"Қазақстан Республикасындағы тіл туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 24-2-бабының 2-1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Облыстық ономастика комиссиялары және республикалық маңызы бар қалалардың, астананың ономастика комиссиялары туралы үлгілік ереже бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет комитеті заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық қолданысқа енгізілгеннен кейін оны үш жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды;
3) осы тармақта көзделген іс-шаралар орындалғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Заң қызметі департаментіне іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі |
Д. Абаев |
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі 2022 жылғы 28 ақпандағы № 61 бұйрығымен бекітілген |
Облыстық ономастика комиссиялары және республикалық маңызы бар қалалардың, астананың ономастика комиссиялары туралы үлгілік ереже
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Облыстық ономастика комиссиялары және республикалық маңызы бар қалалардың, астананың ономастика комиссиялары туралы үлгілік ереже (бұдан әрі – Үлгілік ереже) "Қазақстан Республикасындағы тіл туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 24-2-бабының 2-1) тармақшасына сәйкес әзірленді.
2. Облыстық ономастика комиссиялары және республикалық маңызы бар қалалардың, астананың ономастика комиссиялары (бұдан әрі – Комиссия) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдардың жанынан құрылатын консультативтік-кеңесші органдар болып табылады.
3. Комиссия өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясы мен Қазақстан Республикасының заңдарын, Қазақстан Республикасы Президентінің және Қазақстан Республикасы Үкіметінің актілерін, сондай-ақ осы Үлгілік ережені басшылыққа алады.
2-тарау. Комиссияның міндеттері, функциялары мен құқықтары
4. Комиссияның негізгі міндеттері:
1) Қазақстан Республикасының аумағындағы әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне, әуежайларға, порттарға, теміржол вокзалдарына, теміржол стансаларына, метрополитен стансаларына, автовокзалдарға, автостансаларға, физикалық-географиялық және мемлекет меншігіндегі басқа да объектілерге атау беру және оларды қайта атау, олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту және мемлекеттік заңды тұлғаларға, мемлекет қатысатын заңды тұлғаларға жеке адамдардың есімін беру, сондай-ақ Қазақстан Республикасының тарихи-мәдени мұрасының құрамдас бөлігі ретінде тарихи атауларды қалпына келтіру және сақтау бойынша бірыңғай көзқарасты қалыптастыру жөнінде ұсыныстар әзірлеу;
2) ономастика мәселелері жөнінде Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық базасын жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеу;
3) бұрын атауы жойылып кеткен тарихи топонимдерді қалпына келтіру жөнінде ұсыныстар әзірлеу болып табылады.
5. Жүктелген міндеттерді шешу мақсатында:
1) облыстық ономастика комиссиялары:
Республикалық ономастика комиссиясымен келісілгеннен кейін ауылдарға, кенттерге, ауылдық округтерге атау беру, олардың атауын өзгерту, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту бойынша қорытындылар береді;
Республикалық ономастика комиссиясымен келісілгеннен кейін аудандық маңызы бар қалалардың, кенттің, ауылдың, ауылдық округтің құрамдас бөлiктерiне атау беру, олардың атауын өзгерту, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту бойынша қорытындылар береді;
2) республикалық маңызы бар қалалардың, астананың ономастика комиссиялары:
Республикалық ономастика комиссиясымен келісілгеннен кейін – қаладағы аудандарға, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың құрамдас бөліктеріне атау беру және қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту бойынша қорытындылар береді.
Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Мәдениет және спорт министрінің 25.08.2023 № 234 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); өзгеріс енгізілді - ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің 27.09.2024 № 446-НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрықтарымен.6. Өз міндеттері мен функцияларына сәйкес Комиссия:
1) Комиссияның құзыретіне кіретін мәселелер бойынша ауданның, облыстың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың атқарушы органдарының өкілдерін Комиссияның отырыстарына шақырады және тыңдайды;
2) заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттік және басқа да ұйымдардан Комиссияның міндеттерін іске асыруға қажетті материалдарды сұратады және алады;
3) мемлекеттік органдармен және өзге де ұйымдармен өзара іс-қимыл жасайды;
4) бұрын атауы жойылып кеткен тарихи топонимдерді қалпына келтіру жөніндегі ұсыныстарды қарайды;
5) ономастика мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық базасын жетілдіру мәселелері жөнінде Республикалық ономастика комиссиясына ұсыныстар енгізеді.
3-тарау. Комиссияның жұмысын ұйымдастыру
7. Комиссия төрағадан, төрағаның орынбасарынан, Комиссия мүшелерінен және хатшыдан тұрады. Комиссия хатшысы оның мүшесі болып табылмайды.
Комиссия мүшелерінің саны тақ болады.
8. Комиссияны облыс, республикалық маңызы бар қала және астана әкімінің орынбасарынан төмен емес мәртебесі бар лауазымды тұлға басқарады.
Комиссияның ережесін және дербес құрамын облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың әкімі бекітеді.
Комиссияның құрамына тиісті мәслихаттардың депутаттары, ғалымдар, мемлекеттік органдардың және өзге де ұйымдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, мамандар және өзге де тұлғалар, олардың келісімі бойынша енгізіледі.
9. Комиссия мүшелері өздерінің қызметтеріне алмастыру құқығынсыз қатысады.
10. Комиссия төрағасы оның қызметіне басшылық жасайды, Комиссия отырыстарында төрағалық етеді, оның жұмысын жоспарлайды, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес оның шешімдерінің іске асырылуына жалпы бақылауды жүзеге асырады.
Төраға болмаған уақытта оның функцияларын орынбасары орындайды.
11. Комиссияның хатшысы ономастика мәселелері жөніндегі облыстың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдарының құрылымдық бөлімшелерінің басшылық лауазымынан төмен емес лауазымды тұлға айқындалады.
12. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органдарының ономастика мәселелері бойынша құрылымдық бөлімшесі Комиссияның жұмыс органы (бұдан әрі – жұмыс органы) болып табылады.
13. Жұмыс органы:
1) Комиссия жұмысының ұйымдық-техникалық қамтамасыз етілуін;
2) Комиссия отырысының күн тәртібін қалыптастыруды;
3) Комиссия отырыстарының материалдарын, Комиссияның ағымдағы және перспективалық жұмыс жоспарларын дайындауды;
4) Комиссия мүшелеріне Комиссия отырысының өткізілуіне дейін бес жұмыс күнінен кешіктірілмейтін мерзімде қажетті материалдарды қоса күн тәртібін жібереді.
14. Комиссия отырыстарын оның төрағасы қажеттілігіне қарай, бірақ жылына кемінде төрт рет шақырады.
15. Комиссияның отырыстары, егер оған Комиссия мүшелерінің жалпы санының жартысынан астамы қатысса, заңды деп есептеледі.
16. Комиссия шешімдері оның отырысына қатысқан Комиссия мүшелерінің жалпы санының көпшілік даусымен ашық дауыс беру арқылы қабылданады.
Комиссия мүшелері шешім қабылдау кезінде тең дауысқа ие. Дауыстар тең болған жағдайда, Комиссия төрағасы дауыс берген шешім қабылданды деп есептеледі.
17. Комиссия шешімдері қорытынды түрінде ресімделеді және оған төраға, хатшы, отырысқа қатысқан Комиссия мүшелері қол қояды.
18. Облыстық ономастика комиссияларының қорытындысын тиісті мемлекеттік органдарға Комиссияның жұмыс органы Комиссия отырысы өткізілгеннен кейін үш жұмыс күні ішінде жібереді.
19. Комиссияның жұмыс органы республикалық маңызы бар қалалардың, астананың ономастика комиссияларының қорытындыларын отырыс өткізілгеннен кейін бес жұмыс күні ішінде Республикалық ономастика комиссиясына келісу үшін жібереді.
Ескерту. 19-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Мәдениет және спорт министрінің 25.08.2023 № 234 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.20. Комиссияның жұмыс органы республикалық маңызы бар қалалардың, астананың ономастика комиссияларының қорытындыларын Республикалық ономастика комиссиясынан келісім алған күннен кейін үш жұмыс күні ішінде жібереді.
Ескерту. 20-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Мәдениет және спорт министрінің 25.08.2023 № 234 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.