БҰЙЫРАМЫН:
1. "Тамаққа биологиялық активті қоспалардың айналымы қағидаларын бекіту туралы" (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14015 болып тіркелген) Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрінің 2016 жылғы 30 маусымдағы № 297 бұйрығына мынадай өзгерістер енгізілсін:
кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:
"Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-бабы 2-тармағының 14) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:";
Көрсетілген бұйрықпен бекітілген тамаққа биологиялық активті қоспалардың айналымы қағидаларында:
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"1. Осы Тамаққа биологиялық активті қоспалар айналымының қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) тамаққа биологиялық активті қоспалардың (бұдан әрі – БАҚ) қауіпсіздігін және тағамдық құндылығын қамтамасыз ету мақсатында "Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 6-бабы 2-тармағының 14) тармақшасына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасының аумағында БАҚ айналымының тәртібін белгілейді.";
7-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"7. БАҚ-ты өткізуді жүзеге асыратын заңды және жеке тұлғалар, дара кәсіпкерлер БАҚ-ты сатып алушыларға (тұтынушыларға) және олардың талаптары бойынша уәкілетті органдарға БАҚ-тың қауіпсіздігін куәландыратын құжаттарды, сондай-ақ БАҚ және сатушы (дайындаушы) туралы толық, дәйекті және уақтылы ақпаратты Заңның 11-бабының 8) тармақшасына және "Тұтынушыларың құқықтарын қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 10, 25-бабтарына сәйкес ұсынады.";
9-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"9. БАҚ-ты бөлшек сауда арқылы өткізу "Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы объектілерге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 7 шілдедегі № ҚР ДСМ-58 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 23416 болып тіркелген) және "Тамақ өнімдерінің көтерме және бөлшек сауда объектілеріне қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар" санитариялық қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрінің 2021 жылғы 4 тамыздағы № ҚР ДСМ-73 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 23856 болып тіркелген) (бұдан әрі – Санитариялық қағидалар) сәйкес келетін дәріханалар, дәріхана пункттері, мамандандырылған дүкендер және сауда желісі арқылы жүзеге асырылады.";
10-тармақ алып тасталынсын;
13 және 14-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"13. Егер БАҚ-ты өткізу кезінде олардың қауіпті қасиеттерді алуына алып келген бұзушылыққа жол берілсе, БАҚ өткізуге жатпайды және "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің 46-бабына сәйкес тиісті сараптамаға жіберіледі, оның нәтижелері бойынша БАҚ кәдеге жаратылады немесе жойылады.
14. БАҚ Қазақстан Республикасының тамақ өнімінің қауіпсіздігі саласындағы заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес айналымы кезінде олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін тәсілдермен өлшеп-оралады және қаптамаланады.";
17-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"17. Тұтыну ыдысының әрбір бірлігіне қоса берілетін заттаңбалардағы, қолдану жөніндегі нұсқаулықтардағы немесе ұсынымдардағы БАҚ туралы ақпарат Кеден одағы комиссиясының 2011 жылғы 9 желтоқсандағы № 881 шешімімен бекітілген "Таңбалау бөлігіндегі тамақ өнімдері" (022/2011 КО ТР) Кеден одағы техникалық регламентінің талаптарына сәйкес қолданылады.";
19 және 20-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"19. Айналымдағы БАҚ олардың қадағалануын қамтамасыз ететін тауарға ілеспе құжаттамамен бірге жүреді.
20. БАҚ-ты таңбалау "Қазақстан Республикасындағы тіл туралы" Қазақстан Республикасы Заңының және Кеден одағы комиссиясының 2011 жылғы 9 желтоқсандағы № 881 шешімімен бекітілген "Таңбалау бөлігіндегі тамақ өнімдері" (022/2011 КО ТР) Кеден одағы техникалық регламентінің талаптарына сәйкес мемлекеттік және орыс тілдерінде жазылады.";
22-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"22. БАҚ-ты сақтау және тасымалдау Қазақстан Республикасының тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі саласындағы заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкес олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жағдайларда жүзеге асырылады.";
24 және 25-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"24. БАҚ-ты тасымалдау үшін Санитариялық қағидаларға және Кеден одағы комиссиясының 2011 жылғы 9 желтоқсандағы № 880 шешімімен бекітілген "Тамақ өнімінің қауіпсіздігі туралы" Кеден одағының техникалық регламентіне (021/2011 КО ТР) сәйкес келетін осы мақсаттар үшін арнайы әзірленген және (немесе) жабдықталған көлік құралдары пайдаланылады.
25. Техникалық регламенттер мен нормалау құжаттарының талаптарына сәйкес келмейтін, оның ішінде жарамдылық мерзімі өтіп кеткен БАҚ-ты кәдеге жарату және (немесе) жою мүмкіндігі туралы шешімді қабылдау Кеден одағы комиссиясының 2011 жылғы 9 желтоқсандағы № 880 шешімімен бекітілген "Тамақ өнімінің қауіпсіздігі туралы" Кеден одағының техникалық регламентіне (021/2011 КО ТР) және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 15 ақпандағы № 140 қаулысымен бекітілген Адамның өмірі мен денсаулығына және жануарларға, қоршаған ортаға қауіп төндіретін тамақ өнімдерін кәдеге жарату және жою ережесіне сәйкес жүзеге асырылады.".
2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық ресми жариялағаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы |
В. Дудник |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Сауда және интеграция министрлігі