ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Қаулының қолданысқа енгізілу тәртібін 4-т. қараңыз.
Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. "Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жасау мақсатында ішкі бақылау қағидаларына бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушылары және орталық депозитарий үшін ішкі бақылау қағидаларына қойылатын талаптарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2020 жылғы 12 қазандағы № 96 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21433 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
көрсетілген қаулымен бекітілген Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жасау мақсатында ішкі бақылау қағидаларына бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушылары және орталық депозитарий үшін ішкі бақылау қағидаларына қойылатын талаптарда:
жоғарғы оң жақ бұрыштағы мәтін мынадай редакцияда жазылсын:
"Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2020 жылғы 12 қазандағы № 96 қаулысымен бекітілді"; |
2, 3 және 4-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"2. Талаптарда қолданылатын ұғымдар КЖ/ТҚҚ туралы заңда және Бағалы қағаздар нарығы турлы заңда көрсетілген мағыналарында пайдаланылады.
Талаптардың мақсаттары үшін мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) әдеттегіден тыс операция (мәміле) – клиенттің КЖ/ТҚҚ туралы заңның 10-бабының 2-тармағына сәйкес қаржы мониторингін жүзеге асыратын және қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға, жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі өзге де шараларды қабылдайтын уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) айқындаған, сондай-ақ ұйым дербес әзірлеген күдікті операцияны айқындау белгілері ескеріле отырып, КЖ/ТҚҚ туралы заңның 4-бабының 4-тармағына сәйкес міндетті түрде зерделенуге тиіс операциясы (мәмілесі);
2) заңды тұлға құрмай шетелдік құрылым - шет мемлекеттің (аумақтың) заңнамасына сәйкес немесе заңды тұлға құрмай шетелдік құқық қолданыла отырып құрылған құрылым, ол өз қатысушыларының не пайда алушылардың мүдделері үшін пайда (кіріс) алуға бағытталған қызметті жүзеге асырады;
3) клиент – ұйымдардың қызметтерін алатын жеке тұлға және (немесе) заңды тұлға және (немесе) заңды тұлға құрмаған шетелдік құрылым;
4) қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату), терроризмді қаржыландыру тәуекелдері (бұдан әрі – КЖ/ТҚ тәуекелдері) - қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату), терроризмді қаржыландыру процестеріне ұйымдарды қасақана немесе қасақана емес тарту тәуекелдері (бұдан әрі – КЖ/ТҚ);
5) КЖ/ТҚ тәуекелдерін басқару – ұйымның КЖ/ТҚ тәуекелдерін анықтау, бағалау, мониторингтеу, сондай-ақ оларды азайту бойынша қабылдайтын шаралар жиынтығы (көрсетілетін қызметтерге, клиенттерге, сондай-ақ клиенттер жүргізетін операцияларға қатысты);
6) ұлттық жария лауазымды адам (бұдан әрі – ҰЖЛА):
жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адам;
лауазымды адам;
мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілетті адам;
мемлекеттік ұйымда немесе квазимемлекеттік сектор субъектісінде басқарушылық функцияларды орындайтын адам;
7) цифрлық актив - криптография және компьютерлік есептеу құралдарын қолдана отырып электрондық-цифрлық нысанда құрылған, қаржылық құрал болып табылмайтын мүлік, сондай-ақ мүліктік құқықтарды куәландырудың электрондық-цифрлық нысаны;
8) шекті операция – клиенттің ақшамен және (немесе) өзге де мүлікпен жүргізілетін, КЖ/ТҚҚ туралы заңның 4-бабының 1-тармағына сәйкес қаржы мониторингіне жататын операциясы;
9) шетелдік жария лауазымды адам (бұдан әрі – ШЖЛА):
шет мемлекеттің заң шығарушы, атқарушы, әкімшілік, сот органдарында немесе қарулы күштерінде қандай да бір лауазымды атқаратын тағайындалатын немесе сайланатын адам;
шет мемлекет үшін қандай да бір жария функцияны орындайтын адам.
халықаралық шарттар мәртебесі бар келісімдер негізінде елдер құрған ұйымдарда басшы лауазым атқаратын адам;
10) шот – ақша, бағалы қағаздар және өзге де қаржы құралдарын қоса алғанда, ұйымдардың клиенттердің активтерін есепке алуды жүзеге асыруды көздейтін ұйымдар мен клиенттер арасындағы іскерлік қатынастарды көрсету тәсілі;
11) іскерлік қатынастар – ұйымдардың клиентке бағалы қағаздар нарығындағы кәсіби қызметке жататын қызметтерді (өнімдерді) ұсынуы жөніндегі қатынастар;
3. Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) терроризмді қаржыландыруға (бұдан әрі – КЖ/ТҚҚ) қарсы іс-қимыл мақсатында ұйымдар ішкі бақылауды:
1) ұйымның КЖ/ТҚҚ туралы заңның талаптарын орындауын қамтамасыз ету;
2) ұйымның ішкі бақылау жүйесінің тиімділігін КЖ/ТҚ тәуекелдерін және қатар жүретін тәуекелдерді (операциялық, бедел, құқықтық) басқару үшін жеткілікті деңгейде ұстап тұру;
3) ұйымды, оның лауазымды тұлғалары мен қызметкерлерін КЖ/ТҚ процестеріне тартуды болдырмау мақсатында жүзеге асырады.
Осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген ішкі бақылаудан басқа, ұйымдар КЖ/ТҚҚ туралы заңның 12-1 және 13-баптарында көзделген жаппай қырып-жою қаруын таратудың және оны қаржыландырудың алдын алуға, оған кедергі келтіруге және тоқтатуға қатысты нысаналы қаржылық санкциялар жөніндегі талаптардың сақталуын қосымша жүзеге асырады.
4. Ұйымдардың КЖ/ТҚҚ мақсатында ішкі бақылауды ұйымдастыру шеңберінде ұйымның ішкі аудит қызметінің КЖ/ТҚҚ мақсатында ішкі бақылаудың тиімділігін бағалауды жүргізуіне қойылатын талаптар қамтылатын ішкі бақылау қағидалары әзірленеді.
Ішкі бақылау қағидалары КЖ/ТҚҚ туралы заңның 11-бабында көзделген бағдарламалардан тұрады, ұйымдар оларды Талаптарға сәйкес дербес әзірлейді және ұйымдардың ішкі құжаттары не ұйымдардың басқару органдары немесе атқарушы органдары бекіткен осындай құжаттардың жиынтығы болып табылады.";
6 және 7-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"6. КЖ/ТҚҚ мақсатында ішкі бақылауды ұйымдастыру бағдарламасы мыналарды қамтиды, бірақ олармен шектелмейді:
1) мәліметтерді тіркеу, сондай-ақ КЖ/ТҚҚ мақсатында ішкі бақылауды іске асыру барысында алынған құжаттар мен ақпаратты сақтау тәртібі;
2) нысаналы қаржы санкцияларын қолдану және КЖ/ТҚҚ туралы заңның 12-бабына сәйкес жасалған терроризмді қаржыландыруға байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесінде (бұдан әрі – Тізбе) және КЖ/ТҚҚ туралы заңның 12-1-бабына сәйкес жасалған жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға байланысты ұйымдар мен тұлғалардың тізбесінде (бұдан әрі – ЖҚҚТҚ тізбесі) болуы тұрғысынан клиентті (оның өкілін) және бенефициарлық меншік иесін тексеру тәртібі;
3) Тізбеден және ЖҚҚТҚ тізбесінен клиент (оның өкілі) және бенефициарлық меншік иесі туралы мәліметтер алып тасталған кезде нысаналы қаржы санкцияларын қолдануды тоқтату тәртібі;
4) ұйымдар қызметкерлерінің, оның ішінде жауапты қызметкерлердің, ұйымдардың басқару органдарының және атқарушы органдарының өздеріне белгілі болған, ұйымдардың қызметкерлері жол берген КЖ/ТҚҚ туралы заңды, сондай-ақ ішкі бақылау қағидаларын бұзу фактілері туралы хабардар ету тәртібі;
5) ұйымдарды бақылайтын заңды тұлға белгілеген КЖ/ТҚҚ жөніндегі талаптарды сипаттау (бар болса);
6) КЖ/ТҚҚ мақсатында ұйымдардың ішкі аудит қызметтерінің ішкі бақылау тиімділігін бағалау нәтижелері бойынша басқарушылық есептілікті дайындау және ұйымдардың басқару органдары мен атқарушы органдарына ұсыну, оның ішінде топ (болған кезде) шеңберінде шоғырландырылған негізде ұсыну тәртібі;
7) КЖ/ТҚ тәуекелдерін бағалау нәтижелерін бағалау, айқындау, құжаттамалық тіркеу және жаңарту рәсімі;
8) бөлімшенің КЖ/ТҚ бойынша функцияларының, оның ішінде КЖ/ТҚ мақсатында ішкі бақылауды жүзеге асыру кезінде ұйымдардың басқа бөлімшелерімен, филиалдарымен, еншілес ұйымдарымен өзара іс-қимыл жасау рәсімінің, сондай-ақ жауапты қызметкердің функцияларының, өкілеттіктерінің, жауапты қызметкердің ұйымдардың басқару органдарымен және атқарушы органдарымен өзара іс-қимыл жасау рәсімінің сипаттамасы;
9) ұйымдардың Қазақстан Республикасында және сол сияқты одан тысқары жерлерде орналасқан филиалдарының, өкілдіктерінің, еншілес ұйымдарының, егер бұл олардың орналасқан жеріндегі мемлекеттің заңнамасына қайшы келмесе, ішкі бақылау қағидаларын сақтау және іске асыру тәртібі.
7. КЖ/ТҚ мақсатында ішкі бақылауды ұйымдастыру бағдарламасына сәйкес жауапты қызметкердің және КЖ/ТҚҚ жөніндегі бөлімше қызметкерлерінің функциялары мыналарды қамтиды, бірақ олармен шектелмейді:
1) әзірленген және ұйымдардың басқару органымен немесе атқарушы органымен келісілген ішкі бақылау қағидаларының және (немесе) оларға өзгерістердің (толықтырулардың), сондай-ақ ұйымдарда олардың сақталуына мониторингтің болуын қамтамасыз ету;
2) КЖ/ТҚҚ туралы заңға сәйкес уәкілетті органға хабарлар ұсынуды ұйымдастыру және олардың ұсынылуын бақылау;
3) ұйымдардың басқару органдарын және (немесе) атқарушы органдарын Тізбеде, ЖҚҚТҚ тізбесінде тұрған анықталған клиенттер және нысаналы қаржы санкцияларын қолдану жөнінде қабылданған шаралар туралы хабардар ету;
4) клиенттердің операцияларын күдікті ретінде тану және ұйымдардың ішкі құжаттарында көзделген тәртіппен уәкілетті органға хабарлар жіберу қажеттілігі туралы шешімдер қабылдау;
5) КЖ/ТҚҚ туралы заңда және (немесе) клиенттермен жасасқан шарттарда көзделген жағдайларда және ұйымдардың ішкі құжаттарында көзделген тәртіппен клиенттердің операциялар жүргізуді тоқтата тұруы не бас тартуы туралы шешімдер қабылдау не ұйымдардың басқару және (немесе) атқарушы органдарымен келісу;
6) ұйымдардың басқару органдарына және (немесе) атқарушы органдарына КЖ/ТҚҚ туралы заңда және (немесе) ұйымдардың ішкі құжаттарында көзделген жағдайларда және тәртіппен клиенттермен іскерлік қатынастарды орнату, жалғастыру не тоқтату туралы шешім қабылдау үшін сұратулар жіберу;
7) ұйымдардың басқару органдарын және лауазымды тұлғаларын анықталған ішкі бақылау қағидаларын бұзушылықтар туралы ұйымдардың ішкі құжаттарында көзделген тәртіппен хабардар ету;
8) ұйымдардың басқару органдарына есептерді қалыптастыру үшін КЖ/ТҚ мақсатында, оның ішінде топ шеңберінде (болған жағдайда), ішкі бақылау қағидаларын іске асыру нәтижелері және КЖ/ТҚ тәуекелдерін басқару және ішкі бақылау жүйелерін жақсарту жөніндегі ұсынылып отырған шаралар туралы ақпаратты дайындау және ұйымдардың басқару органдарымен және (немесе) атқарушы органдарымен келісу;
9) ұйымдардың КЖ/ТҚ процестеріне тартылу тәуекелін бағалау және қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органға ақпарат беру үшін сандық және сапалық көрсеткіштерді жинау бойынша ұйымдар бөлімшелерінің өзара іс-қимылының ішкі тәртібін жыл сайын, есепті жылдан кейінгі жылдың 5 ақпанынан кешіктірмей үйлестіру.";
12-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"12. КЖ/ТҚ тәуекелдерін басқаруды ұйымдастыру мақсатында ұйымдар КЖ/ТҚ тәуекелдерін басқару (тәуекелдерді бағалау) бағдарламасын әзірлейді.
Тәуекелдерді бағалау нәтижелері "Қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын мемлекеттік реттеу, бақылау және қадағалау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 14-бабының бірінші бөлігіне сәйкес қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органның талап етуі бойынша ұсынылады.";
16-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"16. Мәртебесі және (немесе) қызметі КЖ/ТҚ тәуекелін арттыратын клиенттердің типтері мыналарды қамтиды, бірақ олармен шектелмейді:
1) жария лауазымды адам, оның жұбайы (зайыбы) және жақын туыстары;
2) шетелдік қаржы ұйымдары;
3) қызметі қолма-қол ақшаның қарқынды айналымымен байланысты заңды тұлғалар және дара кәсіпкерлер, оның ішінде:
Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларына арналған лицензиясы негізінде қызметін тек қана айырбастау пункттері арқылы жүзеге асыратын заңды тұлғалар;
айрықша қызметі банкноттарды, монеталарды және құндылықтарды инкассациялау болып табылатын ұйымдар (екінші деңгейдегі банктер белгілеген КЖ/ТҚҚ бойынша талаптарды сақтайтын екінші деңгейдегі банктердің еншілес ұйымдарын қоспағанда);
микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйымдар;
ломбардтар ретінде тіркелген заңды тұлғалар;
тұтынушылардан қолма-қол ақшаны, оның ішінде электрондық терминалдар арқылы қабылдауды жүзеге асыратын қызметтерді (қаржылық қызметтен басқа) жеткізушілердің агенттері (сенім білдірілген өкілдері);
ойын бизнесін ұйымдастырушылар, сондай-ақ Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде онлайн-казино қызметін көрсететін не одан кіріс алатын тұлғалар;
туристік қызметтерді, сондай-ақ қолма-қол ақшаның қарқынды айналымына байланысты өзге де қызметтерді ұсынатын тұлғалар;
4) қаржы лизингі бойынша қызметтер көрсететін тұлғалар (екінші деңгейдегі банктер белгілеген КЖ/ТҚҚ бойынша талаптарды сақтайтын екінші деңгейдегі банктердің еншілес ұйымдарын қоспағанда);
5) цифрлық активтерді шығару, олардың сауда-саттығын ұйымдастыру, сондай-ақ цифрлық активтерді ақшаға, құндылықтарға және өзге де мүлікке айырбастау бойынша көрсетілетін қызметтерді ұсыну жөніндегі қызметті жүзеге асыратын тұлғалар;
6) кредиттік серіктестіктер;
7) жылжымайтын мүлікті сатып алу-сату бойынша делдалдық қызметті жүзеге асыратын тұлғалар;
8) қызметі қаруды, жарылғыш заттарды өндірумен және (немесе) сатумен байланысты адамдар;
9) қызметі бағалы металдарды, асыл тастарды не олардан жасалған бұйымдарды өндірумен және (немесе) өңдеумен, сондай-ақ сатып алумен-сатумен байланысты тұлғалар;
10) қорлардың, діни бірлестіктердің ұйымдық-құқықтық нысанындағы коммерциялық емес ұйымдар;
11) Талаптардың 18-тармағында көрсетілген шет мемлекеттерде орналасқан (тіркелген) тұлғалар, сондай-ақ Қазақстан Республикасында орналасқан осындай тұлғалардың филиалдары мен өкілдіктері.";
мынадай мазмұндағы 22-1-тармақпен толықтырылсын:
"22-1. Ұйымдар:
1) берудің жаңа тетіктерін қоса алғанда, жаңа өнімдер және жаңа іскерлік практика әзірлеуге;
2) жаңа, сол сияқты қолданыстағы өнімдер үшін жаңа немесе дамушы технологияларды пайдалануға байланысты туындауы мүмкін КЖ/ТҚ тәуекелдерін айқындайды және бағалайды.
КЖ/ТҚ тәуекелдерін бағалау жаңа өнімдерді, іскерлік практиканы іске қосқанға дейін немесе жаңа немесе дамушы технологияларды пайдаланғанға дейін жүргізіледі.";
23-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"23. Клиентті тиісінше тексеру бойынша КЖ/ТҚҚ туралы заңның талаптарын іске асыру мақсатында ұйымдар клиенттерді (олардың өкілдерін) және бенефициарлық меншік иелерін сәйкестендіру бағдарламасын әзірлейді.
Клиентті (оның өкілін) және бенефициарлық меншік иесін сәйкестендіру ұйымның клиенті (оның өкілі) туралы мәліметтерді тіркеу және олардың анықтығын тексеру, бенефициарлық меншік иесін анықтау және ол туралы мәліметтерді тіркеу, іскерлік қатынастардың болжамды мақсатын белгілеу және тіркеу, сондай-ақ клиент (оның өкілі) туралы Талаптарда көзделген өзге де мәліметтерді алу және тіркеу жөніндегі іс-шараларды жүргізуінен тұрады.
КЖ/ТҚҚ туралы заңның 5-бабының 7-тармағына сәйкес ұйым тәуекелдің жоғары деңгейі берілген клиентке қатысты клиенттерді тиісінше тексерудің күшейтілген шараларын қолданады не оларға қатысты тәуекелдің төмен деңгейі берілген клиенттерді тиісінше тексерудің жеңілдетілген шараларын қолданады.";
мынадай мазмұндағы 23-1-тармақпен толықтырылсын:
"23-1. КЖ/ТҚҚ туралы заңның 5-бабы 2, 3-1-тармақтарының және 7-бабы 1-тармағының талаптарын ескере отырып, ұйымдар:
1) клиент шекті операция (мәміле) жасаған;
2) клиент күдікті операция (мәміле) жасаған (жасауға әрекет жасаған);
3) клиент КЖ/ТҚ типологияларына, схемалары мен тәсілдеріне сәйкес келетін сипаттамалары бар операция (мәміле) жасаған;
4) клиент ерекше операция (мәміле) жасаған;
5) клиент (оның өкілі), бенефициарлық меншік иесі туралы бұрын алынған деректердің анықтығына күмән келтіру үшін негіздер болған жағдайларда клиентті (оның өкілін) және бенефициарлық меншік иесін сәйкестендіруді, клиенттің тәуекел деңгейін ескере отырып, жасалатын операцияларды қаржыландыру көзі туралы мәліметтерді алу мен тіркеуді қоса алғанда, іскерлік қатынастарды тексеруді және операцияларды зерделеуді жүргізеді, сондай-ақ клиент (оның өкілі) және бенефициарлық меншік иесі туралы алынған мәліметтердің анықтығына тексеру жүргізеді.
Клиент белгіленген іскерлік қатынастар шеңберінде операциялар жасау кезінде, егер ол осы тармақтың бірінші бөлігінің 2), 3, 4) және 5) тармақшаларында көзделген жағдайларды, сондай-ақ клиенттің тәуекел деңгейіне және Талаптарға сәйкес бұрын алынған қосымша мәліметтерді жаңарту не алу қажеттігін қоспағанда, осындай іскерлік қатынастарды белгілеу кезінде жүргізілсе, клиентті (оның өкілін) және бенефициарлық меншік иесін сәйкестендіру жүргізілмейді.";
25-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"25. Талаптардың 23-тармағына сәйкес алынған мәліметтерді ұйымдар клиенттің досьесіне енгізеді, ол ұйымда клиентпен іскерлік қатынастардың барлық кезеңі ішінде және олар тоқтатылған күннен бастап кемінде бес жыл сақталады.
Ұйым ішкі құжаттарға сәйкес досье жүргізетін клиенттердің топтары мыналарды қамтиды, бірақ олармен шектелмейді:
1) жеке тұлғалар;
2) заңды тұлғалар;
3) заңды тұлға құрмаған шетелдік құрылымдар.
Ұйым КЖ/ТҚҚ туралы заңның 5-бабы 6-тармағының 1) тармақшасын қолданған кезде ұйымдар клиенттің досьесіне енгізу (қосу) үшін клиенттерін тиісінше тексеру шараларына ұйым сүйенетін басқа қаржы мониторингі субъектілерінен клиент (оның өкілін) және бенефициарлық меншік туралы мәліметтерді дереу алады, сондай-ақ сұрату бойынша оларға, оның ішінде ақпарат, ақпараттық жүйелерден немесе қаржы мониторингінің басқа субъектілерінің дерекқорынан үзінді көшірмелер жататын растайтын құжаттардың көшірмелерін кідіріссіз алады.";
27-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"27. Клиентті (оның өкілін) және бенефициарлық меншік иесін сәйкестендіру процесінде ұйымдар мұндай клиенттің (оның өкілінің) және бенефициарлық меншік иесінің Тізбеде және ЖҚҚТҚ тізбесінде болуына тексеру жүргізеді.
Клиенттің (оның өкілінің) және бенефициарлық меншік иесінің Тізбеде және ЖҚҚТҚ тізбесінде болуын (Тізбеге және ЖҚҚТҚ тізбесіне енгізілуін) тексеру клиенттің тәуекел деңгейіне байланысты емес және Тізбеге және ЖҚҚТҚ тізбесіне өзгерістер енгізілуіне (Тізбенің және ЖҚҚТҚ тізбесінің жаңартылуына) қарай жүзеге асырылады.
Ұйымдар клиентті (оның өкілін) сәйкестендіру және бенефициарлық меншік иесін анықтау процесінде мұндай клиенттің (оның өкілінің) және бенефициарлық меншік иесінің жария лауазымды тұлғаларға, олардың жұбайлары мен жақын туыстарына тиесілігіне тексеру жүргізеді.
Ұйымдар ШЖЛА-ға, оның жұбайына (зайыбына) және жақын туыстарына қатысты:
1) ШЖЛА-ның беделін оның КЖ/ТҚ жағдайларына қатыстылығына қарай бағалауды жүзеге асырады;
2) ұйымның басшы қызметкерлерінің мұндай клиенттермен (олардың өкілдерімен) және бенефициарлық меншік иелерімен іскерлік қатынастар орнатуға, оны жалғастыруға рұқсатын алады;
3) клиенттің (оның өкілінің) және бенефициарлық меншік иесінің қаражат көзін анықтау үшін қолжетімді шаралар қабылдайды;
4) клиенттерді (олардың өкілдерін) және бенефициарлық меншік иелерін тиісінше тексеру жөнінде күшейтілген шаралар қабылдайды.
Тәуекелдің жоғары деңгейі берілген ҰЖЛА-ға, оның жұбайына (зайыбына) және жақын туыстарына қатысты ұйымдар қосымша осы тармақтың төртінші бөлігінің 1), 2), 3) және 4) тармақшаларында белгіленген шараларды қолданады.
Көші-қон карточкалары туралы мәліметтерді Еуразиялық экономикалық одаққа кіретін мемлекеттердің азаматтарына қатысты алу талап етілмейді.
Ұйымдар жеке тұлғаны (заңды тұлғаның немесе заңды тұлға құрмаған шетелдік құрылым басшысын, бенефициарлық меншік иесін) сәйкестендіру кезінде мынадай деректерді белгілейді және тіркейді:
тегі, аты, әкесінің аты (бар болса);
азаматтығы;
туған күні және жері;
заңды мекенжайы;
жеке басты куәландыратын құжаттың және (немесе) оның негізінде сәйкестендіру жүргізілетін өзге де құжаттың деректемелері;
жеке сәйкестендіру нөмірі (жеке тұлғаға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жеке сәйкестендіру нөмірі берілмеген жағдайларды қоспағанда);
қызмет түрі (дара кәсіпкерлер үшін).
Ұйымдар заңды тұлға-клиентті және заңды тұлға құрмаған шетелдік құрылымды сәйкестендірген кезде мынадай деректерді белгілейді және тіркейді:
атауы;
заңды тұлғаның тіркеу нөмірі және мемлекеттік тіркелген күні, тіркеуші органның атауы (олар бар болса);
орналасқан мекенжайы;
бизнес-сәйкестендіру нөмірі (заңды тұлғаға Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бизнес-сәйкестендіру нөмірі берілмеген жағдайларды қоспағанда) не бейрезидент - заңды тұлға шет мемлекетте тіркелген нөмір;
басшы (құрылтай құжаттарына сәйкес заңды тұлға-клиенттің және заңды тұлға құрмаған шетелдік құрылым-клиенттің атынан әрекет етуге уәкілетті өзге тұлға) қаржылық құжаттарға қол қою құқығы бар тұлға туралы деректер;
қызмет түрі;
бенефициарлық меншік иелері туралы деректер.";
29-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"29. Клиентті, оның өкілін және бенефициарлық меншік иесін сәйкестендіру бағдарламасына мыналар кіреді, бірақ олармен шектелмейді:
1) ұйымдардың іскерлік қатынастарды орнатудан және (немесе) операция жүргізуден бас тарту, сондай-ақ іскерлік қатынастарды тоқтату туралы шешім қабылдау рәсімін, негіздері мен мерзімдерін қоса алғанда, клиенттерді қызмет көрсетуге қабылдау тәртібі;
2) клиентті (оның өкілін) және бенефициарлық меншік иесін сәйкестендіру тәртібі, оның ішінде клиенттерді тиісінше тексерудің күшейтілген шаралары;
3) ұйымдар клиенттер (олардың өкілдері) арасынан қызмет көрсетілетін немесе қызмет көрсетуге қабылданатын шетелдік жария лауазымды тұлғаларды, олардың жұбайларын және жақын туыстарын анықтауға бағытталған шаралардың сипаттамасы;
4) клиенттің (оның өкілінің) және бенефициарлық меншік иесінің Тізбеде және ЖҚҚТҚ тізбесінде болуын тексеру тәртібі;
5) іскерлік қатынастарды қашықтан орнату кезінде (клиенттің немесе оның өкілінің жеке қатысуынсыз) сәйкестендіру ерекшеліктері;
6) клиентті (оның өкілін) және бенефициарлық меншік иесін КЖ/ТҚҚ бойынша (бар болса) талаптарды орындау аясында сәйкестендіру процесінде алынған мәліметтермен алмасу, сондай-ақ осындай мәліметтерді сақтаудың және құпиялылығын қамтамасыз етудің ерекшеліктері;
7) клиентті (оның өкілін) және бенефициарлық меншік иесін сәйкестендіру үшін қажетті мәліметтерді алу мақсатында басқа ұйымдармен өзара іс-әрекеттесу ерекшеліктері;
8) клиент (оның өкілі) және бенефициарлық меншік иесі туралы мәліметтердің дәйектілігін тексеру тәртібі;
9) клиенттің досьесін жүргізу нысанына, мазмұнына және тәртібіне қойылатын талаптар, мәліметтерді жаңарту мерзімділігін көрсетумен досьедегі мәліметтерді жаңартулар;
10) клиенттің тәуекел деңгейін бағалау тәртібі, мұндай тәуекелді бағалау негіздері;
11) клиенттердің (олардың өкілдерінің) ұйымның сұратуы бойынша бенефициарлық меншік иелері туралы мәліметтерді уәкілетті орган айқындаған тәртіппен ұсыну ерекшеліктері.
Егер ұйымдар КЖ/ТҚҚ туралы заңға сәйкес шарт негізінде өзге тұлғаға клиенттерге (олардың өкілдеріне) және бенефициарлық меншік иелеріне қатысты КЖ/ТҚҚ туралы заңның 5-бабы 3-тармағының 1), 2), 2-1) және 4) тармақшаларында көзделген шараларды қолдануды тапсырса, ұйымдар мұндай тұлғалармен өзара іс-қимыл қағидаларын әзірлейді, олар мыналарды:
ұйымдардың сәйкестендіру жүргізу тапсырылған адамдармен шарттар жасасу рәсімін, сондай-ақ осындай шарттар жасасуға уәкілеттік берілген ұйымдардың лауазымды адамдарының тізбесін;
сәйкестендіруді жүргізу тапсырылған ұйымдар мен тұлғалар арасында жасалған шарттарға сәйкес клиентті (оның өкілін) және бенефициарлық меншік иесін сәйкестендіру рәсімін;
сәйкестендіру жүргізу тапсырылған адамдардың клиентті (оның өкілін) және бенефициарлық меншік иесін сәйкестендіруді жүргізу кезінде алынған мәліметтерді ұйымдарға ұсыну рәсімі мен мерзімдерін;
ұйымдарға алынған мәліметтерді беру рәсімін, мерзімдері мен толықтығын, сондай-ақ анықталған бұзушылықтарды жою бойынша ұйымдар қабылдайтын шараларды қоса алғанда, ұйымдардың сәйкестендіруді жүргізу тапсырылған тұлғалардың клиентті (оның өкілін) және бенефициарлық меншік иесін сәйкестендіру жөніндегі талаптарды сақтауын бақылауды жүзеге асыру рәсімін;
ұйымдардың сәйкестендіру жөніндегі талаптарды, оның ішінде рәсімдерді, алынған мәліметтерді ұйымдарға берудің мерзімдері мен толықтығын сақтамаған жағдайда, сәйкестендіру жүргізу тапсырылған адамдармен шартты орындаудан біржақты бас тарту туралы шешім қабылдау негіздерін, рәсімі және мерзімдерін;
сәйкестендіру жүргізу тапсырылған тұлғалармен шартты орындаудан біржақты бас тарту туралы шешім қабылдауға уәкілетті ұйымдардың лауазымды адамдарының тізбесін;
ұйымдарға алынған мәліметтерді беру рәсімін, мерзімдері мен толықтығын қоса алғанда, ұйымға сәйкестендіру жүргізу тапсырылған тұлғалардың клиентті (оның өкілін) және бенефициарлық меншік иесін сәйкестендіру жөніндегі талаптарды сақтамағаны үшін жауапкершілігі туралы ережелерді;
клиентті (оның өкілін) және бенефициарлық меншік иесін сәйкестендіру жөніндегі талаптарды орындау мақсатында ұйымдардың оларға әдіснамалық көмек көрсету мәселелері бойынша сәйкестендіруді жүргізу тапсырылған адамдармен өзара іс-қимыл жасау рәсімін қамтиды.
Ұйымдардың өзара іс-қимыл қағидаларына қосымша талаптар енгізуіне рұқсат етіледі.";
мынадай мазмұндағы 29-1-тармақпен толықтырылсын:
"29-1. Ұсынылған мәліметтердің дәйектілігін тексеру клиент (оның өкілі) ұсынған тиісті құжаттардың түпнұсқаларының немесе нотариат куәландырған көшірмелерінің деректерімен салыстырып тексеру, қолжетімді көздерден (дерекқорлардан) алынған деректермен салыстырып тексеру, мекенжайға баруды қоса алғанда, мәліметтерді басқа да тәсілдермен тексеру арқылы жүзеге асырылады.";
33 және 34-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"33. Клиенттің операцияларын зерделеу дәрежесін ұйымдар клиенттің (клиенттер тобының) тәуекел деңгейін ескере отырып, КЖ/ТҚ тәуекелдерін, сондай-ақ ұйымның қолда бар КЖ/ТҚ сценарийлерін (схемаларын) және (немесе) күрделі, ерекше, күдікті операциялардың белгілерін ескере отырып айқындайды.
Клиентке тәуекелдің жоғары деңгейі берілген жағдайда, сондай-ақ клиент күдікті операция жасаған жағдайда ұйымдар клиент белгілі бір уақыт кезеңінде, бірақ кемінде соңғы айда жүргізетін (жүргізген) операцияларды зерделейді.
34. Клиенттердің операцияларын мониторингтеу және зерделеу бағдарламасы:
1) КЖ/ТҚҚ туралы заңның 10-бабының 2-тармағына сәйкес уәкілетті орган айқындаған, сондай-ақ ұйымдар дербес әзірлеген күдікті операцияны айқындау белгілері негізінде жасалған әдеттегіден тыс және күдікті операциялар белгілерінің тізбесі;
2) ұйым бөлімшелері (қызметкерлері) арасында Талаптардың 21, 31 және 32-тармақтарында көзделген жағдайларда клиент (оның өкілі) және бенефициарлық меншік иесі туралы бұрын алынған қосымша мәліметтерді жаңарту және (немесе) оларды алу жөніндегі міндеттерді бөлуді;
3) ұйымдардың бөлімшелері (қызметкерлері) арасында шекті, әдеттегіден тыс және күдікті операциялар туралы мәліметтерді анықтау және бөлімшелер (қызметкерлер) арасында бір-біріне беру жөніндегі міндеттерді бөлуді;
4) жауапты қызметкердің және КЖ/ТҚҚ жөніндегі бөлімше қызметкерінің клиент операциясының түрі туралы шешімді қабылдау тәртібін, негізін және мерзімін;
5) әдеттегіден тыс операцияларды зерделеу нәтижелері туралы мәліметтерді, сондай-ақ шекті және күдікті операциялар туралы мәліметтерді тіркеу (оның ішінде тіркеу әдістері) және сақтау тәртібін;
6) клиент әдеттегіден тыс және (немесе) күдікті операцияларды жүйелі және (немесе) елеулі көлемде жүзеге асырған жағдайда, клиент пен оның операцияларына қатысты ұйым қабылдайтын шараларды қабылдау тәртібін және сипаттауды қамтиды, бірақ олармен шектелмейді;
7) уәкілетті органға шекті және күдікті операциялар туралы хабарлар беру тәртібі;
8) шекті және күдікті операцияның анықталғаны туралы ұйымдардың басқару органдарын, атқарушы органдарын және ұйымдардың лауазымды адамдарын хабардар ету (қажет болған кезде) тәртібі.".
2. Қаржы ұйымдарының әдіснамасы және пруденциялық реттеу департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;
3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы тармақың 2) тармақшасында көзделген іс-шараның орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту Агенттігінің Төрағасы |
М. Абылкасымова |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Қаржылық мониторинг агенттігі