БҰЙЫРАМЫН:
1. "Табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2019 жылғы 13 тамыздағы № 73 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 19242 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін жүзеге асыру қағидаларында:
3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"3. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар мен терминдер пайдаланылады:
1) аумақтық орган – өз құзыреті шегінде Табиғи монополиялар субъектілерінің мемлекеттік тіркелімінің жергілікті бөліміне енгізілген табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін реттеу мен бақылауды жүзеге асыратын уәкілетті орган ведомствосының аумақтық органы;
2) әлеуетті өнiм берушi – сатып алу туралы шарт жасасуға үміткер, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын жеке тұлға, заңды тұлға (егер Қазақстан Республикасының заңдарында олар үшін өзгеше белгіленбесе, мемлекеттік мекемелерді қоспағанда), заңды тұлғалардың уақытша бірлестіктері (консорциум);
3) конкурс (тендер) – әлеуетті өнiм берушiлердiң арасындағы бәсекелестiктi көздейтiн және сатып алу шартының неғұрлым қолайлы талаптарын анықтауға бағытталған сатып алу тәсiлi;
4) конкурстық (тендерлік) комиссия – осы Қағидаларда көзделген жағдайларда және тәсілдермен тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуды жүзеге асыру үшін сатып алуды бірыңғай ұйымдастырушы ретінде қатысқан жағдайда, табиғи монополия субъектісінің қызметкерлерінен, сондай-ақ оның үлестес тұлғаларының қызметкерлерінен құрылатын комиссия;
5) конкурстық құжаттама – конкурстық өтінімді дайындау үшін электрондық сатып алудың ақпараттық жүйелерінде табиғи монополия субъектісі орналастыратын, конкурс өткізудің шарттары мен тәртібін қамтитын құжаттар топтамасы;
6) конкурстық (тендерлік) өтінім – әлеуетті өнім берушінің конкурстық құжаттамаға сәйкес жасалған конкурстық ұсынысы;
7) конкурстық өтінімді кепілдікпен қамтамасыз ету – конкурсқа қатысуға ниет білдірген әлеуетті өнім беруші ұсынған ақша кепілі немесе банк кепілдігі;
8) көрсеткіштің нысаналы мәні – тарифтік реттеудің ынталандырушы әдісін қолдана отырып бекітілген тарифтің қолданылу кезеңі аяқталғаннан кейін табиғи монополия субъектісі қол жеткізетін көрсеткіштің цифрлық мәні;
9) кірме жолдың шектеулі өткізу қабілеті – кірме жолдың техникалық және технологиялық мүмкіндіктеріне байланысты есептік уақыт кезеңі (тәулік) ішінде нақты кірме жол бойынша өткізілуі мүмкін жылжымалы құрамның ең көп саны;
10) құзыретті орган – энергетика, теміржол көлігі, газды өндіру, тасымалдау (тасу), сақтау және көтерме саудада өткізу, сондай-ақ тауарлық және сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізу және тұтыну, су қорын пайдалану және қорғау, сумен жабдықтау, су бұру саласында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган не облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органы;
11) магистральдық темір жол желісінің шектеулі өткізу қабілеті-инфрақұрылымның, жылжымалы құрамның техникалық және технологиялық мүмкіндіктеріне және әртүрлі санаттағы поездарды өткізуді ескере отырып, Поездар қозғалысын ұйымдастыру тәсілдеріне қарай нақты темір жол учаскесі бойынша Есепті уақыт кезеңі (тәулік) ішінде өткізілуі мүмкін поездар мен поездар жұптарының ең көп саны;
12) мәмілелер жасасу кезінде келісу көзделетін табиғи монополия субъектісінің мүлкі – егер ағымдағы жылдың басындағы бухгалтерлік баланста ескерілген мүліктің баланстық құны ағымдағы жылдың басындағы бухгалтерлік балансқа сәйкес оның активтерінің баланстық құнының 0,05 пайызынан артық болса, реттеліп көрсетілетін қызметті ұсыну үшін пайдаланылатын табиғи монополия субъектісінің меншігіндегі жылжымалы және жылжымайтын мүлік;
13) мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты – мемлекеттік қызмет көрсету процесінің сипаттамасын, нысанын, мазмұны мен нәтижесін, сондай-ақ мемлекеттік қызмет көрсету ерекшеліктері ескеріле отырып, өзге де мәліметтер қамтылатын мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын негізгі талаптар тізбесі;
14) мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті орган – өз құзыреті шегінде мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі қызметті жүзеге асыратын орталық мемлекеттік орган;
15) өтінішхат – табиғи монополия субъектісінің жекелеген әрекеттерді жасауға келісім беру туралы жазбаша өтініші;
16) сарапшы (сараптама ұйымы) – сараптауға жататын қызметте арнайы білімі немесе тәжірибесі бар және техникалық сараптама жүргізу жөніндегі қызметтерді көрсететін жеке немесе заңды тұлға;
17) сатып алу – табиғи монополия субъектісінің шығындары осы Қағидаларда белгіленген тәртіппен тарифтік реттеудің шығынды әдісі қолданыла отырып, тарифті бекіту кезінде ескерілетін тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуы;
18) табиғи монополиялар субъектілері қызметінің тиімділік көрсеткіштері – Заңның 23-бабының 1-тармағында көрсетілген сатып алуды қоспағанда, табиғи монополия субъектісінің қызмет нәтижелерінің және оның тарифті қалыптастыру кезінде ескерілетін экономикалық, басқарушылық, өндірістік шығындарының арақатынасы;
19) табиғи монополиялар субъектілерінің мемлекеттік тіркелімі – Заңның 8-бабының 4) тармақшасына сәйкес уәкілетті орган қалыптастыратын реттелетін қызметтерді көрсететін дара кәсіпкерлер мен заңды тұлғалардың тізімі (бұдан әрі – Тіркелім);
20) табиғи монополия субъектісінің мүлкін иеліктен шығару – табиғи монополия субъектісінің мүлікті иелену, пайдалану және оған билік ету жөніндегі өз құқықтарын басқа тұлғаның (тұлғалардың) меншігіне беруі;
21) табиғи монополия субъектісінің үлестес тұлғасы – табиғи монополия субъектісі қабылдайтын шешімдерге, оның ішінде ауызша шартты немесе өзге де мәмілені қоса алғанда, шартқа сәйкес шешімдерді тікелей және (немесе) жанама айқындауға және (немесе) ықпал етуге мүмкіндігі бар тұлға (берілген өкілеттіктер шеңберінде оның қызметін реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік органдарды қоспағанда), сондай-ақ табиғи монополия субъектісінің оған қатысты осындай құқыққа болатын ие кез келген тұлға;
22) табиғи монополия субъектісінің мүлкімен жасалатын мәмілелер – Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексінің 193-1-бабына сәйкес стратегиялық объект болып табылатын мүлікпен жасалатын мәмілелерді қоспағанда, егер ағымдағы жылдың басындағы бухгалтерлік баланста ескерілген мүліктің баланстық құны ағымдағы жылдың басындағы бухгалтерлік балансқа сәйкес оның активтерінің баланстық құнының 0,05 пайызынан асатын болса, реттеліп көрсетілетін қызметті ұсыну үшін пайдаланылатын жылжымалы және жылжымайтын мүлікке құқықтар мен міндеттерді белгілеуге, өзгертуге немесе тоқтатуға бағытталған табиғи монополия субъектісінің әрекеттері;
23) табиғи монополиялар субъектілерінің реттеліп көрсетілетін қызметтеріне қол жеткізу – басқа тұтынушыларға табиғи монополиялар субъектілерінің реттеліп көрсетілетін қызметтеріне ұқсас ұсынылатын көрсетілетін қызметті қолайлылығы жағынан кем болмайтын шарттармен тұтынушылардың пайдалану мүмкіндігі;
24) техникалық сараптама – өндiрiс технологиясының, материалдық, еңбек шығындарының белгiленген нормаларға сәйкестiгiн қоса алғанда, тартылған активтердiң техникалық жай-күйiн (техникалық сипаттамаларын), технологиялық процестiң тиiмділігiн талдау, инвестициялық бағдарламаларды, ұсынылып отырған реттелiп көрсетiлетiн қызметтердiң түрлерi бойынша негiзгi құралдарды iске қосылу деңгейiн және оларды бөлудің негізділігін бағалау;
25) техникалық шарттар – бекітілген егжей-тегжейлі жоспарлау (құрылыс салу схемасы) жобасына сай инженерлік коммуникацияларды дамыту жоспарына сәйкес табиғи монополия субъектісінің: электр, жылу энергиясын беру, сумен жабдықтау және су бұру желілеріне, сондай-ақ магистральдық газ құбырларына және мұнай құбырларына, газ тарату жүйелеріне және топтық резервуарлық қондырғыларға қосылу үшін қажетті немесе реттеліп көрсетілетін қызмет көлемін ұлғайтуға арналған техникалық талаптар;
26) төлем құжаты – табиғи монополиялар салаларындағы коммуналдық көрсетілетін қызметтер үшін ақы төлеуге негіз болатын құжат (шот, хабарлама, түбіртек, есепке алу аспаптарының көрсеткіштері негізінде жасалған ескерту-шот);
27) уәкілетті орган – аэронавигация, әуежайлар салаларын қоспағанда, табиғи монополиялар салаларында кәбілдік кәрізді мүліктік жалдауға (жалға алуға) немесе пайдалануға беру жөніндегі басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган;
28) уәкілетті органның ведомствосы – аэронавигация, әуежайлар көрсететін, кәбілдік арнаны мүліктік жалдауға (жалға) немесе пайдалануға беру жөніндегі реттеліп көрсетілетін қызметтерді көрсететін табиғи монополиялар субъектілерін қоспағанда, табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін реттеу мен бақылауды жүзеге асыратын мемлекеттік органның ведомствосы;
29) шығындары тарифті бекiту кезiнде ескерiлетiн, табиғи монополия субъектiсi сатып алатын тауарлардың, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер тiзбесi (бұдан әрi – Тiзбе) – сатып алудың өлшем бiрлiктерi, көлемдерi, мерзiмдерi, тәсiлдерi, сондай-ақ бiр жылдың iшiнде тауарлардың, жұмыстар, көрсетілетін қызметтердiң әрбiр түрiн сатып алуға жұмсалатын сомалардың ең жоғары мөлшерi шығындары тарифті тарифтік реттеудің шығындық әдісін қолдана отырып бекiту кезiнде ескерiлетiн табиғи монополия субъектiсi бір жыл ішінде сатып алатын тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер номенклатурасы.
30) бiртекті тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер – бірдей болмаса да, белгілі бір функцияларды орындауға және өзара алмастыруға мүмкіндік беретін ұқсас сипаттамалары бар және ұқсас құрамдас бөліктерден тұратын тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтер;
31) анық емес ақпарат – әлеуетті өнім берушінің конкурсқа қатысуға арналған өтінімінде қамтылған, сол сияқты әлеуетті өнім беруші ұсынған өтінімнің шынайы мазмұнын бұрмалайтын және шындығына сәйкес келмейтін түзетулер арқылы енгізілген жалған мәліметтер;
32) электрондық сатып алудың ақпараттық жүйесі (бұдан әрі – портал) – табиғи монополиялар субъектілері жүзеге асыратын электрондық сатып алуға қол жеткізудің бірыңғай нүктесін ұсынатын портал;
33) сатып алу туралы шарт – Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, тапсырыс беруші мен өнім беруші арасында электрондық сатып алудың ақпараттық жүйесі арқылы жасалған, электрондық цифрлық қолтаңбалармен куәландырылған азаматтық-құқықтық шарт;
34) техникалық сарапшы – сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің техникалық тапсырмасын және (немесе) техникалық өзіндік ерекшелігін әзірлеуге және (немесе) әлеуетті өнім берушілер ұсыныстарының сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің техникалық ерекшелігіне сәйкестігіне қатысты сараптамалық қорытынды дайындауға қатысу үшін табиғи монополиялар субъектілері тартатын, тиісті құжаттармен (дипломдармен, сертификаттармен, куәліктермен және басқа да құжаттармен) расталатын, өткізілетін сатып алу саласында арнайы және (немесе) техникалық білімі, тәжірибесі және біліктілігі бар жеке тұлға немесе заңды тұлғаның өкілі.";
48-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"48. Порталда тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу мынадай:
1) конкурс;
2) баға ұсыныстарын сұрату;
3) бір көзден сатып алу;
4) тауар биржалары тәсілдерінің бірі арқылы жүзеге асырылады.
Тауар биржалары арқылы тәсілімен сатып алу Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 30 наурыздағы № 280 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10993 болып тіркелген) бекітілген биржалық сауданың үлгілік қағидаларына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 6 мамырдағы № 638 қаулысымен бекітілген тауар тізбесіне сәйкес жүзеге асырылады";
50-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
"Бұл ретте стратегиялық тауарларды сатып алу рәсімі осы Қағидаларға сәйкес конкурс тәсілімен жүзеге асырылады.";
2, 3 және 4-параграфтар алып тасталсын;
6-параграфтың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:
"6-параграф. Портал арқылы жүзеге асырылатын сатып алулар";
127 және 128-тармақтар алып тасталсын;
129-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"129. Конкурс өткізу арқылы тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу портал арқылы мынадай сегіз кезеңде жүргізіледі:
1) конкурстық комиссия құру;
2) конкурстық құжаттама жасау және бекіту;
3) конкурстық құжаттаманы порталда орналастыру;
4) конкурстық өтінімдерді қабылдау;
5) конкурстық өтінімдерді қамтамасыз ету;
6) конкурстық өтінімдерді ашу, конкурстық комиссия конкурстық өтінімдерді конкурс талаптарына сәйкестігіне қарау және конкурстық өтінімдерді қарау хаттамасын жасау;
7) конкурс қорытындылары туралы хаттама жасай отырып, конкурс жеңімпазын айқындау;
8) конкурс жеңімпазымен тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу туралы шарт(тар) жасасу.";
130 және 131-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"130. Табиғи монополия субъектісі өзінің интернет-ресурсында орналастырады, ал өзінің интернет-ресурсы болмаған жағдайда, уәкілетті органның ведомствосына немесе оның аумақтық органына порталға сілтемені көрсете отырып, сатып алу жүзеге асырылатын портал туралы ақпаратты ұсынады.
131. Осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес порталда конкурстық құжаттама жарияланғанға дейін табиғи монополия субъектісі конкурстық комиссияның құрамын, конкурстық комиссияның хатшысын бекітеді және техникалық ерекшеліктерді, жоспарларды, сызбаларды, эскиздерді қоса алғанда, тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің конкурстық құжаттамаға сәйкес техникалық және сапалық сипаттамаларға сәйкестігін айқындау үшін техникалық сарапшыларды айқындайды.
Табиғи монополия субъектісі техникалық сарапшыны тарту талап етілетін тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің тізбесін айқындайды.
Осы тармақта көрсетілген шешімдер табиғи монополия субъектісінің бірінші басшысының немесе оның міндетін атқарушы тұлғаның не табиғи монополия субъектісінің уәкілетті тұлғасының бұйрығымен қабылданады.
Конкурстық комиссия табиғи монополия субъектісі конкурстық комиссияны бекіту және сатып алуды өткізу туралы бұйрықты қабылдаған күннен бастап сатып алу туралы шарт күшіне енгенге дейін әрекет етеді.
Егер конкурс өтпеген деп танылған жағдайда, конкурстық комиссияның өкілеттігі тоқтатылады.
Конкурстық комиссия мүшелерінің саны тақ және кемінде бес адам болуға тиіс.
Шағын кәсіпкерлік субъектілері болып табылатын табиғи монополиялар субъектілері үшін конкурстық комиссия мүшелерінің саны тақ санды және кемінде үш адамды құрайды.
Конкурстық комиссияның құрамына конкурстық комиссияның төрағасы мен мүшелері кіреді. Төраға болмаған уақытта оның функцияларын оны алмастыратын адам орындайды.
Конкурстық комиссия мүшелерінің бірі конкурстық комиссияның отырысында өндірістік немесе басқа да себептер бойынша болмаған жағдайда, конкурстық комиссия отырысының хаттамасында оның көшірмесін қоса бере отырып, растайтын құжатқа сілтеме жасай отырып, оның болмау себебі көрсетіледі.
Табиғи монополия субъектісі бүкіл қаржы жылына тұрақты құрамы бар конкурстық комиссия құра алады.
133-тармақтың 1) және 2) тармақшалары мынадай редакцияда жазылсын:
"133. Конкурстық комиссияның хатшысы мынадай функцияларды жүзеге асырады:
1) конкурстық өтінімдерді қабылдау аяқталатын күнге дейін он жұмыс күннен кешіктірмей порталда конкурстық құжаттаманы жариялайды;
2) порталда тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу жөніндегі конкурс рәсімдерінің өткізілуін ұйымдастырады, конкурстық комиссия отырысының күн тәртібі бойынша ұсыныстар дайындайды, конкурстық комиссияны құжаттармен қамтамасыз етеді, конкурстық комиссияның отырысын өткізуді ұйымдастырады, портал қалыптастырған конкурстық өтінімдерді қарау хаттамасына және конкурс қорытындылары туралы хаттамаға қол қояды.
мынадай редакциядағы 133-1-тармақпен толықтырылсын:
"133-1. Техникалық сарапшылар әлеуетті өнім берушілер ұсынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің конкурстық құжаттама талаптарына сәйкестігі бойынша еркін нысанда қорытынды береді. Сараптамалық қорытынды "Электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы" Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Электрондық құжат туралы заң) сәйкес құжаттың электрондық көшірмесі нысанында ресімделеді және порталдағы конкурстық комиссия отырысының хаттамасына қоса беріледі.";
134-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"134. Табиғи монополия субъектісі конкурстық өтінімдерді қабылдау аяқталатын күнге дейін он жұмыс күнінен кешіктірмей конкурстық құжаттаманы портал арқылы жариялайды.";
мынадай редакциядағы 135-1-тармақпен толықтырылсын:
"135-1. Біртекті тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу жөнінде конкурс өткізу кезінде табиғи монополия субъектісі конкурстық құжаттамада қажет болған кезде тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді оларды жеткізу (орындау, көрсету) орны бойынша бөліктерге (лоттарға) бөледі. Бұл ретте конкурс жеңімпазы тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің әрбір лоты бойынша айқындалады.
Баға ұсыныстарын сұрату тәсілін қолдану мақсатында қаржы жылы ішінде біртекті тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алудың жылдық көлемін бөліктерге бөлуге жол берілмейді.";
136-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"136. Әлеуетті өнім беруші табиғи монополия субъектісінен конкурстық құжаттаманы түсіндіруді, бірақ конкурстық өтінімдерді ұсынудың соңғы мерзімі өткенге дейін бес жұмыс күнінен кешіктірмей сұрата алады. Табиғи монополия субъектісі сұрау салуды алған күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей осындай сұрау салуға жауап береді және осындай түсіндірмені конкурстық өтінім берген барлық әлеуетті өнім берушілерге жібереді. Әлеуетті өнім берушінің сұрау салуы және табиғи монополия субъектісінің жауабы портал арқылы жүзеге асырылады.";
мынадай редакциядағы 135-6-тармақпен толықтырылсын:
"136-1. Конкурстық өтінімдерді ұсынудың соңғы мерзімі өткеннен кейін ұсынылған конкурстық өтінім ашылмайды және оны ұсынған әлеуетті өнім берушіге портал екі жұмыс күні ішінде автоматты түрде қайтарылады.
136-2. Конкурсқа қатысу үшін әлеуетті өнім беруші ұсынған конкурстық өтінімнің қолданылу мерзімі кемінде он бес жұмыс күнін құрайды.";
138 тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"138. Әлеуетті өнім беруші конкурсқа қатысуға өтінімді конкурстық құжаттамада көрсетілген оны ұсынудың соңғы мерзімі өткенге дейін портал арқылы электрондық құжат нысанында ұсынады.";
141-тармақ алынып тасталсын;
142-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"142. Әлеуетті өнім беруші осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес 3-нысан бойынша құжаттардың не электрондық құжаттардың мынадай электрондық көшірмелерін қоса бере отырып, конкурсқа қатысуға өтінім береді:
1) тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің функционалдық, техникалық, сапалық және пайдалану сипаттамаларын, сондай-ақ тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің осы талаптарға сәйкестігін растайтын құжаттарды сипаттай отырып, техникалық ерекшелік;
2) Қазақстан Республикасының Рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасына сәйкес алынған, мәліметтері мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінде расталатын лицензиялар, рұқсаттар (хабарламалар), патент, куәлік, сертификат, диплом (конкурстық құжаттамада тиісті талап болған кезде);
3) әлеуетті өнім берушіге қызмет көрсететін банктің немесе банк филиалының банк немесе банк филиалы алдындағы әлеуетті өнім берушінің міндеттемелері бойынша үш айдан астам созылған мерзімі өткен берешегінің жоқ екендігі туралы анықтамасы (егер әлеуетті өнім беруші екінші деңгейдегі бірнеше банктің немесе филиалдардың, сондай-ақ шетелдік банктің клиенті болып табылған жағдайда, аталған анықтама осындай банктердің әрқайсысынан ұсынылады). Конкурстық өтінімдер салынған конверттерді ашу күнінің алдындағы бір айдан ерте емес берілген анықтама;
4) тиісті салық органының конкурстық өтінімдер ашылатын күнге дейін үш айдан кешіктірмей берілген салық берешегінің жоқ екендігі не бір теңгеден кем салық берешегінің бар екендігі туралы анықтамасы;
5) егер әлеуетті өнім беруші Қазақстан Республикасының резиденті болып табылмаған және Қазақстан Республикасының салық төлеушісі ретінде тіркелмеген жағдайда, онда мыналар ұсынылады:
осы әлеуетті өнім берушінің Қазақстан Республикасының бейрезиденті болып табылатыны және салықтық есепте тұрмайтыны туралы Қазақстан Республикасы салық органының анықтамасы;
"Қазақстан Республикасының Шетелдік ресми құжаттарды заңдастыру талаптарын жоятын конвенцияға қосылуы туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес апостиль қойылған (жария етілген) құқық белгілейтін құжаттардың тізбесі;
6) осы Қағидалардың 147-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, табиғи монополия субъектісінің банктік шотына конкурстық өтінімді қамтамасыз етуді енгізуді растайтын төлем тапсырмасы (конкурстық құжаттамада тиісті талап болған кезде);
7) егер конкурс стратегиялық тауарды сатып алуға жарияланған жағдайда, тиісті құзыретті органнан алынған әлеуетті өнім берушінің стратегиялық тауарды өндіруші болып табылатынын растайтын құжаттар;
8) Қазақстан Республикасы Әділет министрінің міндетін атқарушының 2020 жылғы 29 мамырдағы № 66 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20771 болып тіркелген) заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу саласында мемлекеттік қызметтер көрсету қағидаларының 6-қосымшасына сәйкес белгіленген нысан бойынша тіркеуші орган берген заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы мәліметтер;
9) егер әлеуетті өнім беруші қосылған құн салығын төлеуші болып табылған жағдайда, қосылған құн салығы бойынша есепке қою туралы куәліктің көшірмесі не электрондық құжаттың қағаз көшірмесі қоса беріледі.";
мынадай редакциядағы 143-1-тармақпен толықтырылсын:
"143-1. Әлеуетті өнім беруші өтінімді ұсынудың соңғы мерзімі өткенге дейін, бұл ретте өзінің конкурстық өтінімінің кепілді қамтамасыз етілуін қайтару мүмкіндігін жоғалтпай, портал арқылы өз өтінімін түзетеді немесе кері қайтарып алады.";
150-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"150. Әлеуетті өнім берушілердің конкурстық өтінімдерін ашуды портал конкурстық құжаттамада белгіленген мерзімде автоматты түрде жүзеге асырады.";
152-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"152. Конкурстық комиссия әлеуетті өнім берушінің конкурстық өтінімін бағалауға және салыстыруға мынадай негіздер бойынша қабылдамайды:
1) осы Қағидалардың 142-тармағында көрсетілген құжаттар ұсынылмаса;
2) осы Қағидалардың 147-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, әлеуетті өнім беруші конкурстық өтінімді қамтамасыз етуді енгізбесе;
3) конкурстық өтінім осы Қағидалардың 139, 140-тармақтарының талаптары бұзыла отырып ұсынылған немесе ресімделген құжаттарды қамтиды;
4) тиісті салық органының анықтамасында бір теңге мөлшерінде және одан астам салық берешегі және міндетті зейнетақы жарналары мен әлеуметтік аударымдар бойынша берешегі туралы мәліметтердің болуы;
5) әлеуетті өнім берушінің осы анықтама берілген күннің алдындағы үш айдан астам созылатын міндеттемелерінің ең болмағанда бір түрі бойынша мерзімі өткен берешегі бар банк анықтамасының немесе банк филиалының болуы;
6) әлеуетті өнім берушінің конкурстық құжаттаманың техникалық ерекшелігінде белгіленген талаптарға сәйкес келмейтін техникалық ерекшелікті ұсынуы;
7) анық емес ақпарат ұсыну фактісі анықталса;
8) егер конкурсқа өзара үлестес тұлғалар ғана қатысса, әлеуетті өнім беруші осы конкурсқа (лотқа) қатысуға өтінім берген басқа әлеуетті өнім берушінің үлестес тұлғасы болып табылады;
9) конкурсқа қатысуға жіберілген әлеуетті өнім берушілердің теңгедегі өтінімдерінің бағасы тізбеде көзделген сатып алуға бөлінген сомадан асып кетсе;
10) әлеуетті өнім берушінің баға ұсынысын конкурстық комиссия демпингтік деп таныған жағдайда.";
мынадай редакциядағы 152-1-тармақпен толықтырылсын:
"152-1. Егер баға ұсынысы конкурстық құжаттамада сатып алуға көзделген сомадан 50 пайыздан астам төмен болған жағдайда, ол демпингтік ұсыныс деп танылады. Әлеуетті өнім беруші өзінің конкурстық өтінімінде ұсынылған сатып алынатын тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер құнының 10 пайызы мөлшерінде қосымша қамтамасыз етуді енгізген жағдайда демпингтік бағаны ұсынуға жол беріледі.";
153-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"153. Бағалауға және салыстыруға қабылданған конкурстық өтінімдер тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің функционалдық, техникалық және сапалық сипаттамаларының сәйкестігін ескере отырып, конкурстық баға ұсынысының ең төмен бағасының негізінде конкурс жеңімпазын айқындай отырып (лоттар бойынша) порталда қаралады.";
156-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"156. Егер конкурс тұтастай немесе қандай да бір бөлігі (лот) бойынша өткізілмеді деп танылса, онда табиғи монополия субъектісі мынадай:
1) конкурстық құжаттаманы өзгерту және қайталама конкурс өткізу туралы;
2) бір көзден алу тәсілімен сатып алуды жүзеге асыру туралы шешімдердің бірін қабылдайды.
Осы тармақта көрсетілген іс-әрекеттер табиғи монополия субъектісінің бірінші басшысының немесе оның міндетін атқарушы тұлғаның бұйрықтарымен ресімделеді.
Конкурстық құжаттамаға өзгерістер енгізілген жағдайда, қайта конкурс өткізу мерзімдері мен тәртібі бастапқы конкурс өткізуге сәйкес келеді.
Конкурсқа қатысуға екіден аз өтінім ұсынылған жағдайда, бір көзден алу тәсілімен сатып алуға қатысуға шақыру портал арқылы, оның ішінде конкурсқа қатысуға өтінім берген әлеуетті өнім берушіге оның конкурстық құжаттамасына сәйкес келген жағдайда жіберіледі. Жасалған шарттың бағасы конкурстық құжаттамаға сәйкес келген жағдайда конкурсқа қатысуға өтінімде көрсетілген әлеуетті өнім берушінің конкурстық баға ұсынысынан аспайды.
Өткізілмеген сатып алу бойынша бір көзден сатып алу тәсілімен сатып алуды жүзеге асыру кезінде табиғи монополиялар субъектісі портал арқылы әлеуетті өнім берушіге бір көзден сатып алу тәсілімен сатып алуға қатысуға шақыру жібереді.";
мынадай редакциядағы 156-1-тармақпен толықтырылсын:
"156-1. Конкурстық комиссия осы Қағидалардың 152-тармағына сәйкес бағалауға және салыстыруға қабылданбаған әлеуетті өнім берушілердің конкурстық өтінімдерін қоспағанда, конкурстық өтінімдерді бағалайды, салыстырады және ең төмен баға негізінде және мынадай өлшемшарттарды ескере отырып, жеңіп шыққан конкурстық өтінімді айқындайды:
1) пайдалануға, техникалық қызмет көрсетуге және жөндеуге арналған шығыстарды;
2) тауарларды беру, жұмыстарды орындау, қызметтерді көрсету мерзімдері;
3) тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің функционалдық, техникалық және сапалық сипаттамаларының сәйкестігі тұрғысынан қарайды;
4) тауарларға, жұмыстарға және көрсетілетін қызметтерге кепілдіктер шарттары;
5) әлеуетті өнім берушінің біліктілік деректері.
157, 158, 159, 160-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"157. Конкурстық комиссия конкурстық өтінімдерді ашқан күннен бастап бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімде конкурстың қорытындыларын шығарады, табиғи монополия субъектісінің электрондық цифрлық қолтаңбасы қойылған тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу жөніндегі конкурстың қорытындылары туралы хаттама жасайды және порталда орналастырады.
158. Конкурс тәсілімен сатып алуды жүзеге асыру кезінде конкурстық комиссия конкурстың қорытындылары туралы хаттаманы ресімдейді, онда мынадай ақпарат қамтылады:
1) сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің атауы мен қысқаша сипаттамасы;
2) конкурстық өтінімдер ұсынған әлеуетті өнім берушілердің атауы және орналасқан жері;
3) конкурстық өтінімдер ұсынған әлеуетті өнім берушілердің біліктілік деректері;
4) әрбір конкурстық өтінімнің бағасы және басқа да негізгі шарттары;
5) конкурстық өтінімдерді бағалау мен салыстыруды баяндау;
6) конкурстық өтінімдерді бағалауға және салыстыруға қабылданбаған жағдайда – оларды бағалауға және салыстыруға қабылдамаудың негіздері;
7) әрбір лот бойынша конкурс жеңімпазының атауы мен орналасқан жері және жеңімпаз анықталған шарттар;
8) екінші орын алған әлеуетті өнім берушінің атауы, бағасы;
9) егер конкурс нәтижесінде жеңімпаз айқындалмаса – конкурстық комиссияның осындай шешім қабылдауы үшін негіздер;
10) конкурстық құжаттаманы түсіндіру туралы сұрау салуларды, оларға жауаптарды жинақтап баяндау, сондай-ақ конкурстық құжаттамаға өзгерістер мен толықтыруларды жинақтап баяндау;
11) сатып алу туралы шартқа қол қойылатын мерзім (бірақ конкурс жеңімпазы хабарламаны алған күннен бастап он жұмыс күнінен аспайды);
12) техникалық сарапшыларды тарту туралы ақпарат;
13) егер конкурс өткізілген жағдайда, онда тізбеде көзделген осы тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуға табиғи монополия субъектісі бөлген сома.
159. Табиғи монополия субъектісі конкурс қорытындылары шығарылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде портал арқылы конкурс жеңімпазына конкурстық құжаттамада шарт жобасына сәйкес келетін хабарлама мен қол қойылған сатып алу туралы шартты жібереді.
160. Конкурс жеңімпазы конкурс жеңімпазы деп тану туралы хабарламаны және сатып алу туралы шарттың жобасын алған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей, Электрондық құжат туралы заңға сәйкес электрондық нысанда сатып алу туралы шартқа қол қояды немесе табиғи монополия субъектісін келіспеушіліктер туралы немесе сатып алу туралы шартқа қол қоюдан бас тарту туралы портал арқылы хабардар етеді.
Табиғи монополия субъектісі жеңімпаз сатып алу туралы шарт жасасудан жалтарған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде екінші орын алған әлеуетті өнім берушіге портал арқылы электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған сатып алу туралы шарттың жобасын жібереді.
Сатып алу туралы шарттың жобасын екінші орын алған әлеуетті өнім беруші өзіне сатып алу туралы шарттың жобасы ұсынылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландыруға тиіс.
Егер екінші орын алған әлеуетті өнім беруші осы тармақтың үшінші абзацында көзделген мерзімде табиғи монополия субъектісі қол қойған сатып алу туралы шартқа қол қоймаса, табиғи монополия субъектісі қайта сатып алуды жүзеге асырады.";
164-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"164. Конкурсқа қатысушының талап етуі бойынша оған портал арқылы конкурс нәтижелері және жеңімпазды таңдау себептері туралы толық ақпарат беріледі.";
166, 167, 168, 169, 170, 171, 172, 173, 174, 175, 176, 177, 178-тармақтар алып тасталсын;
мынадай мазмұндағы 6-1 және 6-2 параграфтармен толықтырылсын:
"6-1-параграф. Баға ұсыныстарын сұрату жолымен сатып алу
178-1. Баға ұсыныстарын сұрату жолымен сатып алу, егер осындай біртекті тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің құндық мәндегі жылдық көлемі тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің төрт мың еселенген мөлшерінен аспаса, әлеуетті өнім берушілерде бар тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге, сондай-ақ біртекті тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге портал арқылы жүргізіледі. Бұл жағдайда баға шешуші шарт болып табылады.
Баға ұсыныстарын сұратуды пайдалана отырып, өнім берушіні таңдау тәсілін қолдану мақсатында қаржы жылы ішінде тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің біртекті түрлерін сатып алудың жылдық көлемін бөліктерге бөлуге жол берілмейді.
178-2. Табиғи монополия субъектісі баға ұсыныстарын ұсыну мерзімі аяқталғанға дейін кемінде бес жұмыс күні бұрын порталда осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес 4-нысан бойынша баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен сатып алу туралы хабарландыруды және шарттың жобасын орналастырады.
178-3. Әлеуетті өнім берушілердің берілген баға ұсыныстарын оларды ұсыну мерзімі өткенге дейін кері қайтарып алуына жол беріледі. Бұл ретте баға ұсыныстарын ұсыну мерзімі өткенге дейін енгізілген өзгерістерімен бірге оларды қайта ұсынуға жол беріледі.
Әлеуетті өнім берушінің баға ұсынысын беруі оның сатып алуды өткізу туралы ақпаратта көзделген шарттарды сақтай отырып, тауарды беруді, жұмыстарды орындауды, қызметтер көрсетуді жүзеге асыруға келісімін білдіру нысаны болып табылады.
178-4. Баға ұсынысы баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен сатып алу туралы хабарландыруда көрсетілген баға ұсыныстарын қабылдау мерзімі аяқталғанға дейін портал арқылы ұсынылады. Әрбір әлеуетті өнім беруші құжаттардың не электрондық құжаттардың мынадай электрондық көшірмелерін қоса бере отырып, осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес 5-нысан бойынша әлеуетті өнім берушінің электрондық цифрлық қолтаңбасы қойылған бір ғана баға ұсынысын береді:
1) Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі белгілеген нысан бойынша тіркеуші орган берген заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтама не жеке кәсіпкерлікті заңды тұлға құрмай жүзеге асыратын жеке тұлғалар үшін электрондық тіркеу жүйесін пайдаланатын анықтаманы берген мемлекеттік органның ресми интернет-ресурсына сілтемені қамтитын әлеуетті өнім берушінің өтініші – қызметті бастағаны туралы хабарламаның сәйкестендіру нөмірін көрсете отырып, Рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізілімінен үзінді көшірме не рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік электрондық тізіліміне не кәсіпкерлік субъектісі ретінде тіркеу туралы құжатқа, заңды тұлғаларды уақытша біріктіру үшін (консорциум) – консорциум туралы келісімге және консорциумға қатысушыларды мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтамаға сілтемені қамтитын әлеуетті өнім берушінің өтініші;
2) Қазақстан Республикасының Рұқсаттар және хабарламалар туралы заңнамасына сәйкес алынған лицензиялар, рұқсаттар (хабарламалар), патент, куәлік, сертификат, диплом, мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінде расталатын мәліметтер (конкурстық құжаттамада тиісті талап болған жағдайда).
178-5. Әлеуетті өнім берушілердің баға ұсыныстарын ашу баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен сатып алу туралы хабарландыруда белгіленген мерзімде порталда автоматты түрде жүзеге асырылады.
178-6. Егер ең төмен баға ұсынысын бірнеше әлеуетті өнім беруші ұсынған жағдайда, баға ұсынысы басқа әлеуетті өнім берушілердің баға ұсыныстарынан бұрын түскен әлеуетті өнім беруші жеңімпаз деп танылады.
178-7. Портал баға ұсыныстарын автоматты түрде салыстырады және ең төмен баға ұсынысын ұсынған әлеуетті өнім берушіні айқындайды.
178-8. Әлеуетті өнім берушінің баға ұсынысы, егер:
1) сатып алуға бөлінген сомадан асып кетсе;
2) әлеуетті өнім беруші тауарды жеткізудің, жұмыстарды орындаудың, қызметтерді көрсетудің үздік шарттарын, сондай-ақ сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің үздік сипаттамаларын ұсынған жағдайларды қоспағанда, әлеуетті өнім беруші ұсынатын тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер табиғи монополия субъектісінің техникалық ерекшелігінің талаптарына сәйкес келмесе;
3) осы Қағидалардың 178-4 тармағында көзделген талаптарға сәйкес келмесе;
4) әлеуетті өнім беруші біреуден артық баға ұсынысын берсе;
5) әлеуетті өнім беруші басқа әлеуетті өнім берушілермен үлестес болса;
6) әлеуетті өнім берушінің баға ұсынысы осы Қағидалардың 152-1-тармағына сәйкес демпингтік деп танылса бас тартуға жатады.
178-9. Баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен сатып алу:
1) екіден кем баға ұсынысы ұсынылған жағдайда;
2) егер осы Қағидалардың 178-8 тармағында көзделген негіздер бойынша баға ұсыныстарын портал автоматты түрде қабылдамағаннан кейін екіден кем баға ұсынысы қалса;
3) екінші орын алған жеңімпаз және әлеуетті өнім беруші осы Қағидалардың 178-13-тармағында белгіленген мерзімдерде сатып алу туралы шарт жасасудан жалтарса порталда автоматты түрде өтпеді деп танылады.
178-10. Егер баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен сатып алу порталда автоматты түрде өтпеді деп танылса, табиғи монополия субъектісі мынадай:
1) сатып алу шарттарын өзгерту туралы және баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен қайта сатып алуды өткізу туралы;
2) бір көзден алу тәсілімен сатып алуды жүзеге асыру туралы шешімдердің бірін қабылдайды.
Осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген жағдайларда бір көзден алу тәсілімен сатып алуға қатысуға шақыру портал арқылы, оның ішінде баға ұсынысын ұсынған әлеуетті өнім берушіге оның техникалық ерекшелігіне сәйкес келген жағдайда жіберіледі. Осы әлеуетті өнім берушімен сатып алу шартын жасасу кезінде мұндай шарттың бағасы осы Қағидалардың 178-1-тармағына сәйкес өзі ұсынған баға ұсынысынан аспайды.
178-11. Баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен сатып алу қорытындыларын портал әлеуетті өнім берушілердің баға ұсыныстарын ұсыну мерзімі аяқталған күннен бастап бір жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде автоматты түрде шығарады. Баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен сатып алу қорытындылары туралы хаттаманы портал автоматты түрде қалыптастырады және орналастырады және мынадай мәліметтерді қамтиды:
1) табиғи монополия субъектісінің толық атауы;
2) баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен өткізілген тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу атауы;
3) баға ұсыныстарын ұсынудың түпкілікті мерзімі өткенге дейін баға ұсыныстарын ұсынған әлеуетті өнім берушілердің толық атауы, олардың тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге мәлімдеген бағалары;
4) ауытқу себептерін негіздей отырып, портал автоматты түрде қабылдамаған баға ұсыныстары туралы;
5) баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен сатып алудың жеңімпазы туралы;
6) екінші орын алған әлеуетті өнім беруші туралы;
7) егер баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен сатып алу өткізілген жағдайда, сатып алу туралы шарттың сомасы мен оны жасасу мерзімдері туралы ақпарат.
178-12. Баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен сатып алу қорытындылары шығарылған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде портал сатып алу жеңімпазына осы Қағидалардың 178-2-тармағына сәйкес жарияланған шарт жобасына сәйкес келетін хабарлама мен қол қойылған сатып алу туралы шартты автоматты түрде жібереді.
178-13. Баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен сатып алу жеңімпазы баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен сатып алу жеңімпазы деп тану туралы хабарламаны және сатып алу туралы шарттың жобасын алған күннен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей, Электрондық құжат туралы заңға сәйкес электрондық нысанда сатып алу туралы шартқа қол қояды немесе табиғи монополия субъектісін келіспеушіліктер туралы немесе портал арқылы сатып алу туралы шартқа қол қоюдан бас тарту туралы хабардар етеді.
Табиғи монополия субъектісі жеңімпаз сатып алу туралы шарт жасасудан жалтарған күннен бастап екі жұмыс күні ішінде екінші орын алған әлеуетті өнім берушіге портал арқылы электрондық цифрлық қолтаңбамен куәландырылған сатып алу туралы шарттың жобасын жібереді.
Сатып алу туралы шарттың жобасын екінші орын алған әлеуетті өнім беруші өзіне сатып алу туралы шарттың жобасы ұсынылған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландыруға тиіс.
Егер екінші орын алған әлеуетті өнім беруші осы тармақтың екінші абзацында көзделген мерзімде табиғи монополия субъектісі қол қойған сатып алу туралы шартқа қол қоймаса, табиғи монополия субъектісі қайта сатып алуды жүзеге асырады.
6-2-параграф. Бір көзден алу тәсілімен сатып алу.
178-14. Бір көзден алу тәсілімен сатып алу – бұл портал арқылы және тек мынадай жағдайларда:
1) егер конкурс (тендер) немесе баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен сатып алу өтпеді деп танылса;
2) Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес мемлекеттік реттеу белгіленген бағалар, тарифтер бойынша тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу;
3) сатып алынатын тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге қатысты айрықша құқықтары бар тұлғадан немесе мемлекеттік немесе табиғи монополия субъектісі болып табылатын тұлғадан тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу;
4) еңсерілмейтін күш мән-жайлары туындауы салдарынан, оның ішінде төтенше жағдайлардың салдарларын оқшаулау және (немесе) жою салдарынан тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу;
5) өкілдік шығыстарға байланысты тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу;
6) мерзімді баспасөз басылымдарын қағаз жеткізгіште және (немесе) электрондық нысанда сатып алу;
7) сауда-саттықта (аукциондарда) өткізілетін мүлікті (активтерді) сатып алу:
Қазақстан Республикасының Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы заңнамасына сәйкес сот орындаушылары арқылы жүзеге асырылатын;
Қазақстан Республикасының оңалту және банкроттық туралы заңнамасына сәйкес жүргізілетін;
Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес жүргізілетін;
мемлекеттік мүлікті жекешелендіру кезінде;
8) егер біртекті тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің құндық мәндегі жылдық көлемі тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы заңда белгіленген айлық есептік көрсеткіштің жүз еселенген мөлшерінен аспаса, біртекті тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу;
9) көрсетілген іс-шаралар өткізілетін жерге бару және кері қайту жолын, тұрғын үй-жай жалдауды, Көліктік қызмет көрсетуді, тамақпен қамтамасыз етуді қоса алғанда, жұмыскерді қызметтік іссапарға жіберуге байланысты көрсетілетін қызметтерді сатып алу;
10) өнім берушінің тауарларын, жұмыстарын, көрсетілетін қызметтерін сатып алған табиғи монополия субъектісінен біріздендіру, стандарттау немесе үйлесімділікті қамтамасыз ету мақсатында нақ сол өнім берушіден тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу қажеттілігі туындаған кезде тоқтатылады.
178-15. Мынадай құжаттардың электрондық көшірмелері не электрондық құжаттар бір көзден тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алу негіздері болып табылады:
1) әлеуетті өнім беруші тиісті біртекті тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің жалғыз әлеуетті өнім берушісі болып табылатындығына байланысты сатып алуды жүзеге асыру кезінде – табиғи монополиялар салаларына жататын көрсетілетін қызметтерді қоспағанда, осы өнім беруші тиісті тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді сатып алуды өткізу күніне күнтізбелік бір жылдан кешіктірмей берілген осы өнім беруші тиісті тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің жалғыз әлеуетті өнім берушісі болып табылатыны туралы тиісті құзыретті органның қорытындысы;
2) біріздендіру, стандарттау немесе қолда бар тауарлармен, жұмыстармен, көрсетілетін қызметтермен үйлесімділігін қамтамасыз ету мақсатында сатып алуды жүзеге асыру кезінде – оған сәйкес әлеуетті өнім берушіден бастапқыда тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер сатып алынған шарт, біріздендіру, стандарттау немесе үйлесімділікті қамтамасыз ету мақсатында табиғи монополия субъектісінің сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің сандық және құндық мәндегі осы тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді көлемін көрсете отырып сатып алу қажеттілігі туралы қорытындысы, сондай-ақ қолда бар тауарлармен, жұмыстармен, көрсетілетін қызметтермен стандарттау, біріздендіру немесе үйлесімділігін қамтамасыз ету қажеттілігін растайтын техникалық ерекшелік және (немесе) өзге де құжаттама;
3) конкурсты өтпеді деп тануға байланысты сатып алуды жүзеге асыру кезінде – осы конкурс бойынша құжат:
конкурстық комиссияны бекіту туралы бұйрық;
конкурстық құжаттама;
конкурстық өтінімдерді ашу хаттамасы; конкурс қорытындылары туралы хаттама;
әлеуетті өнім берушілердің конкурстық өтінімдері;
табиғи монополия субъектісінің немесе уәкілетті орган ведомствосының немесе оның аумақтық органының интернет-ресурсында не электрондық сатып алудың ақпараттық жүйелерінде конкурс (тендер)өткізу туралы хабарландыру;
4) баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен сатып алуды өткізілмеді деп тануға байланысты сатып алуды жүзеге асыру кезінде – баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен осы сатып алу жөніндегі құжаттар; әлеуетті өнім берушілердің баға ұсыныстары; баға ұсыныстарын сұрату тәсілімен сатып алу қорытындылары туралы хаттама.
178-16. Осы Қағидалардың 178-15-тармағының 1) тармақшасында көзделген негіздер бойынша бір көзден алу тәсілімен сатып алуды жүзеге асыру кезінде әлеуетті өнім беруші техникалық ерекшелікте белгіленген талаптарға сәйкес келген кезде жол беріледі.
Бір көзден алу тәсілімен сатып алуды жүзеге асыру кезінде табиғи монополия субъектісі портал арқылы әлеуетті өнім берушіден осы әлеуетті өнім беруші ұсынатын тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге бағаның барлық негіздемелерін сұратады.
178-17. Бір көзден алу тәсілімен сатып алуды жүзеге асыру кезінде портал автоматты түрде хаттама жасайды, онда мыналар қамтылады:
1) бір көзден сатып алу тәсілін қолдану негіздемесі;
2) сатып алынатын тауарлардың, жұмыстардың, көрсетілетін қызметтердің қысқаша сипаттамасы;
3) сатып алу туралы шарт жасалатын әлеуетті өнім берушінің атауы мен орналасқан жері және осындай шарттың бағасы.";
179-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"179. Сатып алу туралы шарттар, конкурстық құжаттама, сатып алу хаттамалары, әлеуетті өнім берушілердің өтінімдері және өткізілген сатып алу бойынша өзге де материалдар порталда кемінде бес жыл сақталады.";
180-тармақ алып тасталсын;
185-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"185. Реттеліп көрсетілетін қызметтердің әлеуетті өнім берушілері мен тұтынушылары уәкілетті органның ведомствосына немесе оның аумақтық органына конкурстық комиссияның, конкурстық комиссия хатшысының (хатшылығының) және техникалық сарапшылардың сатып алу рәсімдерін жүргізу кезінде табиғи монополия субъектісінің құқыққа қайшы әрекеттеріне шағым жасай алады.";
187, 188, 189-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"187. Өткізілетін (өткізілген) сатып алу қорытындыларына әсер ететін сатып алу хабарландыруында бұзушылықтар анықталған жағдайда, табиғи монополия субъектісі портал арқылы сатып алу туралы шарт жасалған күнге дейін сатып алуды (лотты) немесе олардың қорытындыларын жояды, хабарландыруды сәйкестікке келтіреді және осы Қағидаларға сәйкес сатып алуды қайта жариялайды.";
188. Өткізілетін (өткізілген) сатып алуда сатып алу қорытындыларына әсер ететін бұзушылықтар анықталған жағдайда, табиғи монополия субъектісі портал арқылы сатып алу туралы шарт жасалған күнге дейін сатып алуды (лотты) немесе олардың қорытындыларын жояды және осы Қағидаларға сәйкес сатып алуды қайта жариялайды.";
189. Табиғи монополя субъектісі сатып алудың (лоттың) немесе олардың қорытындыларының күші жойылды деген шешімді бекіткен күннен бастап екі жұмыс күні ішінде портал арқылы өткізілген сатып алуға қатысушы адамдарға ол туралы хабарлайды.";
191-тармақ алып тасталсын.
2. Табиғи монополияларды реттеу комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) Осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеу;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) Осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрі |
А. Куантыров |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Индустрия және инфрақұрылымдық
даму министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Цифрлық даму, инновациялар
және аэроғарыш
өнеркәсібі министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Экология, геология және
табиғи ресурстар министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Энергетика министрлігі