Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 23 қазандағы № 701 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігі туралы ереженің 16-тармағының 172) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса берілген Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің арнаулы оқу орнының түлектерін бөлу қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Кадр саясаты департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күні өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрі |
Ю. Ильин |
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрі 2022 жылғы 4 мамырдағы № 137 бұйрығымен бекітілген |
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің арнаулы оқу орнының түлектерін бөлу қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің (бұдан әрі – ТЖМ) арнаулы оқу орнының түлектерін бөлу қағидалары Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 23 қазандағы № 701 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар министрлігі туралы ереженің 16-тармағы 172) тармақшасына сәйкес әзірленді және ТЖМ арнаулы оқу орнының жоғары білім беру бағдарламалары бойынша күндізгі оқу түрі түлектерін бөлу тәртібін айқындайды.
2. ТЖМ арнаулы оқу орнының түлектерін бөлу осы Қағидалардың 4-тармағында көзделген ТЖМ арнаулы оқу орнының түлектерін бөлу жөніндегі комиссия (бұдан әрі – Комиссия) жүзеге асыратын, ТЖМ арнаулы оқу орнының түлектерін (бұдан әрі – отүлектер) одан әрі қызмет өткеру үшін оларды азаматтық қорғау органдарына (бұдан әрі-АҚО) жіберу мақсатында үлгерімі, ғылыми қызметтегі жетістіктері, спорттық жетістіктері, отбасылық жағдайы, сондай-ақ моральдық және іскерлік қасиеттері тұрғысынан зерделеуге бағытталған іс-шаралар кешенін құрайды.
3. Түлектерді бөлу жөніндегі жұмысты ұйымдастыруды ТЖМ кадр қызметі жүзеге асырады.
2 тарау. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің арнаулы оқу орнының түлектерін бөлу
4. Түлектерді АҚО бөлу үшін жыл сайын ТЖМ арнаулы оқу орнында Комиссия құрылады.
5. Комиссия құрамы жыл сайын Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің (бұдан әрі – Министр) бұйрығымен бекітіледі.
Комиссия Комиссия төрағасынан, Комиссия төрағасының орынбасарынан, Комиссия мүшелерінен және Комиссия хатшысынан тұрады.
Комиссия мүшелерінің жалпы саны тақ саннан тұрады. Комиссияны төраға басқарады.
Комиссия төрағасы болмаған кезде оның өкілеттігін Комиссия төрағасының орынбасары жүзеге асырады.
Комиссия төрағасы болып Төтенше жағдайлар вице-министрі, төрағаның орынбасары болып ТЖМ арнаулы оқу орнының бастығы, комиссия мүшесі болып ТЖМ кадр қызметінің бастығы, ТЖМ арнаулы оқу орны бастығының орынбасарлары, факультеттердің, шығарушы кафедралардың, ТЖМ арнаулы оқу орнының кадр қызметінің бастықтары тағайындалады.
6. Комиссия хатшысына ТЖМ арнаулы оқу орнының күндізгі оқу факультетінің қызметкері тағайындалады, оның жұмысын ұйымдастыруды қамтамасыз етуді жүзеге асырады, оның мүшесі болып табылмайды және дауыс беруге қатыспайды.
7. Комиссиясының қатыспаған мүшелерін алмастыруға жол берілмейді.
8. Комиссиясының құрамын өзгерту Министрдің шешімі бойынша тиісті актіні шығару жолымен жүзеге асырылады.
9. Комиссияның жұмыс органы ТЖМ арнаулы оқу орнының күндізгі оқу факультеті болып табылады.
10. Комиссия жұмысының ашықтылығы мен объективтілігін қамтамасыз ету үшін оның отырысына байқаушылар шақырылады.
11. Комиссияның отырысына байқаушылар ретінде "Төтенше жағдайлар жөніндегі ардагерлердің қазақстандық ұйымы" Қоғамдық ұйым (бұдан әрі – Ардагерлер кеңесі) өкілдері қатыса алады.
12. Комиссияның жұмыс органы Ардагерлер кеңесін Комиссия отырысының өткізілетін күні мен уақыты, орны туралы жазбаша түрде хабарлайды. Хабарлама Комиссия отырысы өтетін күнге дейін 10 жұмыс күнінен кешіктірілмей жіберіледі.
13. Байқаушылар Комиссиясының жұмысы туралы өздерінің пікірлерін жазбаша түрде Министрге ұсына алады.
14. Комиссияның шешімі бекітілген құрамның кемінде үштен екісі болған кезде жай көпшілік дауыспен қабылданады. Дауыстар тең болған жағдайда Комиссия төрағасының дауысы шешуші болып табылады. Комиссия шешімі комиссия отырысының хаттамасымен (бұдан әрі – хаттама) ресімделеді (еркін нысанда). Хаттамаға төраға, төрағаның орынбасары, комиссия мүшелері мен хатшысы қол қояды және осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша түлектерді бөлу жобасын мақұлдауды қарастырады.
15. Комиссия отырысы жыл сайын өткізіледі, комиссия отырысының күні ТЖМ арнаулы оқу орнының оқу үрдісінің графигіне байланысты.
16. Отырысты дайындау және өткізуді ұйымдастыру мақсатында Комиссияның жұмыс органы:
1) жыл сайын 15 желтоқсанға дейінгі мерзімде бос лауазымдардың болуы және оларға ТЖМ арнаулы оқу орнына тиісті өңірлерден қабылданған түлектерді тағайындау мүмкіндігі жөнінде мәліметтер беру туралы АҚО-ға сұраныс дайындайды және жібереді;
2) жыл сайын 15 қаңтарға дейінгі мерзімде АҚО-ның бос лауазымдары және оларға түлектерді тағайындау мүмкіндігі туралы ақпаратты жинақтайды;
3) жыл сайын 15 қаңтарға дейінгі мерзімде комиссия құру туралы Министр бұйрығының жобасын дайындайды және ТЖМ кадр қызметіне жібереді;
4) осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша түлектерді бөлу жобасын дайындайды;
5) хаттаманың жобасын дайындайды;
6) оқу-саптық бөлімшесімен бірлесіп ТЖМ арнаулы оқу орнының бітіру курсының әрбір түлегіне мінездеме дайындайды.
17. Комиссияның жұмыс органы комиссия отырысы өткізілетін күнге дейін бес жұмыс күні бұрын Комиссия төрағасына, төрағаның орынбасарына және мүшелеріне осы Қағидалардың 16-тармағы 2), 4), 5), 6) тармақшаларында көзделген материалдарды (бұдан әрі-материалдар) жібереді.
18. Ұсынылған материалдар бойынша ескертулер және/немесе ұсыныстар болған кезде Комиссия екі жұмыс күні ішінде оларды Комиссияның жұмыс органына пысықтау үшін жібереді.
Комиссияның жұмыс органы келіп түскен ескертулерді және/немесе ұсыныстарды ескере отырып, материалдарды түзетуді екі күн мерзімде жүзеге асырады және комиссияға зерделеу үшін қайта жібереді.
19. Түлектер комиссия отырысына өздері ТЖМ арнаулы оқу орнына қабылданған өңірлер бойынша бөлінген топтармен қатысады. Түлек комиссияның отырысына келмеген жағдайда бөлу туралы мәселе оның қатысуынсыз қаралады.
20. Комиссия ТЖМ арнаулы оқу орнының түлектерді АҚО-да неғұрлым орынды пайдалану туралы ұсынымдарын тыңдайды және талқылайды.
Комиссия отырысында түлектер ауызша түрде әрі қарай қызмет өткеру орны туралы өз тілектерін білдіреді.
Бітірушілердің тілектерін комиссия хатшысы тіркейді және хаттамаға енгізеді.
21. Түлектерді бөлу кезінде Комиссия бірінші кезекте АҚО-дағы бос лауазымдардың болуын ескереді. Түлектер оқу үшін ТЖМ арнаулы оқу орнына қабылданған аймақтардағы бос лауазымдарға бөлінеді.
Әскери атақ берілетін түлектерді бөлу кезінде олардың ТЖМ арнаулы оқу орнына қабылданған АҚО қажеттілігі ескерілмей, бірінші кезекте азаматтық қорғаныстың әскери бөлімдеріне бөлінеді.
Азаматтық қорғаныстың әскери бөлімдерінде кадрларға қажеттілік болмаған жағдайда әскери атақ берілетін түлектер жалпы негізде бөлінеді.
22. Түлектерді ТЖМ арнаулы оқу орнына қабылданған өңірлерге бөлу үшін Комиссия мына критерийлерді ескереді:
1) үлгерімнің орташа балы GPA (Grade Point Average-Грейт Поинт Эверейдж). Үлгерімнің ең жоғары орташа балы GPA басым болып табылады;
2) ғылыми қызметтегі жетістіктері бар ғылыми қызметтің негізгі нәтижелерін жариялау үшін білім және ғылым саласындағы уәкілетті орган ұсынатын басылымдар тізбесіне енгізілген басылымдардағы (бұдан әрі – басылымдар) ең көп жарияланымдар саны үлгерімінің орташа балы GPA бірдей түлектерді бөлу кезінде ескеріледі. Басылымдардағы жарияланымдар саны тең болған кезде халықаралық, республикалық ғылыми конференцияларға, семинарларға қатысу саны ескеріледі;
3) спорттық жетістіктері бар өрт-қолданбалы спорты, сондай-ақ спорттың басқа да түрлері бойынша ТЖМ арнайы оқу орнында оқу кезеңінде ең көп халықаралық, республикалық жарыстарда жүлделі орындарының болуы – үлгерімінің орташа балы GPA және ғылыми қызметте бірдей жетістіктері бар түлектерді бөлу кезінде ескеріледі.
23. Түлектер арнаулы оқу орнына қабылданған өңірлерде бос лауазымдар болмаған жағдайда, Комиссия оларды бос лауазымдар бар басқа АҚО-ға бөлу туралы шешім қабылдайды. Бұл ретте, Комиссия түлектердің тілектерін, одан әрі қызмет өткеру орнын таңдауын (бос лауазымдар болған жағдайда) ескереді.
24. ТЖМ арнаулы оқу орнында оқуды бір мезгілде аяқтаған ерлі-зайыптыларға бір елді мекенде орналасқан АҚО-да жұмыс беріледі.
Егер ерлі-зайыптылардың бірі арнаулы оқу орнын бұрын бітірсе, онда оны бөлу жалпы негіздерде жүзеге асырылады. Оқуды кейін аяқтаған жұбайы (зайыбы) бірінші кезекте жұбайының (зайыбының) жұмыс орнына бөлінеді.
Комиссия жұмысы аяқталғаннан кейін түлектер некеге отырған (ерлі-зайыпты болған) кезде ерлі-зайыптылардың жұмыс орны АҚО арасындағы келісім бойынша осы Қағидаларда белгіленген тәртіпке сәйкес айқындалады.
25. Жұбайы (күйеуі) және/немесе баласы (балалары) бар, сонымен қатар ата-анасының біреуі немесе екеуі де (қамқоршылары) I және II топтағы мүгедектер болып табылатын түлектерге олардың қалауы бойынша жұбайы (күйеуі) мен баласы (балалары) және ата-аналары (қамқоршылары) тұратын елді мекенде қызмет орны беріледі.
26. Комиссия отырысы өткен сәттен бастап бес жұмыс күні ішінде Комиссияның жұмыс органы екі данада ТЖМ кадр қызметіне хаттаманы, түлектерді бөлу жобасын және түлектерді бөлу жөніндегі есепті ұсынады.
Бітірушілерді бөлу жөніндегі есеп еркін нысанда ресімделеді және оған арнаулы оқу орнының бастығы қол қояды.
27. ТЖМ кадр қызметі осы Қағидалардың 26-тармағында көзделген материалдарды алған сәттен бастап үш жұмыс күні ішінде түлектерді бөлу туралы Комиссия төрағасының бұйрығымен (бұдан әрі – бұйрық) түлектерді АҚО-да бөлу жобасын бекітуді және оны АҚО-ға жеткізуді қамтамасыз етеді.
28. Бұйрықтың негізінде Комиссияның жұмыс органы түлектерге осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша АҚО-ға қызметке жіберу туралы ұйғарым (бұдан әрі – ұйғарым) береді.
29. ТЖМ арнаулы оқу орнының түлектері бөлу орнына ұйғарымда көрсетілген мерзімге сәйкес келеді.
30. ТЖМ арнаулы оқу орнының кадр қызметі түлектерді оқытуға жұмсалған бюджет қаражаты туралы анықтаманы (еркін нысанда) қоса бере отырып, олардың жеке істерін АҚО-ға жіберуді қамтамасыз етеді.
31. АҚО басшылары ТЖМ кадр қызметіне түлектердің қызмет орнына келгені туралы олар келген сәттен бастап үш жұмыс күні ішінде хабарлайды.
32. Хаттамамен және/немесе бұйрықпен келіспеген жағдайда түлек оларға Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 91-бабында белгіленген тәртіппен шағымдана алады.
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің арнаулы оқу орнының түлектерін бөлу қағидаларына 1-қосымша |
Нысан
Жоба
______________________________________________________________________________ (Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің арнаулы оқу орнының атауы)
20__ жылғы түлектерін бөлу
№ | Тегі, аты-жөні | Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің азаматтық қорғау органдары есебінен арнаулы оқу орнына қабылданды | Аумақтық азаматтық қорғау органының қарамағына жіберіледі | Білім беру бағдарламаласы | Бөлімшенің толық атауы бар болжамды лауазымы | Түлектің тұрғылықты жері |
Азаматтық қорғау органдары | ||||||
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің арнаулы оқу орнының түлектерін бөлу қағидаларына 2-қосымша |
Нысан
Азаматтық қорғау органына қызметке жіберу туралы ұйғарым _________________________________________________________ берілді.
(тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда)) ____________________________________________________________________
(Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің арнаулы оқу орнының атауы)
_____________________________________________________________
Түлектерді бөлу жөніндегі комиссия төрағасының _________________
жылғы № _____________ бұйрығы негізінде жұмысқа ___________ ретінде
(лауазымы)
________________________________________________________ орналасқан
(мекенжайы)
_______________________________________________ қызметке жіберіледі.
(азаматтық қорғау органдары бөлімшесінің атауы)
Қызметке келу күні: "_____" ___________________ 20 _____ жыл.
Қазақстан Республикасы
Төтенше жағдайлар министрлігінің
арнаулы оқу орнының бастығы
әскери атағы Қолы Тегі, аты, әкесінің аты
----------------------------------------------------------------------------------------------------
(кесу сызығы)
______________________________________________ түлегі болып табылатын
(Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің арнаулы оқу орнының атауы)
Мен, ________________________________________________________
(тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда))
_____________________________________________________ орналасқан
(мекен-жайы)
________________________________________________________________
лауазымына қызметке жіберу туралы ұйғарымды алғанымды растаймын.
20__жылғы "___" ___________ түлектің қолы