Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасына сәйкестігі тұрғысынан қорытынды беру қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Төрағасының 2022 жылғы 20 сәуірдегі № 9 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 26 сәуірде № 27771 болып тіркелді.

      Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 41-бабы 2-тармағының 2) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасына сәйкестігі тұрғысынан қорытынды беру Қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің (бұдан әрі – Агенттік) Экономикалық шоғырлану және мемлекеттік кәсіпорындарды бақылау департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Агенттіктің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Агенттік төрағасының орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Төраға С. Жумангарин

 

      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Қаржы министрлігі
     
      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Ұлттық экономика министрлігі

  Қазақстан Республикасының
Бәсекелестікті қорғау және
дамыту агенттігінің Төрағасы
2022 жылғы 20 сәуірдегі
№ 9 Бұйрығымен
бекітілген

Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасына сәйкестігі тұрғысынан қорытынды беру қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкестігі тұрғысынан қорытынды беру қағидалары Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 41-бабы 2-тармағының 2) тармақшасына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасына сәйкестігі тұрғысынан қорытынды беру тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) мемлекеттік тапсырманы орындаушы – мемлекеттік тапсырманың орындалуына жауапты нарық субъектісі;

      2) монополияға қарсы орган – бәсекелестікті қорғау және монополистік қызметті шектеу саласындағы басшылықты, мемлекеттік монополия саласына жатқызылған қызметті бақылауды және реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган.

2-тарау. Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасына сәйкестігі тұрғысынан қорытынды беру тәртібі

      3. Монополияға қарсы орган Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасына сәйкестігі тұрғысынан қорытынды беру үшін бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің мемлекеттік қызметтер көрсетуге немесе бюджеттік инвестициялық жобаларды іске асыруға арналған мемлекеттік тапсырма нысанындағы ұсынысын (бұдан әрі - ұсыныс) Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 30 наурыздағы № 236 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10839 болып тіркелген) бекітілген Мемлекеттік тапсырманы әзірлеу және орындау қағидаларына 1-қосымшаға, сондай-ақ осы Қағидалардың 8-тармағының екінші бөлігінде көзделген жағдайларда қосымша негіздеуші материалдарға сәйкес нысан бойынша қарайды.

      4. Монополияға қарсы орган бюджеттік бағдарламалар әкімшісінің ұсынысы келіп түскен кезден бастап отыз жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасына сәйкестігі тұрғысынан қорытынды береді.

      5. Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасына сәйкестігі тұрғысынан қорытынды беру мақсатында монополияға қарсы орган кемінде бес жұмыс күні мерзімде нарық субъектілерінен және (немесе) мемлекеттік органдардан шешім қабылдау үшін қажетті қосымша негіздеуші материалдарды сұратады.

      Мәліметтер және (немесе) құжаттар ұсынылғанға дейін Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасына сәйкестігі тұрғысынан қорытынды беру мерзімі он жұмыс күніне тоқтатыла тұрады, бұл туралы қарау мерзімі тоқтатыла тұрған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде бюджеттік бағдарламалар әкімшісіне хабарланады.

      Монополияға қарсы орган нарық субъектілерінің және (немесе) мемлекеттік органдардың қосымша негіздеуші материалдары ұсынылғаннан кейін қорытынды беру мерзімін қайта бастайды.

      6. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкестігі тұрғысынан қорытынды беру кезінде:

      1) ресми статистикалық ақпарат деректері;

      2) монополияға қарсы органның және оның аумақтық бөлімшелерінің өз зерттеулерінің деректері;

      3) қауымдастықтардың, қоғамдық бірлестіктердің, "Атамекен" Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасының деректері;

      4) маркетингтік, әлеуметтік зерттеулердің, іріктеп сауалнамалардың және нарық субъектілеріне, азаматтарға, қоғамдық ұйымдарға сауалнама жүргізу деректері;

      5) орталық мемлекеттік органдардан, жеке, заңды тұлғалардан, жергілікті атқарушы және өкілді органдардан алынған мәліметтер пайдаланылады.

      7. Қазақстан Республикасының бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнамасына сәйкестігі тұрғысынан қорытынды беру мынадай кезеңдерді қамтиды:

      1) мемлекеттік тапсырманың нысанасын Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкестігіне айқындау;

      2) мемлекеттік тапсырманы іске асырудың орындылығын бағалау;

      3) қорытынды дайындау.

      8. Мемлекеттік тапсырманың нысанасын Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкестігі тұрғысынан айқындау мыналарды:

      1) Кодекстің 41-бабының 4-1-тармағында көрсетілген тапсырыстар тізбесін салыстыруды;

      2) Кодекстің 41-бабының 4-1-тармағында көрсетілген өлшемшарттардың біріне сәйкестікті белгілеуды қамтиды.

      Мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін, қорғаныс қабілетін немесе қоғам мүдделерін қорғауды қамтамасыз етудің өзге мүмкіндігінің болмауы, тауардың, жұмыстың, көрсетілетін қызметтің ерекшелігі және (немесе) бірегейлігі мемлекеттік басқарудың тиісті саласына (аясына) басшылықты жүзеге асыратын, мемлекеттік тапсырманың жоғарыда көрсетілген өлшемшарттарға жатқызылғанын растайтын уәкілетті мемлекеттік органның қосымша негіздеуші материалдары ескеріле отырып белгіленеді.

      9. Мемлекеттік тапсырманы іске асырудың орындылығын бағалау Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасы шеңберінде конкурстық негізде мәлімделген көрсетілетін қызметті (тапсырысты) сатып алу мүмкіндігін зерделеу арқылы жүзеге асырылады.

      Мемлекеттік тапсырманы іске асырудың орындылығын бағалау кезінде, оның ішінде:

      1) мемлекеттік сатып алу веб-порталын талдау нәтижесінде алынған ұқсас не бірін-бірі алмастыратын тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді конкурстық негізде сатып алу туралы мәліметтер;

      2) қызметтің осындай түрін жүзеге асыратын кәсіпкерлік субъектілерінің саны туралы ресми статистикалық ақпарат;

      3) Кодекстің 41-бабына сәйкес бюджеттік бағдарламаның әкімшісі қосалқы мердігерге (орындаушыға) орындау үшін беруге ұсынатын қызметтердің түрі мен көлемі;

      4) мәлімделген жұмыс түріне рұқсат құжаттары (лицензиялары) бар кәсіпкерлік субъектілерінің деректері ескеріледі.

      10. Монополияға қарсы орган ұсынысты қарау нәтижелері бойынша мыналарды көрсете отырып қорытынды дайындайды:

      1) мемлекеттік тапсырманың атауы;

      2) мемлекеттік тапсырманы орындаушының атауы;

      3) мемлекеттік тапсырма шеңберінде орындалатын бюджеттік бағдарламалардың атаулары;

      4) қажет болған кезде Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасында көзделген конкурстық рәсімдерді сақтай отырып, қосалқы мердігерлікке мемлекеттік тапсырманы орындауға жауапты заңды тұлға беретін мемлекеттік тапсырманың көлемі;

      5) мемлекеттік тапсырманы орындау кезеңі;

      6) мемлекеттік тапсырманы келісудің орындылығы не орынсыздығы туралы қорытынды.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады