Қала құрылысы және құрылыс жобалары (техникалық-экономикалық негiздемелер және жобалау-сметалық құжаттамалар) бойынша сараптама қорытындыларын ресiмдеу қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 2 сәуірдегі № 305 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 8 сәуірде № 10636 тіркелді.

      Ескерту. Бұйрықтың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық экономика министрінің 02.12.2015 № 751 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) бұйрығымен.

      "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" 2001 жылғы 16 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 20-бабының 11-3) тармақшасына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қала құрылысы және құрылыс жобалары (техникалық-экономикалық негiздемелер және жобалау-сметалық құжаттамалар) бойынша сараптама қорытындыларын ресiмдеу қағидалары бекітілсін.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық экономика министрінің 02.12.2015 № 751 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) бұйрығымен.

      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері және жер ресурстарын басқару комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның мерзімді баспасөз басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберілуін;

      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр Е. Досаев

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрінің
2015 жылғы 2 сәуірдегі
№ 305 бұйрығымен бекітілген

Қала құрылысы және құрылыс жобалары (техникалық-экономикалық негіздемелер және жобалау-сметалық құжаттамалар) бойынша сараптама қорытындыларын рәсімдеу қағидалары

      Ескерту. Қағида жаңа редакцияда – ҚР Инвестициялар және даму министрінің 17.07.2017 № 477 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қала құрылысы және құрылыс жобалары (техникалық-экономикалық негіздемелер және жобалау-сметалық құжаттамалар) бойынша сараптама қорытындыларын рәсімдеу қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" 2001 жылғы 16 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 20-бабының 11-3) тармақшасына сәйкес әзірленді.

      2. Қағидалар қала құрылысы және құрылыс жобалары (техникалық-экономикалық негіздемелер және жобалау-сметалық құжаттамалар) бойынша сараптама қорытындыларын рәсімдеу тәртібін анықтайды.

      3. Құрылыс жобалары бойынша сараптама қорытындыларын ресімдеу және беру кезінде сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган ведомствосының бірыңғай порталымен интеграцияланған ақпараттық жүйелер пайдаланылады.

      Қала құрылысы жобалары бойынша сараптама қорытындыларын ресімдеу және беру кезінде сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган ведомствосының бірыңғай порталымен интеграцияланған мемлекеттік сараптама ұйымының ақпараттық жүйесі пайдаланылады.

      Ерекше индустриялық аймақтың аккредиттелген сараптама ұйымы ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізу кезінде құпиялылық белгісі бар немесе "қызмет бабында пайдалану үшін" ("ҚБПҮ") белгісі бар құрылыс жобаларын (ТЭН және ЖСҚ) қоспағанда, сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган ведомствосының бірыңғай порталымен интеграцияланған мемлекеттік сараптама ұйымының ақпараттық жүйесі арқылы барлық рәсімдер мен операцияларды жүзеге асырады.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің м.а. 25.07.2023 № 541 (07.01.2024 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      4. Осы Қағидаларда ведомстводан тыс кешенді сараптама және кешенді қала құрылысы сараптамасын жүргізу кезінде мынадай негізгі ұғымдар қолданылады:

      1) бастапқы құжаттар – ведомстводан тыс кешенді сараптамаға (қала құрылысы сараптамасына) ұсынылған кезде құрылыс жобаларына қоса берілетін құжаттар (материалдар, деректер), олардың негізінде осы жоба әзірленеді;

      2) жобалау саласындағы сарапшы (бұдан әрі – сарапшы) – жобалардың белгілі бір бөлімдері (бөліктері) бойынша сараптама жұмыстарын жүзеге асыру үшін Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасында белгіленген тәртіппен аттестатталған, сараптама ұйымдарының бірінің штатында тұрған жеке тұлға;

      3) қала құрылысының жобаларын – аумақтар мен елдi мекендердi немесе олардың бөлiктерiн ұйымдастыруды, дамыту мен салуды кешендi қала құрылысын жоспарлау жөнiндегi түпкi ойдан (Қазақстан Республикасының аумағын ұйымдастырудың бас схемасы, аумақты дамытудың аймақаралық схемалары, аумақтарды қала құрылысына жоспарлаудың кешендi схемалары, елдi мекендердiң бас жоспарлары, нақты жоспарлау жобалары, өнеркәсiп аймақтарын жоспарлау жобалары, құрылыс салу жобалары, объектiлер мен кешендердiң бас жоспарлары, абаттандыру және көгалдандыру жобалары, өзге де жоспарлау жобалары) тұратын жобаларды;

      4) құрылыс жобасын (құрылыстық жобаны) – көлемдiк-жоспарлық, конструкциялық, технологиялық, инженерлiк, табиғат қорғау, экономикалық және өзге де шешiмдердi қамтитын жобалау (жобалау-смета) құжаттамасын, сондай-ақ құрылысты ұйымдастыру мен жүргiзуге, аумақты инженерлiк жағынан дайындауға, абаттандыруға арналған сметалық есептеулердi қамтиды. Құрылыс жобаларына аяқталмаған объектiлер құрылысын консервациялау және өз ресурсын тауысқан объектiлердi кейiннен кәдеге жарату жобалары да жатады;

      5) тапсырыс беруші – қызметін Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасына сәйкес жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға. Жобаның (бағдарламаның) тапсырыс беруші-инвесторы, тапсырыс беруші (меншік иесі), құрылыс салушы не олардың уәкілетті адамдары қызмет мақсаттарына қарай тапсырыс беруші бола алады.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің м.а. 25.07.2023 № 541 (07.01.2024 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

2-тарау. Құрылыс жобаларына ведомстводан тыс кешенді сараптама қорытындыларын рәсімдеу тәртібі

      5. Мемлекеттік немесе аккредиттелген сараптама ұйымдары, сондай-ақ ерекше индустриялық аймақтың аккредиттелген сараптама ұйымы өз құзыреті шегінде жобаланатын объектінің функционалдық мақсатын ескере отырып:

      1) тұрғын үй-азаматтық мақсаттағы үйлер мен ғимараттардың;

      2) өндірістік мақсаттағы объектілердің;

      3) инфрақұрылым объектілері бар инженерлік коммуникациялардың;

      4) инфрақұрылым объектілері бар көлік коммуникацияларының;

      5) көпірлердің, көпір өткелдерінің, жол өткелдерің, тоннельдердің және өзге де көпір құрылыстарының;

      6) өзге де функционалдық мақсаттағы объектілердің құрылысына арналған техникалық-экономикалық негіздемелер және жобалау-сметалық құжаттамалар бойынша ведомстводан тыс кешенді сараптаманың қорытындыларын ресімдейді.

      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 04.04.2022 № 179 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      6. Сараптамалық қорытындылар:

      1) жоба (техникалық-экономикалық негіздеме, жобалау-сметалық құжаттама) бойынша негізгі деректерді, атап айтқанда "Ғимараттар мен құрылыстарды техникалық және (немесе) технологиялық жағынан күрделі объектілерге жатқызудың жалпы тәртібін айқындау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 28 ақпандағы № 165 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10666 болып тіркелген) Ғимараттар мен құрылыстарды техникалық және (немесе) технологиялық жағынан күрделі объектілерге жатқызудың жалпы тәртібін айқындау қағидаларына сәйкес жобаға қоса берілетін, тапсырыс беруші сараптамаға ұсынған міндетті бастапқы құжаттарды (материалдарды, деректерді) көрсете отырып, жобаның, тапсырыс берушінің, бас мердігердің, қосалқы мердігердің атауын, ғимараттың немесе құрылыстың жауапкершілік деңгейін;

      2) бөлімнің атауын, аттестаттың нөмірін көрсете отырып, аттестатталған сарапшының тегі, аты, әкесінің аты (бар болса) және бөлімнің Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жобалауға арналған бастапқы құжаттардың (материалдардың, деректердің) шарттарына сәйкестігі (сәйкессіздігі), сондай-ақ жобалық шешімдер мен есептерде талаптардың сақталуы туралы ақпаратты;

      3) ведомстводан тыс кешенді сараптама нәтижесінде алынған жинақтаушы ұсыныстарымен және (немесе) өзге тұжырымдарымен қаулы ететін бөлімді қамтиды.

      Оң қорытынды берілген жағдайда жобаның (техникалық-экономикалық негіздеменің немесе жобалау-сметалық құжаттаманың) соңғы нұсқасына сілтемемен QR-код көрсетіледі.

      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 04.04.2022 № 179 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      6-1. Алып тасталды – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 04.04.2022 № 179 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      7. Ведомстводан тыс кешенді сараптаманың теріс сараптама қорытындысы Қағидаларында белгіленген жағдайларда жасалады және тапсырыс берушіге жіберіледі.

      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Инвестициялар және даму министрінің м.а. 04.08.2018 № 557 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      8. Техникалық-экономикалық негіздеме немесе жобалау-сметалық құжаттама бойынша ведомстводан тыс кешенді сараптаманың қорытындылары мемлекеттік сараптама ұйымдарының сараптамалық қорытындылар нысанында жасалады және:

      1) республикалық деңгейде қаралған жобалар бойынша ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізуді ұйымдастыру лауазымдық функцияларына кіретін сараптама ұйымының бірінші басшысының не оның орынбасарының;

      2) өңірлік деңгейде қаралған жобалар бойынша ведомстводан тыс кешенді сараптама жүргізуді ұйымдастыру лауазымдық функцияларына кіретін сараптама ұйымының аумақтық бөлімшесінің және өзге де оқшауланған бөлімшесі басшысының не оны алмастыратын адамның;

      3) сараптама бөлімдерінің басшылары немесе жобаланатын объектінің функционалдық мақсатына немесе жобаның тиісті бөлімдеріне (бөліктеріне) байланысты осы жоба бойынша басшылық қызметтерді атқаратын мамандардың электрондық-цифрлық қолтаңбасымен расталады.

      Мемлекеттік сараптама ұйымының сараптамалық қорытындысы оларға жоғарыда көрсетілген лауазымды тұлғалар қол қойғанға дейін республикалық деңгейде осы жобаны қарау жөніндегі сараптама комиссиясы басшысының не өңірлік деңгейде қаралған жобалар бойынша аумақтық бөлімшелер басшысының шешімімен құрылған (қалыптастырлған) сараптама топтарының мүшесі болып табылатын (атестатталған штаттан тыс сарапшыларды қоса алғанда) осы жобаның әрбір бөлімдері бойынша аттестатталған сарапшылардың электрондық-цифрлық қолтаңбасымен расталады.

      Құпия деген белгісі немесе "Қызмет бабында пайдалану үшін" ("ҚБПҮ") деген белгісі бар техника-экономикалық негіздемесінің және жобалау-сметалық құжаттамасының жинағының соңғы редакциясы сарапшының аты, жөні және тегі (бар болса), лауазымы, аттестат нөмірі және берілген күні көрсетіліп, қағаз түрінде мөрмен расталады.

      Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 04.04.2022 № 179 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      9. Аккредиттелген сараптама ұйымдары құрылыс жобалары бойынша жалпы тәртіппен жүргізетін ведомстводан тыс кешенді сараптаманың қорытындылары палата белгілеген аккредиттелген сараптама ұйымдарының сараптамалық қорытындылары нысанында жасалады және:

      1) осы сараптама ұйымы басшысының не оны алмастыратын адамның;

      2) жобаланған объектінің функционалдық мақсатына немесе жобаның тиісті бөлімдеріне(бөліктеріне) байланысты осы жоба бойынша басшылық функциясын атқаратын мамандардың;

      3) аттестатталған штаттан тыс сарапшыларды қоса алғанда, қаралатын жобаның әрбір бөлімі (бөлігі) бойынша аттестатталған сарапшылардың электрондық-цифрлық қолтаңбасымен расталады.

      9-1. Алып тасталды – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 04.04.2022 № 179 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      9-2. Ерекше индустриялық аймақтың аккредиттелген сараптама ұйымының құрылыс жобалары бойынша жалпы тәртіппен жүргізілетін ведомстводан тыс кешенді сараптамасының қорытындылары ерекше индустриялық аймақтың аккредиттелген сараптама ұйымының сараптама қорытындысы нысанында жасалады және:

      1) осы сараптама ұйымы басшысының немесе оны алмастыратын адамның;

      2) жобаланатын объектінің немесе жобаның тиісті бөлімдерінің (бөліктерінің) функционалдық мақсатына қарай осы жоба бойынша басшылық функцияларды орындайтын мамандардың;

      3) тартылған штаттан тыс аттестатталған сарапшыларды қоса алғанда, қаралатын жобаның әрбір бөлімі (бөліктері) бойынша аттестатталған сарапшылардың электрондық-цифрлық қолтаңбаларымен куәландырылады.

      Ескерту. 9-2-тармақпен толықтырылды – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 04.04.2022 № 179 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      10. Ерекше реттеуді және (немесе) қала құрылысы регламентациясын талап ететін арнайы объектілерді салуға арналған жобалау-сметалық құжаттамасын кезең-кезеңмен әзірлеудің және келісудің жеке жоспарын әзірлеу мен келісу тәртібінде жүргізілетін сараптаманың қорытындысы:

      1) жобаның әрбір жеке іске қосу кешендері (кезектері, учаскелері) бойынша оны оң бағалау кезінде жобаның осы бөлімін бекітуге ұсынымы бар жергілікті сараптамалық қорытындылар;

      2) жалпы осы жоба бойынша мемлекеттік сараптама аяқталғаннан кейін жиынтық сараптамалық қорытынды нысанында жасалады.

      11. Мемлекеттік сараптама ұйымы құпия деген белгісі немесе "Қызмет бабында пайдалану үшін" (ҚБПҮ) деген белгісі бар құрылыс жобалары (ТЭН және ЖСҚ) бойынша жүргізген ведомстводан тыс кешенді сараптаманың қорындысы қағаз тасығышта ресімделеді және тапсырыс берушіге беріледі.

      Құпия деген белгісі немесе "Қызмет бабында пайдалану үшін" (ҚБПҮ) деген белгісі бар құрылыс жобалары бойынша сараптаманың қорытындысы негізгі құрылыс жобаларының сараптама қорытындыларынан бөлек есепке алынады және тіркеледі.

      12. Сараптама ұйымдары тапсырыс берушіге берген ведомстводан тыс кешенді сараптама жиынтық қорытындыларына тіркеу нөмірлерін бере отырып, олардың міндетті есебін жүргізеді.

3-тарау. Барлық деңгейдегі қала құрылысы жобаларына кешенді қала құрылысы сараптамасының қорытындыларын ресімдеу тәртібі

      13. Сарапшылар сараптама қорытындысын тапсырыс берушіге беру үшін осы Қағидалардың 4-тармағы 3) тармақшасында көрсетілген және сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес кешенді қала құрылысы сараптамасына жататын жобаларды қараудың нәтижелері бойынша кешенді қала құрылысы сараптамасының сараптама қорытындысын жасайды, оны Қағидалардың осы тарауында көзделген рәсімге сәйкес ресімдейді.

      Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің м.а. 25.07.2023 № 541 (07.01.2024 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      14. Алып тасталды - ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің м.а. 25.07.2023 № 541 (07.01.2024 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      15. Кешенді қала құрылысы сараптамасының сараптамалық қорытындысы:

      1) жоба бойынша кіріспе және сипаттама бөлігін, сондай-ақ сараптамаға ұсынылған жобаға қоса берілетін міндетті бастапқы құжаттар (материалдар, деректер) туралы ақпаратты;

      2) жалпы қала құрылысы жобасының сапасын және жопарланған аумақта қабылданған жобалық шешімдер мен есептеулердің сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы және халықтың санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы Қазақстан Республикасында қолданылып жүрген заңнамалық және нормативтік құқықтық актілердің ережелеріне, нормалары мен талаптарына сәйкестігін талдау мен кешенді бағалауды;

      3) кешенді қала құрылысы сараптамасы нәтижесінде алынған жинақтаушы ұсыныстарымен және (немесе) өзге тұжырымдарымен қаулы бөлігін көздейді.

      Ескерту. 15-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің м.а. 25.07.2023 № 541 (07.01.2024 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      16. Алып тасталды - ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің м.а. 25.07.2023 № 541 (07.01.2024 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      16-1. Қала құрылысы жобалары бойынша кешенді қала құрылысы сараптамасының қорытындылары мемлекеттік сараптама ұйымының сараптама қорытындысы нысанында жасалады және:

      1) жалпымемлекеттік маңызы бар (Қазақстан Республикасының аумағын ұйымдастырудың бас схемасының жобалары, аумақты дамытудың өңіраралық схемалары) немесе мемлекетаралық маңызы бар, сондай-ақ халықтың есептік саны жүз мың тұрғыннан асатын қалалардың бас жоспарлары бойынша сараптама ұйымының бірінші басшысының;

      2) облыстардың (аудандардың) аумақтарын қала құрылысы жоспарлаудың кешенді схемаларының жобалары бойынша – лауазымдық функцияларына кешенді қала құрылысы сараптамасын жүргізуді ұйымдастыру кіретін сараптама ұйымы басшысы орынбасарының не оны алмастыратын адамның;

      3) облыстық және аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің және халықтың есептік саны жүз мың тұрғынға дейінгі басқа да елді мекендердің бас жоспарларының жобалары, егжей-тегжейлі жоспарлау және құрылыс салу жобалары бойынша – лауазымдық функцияларына кешенді қала құрылысы сараптамасын жүргізуді ұйымдастыру кіретін сараптама ұйымы басшысы орынбасарының не аумақтық бөлімше немесе сараптама ұйымының өзге де оқшауланған бөлімшесі басшысының;

      4) сараптама бөлімдері бастықтарының электрондық-цифрлық қолтаңбалармен (бұдан әрі – ЭЦҚ) куәландырылады.

      Мемлекеттік сараптама ұйымының сараптама қорытындылары оларға жоғарыда аталған лауазымды адамдар қол қойғанға дейін осы жобаның әрбір тарауы (бөлімі) бойынша аттестатталған сарапшылардың ЭЦҚ куәландырылады.

      Ескерту. 3-тарау 16-1-тармақпен толықтырылды – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің м.а. 25.07.2023 № 541 (07.01.2024 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      16-2. Құпиялылық белгісі немесе ҚБПҮ белгісі бар қала құрылысы жобалары бойынша жүргізілген, мемлекеттік сараптама ұйымы берген кешенді қала құрылысы сараптамасының қорытындылары қағаз жеткізгіште ресімделеді және тапсырыс берушіге беріледі және тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), лауазымы, аттестат нөмірі және берілген күні көрсетілген сарапшының мөрімен куәландырылады.

      Ескерту. 3-тарау 16-2-тармақпен толықтырылды – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің м.а. 25.07.2023 № 541 (07.01.2024 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      17. Кешенді қала құрылысы сараптамасының теріс қорытындысы "Барлық деңгейдегі қала құрылысы жобаларына кешенді қала құрылысы сараптамасын жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 20 қарашадағы № 706 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12414 болып тіркелген) Барлық деңгейдегі қала құрылысы жобаларына кешенді қала құрылысы сараптамасын жүргізу қағидаларында белгіленген жағдайларда жасалады және тапсырыс берушіге жіберіледі.

      Ескерту. 17-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің м.а. 25.07.2023 № 541 (07.01.2024 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      18. Мемлекеттік сараптама ұйымы тапсырыс берушілерге оларға тіркеу нөмірлерін бере отырып кешенді қала құрылысы сараптамасы қорытындыларының есебін жүргізеді.

      Ескерту. 3-тарау 18-тармақпен толықтырылды – ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің м.а. 25.07.2023 № 541 (07.01.2024 бастап қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады