық деп бағалайды.

      42. Растау деңгейі тексеру әрекеттерінің тереңдігі мен егжей-тегжейімен және тексеру туралы пікір тұжырымын ұсыну формасымен анықталады. Егер верификация процесінде алынған ақпарат верификациялық іс-шараларды түзетуді талап етсе, онда валидациялау және верификациялау жөніндегі орган растаудың ақылға қонымды деңгейіне қол жеткізу үшін талаптарға сәйкес болу үшін верификация процесінде түзету жөніндегі іс-шараларды жүзеге асырады.

      43. Валидациялау және верификациялау жөніндегі орган квоталау субъектісінің мониторинг жоспарының немесе уәкілетті орган бекіткен офсеттік жобаның мониторинг жоспарының, жобалау құжаттамасының негізінде верификация жүргізеді және мониторинг жоспары мен онда сипатталған рәсімдердің қаншалықты дұрыс іске асырылғанын бағалайды. Егер верификатор көрсетілген құжаттардың орындалуы бөлігінде сәйкессіздікті анықтаса, онда ол бұл сәйкессіздікті верификация жөніндегі есепте сипаттайды.

      44. ҚР СТ ISO 14064-3 "Парниктік газдар. 3-бөлім. Парниктік газдар жөніндегі өтініштерге қатысты валидациялау және верификациялау жөніндегі талаптар мен нұсқаулық" стандартында көрсетілген валидациялау және верификациялау қағидаттарының сақталуын қамтамасыз ету үшін верификация жөніндегі топ квоталау субъектісі немесе жобаның өтініш берушісі ұсынған деректерді салыстыру және растау, деректердің толықтығы және сараптамалық қорытындысына ақпарат пен дәлелдемелер жинау үшін алаңға баруды жүзеге асырады.

      Ескерту. 44-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Экология және табиғи ресурстар министрінің 28.02.2024 № 49 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      45. Квоталау субъектісі қондырғының парниктік газдар шығарындыларын түгендеу туралы есепте деректерді растайтын құжаттарды, оның ішінде қондырғыға отын түскеннен бастап қондырғыдағы өнімнің түпкілікті өндірісіне дейінгі қондырғыдағы деректерді басқару жөніндегі ақпаратты ұсынады.

      46. Валидациялау және верификациялау жөніндегі орган отын мен шикізаттың есебін тексереді, ал квоталау субъектісі бухгалтерлік есептілікті қоса алғанда, растайтын деректерді ұсынады.

      47. Валидация және верификация жөніндегі орган верификация рәсімдерін жүргізу кезінде деректерді егжей-тегжейлі талдайды, деректерді растайтын аралас деректерді қолдана отырып, айқаспалы тексеру жүргізеді, парниктік газдар шығарындыларының мониторингіне жауапты адамдармен сұхбат жүргізеді.

      48. Валидациялау және верификациялау жөніндегі орган верификация рәсімдерін жүргізу кезінде деректердің беталысы мен динамикасын бағалайды, анықталған динамиканы осы динамиканы растайтын деректермен салыстырады, динамикадағы күрт ауытқуларды немесе деректердің болмауын анықтайды.

      49. Динамикада күрт ауытқулар немесе деректердің болмауы анықталған жағдайда, квоталау субъектісі немесе жобаның өтініш берушісі ауытқуларды растайтын құжаттарды ұсынады, олардың негізінде анықталған сәйкессіздіктерді ескере отырып есептерге өзгерістер енгізіледі.

      50. Валидациялау және верификациялау жөніндегі орган парниктік газдар шығарындыларының есебін тексеру кезінде Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрінің 2023 жылғы 17 қаңтардағы № 9 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 31735 болып тіркелген) Парниктік газдар шығарындылары мен сіңірулерін есептеу жөніндегі әдістемелерге сәйкес парниктік газдар шығарындылары коэффициенттерін қолданудың дұрыстығын тексереді.

      Ескерту. 50-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Экология және табиғи ресурстар министрінің 28.02.2024 № 49 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      51. Валидациялау және верификациялау жөніндегі орган верификация жөніндегі есепте әдістемелер мен коэффициенттерді қолданудың сәйкестігі мен дұрыстығы туралы ақпаратты көрсетеді.

      52. Валидациялау және верификациялау жөніндегі орган Экология кодексінің 298-бабына сәйкес әзірленген квоталау субъектісінің есебінде, офсеттік жобаны іске асыру туралы есепте көміртегі офсетін мақұлдау және офсеттік бірліктерді ұсыну қағидаларының талаптарымен ұсынылған деректердің сәйкестігін бағалайды, ұсынылған деректердің елеулі қателер мен сәйкессіздіктердің болмауын растайды және верификация жүргізу қағидаттарына сәйкес келеді.

      53. Деректердің бұрмалануы немесе сәйкессіздіктер анықталған жағдайда валидациялау және верификациялау жөніндегі орган бұл туралы квоталау субъектісіне немесе жобаның өтініш берушісіне хабарлайды. Сәйкессіздіктерді жою үшін квоталау субъектісі немесе жобаның өтініш берушісі жауап ретінде дәлелдемелерді ұсынады немесе анықталған деректердің бұрмалануына немесе сәйкессіздіктерге сәйкес есептілікті түзетеді.

      54. Валидациялау және верификациялау жөніндегі орган шығарындылардың жалпы көлеміне, есептік деректерге және маңыздылық деңгейіне бұрмалаулар мен сәйкессіздіктердің әсерін бағалайды. Бұрмалаулардың маңыздылығын бағалау кезінде бұрмалаулардың мөлшері мен сипаты, сондай-ақ олардың пайда болуының нақты жағдайлары ескеріледі.

      55. Валидациялау және верификациялау жөніндегі орган верификация барысында квоталау субъектісі түзеткен барлық бұрмалаулар мен сәйкессіздіктерді құжаттайды.

      56. Қателер анықталған жағдайда валидациялау және верификациялау жөніндегі орган маңыздылық деңгейін айқындайды, олардың парниктік газдар шығарындылары бойынша соңғы деректерге әсерін бағалайды және бұл туралы квоталау субъектісіне немесе Жобаны өтінім берушіге қателерді жою үшін хабарлайды.

      57. Бару және деректерді тексеру процесі аяқталған кезде валидациялау және верификациялау жөніндегі орган:

      1) квоталау субъектісінен немесе жобаның өтініш берушісінен алынған түпкілікті деректерді, оның ішінде тексеру барысында алынған ақпарат негізінде түзетілген деректерді тексереді;

      2) түпкілікті деректер мен квоталау субъектісі немесе жобаға өтінім беруші бұрын берген деректер арасындағы айырмашылықтардың себептерін қарайды және оларды қорытындыда көрсетеді;

      3) сенімділік деңгейін бағалайды.

      58. Валидациялау және верификациялау жөніндегі орган бару және деректерді тексеру процестерінің қорытындылары бойынша ішкі құжаттаманы ресімдейді, ол мыналарды қамтиды:

      1) квоталау субъектісі немесе жобаға өтініш беруші жүзеге асыратын қызметті тексеру нәтижелері;

      2) Стратегиялық талдау, тәуекелдерді талдау және верификация жоспары;

      3) квоталау субъектісінен немесе жобаның өтініш берушісінен шығарындылар, шығарындыларды қысқарту немесе сіңірулер туралы деректерге елеулі әсер ететін бұрмалаулардың, олқылықтардың және сәйкессіздіктердің болмауы бойынша дәлелдемелер ұсынады.

      59. Валидациялау және верификациялау жөніндегі орган тәуелсіз рецензентке ішкі құжаттаманы және верификация жөніндегі есептің жобасын квоталау субъектісіне немесе жобаға өтінім берушіге бергенге дейін ұсынады.

      60. Верификация қорытындылары туралы тәуелсіз рецензенттің ескертулері немесе ұсынымдары болған жағдайда валидациялау және верификациялау жөніндегі орган верификация туралы өз қорытындысын дайындау кезінде осы ескертулерді немесе ұсынымдарды қарайды және ескереді.

      61. Валидациялау және верификациялау жөніндегі орган расталған құжаттардың дұрыстығын және верификация сапасын бағалау үшін уәкілетті органның сұрау салуы бойынша ішкі құжаттамаға қол жеткізуді ұсынады.

      62. Тәуелсіз рецензент ішкі құжаттаманы және верификациялау жөніндегі есеп жобасын қарағаннан кейін валидациялау және верификациялау жөніндегі орган Қазақстан Республикасының СТ РК ISO 14064-3 "Парниктік газдар. 3-бөлім. Парниктік газдар жөніндегі өтініштерге қатысты валидациялау және верификациялау жөніндегі талаптар мен нұсқаулық" стандартының талаптарына сәйкес верификация жөніндегі түпкілікті есепті әзірлейді.

      Ескерту. 62-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Экология және табиғи ресурстар министрінің 28.02.2024 № 49 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      63. Верификация жөніндегі есепті шығарар алдында квоталау субъектісі валидациялау және верификациялау жөніндегі органға парниктік газдар шығарындыларын түгендеу туралы есеп түпнұсқасының соңғы редакциясын ұсынады.

      64. Егер верификатор квоталау субъектісі немесе жобаның өтініш берушісі экологиялық заңнаманың талаптарын сақтамайтынын анықтаса, онда бұл сәйкессіздік верификация жөніндегі есепте көрсетіледі.

      65. Верификация жөніндегі есепке мынадай деректер енгізіледі:

      1) верификациялауға жататын қондырғы операторының атауы;

      2) верификация критерийлері;

      3) аккредиттеу саласын қоса алғанда, валидация және верификация жөніндегі органның аккредиттеу туралы аттестатының деректері;

      4) валидация немесе верификация бойынша көрсетілетін қызметтерге арналған шарттың нөмірі;

      5) квоталау субъектісінің қызмет саласы;

      6) өтінішті бағалау үшін пайдаланылатын куәліктерді жинау рәсімдерінің сипаттамасы;

      7) сенімділік деңгейі және маңыздылық деңгейі;

      8) сәйкессіздіктер, бұрмалаулар, олқылықтар, қателер және жақсартулар тізбесі;

      9) верификация бойынша жоспар;

      10) верификацияланған шығарындыларды, өндіріс түрлері мен көлемдерін сандық растау;

      11) есепті дайындау күні;

      12) жетекші аудиторлардың, тәуелсіз сарапшының және верификация процесіне басқа да қатысушылардың есімдері;

      13) валидация және верификация жөніндегі орган басшысының қолы.

      66. Верификация жөніндегі есеп барлық верификация процесі аяқталғаннан кейін квоталау субъектісіне немесе офсеттік жобаның өтініш берушісіне беріледі, түпнұсқаның бір данасы валидациялау және верификациялау жөніндегі органда сақталады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады