Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің кейбір бұйрықтарына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2022 жылғы 4 сәуірдегі № 179 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 5 сәуірде № 27422 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Қала құрылысы және құрылыс жобалары (техникалық-экономикалық негiздемелер және жобалау-сметалық құжаттамалар) бойынша сараптама қорытындыларын ресiмдеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 2 сәуірдегі № 305 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10636 болып тіркелген) бұйрығына мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Қала құрылысы және құрылыс жобалары (техникалық-экономикалық негiздемелер және жобалау-сметалық құжаттамалар) бойынша сараптама қорытындыларын ресiмдеу қағидаларында:

      3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "3. Құрылыс жобалары бойынша сараптама қорытындыларын ресімдеу және беру кезінде сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган ведомствосының бірыңғай порталымен интеграцияланған ақпараттық жүйелер пайдаланылады.

      Ерекше индустриялық аймақтың аккредиттелген сараптама ұйымы ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізу кезінде құпиялылық белгісі бар немесе "Қызмет бабында пайдалану үшін" ("ҚБПҮ") белгісі бар құрылыс жобаларын (ТЭН және ЖСҚ) қоспағанда, сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган ведомствосының бірыңғай порталымен интеграцияланған мемлекеттік сараптама ұйымының ақпараттық жүйесі арқылы барлық рәсімдер мен операцияларды жүзеге асырады.

      Осы норма қала құрылысы жобалары бойынша сараптама қорытындысын ресімдеудің тәртібіне қолданылмайды.";

      5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "5. Мемлекеттік немесе аккредиттелген сараптама ұйымдары, сондай-ақ ерекше индустриялық аймақтың аккредиттелген сараптама ұйымы өз құзыреті шегінде жобаланатын объектінің функционалдық мақсатын ескере отырып:

      1) тұрғын үй-азаматтық мақсаттағы үйлер мен ғимараттардың;

      2) өндірістік мақсаттағы объектілердің;

      3) инфрақұрылым объектілері бар инженерлік коммуникациялардың;

      4) инфрақұрылым объектілері бар көлік коммуникацияларының;

      5) көпірлердің, көпір өткелдерінің, жол өткелдерің, тоннельдердің және өзге де көпір құрылыстарының;

      6) өзге де функционалдық мақсаттағы объектілердің құрылысына арналған техникалық-экономикалық негіздемелер және жобалау-сметалық құжаттамалар бойынша ведомстводан тыс кешенді сараптаманың қорытындыларын ресімдейді.";

      6-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "6. Сараптамалық қорытындылар:

      1) жоба (техникалық-экономикалық негіздеме, жобалау-сметалық құжаттама) бойынша негізгі деректерді, атап айтқанда "Ғимараттар мен құрылыстарды техникалық және (немесе) технологиялық жағынан күрделі объектілерге жатқызудың жалпы тәртібін айқындау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 28 ақпандағы № 165 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10666 болып тіркелген) Ғимараттар мен құрылыстарды техникалық және (немесе) технологиялық жағынан күрделі объектілерге жатқызудың жалпы тәртібін айқындау қағидаларына сәйкес жобаға қоса берілетін, тапсырыс беруші сараптамаға ұсынған міндетті бастапқы құжаттарды (материалдарды, деректерді) көрсете отырып, жобаның, тапсырыс берушінің, бас мердігердің, қосалқы мердігердің атауын, ғимараттың немесе құрылыстың жауапкершілік деңгейін;

      2) бөлімнің атауын, аттестаттың нөмірін көрсете отырып, аттестатталған сарапшының тегі, аты, әкесінің аты (бар болса) және бөлімнің Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жобалауға арналған бастапқы құжаттардың (материалдардың, деректердің) шарттарына сәйкестігі (сәйкессіздігі), сондай-ақ жобалық шешімдер мен есептерде талаптардың сақталуы туралы ақпаратты;

      3) ведомстводан тыс кешенді сараптама нәтижесінде алынған жинақтаушы ұсыныстарымен және (немесе) өзге тұжырымдарымен қаулы ететін бөлімді қамтиды.

      Оң қорытынды берілген жағдайда жобаның (техникалық-экономикалық негіздеменің немесе жобалау-сметалық құжаттаманың) соңғы нұсқасына сілтемемен QR-код көрсетіледі.";

      6-1-тармақ алып тасталсын;

      8-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "8. Техникалық-экономикалық негіздеме немесе жобалау-сметалық құжаттама бойынша ведомстводан тыс кешенді сараптаманың қорытындылары мемлекеттік сараптама ұйымдарының сараптамалық қорытындылар нысанында жасалады және:

      1) республикалық деңгейде қаралған жобалар бойынша ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізуді ұйымдастыру лауазымдық функцияларына кіретін сараптама ұйымының бірінші басшысының не оның орынбасарының;

      2) өңірлік деңгейде қаралған жобалар бойынша ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізуді ұйымдастыру лауазымдық функцияларына кіретін сараптама ұйымының аумақтық бөлімшесінің және өзге де оқшауланған бөлімшесі басшысының не оны алмастыратын адамның;

      3) сараптама бөлімдерінің басшылары немесе жобаланатын объектінің функционалдық мақсатына немесе жобаның тиісті бөлімдеріне (бөліктеріне) байланысты осы жоба бойынша басшылық қызметтерді атқаратын мамандардың электрондық-цифрлық қолтаңбасымен расталады.

      Мемлекеттік сараптама ұйымының сараптамалық қорытындысы оларға жоғарыда көрсетілген лауазымды тұлғалар қол қойғанға дейін республикалық деңгейде осы жобаны қарау жөніндегі сараптама комиссиясы басшысының не өңірлік деңгейде қаралған жобалар бойынша аумақтық бөлімшелер басшысының шешімімен құрылған (қалыптастырлған) сараптама топтарының мүшесі болып табылатын (атестатталған штаттан тыс сарапшыларды қоса алғанда) осы жобаның әрбір бөлімдері бойынша аттестатталған сарапшылардың электрондық-цифрлық қолтаңбасымен расталады.

      Құпия деген белгісі немесе "Қызмет бабында пайдалану үшін" ("ҚБПҮ") деген белгісі бар техника-экономикалық негіздемесінің және жобалау-сметалық құжаттамасының жинағының соңғы редакциясы сарапшының аты, жөні және тегі (бар болса), лауазымы, аттестат нөмірі және берілген күні көрсетіліп, қағаз түрінде мөрмен расталады.";

      9-1-тармақ алып тасталсын;

      мынадай мазмұндағы 9-2-тармақпен толықтырылсын:

      "9-2. Ерекше индустриялық аймақтың аккредиттелген сараптама ұйымының құрылыс жобалары бойынша жалпы тәртіппен жүргізілетін ведомстводан тыс кешенді сараптамасының қорытындылары ерекше индустриялық аймақтың аккредиттелген сараптама ұйымының сараптама қорытындысы нысанында жасалады және:

      1) осы сараптама ұйымы басшысының немесе оны алмастыратын адамның;

      2) жобаланатын объектінің немесе жобаның тиісті бөлімдерінің (бөліктерінің) функционалдық мақсатына қарай осы жоба бойынша басшылық функцияларды орындайтын мамандардың;

      3) тартылған штаттан тыс аттестатталған сарапшыларды қоса алғанда, қаралатын жобаның әрбір бөлімі (бөліктері) бойынша аттестатталған сарапшылардың электрондық-цифрлық қолтаңбаларымен куәландырылады.";

      2. "Сараптама комиссияларын (сараптама топтарын) құру және кешендi ведомстводан тыс сараптамаға және қала құрылысы сараптамасына қатысу үшiн мамандарды (мамандандырылған институттар мен ұйымдарды) тарту қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 2 сәуірдегі № 306 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10635 болып тіркелген) бұйрығына мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Сараптама комиссияларын (сараптама топтарын) құру және кешенді ведомстводан тыс сараптамаға және қала құрылысы сараптамасына қатысу үшін мамандарды (мамандандырылған институттар мен ұйымдарды) тарту қағидаларында:

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Осы Сараптама комиссияларын (сараптама топтарын) құру және кешенді ведомстводан тыс сараптамаға және қала құрылысы сараптамасына қатысу үшін мамандарды (мамандандырылған институттар мен ұйымдарды) тарту қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 20-бабының бұйрығымен сәйкес әзірленді және:

      1) жаңа объектілердің құрылысына, сондай-ақ бұрыннан бар ғимараттар мен құрылыстарды, олардың кешендерін, инженерлік және көлік коммуникацияларын өзгертуге (реконструкциялауға, кеңейтуге, жаңғыртуға, техникалық қайта жарақтандыруға, күрделі жөндеуге) арналған жобаларға (техникалық-экономикалық негіздемелерге және жобалау-сметалық құжаттамаларға) кешенді ведомстводан тыс сараптама жүргізу үшін мемлекеттік сараптама ұйымдарының, аккредиттелген сараптама ұйымының немесе ерекше индустриялық аймақтың аккредиттелген сараптама ұйымының сараптама топтары мен комиссияларын құру;

      2) сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган ведомствосының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітілетін жобалар бойынша кешенді қала құрылысы сараптамасын жүргізу үшін сараптама комиссияларын құру;

      3) жергілікті (облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың, облыстық маңызы бар қалалардың) атқарушы органдардың Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітілетін жобалар бойынша сараптама топтарын құру;

      4) құрылыс жобаларына ведомстводан тыс кешенді сараптама және кешенді қала құрылысы сараптамасын жүргізуге қатысу үшін сарапшыларды және мамандарды (мамандандырылған институттарды және ұйымдарды) тарту тәртібін анықтайды.";

      2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі ұғымдар:

      1) аккредиттелген сараптама ұйымы – Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасымен мемлекеттік монополияға жатқызылмаған объектілер құрылысының жобаларына (техникалық-экономикалық негіздемелерге және жобалау-сметалық құжаттамаға) кешенді ведомстводан тыс сараптаманы жүзеге асыратын заңды тұлға;

      1-1) ерекше индустриялық аймақтың аккредиттелген сараптама ұйымы – "Сараптама ұйымдарын аккредиттеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 8 сәуірдегі № 151 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10640 болып тіркелген) Сараптама ұйымдарын аккредиттеу қағидаларында белгіленген тәртіппен аккредиттелген және жобалардың (техникалық-экономикалық негіздемелердің және жобалау-сметалық құжаттаманың) ведомстводан тыс кешенді сараптамасын жүзеге асыратын индустриялық аймақтың ерекше басқарушы компаниясы, ерекше индустриялық аймақтың аумағында құрылыс жүргізуге арналған;

      2) жобалау саласындағы сарапшы (бұдан әрі – сарапшы) – жобалардың белгілі бір бөлімдері (бөліктері) бойынша сараптама жұмыстарын жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен аттестатталған, сараптама ұйымдарының бірінің штатында тұрған жеке тұлға;

      3) кешенді қала құрылысы сараптамасы – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес бекітілетін жобалар бойынша сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган құратын сараптама комиссиялары, сондай-ақ тиісті жергілікті атқару органдары құратын сараптама топтары жүзеге асыратын әртүрлі деңгейдегі (Қазақстан Республикасының аумағын ұйымдастырудың бас схемасы, аумақтық дамытудың өңіраралық схемасы, өңірлердің аумақтарын қала құрылысын жоспарлаудың кешенді схемалары, елді мекендердің бас жоспарлары) қала құрылысы жобаларының міндетті сараптамасы;

      4) консультант – арнайы, оның ішінде құрылыс объектілерін жобалау және (немесе) аумақтың қала құрылысын жоспарлау саласында білімі бар білікті маман не жобаның тиісті бөлімдері (бөліктері) бойынша консультативтік көмек көрсету үшін тартылған мамандандырылған институттың немесе ұйымның өкілі;

      5) мамандандырылған институттар мен ұйымдар – ғылыми-зерттеу институттары, жобалау, жобалау-іздестіру немесе жобалау-жоспарлау ұйымдары, сондай-ақ өзге де ұйымдар;

      6) мемлекеттік сараптама ұйымы – Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорынның ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған және объектілер құрылысы жобалары (техникалық-экономикалық негіздемелер және жобалау-сметалық құжаттама) бойынша мемлекеттік монополияға жатқызылған ведомстводан тыс кешенді сараптаманы жүзеге асыратын заңды тұлға;

      7) объектілер құрылысы жобаларының ведомстводан тыс кешенді сараптамасы – ғимараттар мен құрылыстарды, олардың кешендерін, инженерлік және көлік коммуникацияларын салуға арналған техникалық-экономикалық негіздемелер және жобалау-сметалық құжаттама бойынша "бір терезе" қағидатымен жүргізілетін, салалық және ведомстволық сараптамаларды қамтитын жобалар сараптамасы;

      8) хатшы – сараптама комиссиясының (сараптама тобының) құрамына кіретін, қаралатын жоба бойынша кешенді қала құрылысы сараптамасын ұйымдастыруға және жүргізуге жауап беретін сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган (жергілікті атқарушы орган) ведомствосының маманы.";

      4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Қарауға қабылданған құрылысқа арналған жобалар (техникалық-экономикалық негіздемелер және жобалау-сметалық құжаттамалар) бойынша ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізу үшін мемлекеттік сараптама ұйымы, аккредиттелген сараптама ұйымы немесе ерекше индустриялық аймақтың аккредиттелген сараптама ұйымы сараптама топтарын құрады.";

      6-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "6. Қажет болған жағдайда мемлекеттік немесе аккредиттелген сараптама ұйымы, ерекше индустриялық аймақтың аккредиттелген сараптама ұйымы сараптама тобына жәрдем көрсету үшін консультанттарды тартады.";

      10-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "10. Мемлекеттік сараптама ұйымы, аккредиттелген сараптама ұйымдары немесе ерекше индустриялық аймақтың аккредиттелген сараптама ұйымы:

      1) осы объектіге арнайы техникалық шарттарды (ерекше нормаларды) әзірлеу, келісу және бекіту қажеттілігін айқындайтын, олар үшін жобалау және салу бойынша мемлекеттік немесе мемлекетаралық техникалық регламенттер және нормативтік-техникалық талаптар белгіленбеген бірегей объектілердің;

      2) құрылыс учаскесінің ерекше жағдайлары бар техникалық жағынан күрделі объектілердің;

      3) жобалау практикасында сирек кездесетін функционалдық (технологиялық) маңызы бар технологиялық жағынан күрделі объектілердің құрылыс жобаларын қараған жағдайда алқа шешімдерін қабылдау үшін өздерінің сараптама комиссияларын қажет болған жағдайда құрады.";

      3. Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министріне жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Индустрия және инфрақұрылымдық
даму министрі
К. Ускенбаев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады