"Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жасау мақсатында екінші деңгейдегі банктер, Қазақстан Республикасы бейрезидент-банктерінің филиалдары мен Ұлттық пошта операторы үшін ішкі бақылау қағидаларына қойылатын талаптарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2020 жылғы 22 наурыздағы № 18 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2022 жылғы 24 ақпандағы № 13 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 28 ақпанда № 26962 болып тіркелді

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Бұйрықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 4-т. қараңыз.

      Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жасау мақсатында екінші деңгейдегі банктер, Қазақстан Республикасы бейрезидент-банктерінің филиалдары мен Ұлттық пошта операторы үшін ішкі бақылау қағидаларына қойылатын талаптарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2020 жылғы 22 наурыздағы № 18 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20160 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жасау мақсатында екінші деңгейдегі банктер, Қазақстан Республикасы бейрезидент-банктерінің филиалдары мен Ұлттық пошта операторы үшін ішкі бақылау қағидаларына қойылатын талаптарда:

      2, 3 және 4-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Егер Талаптарда өзгеше көзделмесе, Талаптарда қолданылатын ұғымдар КЖ/ТҚҚ туралы заңда және "Төлемдер және төлем жүйелері туралы" Қазақстан Республикасының Заңында және "Акционерлік қоғамдар туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көрсетілген мағыналарында пайдаланылады.

      Талаптардың мақсаттары үшін мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      әдеттегіден тыс операция (мәміле) – клиенттің КЖ/ТҚҚ туралы заңның 10-бабының 2-тармағына сәйкес қаржы мониторингін жүзеге асыратын және қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға, жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі өзге де шараларды қабылдайтын уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) айқындаған, сондай-ақ банк дербес әзірлеген күдікті операцияны айқындау белгілері ескеріле отырып, КЖ/ТҚҚ туралы заңның 4-бабының 4-тармағына сәйкес міндетті түрде зерделенуге тиіс операциясы (мәмілесі);

      біржолғы операция (мәміле) – банктің жеке тұлғаның банктік шотына ақшаны есептеу не қолма-қол ақшаны қабылдауға, банк шотын пайдаланбай қолма-қол ақшасыз төлемге немесе ақша аударымына арналған жабдық (құрылғы) арқылы көрсетілетін қызметтерді берушінің пайдасына төлем жүргізу, айырбастау пунктінде қолма-қол шетел валютасын сатып алу, сату немесе айырбастау, осындай клиенттің банктік шотына қол жеткізу құралы болып табылмайтын төлем карточкасын пайдалану, мемлекеттік органдардың пайдасына атқарушылық іс жүргізу шеңберінде берешекті жабдық (құрылғы) арқылы төлеу, айырбастау пункттері арқылы тазартылған құйма алтынды сатып алу бойынша қызметтер көрсетуі, сондай-ақ банктің сәйкестендірілмеген электрондық ақша иелеріне электрондық ақшаны сатып алу және пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу арқылы қызметтер көрсетуі;

      жария лауазымды адам – ұлттық және шетелдік жария лауазымды адам;

      заңды тұлға құрмай шетелдік құрылым – шет мемлекеттің (аумақтың) заңнамасына сәйкес құрылған немесе заңды тұлға құрмай шетелдік құқық қолданыла отырып, өз қатысушыларының не пайда алушылардың мүдделері үшін пайда (кіріс) алуға бағытталған қызметті жүзеге асыруға құқылы құрылым;

      қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру тәуекелдері (бұдан әрі – КЖ/ТҚ тәуекелдері) – банкті қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру (бұдан әрі – КЖ/ТҚ) процестеріне қасақана немесе қасақана емес тарту тәуекелдері;

      КЖ/ТҚ тәуекелдерін басқару – банк КЖ/ТҚ тәуекелдерін анықтау, бағалау, мониторингтеу, сондай-ақ оларды азайту бойынша қабылдайтын шаралар жиынтығы (көрсетілетін қызметтерге (өнімдерге), клиенттерге, сондай-ақ клиенттер жүргізетін операцияларға қатысты);

      клиент – банктің қызметін алатын жеке тұлға және (немесе) заңды тұлға және (немесе) заңды тұлға құрмаған шетелдік құрылым;

      ұлттық жария лауазымды тұлға (бұдан әрі – ҰЖЛТ):

      жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам;

      лауазымды адам;

      мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті тұлға;

      мемлекеттік ұйымда немесе квазимемлекеттік сектор субъектісінде басқарушылық функцияларды орындайтын адам;

      цифрлық актив – қаржы құралы болып табылмайтын, криптография және компьютерлік есептеулер құралдарын қолдана отырып, электрондық-цифрлық нысанда жасалған мүлік, сондай-ақ мүліктік құқықтарды куәландырудың электрондық-цифрлық нысаны;

      шекті операция – клиенттің ақшамен және (немесе) өзге де мүлікпен жүргізілетін, КЖ/ТҚҚ туралы заңның 4-бабының 1-тармағына сәйкес қаржы мониторингіне жататын операциясы;

      шетелдік жария лауазымды тұлға (бұдан әрі – ШЖЛТ):

      шет мемлекеттің заң шығарушы, атқарушы, әкімшілік, сот органдарында немесе қарулы күштерінде қандай да бір лауазымды атқаратын тағайындалатын немесе сайланатын адам;

      шет мемлекет үшін қандай да бір жария функцияны орындайтын адам;

      халықаралық шарттар мәртебесі бар келісімдер негізінде елдер құрған ұйымдарда басшы лауазым атқаратын адам;

      іскерлік қатынастар – банктің клиентке қаржылық қызметке және қаржылық көрсетілетін қызметке қатысты қызметтерді (өнімдерді) ұсынуы жөніндегі қатынастар.

      3. Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға (бұдан әрі – КЖ/ТҚ) қарсы іс-қимыл мақсатында банк ішкі бақылауды:

      1) банктің КЖ/ТҚҚ туралы заңның талаптарын орындауын қамтамасыз ету;

      2) ұйымның ішкі бақылау жүйесінің тиімділігін КЖ/ТҚ тәуекелдерін және қатар жүретін тәуекелдерді (операциялық, бедел) басқару үшін жеткілікті деңгейде ұстап тұру;

      3) банкті, оның лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерін КЖ/ТҚ процестеріне тартуды болдырмау мақсатында жүзеге асырады.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген ішкі бақылаудан басқа, банк КЖ/ТҚҚ туралы заңның 12-1 және 13-баптарында көзделген жаппай қырып-жою қаруын таратудың алдын алуға, оған кедергі келтіруге және тоқтатуға қатысты нысаналы қаржылық санкциялар жөніндегі талаптардың сақталуын қосымша жүзеге асырады.

      4. Банкте КЖ/ТҚҚ мақсатында ішкі бақылауды ұйымдастыру шеңберінде банктің ішкі аудит қызметінің КЖ/ТҚҚ мақсатында ішкі бақылаудың тиімділігін бағалауды жүргізуіне қойылатын талаптар қамтылатын ішкі бақылау қағидалары әзірленеді.

      Ішкі бақылау қағидаларында КЖ/ТҚҚ туралы заңның 11-бабында көзделген бағдарламалар қамтылады, банк оларды Талаптарға сәйкес дербес әзірлейді және банктің ішкі құжаты не банктің басқару органы немесе атқарушы органдары бекіткен осындай құжаттардың жиынтығы болып табылады.";

      7 және 8-тармақтары мынадай редакцияда жазылсын:

      "7. КЖ/ТҚҚ мақсатында ішкі бақылауды ұйымдастыру бағдарламасында мыналарды қамтылады, бірақ олармен шектелмейді:

      1) мәліметтерді тіркеу, сондай-ақ КЖ/ТҚҚ мақсатында ішкі бақылауды іске асыру барысында алынған құжаттар мен ақпаратты сақтау тәртібі;

      2) банк қызметкерлерінің, оның ішінде банктің басқару органының және атқарушы органының жауапты қызметкерінің өздеріне белгілі болған, банк қызметкерлері жол берген КЖ/ТҚҚ туралы заңды, сондай-ақ ішкі бақылау қағидаларын бұзу фактілері туралы хабардар ету тәртібі;

      3) банк кіретін банк конгломератының КЖ/ТҚҚ бойынша талаптарының сипаттамасы (бар болса);

      4) КЖ/ТҚҚ мақсатында банктің ішкі аудит қызметінің бақылау тиімділігін бағалау нәтижелері бойынша басқарушылық есептілікті, соның ішінде банк конгломераты шеңберінде шоғырландырылған негізде басқарушылық есептілікті дайындау және банктің басқару органы мен атқарушы органына ұсыну тәртібі;

      5) банктің жауапты қызметкерінің, басқару органының және (немесе) атқарушы органының немесе банктің басшы қызметкерінің клиенттермен іскерлік қатынастарды белгілеу, жалғастыру не тоқтату туралы, КЖ/ТҚҚ туралы заңда және (немесе) клиенттермен жасасқан шарттарда көзделген жағдайларда және банктің ішкі құжаттарында көзделген тәртіппен клиенттердің операцияларын өткізуді тоқтата тұру не бас тарту туралы шешімдер қабылдау тәртібі;

      6) КЖ/ТҚ тәуекелдерін бағалау нәтижелерін бағалау, айқындау, құжаттамалық тіркеу және жаңарту рәсімі;

      7) бөлімшенің КЖ/ТҚҚ бойынша функцияларының, оның ішінде КЖ/ТҚ мақсатында ішкі бақылауды жүзеге асыру кезінде банктің басқа бөлімшелерімен, филиалдарымен, еншілес ұйымдарымен өзара іс-қимыл жасау рәсімінің, сондай-ақ жауапты қызметкердің функцияларының, өкілеттіктерінің, жауапты қызметкердің банктің басқару органымен және атқарушы органымен өзара іс-қимыл жасау рәсімінің сипаттамасы;

      8) Қазақстан Республикасында, сондай-ақ одан тысқары жерлерде орналасқан өз филиалдарының, өкілдіктерінің, еншілес ұйымдарының, егер бұл олардың орналасқан жеріндегі мемлекеттің заңнамасына қайшы келмесе, ішкі бақылау қағидаларын сақтау және іске асыру тәртібі.

      8. КЖ/ТҚҚ мақсатында ішкі бақылауды ұйымдастыру бағдарламасына сәйкес жауапты қызметкердің және КЖ/ТҚҚ жөніндегі бөлімше қызметкерлерінің функциялары мыналарды қамтиды, бірақ олармен шектелмейді:

      1) банктің басқарушы органы немесе атқарушы органы әзірлеген және келісілген ішкі бақылау қағидаларының және (немесе) оларға өзгерістердің (толықтырулардың) болуын, сондай-ақ олардың банкте сақталуын мониторингтеуді қамтамасыз ету;

      2) КЖ/ТҚҚ туралы заңға сәйкес қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті органға хабарларды ұсынуды ұйымдастыру және ұсынуды бақылау;

      3) клиенттердің операцияларын күдікті ретінде тану және банктің ішкі құжаттарында көзделген тәртіппен қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті органға хабарлар жіберу қажеттігі туралы шешімдер қабылдау;

      4) банктің ішкі құжаттарында көзделген тәртіппен банктің басқару органын және (немесе) банктің атқарушы органын анықталған ішкі бақылау қағидаларын бұзушылықтар туралы хабардар ету;

      5) ішкі бақылау қағидаларының іске асырылу нәтижелері және банктің басқару органына және атқарушы органына анықталған кемшіліктер туралы есептерді қалыптастыру үшін КЖ/ТҚҚ мақсатында, оның ішінде банк конгломераты шеңберінде КЖ/ТҚ тәуекелдерін басқару және ішкі бақылау жүйелерін жақсарту бойынша ұсынылатын шаралар туралы ақпаратты дайындау;

      6) банктің КЖ/ТҚ процестеріне тартылу тәуекелін бағалау және қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органға (бұдан әрі – уәкілетті орган) жыл сайын, есепті жылдан кейінгі жылдың 5 ақпанынан кешіктірмей сұратылған ақпаратты беру үшін сандық және сапалық көрсеткіштерді жинау бойынша үйлестіру.";

      13-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "13. КЖ/ТҚ тәуекелдерін басқаруды ұйымдастыру мақсатында банк КЖ/ТҚ тәуекелдерін басқару бағдарламасын әзірлейді.

      Тәуекелдерді бағалау нәтижелері уәкілетті органның талап етуі бойынша "Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттiк реттеу, бақылау және қадағалау туралы" Қазақстан Республикасы заңының 14-бабының бірінші бөлігіне сәйкес ұсынылады.";

      15-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "15. Мәртебесі және (немесе) қызметі КЖ/ТҚ тәуекелін арттыратын клиенттердің түрлеріне мыналар енгізіледі, бірақ олармен шектелмейді:

      1) жария лауазымды тұлғалар, олардың отбасы мүшелері және олардың жақын туыстары;

      2) шетелдік қаржы ұйымдары;

      3) заңды тұлғалар және қызметі қолма-қол ақшаның қарқынды айналымымен байланысты дара кәсіпкерлер, оның ішінде:

      қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларына арналған Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің лицензиясы негізінде қызметін айырбастау пунктері арқылы жүзеге асыратын заңды тұлғалар;

      Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің лицензиясы негізінде қызметінің ерекше түрі банкноттарды, монеталарды және құндылықтарды инкассациялау болып табылатын заңды тұлғалар (банк белгілеген КЖ/ТҚҚ жөніндегі талаптарды сақтайтын банктердің еншілес ұйымдарын қоспағанда);

      микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар;

      тұтынушылардан қолма-қол ақша қабылдауды, оның ішінде электрондық терминалдар арқылы жүзеге асырушы қызметтерді (қаржылық қызметтерді қоспағанда) жеткізушілердің агенттері (сенім білдірген);

      ойын бизнесін ұйымдастырушылар, сондай-ақ Қазақстан Республикасынан тыс онлайн-казино қызметін көрсететін не онлайн-казино қызметінен түсетін кірістерді алатын тұлғалар;

      туристік қызметтерді, сондай-ақ қолма-қол ақшаның қарқынды айналымымен байланысты өзге де қызметтерді көрсететін тұлғалар;

      4) адвокаттар және заң мәселелері бойынша басқа да тәуелсіз мамандар олар клиенттің атынан немесе оның тапсырмасы бойынша КЖ/ТҚҚ туралы Заңның 3-бабы 1-тармағының 7) тармақшасында көрсетілген қызметке қатысты ақшамен және (немесе) мүлікпен операцияларға қатысатын жағдайларда, бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушылары (екінші деңгейдегі банктер белгілеген, КЖ/ТҚҚ жөніндегі талаптарды сақтайтын екінші деңгейдегі банктердің еншілес ұйымдарын қоспағанда);

      5) "өмірді сақтандыру" саласы бойынша қызметті жүзеге асыратын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары, сақтандыру брокерлері (банк белгілеген КЖ/ТҚҚ жөніндегі талаптарды сақтайтын банктердің еншілес ұйымдарын қоспағанда);

      6) қаржы лизингі бойынша қызметтер көрсететін тұлғалар (екінші деңгейдегі банктер белгілеген КЖ/ТҚҚ бойынша талаптарды сақтайтын екінші деңгейдегі банктердің еншілес ұйымдарын қоспағанда);

      7) қызметті сақтандыру агенттері ретінде жүзеге асыратын тұлғалар;

      8) жылжымайтын мүлікті сатып алу-сату бойынша делдалдық қызметті жүзеге асыратын тұлғалар;

      9) қызметі қаруды, жарылғыш заттарды өндірумен және (немесе) сатумен байланысты адамдар;

      10) қызметі бағалы металдарды, асыл тастарды не олардан жасалған бұйымдарды өндірумен және (немесе) өңдеумен, сондай-ақ сатып алумен-сатумен байланысты тұлғалар;

      11) қорлардың, діни бірлестіктердің ұйымдық-құқықтық нысанындағы коммерциялық емес ұйымдар;

      12) Талаптардың 17-тармағында көрсетілген шет мемлекеттерде орналасқан (тіркелген) тұлғалар, сондай-ақ Қазақстан Республикасында орналасқан осындай тұлғалардың филиалдары мен өкілдіктері;

      13) ұсынған деректерінің дәйектілігіне күмәндануға негіз бар, клиент;

      14) клиент КЖ/ТҚҚ туралы заңда көзделген клиентті тиісінше тексеру рәсімдерінен жалтаруға бағытталған іс-әрекеттер жасағанда;

      15) цифрлық активтерді шығару, олардың сауда-саттығын ұйымдастыру, сондай-ақ цифрлық активтерді ақшаға, құндылықтарға және өзге де мүлікке айырбастау бойынша көрсетілетін қызметтерді ұсыну жөніндегі қызметті жүзеге асыратын тұлғалар.";

      мынадай мазмұндағы 20-1-тармағымен толықтырылсын:

      "20-1. Банктер:

      1) берудің жаңа тетіктерін қоса алғанда, жаңа өнімдерді және жаңа іскерлік практика әзірлеуге;

      2) жаңа және сол сияқты қолданыстағы өнімдер үшін жаңа немесе дамушы технологияларды пайдалануға байланысты туындауы мүмкін КЖ/ТҚ тәуекелдерін айқындайды және бағалайды.

      КЖ/ТҚ тәуекелдерін бағалау жаңа өнімдерді, іскерлік практиканы іске қосқанға дейін немесе жаңа (дамушы) технологияларды пайдаланғанға дейін жүргізіледі.";

      21 және 22-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "21. Клиентті тиісінше тексеру бойынша КЖ/ТҚҚ туралы заңның талаптарын іске асыру мақсатында банк клиенттерді сәйкестендіру бағдарламасын әзірлейді.

      Клиентті (оның өкілін) және бенефициарлық меншік иесін сәйкестендіру банктің клиент (оның өкілі) туралы мәліметтерді тіркеу, бенефициарлық меншік иесін анықтау және ол туралы мәліметтерді тіркеу, іскерлік қатынастардың болжамды мақсатын немесе біржолғы операцияны (мәмілені) белгілеу және тіркеу, сондай-ақ КЖ/ТҚҚ туралы заңда көзделген клиент және оның өкілдері туралы мәліметтерді алу және тіркеу бойынша іс-шаралар жүргізуінде.

      Жасалатын операцияларды қаржыландыру көзі туралы мәліметтерді қажет болған кезде алуды және тіркеуді қоса алғанда, iскерлiк қатынастарды тексерудi және осы қаржы мониторингi субъектiсi арқылы клиент жүзеге асыратын операцияларды зерделеудi тұрақты негiзде жүргiзу.

      22. Клиентті, оның өкілін және бенефициарлық меншік иесін сәйкестендіру бағдарламасы мыналарды қамтиды, бірақ онымен шектелмейді:

      1) банктің іскерлік қатынастар орнатудан және (немесе) операциялар жүргізуден бас тарту, сондай-ақ іскерлік қатынастарды тоқтату туралы шешім қабылдау рәсімін, негіздері мен мерзімдерін қоса алғанда, клиенттерді қызмет көрсетуге қабылдау тәртібі;

      2) клиентті (оның өкілін) және бенефициарлық меншік иесін сәйкестендіру тәртібі, оның ішінде клиентті тиісінше тексерудің оңайлатылған және күшейтілген шараларын қолдану рәсімдерінің ерекшеліктері;

      3) шетелдік қаржы ұйымдарымен корреспонденттік қатынастар орнатылған кезде сәйкестендіруді жүргізу ерекшеліктері;

      4) банктің қызмет көрсетудегі немесе қызмет көрсетуге қабылдайтын клиенттер (олардың өкілдері) мен бенефициарлық меншік иелерінің, олардың жұбайларын (зайыптарын) және жақын туыстарын анықтауға бағытталған шаралардың сипаттамасы;

      5) КЖ/ТҚҚ туралы заңның 12-бабына сәйкес жасалған терроризмді және экстремизмді қаржыландыруға байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесінде (бұдан әрі – Тізбе) және КЖ/ТҚҚ туралы заңның 12-1-бабына сәйкес жасалған жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесінде (бұдан әрі – ЖҚҚТҚ тізбесі) болуына нысаналы қаржы санкцияларын қолдану, клиентті (оның өкілін) және бенефициарлық меншік иесін тексеру тәртібі;

      6) Тізбеден және ЖҚҚТҚ тізбесінен клиент (оның өкілі) туралы мәліметтер алып тасталған кезде нысаналы қаржы санкцияларының қолданысын тоқтату тәртібі;

      7) іскерлік қатынастарды қашықтан орнату кезінде (клиенттің немесе оның өкілінің жеке қатысуынсыз) сәйкестендіру ерекшеліктері;

      8) банк кіретін банк конгломераты белгілеген КЖ/ТҚҚ жөніндегі талаптарды орындау шеңберінде клиентті (оның өкілін) және бенефициарлық меншік иесін сәйкестендіру процесінде алынған мәліметтер, сондай-ақ осындай мәліметтерді сақтаудың және құпиялылығын қамтамасыз етудің алмасу ерекшеліктері (болған кезде);

      9) басқа қаржы ұйымдарынан мәліметтер алу, оның ішінде брокер (дилер) өз банктік шоты бойынша олардың пайдасына немесе атынан операциялар жасайтын жеке және заңды тұлғаларды сәйкестендіру арқылы клиенттерді сәйкестендіру ерекшеліктері;

      10) клиент (оның өкілі) және бенефициарлық меншік иесі туралы мәліметтердің дәйектілігін тексеру тәртібі;

      11) клиент досьесінің нысанына, мазмұнына және жүргізу тәртібіне, мәліметтерді жаңарту кезеңділігін көрсете отырып, досьедегі мәліметтерді жаңартуға қойылатын талаптар;

      12) клиенттің тәуекел деңгейін бағалау тәртібі, осындай тәуекелді бағалау негіздері;

      13) КЖ/ТҚҚ туралы заңның 5-бабы 5-тармағының үшінші және төртінші бөліктеріне сәйкес қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті орган айқындаған нысан бойынша клиенттердің бенефициарлық меншік иелері туралы мәліметтерді банктің сұратуы бойынша алу және ұсыну тәртібі.

      Клиент (оның өкілі) ұсынатын құжаттар клиент (оның өкілі) және бенефициарлық меншік иесі туралы мәліметтерді растау мақсатында олардың дәйектілігі тексеріледі.

      Егер банк КЖ/ТҚҚ туралы заңға сәйкес шарт негізінде өзге тұлғаға банктің клиенттеріне қатысты КЖ/ТҚҚ туралы заңның 5-бабы 3-тармағының 1), 2), 2-1) және 4) тармақшаларында көзделген шараларды қолдануды тапсырса, банк осындай тұлғалармен өзара іс-қимыл жасаудың мыналар қамтылатын қағидаларын әзірлейді:

      банктің сәйкестендіру жүргізу тапсырылған тұлғалармен шарттар жасасу рәсімі, сондай-ақ банктің осындай шарттар жасасуға уәкілетті лауазымды тұлғаларының тізбесі;

      банк пен сәйкестендіруді жүргізу тапсырылған тұлғалар арасындағы шарттарға сәйкес клиентті (оның өкілін) және бенефициарлық меншік иесін сәйкестендіру рәсімі;

      сәйкестендіруді жүргізу тапсырылған тұлғалардың сәйкестендіруді жүргізу кезінде алынған мәліметтерді банкке беру рәсімі мен мерзімдері;

      банктің сәйкестендіру жүргізу тапсырылған тұлғалардың алынған мәліметтерді банкке беру рәсімін, мерзімдері мен толық болуын қоса алғанда, сәйкестендіру жөніндегі талаптарды сақтауын бақылауды жүзеге асыру рәсімі, сондай-ақ анықталған бұзушылықтарды жою жөнінде банк қабылдайтын шаралар;

      сәйкестендіру жөніндегі талаптарды, оның ішінде рәсімдерді, алынған мәліметтерді банкке беру мерзімдерін және толық болуын сақтамаған жағдайда, банктің сәйкестендіру жүргізу тапсырылған тұлғалармен жасалған шартты орындаудан біржақты бас тарту туралы шешім қабылдау негіздері, рәсімі және мерзімдері;

      банктің сәйкестендіру жүргізу тапсырылған тұлғалармен шартты орындаудан біржақты бас тарту туралы шешім қабылдауға уәкілетті лауазымды тұлғаларының тізбесі;

      банк сәйкестендіру жүргізуді тапсырған тұлғалардың сәйкестендіру жөніндегі талаптарды сақтамағаны үшін, алынған мәліметтерді банкке беру рәсімін, мерзімдері мен толықтығын қоса алғанда, олардың жауапкершілігі туралы ережелері;

      банктің сәйкестендіру жөніндегі талаптарды орындау мақсатында оларға әдіснамалық көмек көрсету мәселелері бойынша сәйкестендіруді жүргізу тапсырылған тұлғалармен өзара іс-қимыл жасау рәсімі.

      Банктің өзара іс-қимыл қағидаларына қосымша талаптарды енгізуіне жол беріледі.";

      24, 25 және 26-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "24. КЖ/ТҚҚ туралы заңның 5-бабы 2 және 3-1-тармақтарының және 7-бабы 1-тармағының талаптарын ескере отырып, банк клиентті (оның өкілін) және бенефициарлық меншік иесін сәйкестендіруді жүргізеді, іскерлік қатынастарды тексереді және операцияларды зерделейді, қажет болған кезде жасалатын операцияларды қаржыландыру көздері туралы мәліметтер алу мен белгілеуді қоса алғанда, клиенттің тәуекел деңгейін ескере отырып, сондай-ақ мынадай:

      1) клиент шекті операция (мәміле) жасаған;

      2) клиент күдікті операция (мәміле) жасаған (жасауға әрекет еткен);

      3) клиент қылмыстық кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру типологияларына, схемалары мен тәсілдеріне сәйкес келетін сипаттамасы бар операцияны (мәмілені) жасаған;

      4) клиент әдеттегіден тыс операция (мәміле) жасаған;

      5) клиент (оның өкілі), бенефициарлық меншік иесі туралы бұрын алынған деректердің дәйектілігіне күмәндануға негіздер болған;

      6) клиент 500 000 теңгеден асатын сомаға не 500 000 теңге баламасынан асатын шетел валютасындағы сомаға біржолғы операция (мәміле) жүргізген (жасаған), оның ішінде жеке тұлғаның банктік шотына ақшаны есепке алу не банк шотын пайдаланбай қолма-қол ақшасыз төлемге немесе ақша аударымына арналған жабдық (құрылғы) арқылы көрсетілетін қызметтерді берушінің пайдасына төлем жүргізу бойынша операцияларды, айырбастау пунктінде қолма-қол шетел валютасын сатып алу, сату немесе айырбастау операцияларын жүргізген;

      7) клиенттің 200 000 теңгеден асатын сомаға не осындай клиенттің банктік шотына қол жеткізу құралы болып табылмайтын төлем карточкасын пайдалана отырып операциялар бойынша 200 000 теңге баламасынан асатын шетел валютасындағы сомаға біржолғы операция (мәміле) жүргізген (жасаған);

      8) клиенттің қолма-қол ақшаны қабылдауға арналған жабдық (құрылғы) арқылы мемлекеттік органдардың пайдасына атқарушылық іс жүргізу шеңберінде берешекті төлеу бойынша операция жүргізген;

      9) сәйкестендірілмеген электрондық ақша иелері-жеке тұлғалар "Төлемдер және төлем жүйелері туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 44-бабының 4-тармағында көзделген сомадан аспайтын электрондық ақшаны сатып алу және пайдалану жөніндегі операцияларды жасаған жағдайларда клиент және бенефициарлық меншік иесі туралы алынған мәліметтердің дәйектілігін тексереді және іскерлік қатынастардың немесе біржолғы операцияның (мәміленің) болжамды мақсатын анықтайды.

      Ұсынылған мәліметтердің дәйектілігін тексеру клиент (оның өкілі) ұсынған тиісті құжаттардың түпнұсқаларының немесе нотариат куәландырған көшірмелерінің деректерімен салыстырып тексеру, қолжетімді көздерден (дерекқорлардан) алынған деректермен салыстырып тексеру, мәліметтерді басқа да тәсілдермен тексеру арқылы жүзеге асырылады.

      Клиент белгіленген іскерлік қатынастар шеңберінде операциялар жасаған кезінде, егер клиентті сәйкестендіру осы тармақтың бірінші бөлігінің 2), 3), 4) және 5) тармақшаларында көзделген жағдайларды, сондай-ақ клиенттің тәуекел деңгейіне және Талаптарға сәйкес бұрын алынған қосымша мәліметтерді жаңарту не алу қажеттігін қоспағанда, осындай іскерлік қатынастарды белгілеу кезінде жүргізілсе, клиентті (оның өкілін) және бенефициарлық меншік иесін сәйкестендіру жүргізілмейді.

      25. Клиентті (оның өкілін) және бенефициарлық меншік иесін сәйкестендіру шеңберінде Талаптардың 23 және 24-тармақтарына сәйкес алынған мәліметтер құжатпен тіркеледі және банк клиенттің досьесіне енгізеді (қосады), ол клиентпен іскерлік қатынастардың бүкіл кезеңі ішінде және клиентпен іскерлік қатынастар немесе біржолғы операция (мәміле) жүргізу (жасау) тоқтатылған күннен бастап кем дегенде 5 (бес) жыл банкте сақталады.

      Банк КЖ/ТҚҚ туралы заңның 5-бабы 6-тармағының 1) тармақшасын қолданған кезде банк клиент (оның өкілін) және бенефициарлық меншік иесін туралы қаржы мониторингінің басқа субъектілерінен клиенттің досьесіне енгізу (қосу) үшін мәліметтерді дереу, сондай-ақ растайтын құжаттардың көшірмелерін сұрату бойынша кідіріссіз алады, оларға оның ішінде ақпарат, ақпараттық жүйеден немесе банк клиентті тиісінше тексеру шараларын негізге алатын басқа қаржы мониторингі субъектілерінің дерекқорынан үзінді көшірмелер жатады.

      Банк ішкі құжаттарға сәйкес досьелер жүргізетін клиенттердің топтары мыналарды қамтиды, бірақ шектелмейді:

      жеке тұлғалар;

      заңды тұлға құрмай шетелдік құрылым;

      заңды тұлғалар, оның ішінде шетелдік қаржы ұйымдары-респонденттер.

      Банк клиент досьесін ол туралы банк ішкі бақылау қағидаларына сәйкес оған банк берген тәуекел деңгейіне қарай қалыптастырады. Клиентке төмен деңгей берілген жағдайда оған қатысты тиісінше тексерудің жеңілдетілген шаралары жүргізіледі және КЖ/ТҚҚ туралы заңның 5-бабы 3-тармағының 1), 2), 2-1) және 4) тармақшаларында көзделген мәліметтер тізбесі бекітіледі.

      Клиентке тәуекелдің жоғары деңгейі берілген жағдайда оған қатысты тиісті тексерудің күшейтілген шаралары жүргізіледі және қосымша мәліметтерге КЖ/ТҚҚ туралы заңның 5-бабы 5-тармағында көзделген мәліметтер жатады (салықтық резиденттілігі, қызметінің түрі және жасалатын операцияларды қаржыландыру көзі туралы мәліметтер).

      Шетелдік қаржы ұйымы және оның клиенттері корреспонденттік шоттар арқылы төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын жүзеге асырған кезде банк төлем құжатында КЖ/ТҚҚ туралы Заңның 7-бабының 2-тармағында көзделген мәліметтердің болуын тексереді.

      26. Клиентті (оның өкілін) және бенефициарлық меншік иесін сәйкестендіру барысында банк мұндай клиенттің (оның өкілінің) және бенефициарлық меншік иесінің Тізбеде және ЖҚҚТҚ тізбесінде болуына тексеру жүргізеді.

      Банк клиентті (оның өкілін) сәйкестендіру және бенефициарлық меншік иесін анықтау барысында мұндай клиенттің (оның өкілінің) және бенефициарлық меншік иесінің ҰЖЛТ-ға және ШЖЛТ-ға, олардың жұбайларына (зайыптарына) және жақын туыстарына тиесілігіне тексеру жүргізеді.

      Банктер ШЖЛТ-ға, оның жұбайына (зайыбына) және жақын туыстарына қатысты:

      1) ШЖЛТ беделін оның КЖ/ТҚ жағдайларына қатыстылығына қарай бағалауды жүзеге асыруға;

      2) банктің басшы қызметкерінің осындай клиенттермен (олардың өкілдерімен) және бенефициарлық меншік иелерімен іскерлік қатынастар орнатуға, оны жалғастыруға рұқсатын алуға;

      3) клиенттің (оның өкілінің) және бенефициарлық меншік иесінің қаражат көзін анықтау үшін қолжетімді шаралар қабылдауға;

      4) клиенттерді (олардың өкілдерін) және бенефициарлық меншік иелерін тиісінше тексеру жөнінде күшейтілген шаралар қабылдауға міндетті.

      Тәуекелдің жоғары деңгейі берілген ҰЖЛТ-ға, оның жұбайына (зайыбына) және жақын туыстарына қатысты банк қосымша осы тармақтың үшінші бөлігінің 1), 2), 3) және 4) тармақшаларында белгіленген шараларды қолданады.

      Еуразиялық экономикалық одаққа кіретін мемлекеттердің азаматтарына қатысты көші-қон карточкалары туралы мәліметтер алу талап етілмейді.

      Клиенттің (оның өкілінің) және бенефициарлық меншік иесінің Тізбеде және ЖҚҚТҚ тізбесінде болуын (Тізбеге және ЖҚҚТҚ тізбесіне енгізілуін) тексеру клиенттің тәуекел деңгейіне байланысты емес және Тізбеге және ЖҚҚТҚ тізбесіне өзгерістер енгізілуіне (Тізбенің және ЖҚҚТҚ тізбесінің жаңартылуына) қарай жүзеге асырылады.

      Банк жеке тұлғаны (заңды тұлғаның немесе заңды тұлға құрмай шетелдік құрылым басшысының, бенефициарлық меншік иесін) сәйкестендіру кезінде мынадай деректерді белгілейді және тіркейді:

      тегі, аты, әкесінің аты (бар болса);

      азаматтығы;

      туған күні және жері;

      заңды мекенжайы;

      жеке басын куәландыратын құжаттың және (немесе) оның негізінде сәйкестендіру жүргізілетін өзге де құжаттың деректемелері;

      қызмет түрі (жеке кәсіпкерлер үшін);

      жеке сәйкестендіру нөмірі (Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жеке тұлғаға жеке сәйкестендіру нөмірі берілмеген жағдайларды қоспағанда).

      Банк заңды тұлға-клиентті және заңды тұлға құрмай шетелдік құрылым-клиентті сәйкестендіру кезінде мынадай деректерді белгілейді және тіркейді:

      атауы;

      ұйымның тіркеу нөмірі және мемлекеттік тіркелген күні;

      тіркеуші органның атауы (олар бар болса);

      орналасқан және тіркелген жері; бизнес-сәйкестендіру нөмірі (заңды тұлғаға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бизнес-сәйкестендіру нөмірі берілмеген жағдайларды қоспағанда) не бейрезидент-заңды тұлға шет мемлекетте тіркелген нөмір;

      қызмет түрі;

      басшы (құрылтай құжаттарына сәйкес заңды тұлға-клиенттің атынан әрекет етуге уәкілетті өзге тұлға), қаржылық құжаттарға қол қою құқығы бар тұлға туралы деректер;

      бенефициарлық меншік иелері туралы деректер.";

      29, 30 және 31-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "29. Клиенттердің операцияларын мониторингтеу және зерделеу бағдарламасы төмендегілерден тұрады, бірақ олармен шектелмейді:

      1) КЖ/ТҚҚ туралы заңның 10-бабының 2-тармағына сәйкес қаржылық мониторинг жөніндегі уәкілетті орган анықтаған, сондай-ақ банк дербес түрде әзірлеген күдікті операцияларды анықтау белгілерінің негізінде құрылған күдікті операциялар белгілерінің тізбесі;

      2) клиенттің КЖ/ТҚҚ туралы заңның 4-бабының 5-тармағына сәйкес қаржылық мониторинг жөніндегі уәкілетті орган бекіткен қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру және терроризмді қаржыландыру типологиялары, схемалары мен тәсілдеріне сәйкес келетін сипаттамалардан тұратын операцияларын анықтау рәсімі;

      3) Талаптарда көзделген жағдайларда клиент (оның өкілі) және бенефициарлық меншік иесі туралы бұрын алынған мәліметтерді жаңарту және (немесе) қосымша мәліметтер алу бойынша банк бөлімшелерінің (қызметкерлерінің) арасында міндеттерді бөлу;

      4) шекті, әдеттегіден тыс және күдікті операциялар туралы мәліметтерді анықтау және бөлімшелердің (қызметкерлердің) арасында беру бойынша банк бөлімшелерінің (қызметкерлерінің) арасында міндеттерді бөлу;

      5) жауапты қызметкердің клиент операциясының біліктілігі туралы шешім қабылдау тәртібі, негіздемелері және мерзімі;

      6) әдеттегіден тыс операцияларды (мәмілелерді) зерделеу нәтижелері туралы мәліметтерді, сондай-ақ шекті және күдікті операциялар (соның ішінде операция сомасы) туралы мәліметтерді белгілеу (соның ішінде белгілеу тәсілдері) және сақтау тәртібі;

      7) тәуекелдің жоғары деңгейі берілген клиенттердің операцияларына мониторинг жүргізу және зерделеу тәртібі;

      8) клиент жүйелі түрде және (немесе) елеулі көлемде әдеттегіден тыс және (немесе) күдікті операцияларды жүзеге асырған жағдайда клиентке және оның операцияларына қатысты шаралар қабылдау тәртібі және қабылданатын шаралардың сипаты;

      9) қаржылық мониторинг жөніндегі уәкілетті органға шекті және күдікті операциялар туралы хабарлар ұсыну тәртібі;

      10) банктің уәкілетті органдары мен лауазымды адамдарына шекті және күдікті операцияның анықталғандығы туралы хабарлау (қажет болған кезде) тәртібі.

      КЖ/ТҚҚ туралы заңның 10-бабының 2-тармағына сәйкес қаржылық мониторинг жөніндегі уәкілетті орган анықтаған күдікті операциялардың белгілерін анықтау мақсатында, банк қызметінің ауқымы мен негізгі бағыттарын, оның клиенттері қызметінің сипаты, ауқымы мен негізгі бағыттарын, клиенттер мен олардың операцияларымен байланысты тәуекелдер деңгейін ескере отырып, банк ішкі бақылау қағидаларында дербес түрде бағалау критерийлерін (жүйелілік, тұрақтылық, мәнділік, маңыздылық, асыра алаңдаушылық, негізсіз асығыстық, кішігірім кезең, үлкен көлем, адамдар тобы) анықтайды.

      30. Клиенттердің операцияларын мониторингтеу және зерделеу бағдарламасының аясында банк барлық шекті, әдеттегіден тыс, күдікті операциялар мен КЖ/ТҚ типологияларына, схемаларына және тәсілдеріне сәйкес келетін сипаттамалардан тұратын операциялардың мақсаттары мен негіздемелерін, сондай-ақ қажет болатын жағдайда қаржыландыру көзін анықтауға бағытталған іс-шараларды жүргізеді.

      Банк клиенттердің операцияларын мониторингтеу және зерделеу нәтижелерін банк қызметтерінің (өнімдерінің ) КЖ/ТҚ тәуекелдеріне ұшырау дәрежесін жыл сайын бағалау, сондай-ақ клиенттердің тәуекелдер деңгейлерін қайта қарау үшін пайдаланады.

      Клиенттердің операцияларын мониторингтеу және зерделеу бағдарламасын іске асыру шеңберінде алынған мәліметтер Талаптардың 25-тармағында көзделген клиент досьесіне енгізіледі және (немесе) банкте клиентпен іскерлік қатынастардың бүкіл кезеңі бойы және операция жасалғаннан кейін және біржолғы операция (мәміле) жасалғаннан кейін кемінде бес жыл сақталады.

      31. Клиент операцияларын зерделеу жиілігін банк клиенттің (клиенттер тобының) тәуекел деңгейін және (немесе) клиент пайдаланатын банк қызметтерінің (өнімдерінің) КЖ/ТҚ тәуекелдеріне ұшырау дәрежесін, клиенттің қаржылық мониторинг жасалуы тиіс операция (операциялар) жасауын (жасауға әрекеттерін), сондай-ақ банктегі қаржылық мониторинг жөніндегі уәкілетті орган бекіткен КЖ/ТҚ типологиялары, схемалары мен тәсілдерін ескере отырып анықтайды.

      Клиентке тәуекелдің жоғары деңгейі берілген жағдайда, сондай-ақ клиент күдікті операция жасаған кезде банк клиенттің белгілі бір уақыт кезеңінде, бірақ кем дегенде соңғы айда жүргізетін (жүргізген) операцияларын зерделейді.

      КЖ/ТҚҚ туралы заңның 4-бабы 4-тармағында көрсетілген негіздерден басқа, банк тәуекелдің жоғары деңгейі берілген клиентке қолма-қол ақшаны біржолғы беру операциясын, оның ішінде банк банктің ішкі бақылау қағидаларында дербес түрде анықтаған сомаға банктік шотты (шоттарды) пайдалану арқылы жасалған операциясын қосымша түрде зерделейді. Уәкілетті орган тәуекелдің жоғары деңгейі берілген клиентке қолма-қол ақшаны біржолғы беру операциясының сомасын қайта қарау қажеттілігі туралы нұсқау жіберген жағдайда, банк нұсқауға сәйкес лимиттер белгілейді.".

      2. Қаржы ұйымдарының әдіснамасы және пруденциялық реттеу департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген іс-шараның орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланғаннан күнінен кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Қаржы нарығын реттеу және дамыту
Агенттігінің Төрағасы
М. Абылкасымова

 

      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Қаржылық мониторинг агенттігі

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады