Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жасау мақсатында екінші деңгейдегі банктер, Қазақстан Республикасы бейрезидент-банктерінің филиалдары мен Ұлттық пошта операторы үшін ішкі бақылау қағидаларына қойылатын талаптарды бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2020 жылғы 22 наурыздағы № 18 Қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2020 жылы 23 наурызда № 20160 болып тіркелді.

      Ескерту. Тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 12.09.2022 № 69 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      "Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 28 тамыздағы Заңының 11-бабы 3-2-тармағына, Әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы" 2020 жылғы 16 наурыздағы Қазақстан Республикасы Президентінің № 286 Жарлығына сәйкес, Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жасау мақсатында екінші деңгейдегі банктер, Қазақстан Республикасы бейрезидент-банктерінің филиалдары мен Ұлттық пошта операторы үшін ішкі бақылау қағидаларына қойылатын талаптар бекітілсін.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 12.09.2022 № 69 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      2. Қаржы ұйымдарының әдіснамасы және реттеу департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулы ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы қаулының осы тармағының 2) тармақшасында және 3-тармағында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы Заң департаментіне мәліметтер ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Халықаралық қатынастар және сыртқы коммуникациялар басқармасы осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмелерін мерзімді баспасөз басылымдарында ресми жариялауға жіберуді қамтамасыз етсін.

      4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      5. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Қаржы нарығын реттеу және дамыту
      Агенттігінің Төрағасы М. Абылкасымова

  Қазақстан Республикасының
Қаржы нарығын реттеу және
дамыту агенттігі
Басқармасының
2020 жылғы 22 наурыздағы
№ 18 қаулысымен
бекітілген

Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жасау мақсатында екінші деңгейдегі банктер, Қазақстан Республикасы бейрезидент-банктерінің филиалдары мен Ұлттық пошта операторы үшін ішкі бақылау қағидаларына қойылатын талаптар

      Ескерту. Тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 12.09.2022 № 69 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

1-бөлім. Жалпы ережелер

      1. Осы Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жасау мақсатында екінші деңгейдегі банктер, Қазақстан Республикасы бейрезидент-банктерінің филиалдары мен Ұлттық пошта операторы үшін ішкі бақылау қағидаларына қойылатын талаптар (бұдан әрі – Талаптар) "Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – КЖ/ТҚҚ туралы заң) 11-бабы 3-2-тармағының екінші абзацына сәйкес әзірленді және екінші деңгейдегі банктерге, Қазақстан Республикасы бейрезидент-банктерінің филиалдары мен Ұлттық пошта операторына (бұдан әрі – банк) қолданылады.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 12.09.2022 № 69 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      2. Егер Талаптарда өзгеше көзделмесе, Талаптарда қолданылатын ұғымдар КЖ/ТҚҚ туралы заңда, "Төлемдер және төлем жүйелері туралы" Қазақстан Республикасының Заңында және "Акционерлік қоғамдар туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көрсетілген мағыналарында пайдаланылады.

      Талаптардың мақсаттары үшін мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) әдеттегіден тыс операция (мәміле) – клиенттің КЖ/ТҚҚ туралы заңның 10-бабының 2-тармағына сәйкес қаржы мониторингін жүзеге асыратын және қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға, жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі өзге де шараларды қабылдайтын уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) айқындаған, сондай-ақ банк дербес әзірлеген күдікті операцияны айқындау белгілері ескеріле отырып, КЖ/ТҚҚ туралы заңның 4-бабының 4-тармағына сәйкес міндетті түрде зерделенуге тиіс операциясы (мәмілесі);

      2) біржолғы операция (мәміле) – банктің жеке тұлғаның банктік шотына ақшаны есептеу не қолма-қол ақшаны қабылдауға, банк шотын пайдаланбай қолма-қол ақшасыз төлемге немесе ақша аударымына арналған жабдық (құрылғы) арқылы көрсетілетін қызметтерді берушінің пайдасына төлем жүргізу, айырбастау пунктінде қолма-қол шетел валютасын сатып алу, сату немесе айырбастау, осындай клиенттің банктік шотына қол жеткізу құралы болып табылмайтын төлем карточкасын пайдалану, мемлекеттік органдардың пайдасына атқарушылық іс жүргізу шеңберінде берешекті жабдық (құрылғы) арқылы төлеу, айырбастау пункттері арқылы тазартылған құйма алтынды сатып алу бойынша қызметтер көрсетуі, сондай-ақ банктің сәйкестендірілмеген электрондық ақша иелеріне электрондық ақшаны сатып алу және пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу арқылы қызметтер көрсетуі;

      3) КЖ/ТҚ тәуекелдерін басқару – банк КЖ/ТҚ тәуекелдерін анықтау, бағалау, мониторингтеу, сондай-ақ оларды азайту бойынша қабылдайтын шаралар жиынтығы (көрсетілетін қызметтерге (өнімдерге), клиенттерге, сондай-ақ клиенттер жүргізетін операцияларға қатысты);

      4) клиент – банк қызметін алатын жеке, заңды тұлға немесе заңды тұлға құрмай шетелдік құрылым;

      5) қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату), терроризмді қаржыландыру және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыру тәуекелдері (бұдан әрі – КЖ/ТҚ тәуекелдері) – банкті қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату), терроризмді қаржыландыру және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыру (бұдан әрі – КЖ/ТҚ) процестеріне қасақана немесе қасақана емес тарту тәуекелдері) немесе өзге де қылмыстық іс-әрекет;

      6) цифрлық актив – қаржы құралы болып табылмайтын, криптография және компьютерлік есептеулер құралдарын қолдана отырып, электрондық-цифрлық нысанда жасалған мүлік, сондай-ақ мүліктік құқықтарды куәландырудың электрондық-цифрлық нысаны;

      7) шекті операция – клиенттің ақшамен және (немесе) өзге де мүлікпен жүргізілетін, КЖ/ТҚҚ туралы заңның 4-бабының 1-тармағына сәйкес қаржы мониторингіне жататын операциясы;

      8) іскерлік қатынастар – банктің клиентке қаржылық қызметке және қаржылық көрсетілетін қызметке қатысты қызметтерді (өнімдерді) ұсынуы жөніндегі қатынастар.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 12.09.2022 № 69 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      3. Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға (бұдан әрі-КЖ/ТҚҚ) және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жасау мақсатында банк ішкі бақылауды:

      1) банктің КЖ/ТҚҚ туралы заңның талаптарын орындауын қамтамасыз ету;

      2) ұйымның ішкі бақылау жүйесінің тиімділігін КЖ/ТҚ тәуекелдерін және қатар жүретін тәуекелдерді (операциялық, бедел) басқару үшін жеткілікті деңгейде ұстап тұру;

      3) банкті, оның лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерін КЖ/ТҚ процестеріне тартуды болдырмау мақсатында жүзеге асырады.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 12.09.2022 № 69 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      4. КЖ/ТҚҚ мақсатында ішкі бақылауды ұйымдастыру шеңберінде банктің ішкі аудит қызметінің КЖ/ТҚҚ мақсатында банктің басқару органы немесе атқарушы органы ішкі бақылаудың тиімділігін бағалауды жүргізуіне қойылатын талаптар қамтылатын ішкі бақылау қағидаларын әзірлейді және қабылдайды. Банк ішкі бақылау қағидаларын банк қызметтерінің КЖ/ТҚ тәуекелдеріне ұшырау дәрежесін, банктің мөлшерін, сипаты мен күрделілігін бағалау нәтижелерін ескере отырып орындайды.

      Ішкі бақылау қағидаларында КЖ/ТҚҚ туралы заңның 11-бабында көзделген бағдарламалар қамтылады, банк оларды Талаптарға сәйкес дербес әзірлейді және банктің ішкі құжаты не банктің басқару органы немесе атқарушы органдары бекіткен осындай құжаттардың жиынтығы болып табылады.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 12.09.2022 № 69 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

2-бөлім. КЖ/ТҚҚ ішкі жүйесін ұйымдастыру және КЖ/ТҚҚ мақсатында ішкі бақылауды ұйымдастыру бағдарламасы

      5. Банкте банктің ішкі құжаттарында белгіленген тәртіппен банктің басшы қызметкерлерінің немесе банктің тиісті құрылымдық бөлімшесі басшысының деңгейінен төмен емес банктің өзге де басшыларының қатарынан банктегі ішкі бақылау қағидаларын іске асыруға және сақтауға жауапты адам (бұдан әрі – жауапты қызметкер) тағайындалады, сондай-ақ құзыретіне КЖ/ТҚҚ мәселелері кіретін банк қызметкерлері не бөлімшесі (бұдан әрі – КЖ/ТҚҚ жөніндегі бөлімше) айқындалады.

      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 12.09.2022 № 69 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      6. Жауапты қызметкерге мынадай талаптар қойылады:

      1) жоғары білімінің болуы;

      2) банктік және (немесе) өзге операцияларды жүзеге асырумен байланысты банк бөлімшесі басшысының лауазымында кемінде 1 (бір) жыл жұмыс өтілінің не КЖ/ТҚҚ саласында кемінде 2 (екі) жыл жұмыс өтілінің не қаржылық қызметтерді ұсыну және (немесе) реттеу саласында кемінде 3 (үш) жыл жұмыс өтілінің болуы;

      3) "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес мінсіз іскерлік беделінің болуы.

      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 12.09.2022 № 69 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      7. КЖ/ТҚҚ мақсатында ішкі бақылауды ұйымдастыру бағдарламасында мыналарды қамтылады, бірақ олармен шектелмейді:

      1) мәліметтерді тіркеу, сондай-ақ КЖ/ТҚҚ мақсатында ішкі бақылауды іске асыру барысында алынған құжаттар мен ақпаратты сақтау тәртібі;

      2) банк қызметкерлерінің, оның ішінде банктің басқару органының және атқарушы органының жауапты қызметкерінің өздеріне белгілі болған, банк қызметкерлері жол берген КЖ/ТҚҚ туралы заңды, сондай-ақ ішкі бақылау қағидаларын бұзу фактілері туралы хабардар ету тәртібі;

      3) банк кіретін банк конгломератының КЖ/ТҚҚ бойынша талаптарының сипаттамасы (бар болса);

      4) КЖ/ТҚҚ мақсатында банктің ішкі аудит қызметінің бақылау тиімділігін бағалау нәтижелері бойынша басқарушылық есептілікті, соның ішінде банк конгломераты шеңберінде шоғырландырылған негізде басқарушылық есептілікті дайындау және банктің басқару органы мен атқарушы органына ұсыну тәртібі;

      5) банктің жауапты қызметкерінің, басқару органының және (немесе) атқарушы органының немесе банктің басшы қызметкерінің клиенттермен іскерлік қатынастарды белгілеу, жалғастыру не тоқтату туралы, КЖ/ТҚҚ туралы заңда және (немесе) клиенттермен жасасқан шарттарда көзделген жағдайларда және банктің ішкі құжаттарында көзделген тәртіппен клиенттердің операцияларын өткізуді тоқтата тұру не бас тарту туралы шешімдер қабылдау тәртібі;

      6) КЖ/ТҚ тәуекелдерін бағалау нәтижелерін бағалау, айқындау, құжаттамалық тіркеу және жаңарту рәсімі;

      7) бөлімшенің КЖ/ТҚҚ бойынша функцияларының, оның ішінде КЖ/ТҚ мақсатында ішкі бақылауды жүзеге асыру кезінде банктің басқа бөлімшелерімен, филиалдарымен, еншілес ұйымдарымен өзара іс-қимыл жасау рәсімінің, сондай-ақ жауапты қызметкердің функцияларының, өкілеттіктерінің, жауапты қызметкердің банктің басқару органымен және атқарушы органымен өзара іс-қимыл жасау рәсімінің сипаттамасы;

      8) Қазақстан Республикасында да, одан тысқары жерлерде де орналасқан өз филиалдарының, өкілдіктерінің, еншілес ұйымдарының, егер бұл олардың орналасқан жеріндегі мемлекеттің заңнамасына қайшы келмесе, ішкі бақылау қағидаларын сақтау және іске асыру тәртібі, оның ішінде қосымша бақылау шараларын және КЖ/ТҚ тәуекелдерін басқару және оларды азайту жөніндегі рәсімдерді қолдану тәртібі.

      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 12.09.2022 № 69 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      8. КЖ/ТҚҚ мақсатында ішкі бақылауды ұйымдастыру бағдарламасына сәйкес жауапты қызметкердің және КЖ/ТҚҚ жөніндегі бөлімше қызметкерлерінің функциялары мыналарды қамтиды, бірақ олармен шектелмейді:

      1) банктің басқарушы органы немесе атқарушы органы әзірлеген және келісілген ішкі бақылау қағидаларының және (немесе) оларға өзгерістердің (толықтырулардың) болуын, сондай-ақ олардың банкте сақталуын мониторингтеуді қамтамасыз ету;

      2) КЖ/ТҚҚ туралы заңға сәйкес қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті органға хабарларды ұсынуды ұйымдастыру және ұсынуды бақылау;

      3) клиенттердің операцияларын күдікті ретінде тану және банктің ішкі құжаттарында көзделген тәртіппен қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті органға хабарлар жіберу қажеттігі туралы шешімдер қабылдау;

      4) банктің ішкі құжаттарында көзделген тәртіппен банктің басқару органын және (немесе) банктің атқарушы органын анықталған ішкі бақылау қағидаларын бұзушылықтар туралы хабардар ету;

      5) ішкі бақылау қағидаларының іске асырылу нәтижелері және банктің басқару органына және атқарушы органына анықталған кемшіліктер туралы есептерді қалыптастыру үшін КЖ/ТҚҚ мақсатында, оның ішінде банк конгломераты шеңберінде КЖ/ТҚ тәуекелдерін басқару және ішкі бақылау жүйелерін жақсарту бойынша ұсынылатын шаралар туралы ақпаратты дайындау;

      6) банктің КЖ/ТҚ процестеріне тартылу тәуекелін бағалау және қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органға (бұдан әрі – уәкілетті орган) жыл сайын, есепті жылдан кейінгі жылдың 5 ақпанынан кешіктірмей сұратылған ақпаратты беру үшін сандық және сапалық көрсеткіштерді жинау бойынша үйлестіру.

      Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 24.02.2022 № 13 (алғашқы ресми жарияланғаннан күнінен кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      9. Жүктелген функцияларды орындау үшін жауапты қызметкерге және КЖ/ТҚҚ жөніндегі бөлімше қызметкерлеріне мынадай өкілеттіктер қоса беріледі, бірақ олармен шектелмейді:

      1) алып тасталды – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 29.10.2020 № 103 (15.11.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      2) өз функцияларын толық көлемде және банктің ішкі құжаттарында көзделген тәртіппен жүзеге асыруға мүмкіндік беретін шекте банктің барлық үй-жайларына, ақпараттық жүйелеріне, телекоммуникация құралдарына, құжаттар мен файлдарға кіруге рұқсат алуды;

      3) банктің бөлімшелеріне ақшамен және (немесе) өзге де мүлікпен операциялар жүргізуге қатысты нұсқаулар жіберу;

      4) өз функцияларын жүзеге асыру кезінде алынған ақпараттың конфиденциалдылығын қамтамасыз етуді;

      5) банктің бөлімшелерінен алынатын құжаттардың және файлдардың сақталуын қамтамасыз етуді жүзеге асырады.

      10. Банктің филиалдарында Талаптардың 8 және 9-тармақтарында көзделген функциялар мен өкілеттіктер толық немесе ішінара жүктелген қызметкерлер бар болған жағдайда, осындай қызметкерлердің КЖ/ТҚҚ мәселелері бойынша қызметін үйлестіруді жауапты қызметкер жүзеге асырады.

      11. Жауапты қызметкердің, КЖ/ТҚҚ бойынша бөлімше қызметкерлерінің, сондай-ақ Талаптардың 8-тармағында көзделген функциялар жүктелген банк қызметкерлерінің функциялары ішкі аудит қызметінің функцияларымен, сондай-ақ банктің операциялық (ағымдағы) қызметін жүзеге асыратын функциялармен қоса атқарылмайды.

      12. Банк ішкі бақылау мәселелері бойынша процестерді автоматтандыру үшін КЖ/ТҚҚ мақсатында автоматтандырылған ақпараттық жүйелерді пайдаланады.

      Ескерту. 9-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 29.10.2020 № 103 (15.11.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

3-бөлім. КЖ/ТҚ тәуекелдерін басқару бағдарламасы

      13. КЖ/ТҚ тәуекелдерін басқаруды ұйымдастыру мақсатында банк КЖ/ТҚ тәуекелдерін басқару бағдарламасын әзірлейді.

      Тәуекелдерді бағалау нәтижелері уәкілетті органның талап етуі бойынша "Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттiк реттеу, бақылау және қадағалау туралы" Қазақстан Республикасы заңының 14-бабының бірінші бөлігіне сәйкес ұсынылады.

      Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 24.02.2022 № 13 (алғашқы ресми жарияланғаннан күнінен кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      13-1. Банк КЖ/ТҚ тәуекелдерін басқару бағдарламасын іске асырған кезде КЖ/ТҚҚ туралы заңның 11-1-бабының 6-тармағына сәйкес КЖ/ТҚ тәуекелдерін бағалау есебінен жарияланған ақпаратты ескереді.

      Ескерту. Талаптар 13-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 29.10.2020 № 103 (15.11.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      13-2. КЖ/ТҚ тәуекелдерін басқару бағдарламасы:

      1) банктің оның құрылымдық бөлімшелері бойынша КЖ/ТҚ тәуекелдерін басқаруды ұйымдастыру тәртібі;

      2) мыналарға:

      клиенттің тәуекелі деңгейіне, сондай-ақ;

      банк қызметтерінің (өнімдерінің) КЖ/ТҚ тәуекелдеріне ұшырағыштық дәрежесіне қатысты тәуекелдердің негізгі санаттарын (клиенттің түрі, ел бойынша тәуекел және қызметтердің/өнімдердің тәуекелі бойынша) ескере отырып, КЖ/ТҚ тәуекелдерін бағалау әдісі;

      3) клиенттердің тәуекелдерін және банктердің өнімдерінің (қызметтерінің) алдын ала ескерту іс-шараларының тізбесі көзделетін КЖ/ТҚ тәуекелдеріне ұшырағыштық дәрежесін тұрақты мониторингтеуді, талдауды және бақылауды жүзеге асыру, оларды жүргізу тәртібі мен мерзімдері, қабылданған шараларға сәйкес нәтижелерін бақылау тәртібі;

      4) клиенттердің тәуекелдерінің деңгейлерін белгілеу тәртібі, мерзімдері және оларды қайта қарау үшін негіздеме.

      Ескерту. Талаптар 13-2-тармақпен толықтырылды - ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 29.10.2020 № 103 (15.11.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      14. Банк кем дегенде тәуекелдердің мынадай ерекше санаттарын: клиенттердің түрлері бойынша тәуекелді, елдік (географиялық) тәуекелді, қызметтер (өнім) және (немесе) оны беру тәсілінің тәуекелін ескере отырып, банк қызметтерінің (өнімдерінің) КЖ/ТҚ тәуекелдеріне ұшырағыштық дәрежесін бағалауды жыл сайынғы негізде жүзеге асырады.

      Банк қызметтерінің (өнімдерінің) КЖ/ТҚ тәуекелдеріне ұшырағыштық дәрежесін бағалау тәуекелдерді анықтауды, клиенттер операцияларын сәйкестендіру рәсімдері мен мониторингін өзгертуді, қызметтер (өнімдер) беру тәртібін өзгертуді, операциялар жүргізуге арналған лимиттерді белгілеуді қызметтер (өнімдер) беру талаптарын өзгертуді, қызметтер (өнімдер) беруден бас тартуды қоса, азайтуға бағытталған ықтимал іс-шараларды сипаттаумен қоса жүреді.

      15. Мәртебесі және (немесе) қызметі КЖ/ТҚ тәуекелін арттыратын клиенттердің түрлеріне мыналар енгізіледі, бірақ олармен шектелмейді:

      1) жария лауазымды тұлғалар, олардың отбасы мүшелері және олардың жақын туыстары;

      2) шетелдік қаржы ұйымдары;

      3) заңды тұлғалар және қызметі қолма-қол ақшаның қарқынды айналымымен байланысты дара кәсіпкерлер, оның ішінде:

      қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларына арналған Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің лицензиясы негізінде қызметін айырбастау пунктері арқылы жүзеге асыратын заңды тұлғалар;

      Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің лицензиясы негізінде қызметінің ерекше түрі банкноттарды, монеталарды және құндылықтарды инкассациялау болып табылатын заңды тұлғалар (банк белгілеген КЖ/ТҚҚ жөніндегі талаптарды сақтайтын банктердің еншілес ұйымдарын қоспағанда);

      микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар;

      тұтынушылардан қолма-қол ақша қабылдауды, оның ішінде электрондық терминалдар арқылы жүзеге асырушы қызметтерді (қаржылық қызметтерді қоспағанда) жеткізушілердің агенттері (сенім білдірген);

      ойын бизнесін ұйымдастырушылар, сондай-ақ Қазақстан Республикасынан тыс онлайн-казино қызметін көрсететін не онлайн-казино қызметінен түсетін кірістерді алатын тұлғалар;

      туристік қызметтерді, сондай-ақ қолма-қол ақшаның қарқынды айналымымен байланысты өзге де қызметтерді көрсететін тұлғалар;

      4) адвокаттар және заң мәселелері бойынша басқа да тәуелсіз мамандар олар клиенттің атынан немесе оның тапсырмасы бойынша КЖ/ТҚҚ туралы Заңның 3-бабы 1-тармағының 7) тармақшасында көрсетілген қызметке қатысты ақшамен және (немесе) мүлікпен операцияларға қатысатын жағдайларда, бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушылары (екінші деңгейдегі банктер белгілеген, КЖ/ТҚҚ жөніндегі талаптарды сақтайтын екінші деңгейдегі банктердің еншілес ұйымдарын қоспағанда);

      5) "өмірді сақтандыру" саласы бойынша қызметті жүзеге асыратын сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары, сақтандыру брокерлері (банк белгілеген КЖ/ТҚҚ жөніндегі талаптарды сақтайтын банктердің еншілес ұйымдарын қоспағанда);

      6) қаржы лизингі бойынша қызметтер көрсететін тұлғалар (екінші деңгейдегі банктер белгілеген КЖ/ТҚҚ бойынша талаптарды сақтайтын екінші деңгейдегі банктердің еншілес ұйымдарын қоспағанда);

      7) қызметті сақтандыру агенттері ретінде жүзеге асыратын тұлғалар;

      8) жылжымайтын мүлікті сатып алу-сату бойынша делдалдық қызметті жүзеге асыратын тұлғалар;

      9) қызметі қаруды, жарылғыш заттарды өндірумен және (немесе) сатумен байланысты адамдар;

      10) қызметі бағалы металдарды, асыл тастарды не олардан жасалған бұйымдарды өндірумен және (немесе) өңдеумен, сондай-ақ сатып алумен-сатумен байланысты тұлғалар;

      11) қорлардың, діни бірлестіктердің ұйымдық-құқықтық нысанындағы коммерциялық емес ұйымдар;

      12) Талаптардың 17-тармағында көрсетілген шет мемлекеттерде орналасқан (тіркелген) тұлғалар, сондай-ақ Қазақстан Республикасында орналасқан осындай тұлғалардың филиалдары мен өкілдіктері;

      13) ұсынған деректерінің дәйектілігіне күмәндануға негіз бар, клиент;

      14) клиент КЖ/ТҚҚ туралы заңда көзделген клиентті тиісінше тексеру рәсімдерінен жалтаруға бағытталған іс-әрекеттер жасағанда;

      15) қамтамасыз етілген цифрлық активтерді шығаруды және олардың айналымын жүзеге асыратын тұлғалар;

      16) банк шығарған он және одан да көп төлем карточкаларының ұстаушылары болып табылатын клиенттер;

      17) соңғы 6 (алты) ай ішінде ойын бизнесін ұйымдастырушының пайдасына жалпы сомасы 300 000 (үш жүз мың) теңгеден астам үш және одан да көп төлем жасаған клиенттер.

      Ескерту. 15-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 23.09.2024 № 75 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      16. Мәртебесі және (немесе) қызметі КЖ/ТҚ тәуекелін төмендететін клиенттердің типтеріне мыналар енгізіледі, бірақ олармен шектелмейді:

      1) Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкін қоса алғанда, мемлекеттік органдар, сондай-ақ бақылауын мемлекеттік органдар жүзеге асыратын заңды тұлғалар;

      2) мемлекеттік мекемелердің немесе мемлекеттік кәсіпорындардың ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған заңды тұлғалар, сондай-ақ ұлттық басқарушы холдингі не дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) жүз пайызы ұлттық басқарушы холдингіне тиесілі заңды тұлғалар;

      3) екінші деңгейдегі банктер, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары, Қазақстан Республикасының резиденттері бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушылар;

      4) акциялары Қазақстан Республикасы қор биржасының және (немесе) шет мемлекеттің қор биржасының ресми тізіміне енгізілген ұйымдар;

      5) Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан не қатысушысы Қазақстан Республикасы болып табылатын халықаралық ұйымдар.

      17. Банк осы тармақта көрсетілген шет мемлекеттерде қызметті жүргізумен, осындай шет мемлекеттер клиенттеріне қызметтерді (өнімдерді) ұсынумен, осындай шет мемлекеттердің қатысуымен ақшамен және (немесе) өзге де мүлікпен операцияларды жүзеге асырумен байланысты елдік (географиялық) тәуекелді басқаруды жүзеге асырады.

      Олармен жасалатын операциялар КЖ/ТҚ тәуекелін жоғарылататын шет мемлекеттер :

      қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті орган жасайтын Ақшаны жылыстатуға қарсы күрестің қаржылық шараларын әзірлейтін топтың (ФАТФ) ұсынымдарын орындамайтын не жеткілікті орындамайтын мемлекеттердің (аумақтардың) тізбесіне енгізілген шет мемлекеттер (аумақтар);

      БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің қарарларымен қабылданған халықаралық санкциялар (эмбарго) оларға қатысты қолданылатын шет мемлекеттер (аумақтар);

      Банктік және сақтандыру қызметінің, бағалы қағаздар рыногының кәсіби қатысушылары қызметінің және бағалы қағаздар рыногында лицензияланатын басқа да қызмет түрлерінің, акционерлік инвестициялық қорлар және микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар қызметінің мақсаттары үшін офшорлық аймақтардың тізбесін белгілеу туралы" Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2020 жылғы 24 ақпандағы № 8 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20095 болып тіркелген) сәйкес Офшорлық аймақтар тізбесіне енгізілген шет мемлекеттер (аумақтар);

      банк басқа факторлардың (сыбайлас жемқорлық, есірткілердің заңсыз өндірілуі, айналымы және (немесе) транзит деңгейі туралы мәліметтер, халықаралық терроризмді қолдау туралы мәліметтер және басқасы) негізінде КЖ/ТҚ жоғары тәуекелін көрсетуші ретінде анықтаған шет мемлекеттер (аумақтар) болып табылады.

      БҰҰ-ның және халықаралық ұйымдардың деректері бойынша мұндай мемлекеттердің (аумақтардың) тізбесіне сілтемелер қаржы мониторигі жөніндегі уәкілетті органның ресми интернет-ресурсына орналастырылады.

      Ескерту. 17-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 29.10.2020 № 103 (15.11.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      18. КЖ/ТҚ тәуекелін арттыратын банк қызметтері (өнімдері), сондай-ақ оларды ұсыну тәсілдері мыналарды қамтиды, бірақ олармен шектелмейді:

      1) банктің ішкі бақылау қағидаларында айқындалатын жаңа және дамып келе жатқан технологиялар сияқты жаңа, сондай-ақ іс жүзінде бар өнімдерге жаңа тетіктер беруді қоса алғанда, жаңа өнімдер және жаңа іскерлік тәжірибе;

      2) клиенттерге дербес банктік қызмет көрсету;

      3) банк шотын пайдаланусыз ақша төлемі және (немесе) аударымы;

      4) сауданы қаржыландыру;

      5) сейфтік операциялар (сейфтік жәшіктерді, шкафтарды және бөлмелерді жалға беруді қоса алғанда, құжаттандырылған нысанда шығарылған бағалы қағаздарды, клиенттердің құжаттары мен құндылықтарын сақтау);

      6 мүлікті сенімгерлік басқару;

      7) халықаралық нарықтарда брокерлік қызмет көрсету;

      8) кастодиандық қызмет көрсету;

      9) егер эмитент банк тиісті электрондық ақша жүйесінің операторы болып табылмайтын жағдайда электрондық ақша;

      10) алдын ала төленген төлем карточкалар;

      11) корпоративтік төлем карточкалары;

      12) чектер, оның ішінде жол чектері;

      13) шетелдік қаржы ұйымдарының шоттары;

      14) қолма-қол шетел валютасын айырбастау пункттері арқылы сатып алу, сату, айырбастау бойынша операциялар.

      Ескерту. 18-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 29.10.2020 № 103 (15.11.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      19. Банк қызметтерінің (өнімдерінің) КЖ/ТҚ тәуекелдеріне ұшырағыштық дәрежесін Талаптардың 15 16, 17 және 18-тармақтарында көрсетілген тәуекелдердің факторларына сәйкес бағалау кезінде банк тәуекелдің жиынтық дәрежесіне ықпал етеді, бірақ олармен шектелмейді:

      1) банктің қаржы мониторингі бойынша уәкілетті органға клиенттердің күдікті операциялары туралы хабарламаларының саны;

      2) банк қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті органға клиенттердің шекті операциялары туралы жіберген хабарламаларының саны.

      Ескерту. 19-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 29.10.2020 № 103 (15.11.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      20. КЖ/ТҚ тәуекелдерін басқару бағдарламасын іске асыру шеңберінде банк Талаптардың 15, 16, 17 және 18-тармақтарында көрсетілген тәуекелдердің санаттары мен факторларын, сондай-ақ банк белгілейтін тәуекелдердің өзге де санаттары мен факторларын ескере отырып, клиенттерді жіктеу жөнінде шаралар қолданады.

      Клиенттің (клиенттер тобының) тәуекел деңгейін банктегі клиент (клиенттер) туралы мәліметтер мен ақпаратқа жүргізілген талдау нәтижелері бойынша банк белгілейді және тәуекел деңгейін айқындаудың кемінде екі деңгейден тұратын шәкілі бойынша бағаланады.

      Талаптардың 15, 16, 17 және 18-тармақтарында көрсетілген тәуекелдер санаттары мен факторларын пайдаланумен тәуекелді бағалау клиенттерге (клиенттер тобына) қатысты операциялардың мониторингі (іскерлік қатынастар) нәтижелері негізінде жүргізіледі.

      Банк клиенттің (клиенттер тобының) тәуекел деңгейін қайта қарауды клиент (клиенттер тобы) операциялар мониторингі нәтижелері туралы мәліметтердің жаңартылуына қарай жүзеге асырады.

      20-1. Банктер:

      1) берудің жаңа тетіктерін қоса алғанда, жаңа өнімдерді және жаңа іскерлік практика әзірлеуге;

      2) жаңа және сол сияқты қолданыстағы өнімдер үшін жаңа немесе дамушы технологияларды пайдалануға байланысты туындауы мүмкін КЖ/ТҚ тәуекелдерін айқындайды және бағалайды.

      КЖ/ТҚ тәуекелдерін бағалау жаңа өнімдерді, іскерлік практиканы іске қосқанға дейін немесе жаңа (дамушы) технологияларды пайдаланғанға дейін жүргізіледі.

      Ескерту. 3-бөлім 20-1-тармақпен толықтырылды – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 24.02.2022 № 13 (алғашқы ресми жарияланғаннан күнінен кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

4-бөлім. Клиенттерді сәйкестендіру бағдарламасы

      21. Клиентті (оның өкілін) және бенефициарлық меншік иесін тиісінше тексеру бойынша КЖ/ТҚҚ туралы заңның талаптарын іске асыру мақсатында банк клиенттерді (олардың өкілдерін) және бенефициарлық меншік иелерін сәйкестендіру бағдарламасын әзірлейді.

      Клиентті (оның өкілін) және бенефициарлық меншік иесін сәйкестендіру банктің клиент (оның өкілі) туралы мәліметтерді тіркеу, бенефициарлық меншік иесін анықтау және ол туралы мәліметтерді тіркеу, іскерлік қатынастардың болжамды мақсатын немесе біржолғы операцияны (мәмілені) белгілеу және тіркеу жөніндегі іс-шараларды жүргізуінен, жасалатын операцияларды қаржыландыру көзі туралы мәліметтерді алуды және тіркеуді, сондай-ақ КЖ/ТҚҚ туралы заңда көзделген клиент және оның өкілдері туралы өзге де мәліметтерді алуды және тіркеуді қоса алғанда, іскерлік қатынастарды тексеруді және банк арқылы клиент жүзеге асыратын операцияларды зерделеуді тұрақты негізде жүргізуден тұрады.

      Заңды тұлға-клиенттің, заңды тұлға құрмай шетелдік құрылымның жарғылық капиталға қатысу үлестерінің не орналастырылған (артықшылықты және қоғам сатып алған акцияларды шегергенде) акцияларының жиырма бес пайызынан астамы тікелей немесе жанама түрде тиесілі жеке тұлға, бенефициарлық меншік иесі болып табылатынына күмән үшін негіздер болған кезде, басқа түрде не оның мүддесінде клиент-заңды тұлға, заңды тұлға құрмай шетелдік құрылым ақшамен және (немесе) өзге мүлікпен операциялар жасайтын клиент-заңды тұлғаға, заңды тұлға құрмай шетелдік құрылымға бақылауды жүзеге асыратын жеке тұлғаны бенефициарлық меншік иесі деп тануға жол беріледі.

      Егер шаралар қолдану нәтижесінде заңды тұлға-клиенттің, заңды тұлға құрмай шетелдік құрылымның бенефициарлық меншік иесі анықталмаса, жеке дара атқарушы органның не клиент-заңды тұлғаның алқалы атқарушы органы басшысының, заңды тұлға құрмай шетелдік құрылымның бенефициарлық меншік иесі болып танылуына жол беріледі бенефициарлық меншік иесінің жеке-дара атқарушы органды не клиент-заңды тұлғаның алқалы атқарушы органы басшысын, заңды тұлға құрмай шетелдік құрылымды тануына жол беріледі.

      Ескерту. 21-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 12.09.2022 № 69 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      22. Клиентті, оның өкілін және бенефициарлық меншік иесін сәйкестендіру бағдарламасы мыналарды қамтиды, бірақ онымен шектелмейді:

      1) банктің іскерлік қатынастар орнатудан және (немесе) операциялар жүргізуден бас тарту, сондай-ақ іскерлік қатынастарды тоқтату туралы шешім қабылдау рәсімін, негіздері мен мерзімдерін қоса алғанда, клиенттерді қызмет көрсетуге қабылдау тәртібі;

      2) клиентті (оның өкілін) және бенефициарлық меншік иесін сәйкестендіру тәртібі, оның ішінде клиентті тиісінше тексерудің оңайлатылған және күшейтілген шараларын қолдану рәсімдерінің ерекшеліктері;

      3) шетелдік қаржы ұйымдарымен корреспонденттік қатынастар орнатылған кезде сәйкестендіруді жүргізу ерекшеліктері;

      4) банктің қызмет көрсетудегі немесе қызмет көрсетуге қабылдайтын клиенттер (олардың өкілдері) мен бенефициарлық меншік иелерінің, олардың жұбайларын (зайыптарын) және жақын туыстарын анықтауға бағытталған шаралардың сипаттамасы;

      5) КЖ/ТҚҚ туралы заңның 12-бабына сәйкес жасалған терроризмді және экстремизмді қаржыландыруға байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесінде (бұдан әрі – Тізбе) және КЖ/ТҚҚ туралы заңның 12-1-бабына сәйкес жасалған жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесінде (бұдан әрі – ЖҚҚТҚ тізбесі) болуына нысаналы қаржы санкцияларын қолдану, клиентті (оның өкілін) және бенефициарлық меншік иесін тексеру тәртібі;

      6) Тізбеден және ЖҚҚТҚ тізбесінен клиент (оның өкілі) туралы мәліметтер алып тасталған кезде нысаналы қаржы санкцияларының қолданысын тоқтату тәртібі;

      7) іскерлік қатынастарды қашықтан орнату кезінде (клиенттің немесе оның өкілінің жеке қатысуынсыз) сәйкестендіру ерекшеліктері;

      8) банк кіретін банк конгломераты белгілеген КЖ/ТҚҚ жөніндегі талаптарды орындау шеңберінде клиентті (оның өкілін) және бенефициарлық меншік иесін сәйкестендіру процесінде алынған мәліметтер, сондай-ақ осындай мәліметтерді сақтаудың және құпиялылығын қамтамасыз етудің алмасу ерекшеліктері (болған кезде);

      9) басқа қаржы ұйымдарынан мәліметтер алу, оның ішінде брокер (дилер) өз банктік шоты бойынша олардың пайдасына немесе атынан операциялар жасайтын жеке және заңды тұлғаларды сәйкестендіру арқылы клиенттерді сәйкестендіру ерекшеліктері;

      10) клиент (оның өкілі) және бенефициарлық меншік иесі туралы мәліметтердің дәйектілігін тексеру тәртібі;

      11) клиент досьесінің нысанына, мазмұнына және жүргізу тәртібіне, мәліметтерді жаңарту кезеңділігін көрсете отырып, досьедегі мәліметтерді жаңартуға қойылатын талаптар;

      12) клиенттің тәуекел деңгейін бағалау тәртібі, осындай тәуекелді бағалау негіздері;

      13) КЖ/ТҚҚ туралы заңның 5-бабы 5-тармағының үшінші және төртінші бөліктеріне сәйкес қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті орган айқындаған нысан бойынша клиенттердің бенефициарлық меншік иелері туралы мәліметтерді банктің сұратуы бойынша алу және ұсыну тәртібі;

      14) клиентті (оның өкілін) және бенефициарлық меншік иесін сот актісі негізінде Қазақстан Республикасының аумағында қызметі заңсыз деп танылған шетелдік ойын бизнесін ұйымдастырушыларға (бұдан әрі – шетелдік ойын бизнесін ұйымдастырушылар) тиесілігіне тексеру, шетелдік ойын бизнесін ұйымдастырушылардың пайдасына төлемдер және (немесе) ақша аударымдарын жүргізуден бас тарту, сондай-ақ шетелдік ойын бизнесін ұйымдастырушы болып табылатын клиентпен іскерлік қарым-қатынастарды тоқтату тәртібі.

      Клиент (оның өкілі) ұсынатын құжаттар клиент (оның өкілі) және бенефициарлық меншік иесі туралы мәліметтерді растау мақсатында олардың дәйектілігі тексеріледі.

      Клиенттің өкіліне қатысты мұндай тұлғаның клиенттің атынан және (немесе) мүддесі үшін әрекет ету өкілеттігі қосымша тексеріледі.

      Банк берілген сенімхат негізінде клиенттің атынан іс-қимыл жасайтын клиенттің өкілі арқылы іскерлік қатынастар орнатқан клиентке қатысты банк шығыс немесе кіріс операцияларын жүргізгенге дейін қосымша клиентті биометриялық сәйкестендіруді жүргізеді.

      Есірткілердің заңсыз өндірілуі, айналымы және (немесе) транзиті факторы негізінде КЖ/ТҚ жоғары тәуекелі бар елдердің резиденттері болып табылатын клиенттермен қашықтан іскерлік қатынастар орнатуға (клиенттің немесе оның өкілінің жеке қатысуынсыз) тыйым салынады.

      Банк Қазақстан Республикасының бейрезиденттері - банк шығарған он және одан да көп төлем карточкаларының ұстаушылары және (немесе) есірткілердің заңсыз өндірілуі, айналымы және (немесе) транзиті факторы негізінде КЖ/ТҚ жоғары тәуекелі бар елдердің резиденттері болып табылатын клиенттердің, Қазақстан Республикасында болу негізділігін растайтын құжаттарын (еңбек шартын, оқу шартын, Қазақстан Республикасында шетел азаматының тұру ықтиярхатын және басқа да құжаттарды) тексереді.

      Егер банк КЖ/ТҚҚ туралы заңға сәйкес шарт негізінде өзге тұлғаға банктің клиенттеріне қатысты КЖ/ТҚҚ туралы заңның 5-бабы 3-тармағының 1), 2), 2-1), 2-2) және 4) тармақшаларында көзделген шараларды қолдануды тапсырса, банк осындай тұлғалармен өзара іс-қимыл жасаудың мыналар қамтылатын қағидаларын әзірлейді:

      банктің сәйкестендіру жүргізу тапсырылған тұлғалармен шарттар жасасу рәсімі, сондай-ақ банктің осындай шарттар жасасуға уәкілетті лауазымды тұлғаларының тізбесі;

      банк пен сәйкестендіруді жүргізу тапсырылған тұлғалар арасындағы шарттарға сәйкес клиентті (оның өкілін) және бенефициарлық меншік иесін сәйкестендіру рәсімі;

      сәйкестендіруді жүргізу тапсырылған тұлғалардың сәйкестендіруді жүргізу кезінде алынған мәліметтерді банкке беру рәсімі мен мерзімдері;

      банктің сәйкестендіру жүргізу тапсырылған тұлғалардың алынған мәліметтерді банкке беру рәсімін, мерзімдері мен толық болуын қоса алғанда, сәйкестендіру жөніндегі талаптарды сақтауын бақылауды жүзеге асыру рәсімі, сондай-ақ анықталған бұзушылықтарды жою жөнінде банк қабылдайтын шаралар;

      сәйкестендіру жөніндегі талаптарды, оның ішінде рәсімдерді, алынған мәліметтерді банкке беру мерзімдерін және толық болуын сақтамаған жағдайда, банктің сәйкестендіру жүргізу тапсырылған тұлғалармен жасалған шартты орындаудан біржақты бас тарту туралы шешім қабылдау негіздері, рәсімі және мерзімдері;

      банктің сәйкестендіру жүргізу тапсырылған тұлғалармен шартты орындаудан біржақты бас тарту туралы шешім қабылдауға уәкілетті лауазымды тұлғаларының тізбесі;

      банк сәйкестендіру жүргізуді тапсырған тұлғалардың сәйкестендіру жөніндегі талаптарды сақтамағаны үшін, алынған мәліметтерді банкке беру рәсімін, мерзімдері мен толықтығын қоса алғанда, олардың жауапкершілігі туралы ережелері;

      банктің сәйкестендіру жөніндегі талаптарды орындау мақсатында оларға әдіснамалық көмек көрсету мәселелері бойынша сәйкестендіруді жүргізу тапсырылған тұлғалармен өзара іс-қимыл жасау рәсімі.

      Банктің өзара іс-қимыл қағидаларына қосымша талаптарды енгізуіне жол беріледі.

      Шетелдік қаржы ұйымына шарт негізінде КЖ/ТҚҚ туралы заңның 5-бабы 3-тармағының 1), 2), 2-1), 2-2) және 4) тармақшаларында көзделген клиенттерді (олардың өкілдерін) және бенефициарлық меншік иелерін тиісінше тексеру шараларын қолдануды тапсырған банк КЖ/ТҚ ықтимал тәуекелдерін ескереді.

      Ескерту. 22-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 29.12.2023 № 99 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      23. КЖ/ТҚҚ туралы заңның 6-бабының талаптарын ескере отырып банк клиентке (оның өкіліне) және бенефициарлық меншік иесіне іскерлік қатынастар орнатқанға дейін сәйкестендіру жүргізеді .

      24. КЖ/ТҚҚ туралы заңның 5-бабы 2 және 3-1-тармақтарының және 7-бабы 1-тармағының талаптарын ескере отырып, банк клиентті (оның өкілін) және бенефициарлық меншік иесін сәйкестендіруді жүргізеді, іскерлік қатынастарды тексереді және операцияларды зерделейді, қажет болған кезде жасалатын операцияларды қаржыландыру көздері туралы мәліметтер алу мен белгілеуді қоса алғанда, клиенттің тәуекел деңгейін ескере отырып, сондай-ақ мынадай:

      1) клиент шекті операция (мәміле) жасаған;

      2) клиент күдікті операция (мәміле) жасаған (жасауға әрекет еткен);

      3) клиент қылмыстық кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру типологияларына, схемалары мен тәсілдеріне сәйкес келетін сипаттамасы бар операцияны (мәмілені) жасаған;

      4) клиент әдеттегіден тыс операция (мәміле) жасаған;

      5) клиент (оның өкілі), бенефициарлық меншік иесі туралы бұрын алынған деректердің дәйектілігіне күмәндануға негіздер болған;

      6) клиент 500 000 (бес жүз мың) теңгеден асатын сомаға не 500 000 (бес жүз мың) теңге баламасынан асатын шетел валютасындағы сомаға біржолғы операция (мәміле) жүргізген (жасаған), оның ішінде жеке тұлғаның банктік шотына ақшаны есепке алу не банк шотын пайдаланбай қолма-қол ақшасыз төлемге немесе ақша аударымына арналған жабдық (құрылғы) арқылы көрсетілетін қызметтерді берушінің пайдасына төлем жүргізу бойынша операцияларды, айырбастау пунктінде қолма-қол шетел валютасын сатып алу, сату немесе айырбастау операцияларын жүргізген;

      7) клиенттің 200 000 (екі жүз мың) теңгеден асатын сомаға не осындай клиенттің банктік шотына қол жеткізу құралы болып табылмайтын төлем карточкасын пайдалана отырып операциялар бойынша 200 000 (екі жүз мың) теңге баламасынан асатын шетел валютасындағы сомаға біржолғы операция (мәміле) жүргізген (жасаған);

      8) клиенттің қолма-қол ақшаны қабылдауға арналған жабдық (құрылғы) арқылы мемлекеттік органдардың пайдасына атқарушылық іс жүргізу шеңберінде берешекті төлеу бойынша операция жүргізген;

      9) сәйкестендірілмеген электрондық ақша иелері-жеке тұлғалар "Төлемдер және төлем жүйелері туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 44-бабының 4-тармағында көзделген сомадан аспайтын электрондық ақшаны сатып алу және пайдалану жөніндегі операцияларды жасаған жағдайларда клиент және бенефициарлық меншік иесі туралы алынған мәліметтердің дәйектілігін тексереді және іскерлік қатынастардың немесе біржолғы операцияның (мәміленің) болжамды мақсатын анықтайды.

      Ұсынылған мәліметтердің дәйектілігін тексеру клиент (оның өкілі) ұсынған тиісті құжаттардың түпнұсқаларының немесе нотариат куәландырған көшірмелерінің деректерімен салыстырып тексеру, қолжетімді көздерден (дерекқорлардан) алынған деректермен салыстырып тексеру, мәліметтерді басқа да тәсілдермен тексеру арқылы жүзеге асырылады.

      Клиент (оның өкілі), бенефициарлық меншік иесі туралы бұрын алынған мәліметтердің дұрыстығына күмән келтіру үшін негіз болған кезде клиент (оның өкілі) және бенефициарлық меншік иесі туралы мәліметтерді жаңарту банк осындай күмәннің болуы туралы шешім қабылдаған күннен кейінгі 15 (он бес) жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.

      Клиент белгіленген іскерлік қатынастар шеңберінде операциялар жасаған кезінде, егер клиентті сәйкестендіру осы тармақтың бірінші бөлігінің 2), 3), 4) және 5) тармақшаларында көзделген жағдайларды, сондай-ақ клиенттің тәуекел деңгейіне және Талаптарға сәйкес бұрын алынған қосымша мәліметтерді жаңарту не алу қажеттігін қоспағанда, осындай іскерлік қатынастарды белгілеу кезінде жүргізілсе, клиентті (оның өкілін) және бенефициарлық меншік иесін сәйкестендіру жүргізілмейді.

      Ескерту. 24-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 12.09.2022 № 69 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      25. Клиентті (оның өкілін) және бенефициарлық меншік иесін сәйкестендіру шеңберінде Талаптардың 23 және 24-тармақтарына сәйкес алынған мәліметтер құжатпен тіркеледі және банк клиенттің досьесіне енгізеді (қосады), ол клиентпен іскерлік қатынастардың бүкіл кезеңі ішінде және клиентпен іскерлік қатынастар немесе біржолғы операция (мәміле) жүргізу (жасау) тоқтатылған күннен бастап кем дегенде 5 (бес) жыл банкте сақталады.

      Банк КЖ/ТҚҚ туралы заңның 5-бабы 6-тармағының 1) тармақшасын қолданған кезде банк клиент (оның өкілін) және бенефициарлық меншік иесін туралы қаржы мониторингінің басқа субъектілерінен клиенттің досьесіне енгізу (қосу) үшін мәліметтерді дереу, сондай-ақ растайтын құжаттардың көшірмелерін сұрату бойынша кідіріссіз алады, оларға оның ішінде ақпарат, ақпараттық жүйеден немесе банк клиентті тиісінше тексеру шараларын негізге алатын басқа қаржы мониторингі субъектілерінің дерекқорынан үзінді көшірмелер жатады.

      Шетелдік қаржы ұйымы қабылдаған клиенттерді (олардың өкілдерін) және бенефициарлық меншік иелерін тиісінше тексеру шараларына сүйенетін Банк осындай шетелдік қаржы ұйымының қызметі ол тіркелген мемлекетте лицензиялауға, реттеуге және қадағалауға жататынын және шетелдік қаржы ұйымы КЖ/ТҚҚ туралы заңның 5-бабының талаптарына ұқсас тиісті тексеру бойынша шаралар қабылдайтынын, сондай-ақ тиісті тексеру нәтижелері бойынша алынған құжаттар мен мәліметтерді клиентпен (оның өкілімен) және бенефициарлық меншік иесімен іскерлік қатынастар тоқтатылған күннен бастап кемінде 5 (бес) жыл сақтайтынын белгілейді.

      Банк конгломератының қатысушысы болып табылатын банк қажет болған кезде КЖ/ТҚҚ туралы Заңның 5-бабының 6-1-тармағында белгіленген шарттар сақталған кезде тиісті клиенттерге (олардың өкілдеріне) және бенефициарлық меншік иелеріне қатысты осындай банк конгломератының басқа қатысушылары қабылдаған КЖ/ТҚҚ туралы заңның 5-бабы 3-тармағының 1), 2), 2-1), 2-2), 4) және 6) тармақшаларында көзделген клиенттерді (олардың өкілдерін) және бенефициарлық меншік иелерін тиісінше тексеру шараларына сүйенеді.

      Банк ішкі құжаттарға сәйкес досьелер жүргізетін клиенттердің топтары мыналарды қамтиды, бірақ шектелмейді:

      жеке тұлғалар;

      заңды тұлға құрмай шетелдік құрылым;

      заңды тұлғалар, оның ішінде шетелдік қаржы ұйымдары-респонденттер.

      Банк клиент досьесін ол туралы банк ішкі бақылау қағидаларына сәйкес оған банк берген тәуекел деңгейіне қарай қалыптастырады. Клиентке төмен деңгей берілген жағдайда оған қатысты тиісінше тексерудің жеңілдетілген шаралары жүргізіледі және КЖ/ТҚҚ туралы заңның 5-бабы 3-тармағының 1), 2), 2-1), 2-2) және 4) тармақшаларында көзделген мәліметтер тізбесі бекітіледі.

      Клиентке тәуекелдің жоғары деңгейі берілген жағдайда оған қатысты тиісті тексерудің күшейтілген шаралары жүргізіледі және қосымша мәліметтерге КЖ/ТҚҚ туралы заңның 5-бабы 5-тармағында көзделген мәліметтер жатады (салықтық резиденттілігі, қызметінің түрі және жасалатын операцияларды қаржыландыру көзі туралы мәліметтер).

      Шетелдік қаржы ұйымы және оның клиенттері корреспонденттік шоттар арқылы төлемдерді және (немесе) ақша аударымдарын жүзеге асырған кезде банк төлем құжатында КЖ/ТҚҚ туралы Заңның 7-бабының 2-тармағында көзделген мәліметтердің болуын тексереді.

      Ескерту. 25-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 12.09.2022 № 69 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      25-1. Қаржы мониторингінің басқа субъектісі немесе шетелдік қаржы ұйымының Ақшаны жылыстатуға қарсы күрестің қаржы шараларын әзірлеу тобының (ФАТФ) ұсынымдарын орындамайтын және (немесе) тиісінше орындамайтын мемлекетте (аумақта) тіркелуі, болуы немесе орналасуы жағдайында Банк КЖ/ТҚҚ туралы заңның 5-бабының 6, 6-1 және 8-тармақтарында көзделген әрекеттерді жасамайды.

      Ескерту. 25-1-тармақпен толықтырылды – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 12.09.2022 № 69 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      26. Клиентті (оның өкілін) және бенефициарлық меншік иесін сәйкестендіру барысында банк мұндай клиенттің (оның өкілінің) және бенефициарлық меншік иесінің Тізбеде және ЖҚҚТҚ тізбесінде болуына тексеру жүргізеді.

      Банк клиентті (оның өкілін) сәйкестендіру және бенефициарлық меншік иесін анықтау барысында мұндай клиенттің (оның өкілінің) және бенефициарлық меншік иесінің жария лауазымды тұлғаларға, олардың жұбайларына (зайыптарына) және жақын туыстарына тиесілігіне тексеру жүргізеді.

      Банктер КЖ/ТҚҚ туралы заңның 1-бабы 3-2) тармақшасының алтыншы, жетінші және сегізінші абзацтарында көрсетілген жария лауазымды тұлғаларға, олардың жұбайларына және жақын туыстарына қатысты:

      1) жария лауазымды тұлғаның беделін оның КЖ/ТҚ жағдайларына қатыстылығына қарай бағалауды жүзеге асыруға;

      2) банктің басшы қызметкерінің осындай клиенттермен (олардың өкілдерімен) және бенефициарлық меншік иелерімен іскерлік қатынастар орнатуға, оны жалғастыруға жазбаша рұқсатын алуға;

      3) мұндай клиенттің (оның өкілінің) және бенефициарлық меншік иесі қаражатының және (немесе) өзге мүлкінің шығу көзін анықтау үшін қолжетімді шаралар қабылдауға;

      4) клиенттерді (олардың өкілдерін) және бенефициарлық меншік иелерін тиісінше тексеру жөнінде тұрақты негізде күшейтілген шаралар қабылдауға міндетті.

      Тәуекелдің жоғары деңгейі берілген КЖ/ТҚҚ туралы заңның 1-бабы 3-2) тармақшасының екінші, үшінші, төртінші және бесінші абзацтарында көрсетілген жария лауазымды тұлғаларға, олардың жұбайларына және жақын туыстарына қатысты КЖ/ТҚҚ туралы заңның 5-бабының 3-тармағында көзделген шаралардан басқа, банк қосымша осы тармақтың үшінші бөлігінің 1), 2), 3) және 4) тармақшаларында белгіленген шараларды қолданады.

      Еуразиялық экономикалық одаққа кіретін мемлекеттердің азаматтарына қатысты көші-қон карточкалары туралы мәліметтер алу талап етілмейді.

      Клиенттің (оның өкілінің) және бенефициарлық меншік иесінің Тізбеде және ЖҚҚТҚ тізбесінде болуын (Тізбеге және ЖҚҚТҚ тізбесіне енгізілуін) тексеру клиенттің тәуекел деңгейіне байланысты емес және Тізбеге және ЖҚҚТҚ тізбесіне өзгерістер енгізілуіне (Тізбенің және ЖҚҚТҚ тізбесінің жаңартылуына) қарай жүзеге асырылады.

      Банк жеке тұлғаны (заңды тұлғаның немесе заңды тұлға құрмай шетелдік құрылым басшысын, құрылтайшыларды (қатысушыларды) бенефициарлық меншік иесін) сәйкестендіру кезінде мынадай деректерді белгілейді және тіркейді:

      тегі, аты, әкесінің аты (бар болса);

      азаматтығы;

      туған күні және жері;

      заңды мекенжайы (заңды тұлға құрмай шетелдік құрылымның құрылтайшылары (қатысушылары), бенефициарлық меншік иелері үшін (бар болса) тұрғылықты жерінің (орналасқан жерінің) мекенжайы;

      жеке басын куәландыратын құжаттың және (немесе) оның негізінде сәйкестендіру жүргізілетін өзге де құжаттың деректемелері;

      қызмет түрі (жеке кәсіпкерлер үшін);

      жеке сәйкестендіру нөмірі (Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жеке тұлғаға жеке сәйкестендіру нөмірі берілмеген жағдайларды қоспағанда).

      Банк заңды тұлға-клиентті (заңды тұлға клиентінің, заңды тұлға құрмай шетелдік құрылымның құрылтайшыларын (қатысушыларын) сәйкестендіру кезінде мынадай деректерді белгілейді және тіркейді:

      атауы, ұйымның тіркеу нөмірі және мемлекеттік тіркелген күні, тіркеуші органның атауы (олар бар болса);

      тіркелген немесе орналасқан жерінің мекенжайы;

      бизнес-сәйкестендіру нөмірі (заңды тұлғаға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бизнес-сәйкестендіру нөмірі берілмеген жағдайларды қоспағанда);

      қызмет түрі;

      басшы (құрылтай құжаттарына сәйкес заңды тұлғаның атынан әрекет етуге уәкілетті өзге тұлға), қаржылық құжаттарға қол қою құқығы бар тұлға туралы деректер;

      бенефициарлық меншік иелері туралы деректер.

      Банк клиентті-заңды тұлға құрмай шетелдік құрылымды идентификаттау кезінде мынадай деректерді белгілейді және тіркейді:

      заңды тұлға құрмай шетелдік құрылым шет мемлекетте (аумақта) тіркелген атауы, нөмірі (бар болса);

      негізгі қызметті жүргізу орны;

      қызмет сипаты;

      басқарудағы (меншіктегі) мүліктің құрамы (құрылымы немесе функциясы ұқсас трасттар мен заңды тұлға құрмай өзге де шетелдік құрылымдарға қатысты).

      Ескерту. 26-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 12.09.2022 № 69 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      27. Жаңарту кезеңділігі және (немесе) клиент (оның өкілі) және бенефициарлық меншік иесі туралы қосымша мәліметтер алу қажеттілігі клиенттің (клиенттер тобының) тәуекел деңгейі және (немесе) клиент пайдаланатын банк қызметтерінің (өнімдерінің) КЖ/ТҚ тәуекелдеріне ұшырау дәрежесі ескеріле отырып белгіленеді.

      Тәуекел деңгейі жоғары клиент (оның өкілі) және бенефициарлық меншік иесі туралы мәліметтерді жаңарту жылына кемінде бір рет жүзеге асырылады.

      Банк шығарған он және одан да көп төлем карточкаларының ұстаушысы болып табылатын клиент (оның өкілі) туралы мәліметтерді жаңарту кемінде бір тоқсанда бір рет жүзеге асырылады.

      Оған қатысты қызметі есірткілердің заңсыз өндірілуін, айналымын және (немесе) транзитін қаржыландыруға байланысты деп болжауға негіз бар клиент (оның өкілі) туралы мәліметтерді жаңарту кемінде жарты жылда бір рет жүзеге асырылады.

      Ескерту. 27-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 29.12.2023 № 99 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

5-бөлім. Клиенттердің операцияларын мониторингтеу және зерделеу бағдарламасы

      28. КЖ/ТҚҚ туралы заңның клиентті тиісінше тексеру бойынша, сондай-ақ қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті органға шекті және күдікті операциялар туралы хабарламаларды анықтау және жіберу жөніндегі талаптарын іске асыру мақсатында банк клиенттердің операцияларын мониторингтеу және зерделеу бағдарламасын әзірлейді.

      29. Клиенттердің операцияларын мониторингтеу және зерделеу бағдарламасы төмендегілерден тұрады, бірақ олармен шектелмейді:

      1) КЖ/ТҚҚ туралы заңның 10-бабының 2-тармағына сәйкес қаржылық мониторинг жөніндегі уәкілетті орган анықтаған, сондай-ақ банк дербес түрде әзірлеген күдікті операцияларды анықтау белгілерінің негізінде құрылған күдікті операциялар белгілерінің тізбесі;

      2) клиенттің КЖ/ТҚҚ туралы заңның 4-бабының 5-тармағына сәйкес қаржылық мониторинг жөніндегі уәкілетті орган бекіткен қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру және терроризмді қаржыландыру типологиялары, схемалары мен тәсілдеріне сәйкес келетін сипаттамалардан тұратын операцияларын анықтау рәсімі;

      3) Талаптарда көзделген жағдайларда клиент (оның өкілі) және бенефициарлық меншік иесі туралы бұрын алынған мәліметтерді жаңарту және (немесе) қосымша мәліметтер алу бойынша банк бөлімшелерінің (қызметкерлерінің) арасында міндеттерді бөлу;

      4) шекті, әдеттегіден тыс және күдікті операциялар туралы мәліметтерді анықтау және бөлімшелердің (қызметкерлердің) арасында беру бойынша банк бөлімшелерінің (қызметкерлерінің) арасында міндеттерді бөлу;

      5) жауапты қызметкердің клиент операциясының біліктілігі туралы шешім қабылдау тәртібі, негіздемелері және мерзімі;

      6) әдеттегіден тыс операцияларды (мәмілелерді) зерделеу нәтижелері туралы мәліметтерді, сондай-ақ шекті және күдікті операциялар (соның ішінде операция сомасы) туралы мәліметтерді белгілеу (соның ішінде белгілеу тәсілдері) және сақтау тәртібі;

      7) тәуекелдің жоғары деңгейі берілген клиенттердің операцияларына мониторинг жүргізу және зерделеу тәртібі;

      8) клиент жүйелі түрде және (немесе) елеулі көлемде әдеттегіден тыс және (немесе) күдікті операцияларды жүзеге асырған жағдайда клиентке және оның операцияларына қатысты шаралар қабылдау тәртібі және қабылданатын шаралардың сипаты;

      9) қаржылық мониторинг жөніндегі уәкілетті органға шекті және күдікті операциялар туралы хабарлар ұсыну тәртібі;

      10) банктің уәкілетті органдары мен лауазымды адамдарына шекті және күдікті операцияның анықталғандығы туралы хабарлау (қажет болған кезде) тәртібі.

      КЖ/ТҚҚ туралы заңның 10-бабының 2-тармағына сәйкес қаржылық мониторинг жөніндегі уәкілетті орган анықтаған күдікті операциялардың белгілерін анықтау мақсатында, банк қызметінің ауқымы мен негізгі бағыттарын, оның клиенттері қызметінің сипаты, ауқымы мен негізгі бағыттарын, клиенттер мен олардың операцияларымен байланысты тәуекелдер деңгейін ескере отырып, банк ішкі бақылау қағидаларында дербес түрде бағалау критерийлерін (жүйелілік, тұрақтылық, мәнділік, маңыздылық, асыра алаңдаушылық, негізсіз асығыстық, кішігірім кезең, үлкен көлем, адамдар тобы) анықтайды.

      Ескерту. 29-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 24.02.2022 № 13 (алғашқы ресми жарияланғаннан күнінен кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      30. Клиенттердің операцияларын мониторингтеу және зерделеу бағдарламасының аясында банк барлық шекті, әдеттегіден тыс, күдікті операциялар мен КЖ/ТҚ типологияларына, схемаларына және тәсілдеріне сәйкес келетін сипаттамалардан тұратын операциялардың мақсаттары мен негіздемелерін, сондай-ақ қажет болатын жағдайда қаржыландыру көзін анықтауға бағытталған іс-шараларды жүргізеді.

      Банк клиенттердің операцияларын мониторингтеу және зерделеу нәтижелерін банк қызметтерінің (өнімдерінің ) КЖ/ТҚ тәуекелдеріне ұшырау дәрежесін жыл сайын бағалау, сондай-ақ клиенттердің тәуекелдер деңгейлерін қайта қарау үшін пайдаланады.

      Клиенттердің операцияларын мониторингтеу және зерделеу бағдарламасын іске асыру шеңберінде алынған мәліметтер Талаптардың 25-тармағында көзделген клиент досьесіне енгізіледі және (немесе) банкте клиентпен іскерлік қатынастардың бүкіл кезеңі бойы және операция жасалғаннан кейін және біржолғы операция (мәміле) жасалғаннан кейін кемінде бес жыл сақталады.

      Ескерту. 30-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 24.02.2022 № 13 (алғашқы ресми жарияланғаннан күнінен кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      31. Клиент операцияларын зерделеу жиілігін банк клиенттің (клиенттер тобының) тәуекел деңгейін және (немесе) клиент пайдаланатын банк қызметтерінің (өнімдерінің) КЖ/ТҚ тәуекелдеріне ұшырау дәрежесін, клиенттің қаржылық мониторинг жасалуы тиіс операция (операциялар) жасауын (жасауға әрекеттерін), сондай-ақ банктегі қаржылық мониторинг жөніндегі уәкілетті орган бекіткен КЖ/ТҚ типологиялары, схемалары мен тәсілдерін ескере отырып анықтайды.

      Клиентке тәуекелдің жоғары деңгейі берілген жағдайда, сондай-ақ клиент күдікті операция жасаған кезде банк клиенттің белгілі бір уақыт кезеңінде, бірақ кем дегенде соңғы айда жүргізетін (жүргізген) операцияларын зерделейді.

      КЖ/ТҚҚ туралы заңның 4-бабы 4-тармағында көрсетілген негіздерден басқа, банк тәуекелдің жоғары деңгейі берілген клиентке қолма-қол ақшаны біржолғы беру операциясын, оның ішінде банк банктің ішкі бақылау қағидаларында дербес түрде анықтаған сомаға банктік шотты (шоттарды) пайдалану арқылы жасалған операциясын қосымша түрде зерделейді. Уәкілетті орган тәуекелдің жоғары деңгейі берілген клиентке қолма-қол ақшаны біржолғы беру операциясының сомасын қайта қарау қажеттілігі туралы нұсқау жіберген жағдайда, банк нұсқауға сәйкес лимиттер белгілейді.

      Ескерту. 31-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 24.02.2022 № 13 (алғашқы ресми жарияланғаннан күнінен кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      32. Банк қолма-қол емес шетел валютасын сатып алу бойынша операцияларды (бұдан әрі – конверсиялық операцияларды) қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату), қылмыстық жолмен алынған ақшаны және (немесе) өзге мүлікті конверсиялық операциялар арқылы заңды айналымға тарту мәніне мониторинг және зерделеу рәсімі арқылы тексереді. Мониторинг және зерделеу рәсіміне банктің бір клиенті жиынтығы жеке тұлғалар үшін 3 (үш) миллион АҚШ долларынан, заңды тұлғалар үшін – 10 (он) миллион АҚШ долларынан асатын сомада шетел валютасын бір операциялық күні сатып алу түрінде жүргізілетін конверсиялық операциялар жатады.

      Егер валюталық шарт талаптарында осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген талаптарға сәйкес келген операциялар жасау көзделсе валюталық шартты (келісімшартты) есептік тіркеу кезеңінде Заңды тұлғалардың конверсиялық операцияларына алдын ала мониторинг және зерделеу жүргізуге рұқсат етіледі.

      Егер клиент конверсиялық операциялар бойынша алдын ала мониторингтен және зерделеуден өтпесе, онда клиент конверсиялық операциялар жасаған кезде және клиент осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген шекті күн ішінде бір мезгілде қол жеткізген кезде, шетел валютасын сатып алуға арналған келесі өтінімдер конверсиялық операция жасалатын күнге дейін кемінде 1 жұмыс күні бұрын қабылданады.

      Осы тармақтың үшінші бөлігінде көзделген талаптар клиенттердің бағалы қағаздар сатып алу бойынша мәмілелер шеңберінде берілген шетел валютасын сатып алуға, клиенттердің ағымдағы қарыздарын қайта қаржыландыруға, сондай-ақ оған қатысты тиісті тексеру рәсімінен өткен бейрезиденттің операцияларына арналған олардың өтінімдеріне қолданылмайды.

      Конверсиялық операция мониторингі және зерделеу рәсіміне қолжетімді дереккөздерден мына шаралар кіреді, бірақ бұлармен шектелмейді:

      операцияны қаржыландыру үшін ақшаның шыққан көзін, оның ішінде қаржылық есептілікті талдау арқылы зерделеу;

      бенефициарлық меншік иелерін тиісінше тексеру;

      заңды тұлғаның іскерлік мәртебесін тексеру, қызметіне талдау жасау, қызметті жүзеге асыруға лицензияның, рұқсаттың болуын тексеру;

      КЖ/ТҚҚ туралы заңның 13-бабының 1-тармағына сәйкес іскерлік қатынастар орнатудан бас тартылған (іскерлік қатынастар тоқтатылғанға тең) клиенттің банк тізімінде болуын және (немесе) болмауын тексеру.

      КЖ/ТҚ тәуекелі жоғары елдерді және оффшор аймақтары тізбесіне енгізілген елдерді ескере отырып клиентте операциялардың болуын және (немесе) болмауын тексеру;

      ашық қолжетімді дереккөздердегі осы бөліктің үшінші, төртінші, бесінші және алтыншы абзацтарында көрсетілген клиенттің контрагенті туралы ақпаратты тексеру;

      клиент жасаған операцияны ақшамен және (немесе) өзге мүлікпен ашық экономикалық мәні немесе анық көрінетін заңды мақсаты жоқ белгілердің болу-болмауына тексеру.

      Уәкілетті орган күдікті конверсиялық операциялар мониторингі және зерделеу рәсімдерін сақтау мақсатында клиентті тиістінше тексеру талаптарын қайта қарау қажеттілігін негіздей отырып нұсқау жіберген жағдайда, банк клиентті нұсқауды ескере отырып тиісінше тексерудің қосымша шараларын әзірлейді және қолданады.

      33. Операцияны шекті ретінде жіктеудің заңды болуы бөлігінде күмән туындаған кезде, сондай-ақ әдеттен тыс, күдікті операцияны немесе қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастырудың (жылыстатудың) және терроризмді қаржыландырудың үлгілеріне, схемаларына және тәсілдеріне сәйкес келетін сипаттамалары бар операцияларды анықтаған кезде, аталған операцияны анықтаған банк қызметкері мұндай операция туралы жауапты қызметкерге (КЖ/ТҚҚ жөніндегі бөлімшеге) банктің ішкі құжаттарында белгіленген тәртіппен, нысанда және мерзімде хабарлама жібереді.

      Осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген операциялар туралы хабарламаларды, сондай-ақ оларды зерттеу нәтижелерін банк операция жасалғаннан кейін кемінде бес жыл сақтайды.

      Ескерту. 33-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 29.10.2020 № 103 (15.11.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

6-тарау. Банктің қызметкерлерін КЖ/ТҚҚ мәселелері бойынша даярлау және оқыту бағдарламасы

      34. Банк қызметкерлерін КЖ/ТҚҚ саласындағы заңнаманың, сондай-ақ КЖ/ТҚҚ саласындағы ішкі бақылау қағидаларының және банктің өзге де ішкі құжаттарының талаптарын орындау үшін қажетті білім алуы және дағдыларды қалыптастыруы банктің қызметкерлерін КЖ/ТҚҚ мәселелері бойынша даярлау және оқыту бағдарламасының (бұдан әрі – Оқыту бағдарламасы) мақсаты болып табылады.

      35. Оқыту бағдарламасы КЖ/ТҚҚ туралы заңның 11-бабының 8-тармағына сәйкес КЖ/ТҚҚ саласында дайындау және оқыту бойынша қаржы мониторингі субъектілеріне қойылатын талаптарға сәйкес әзірленеді.

      Ескерту. 35-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 12.09.2022 № 69 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
      36. Алып тасталды – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 12.09.2022 № 69 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады