Сараптама тобын құру, сондай-ақ балаға қатысты кибербуллинг фактілері бойынша өтінішті қарау қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрінің 2022 жылғы 6 қыркүйектегі № 365 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 8 қыркүйекте № 29469 болып тіркелді

      "Бұқаралық ақпарат құралдары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 18-4-бабының 1-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Сараптама тобын құру, сондай-ақ балаға қатысты кибербуллинг фактілері бойынша өтінішті қарау қағидалары бекітілсін.

      2. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Ақпарат комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Ақпарат және қоғамдық даму министрі
Д. Қыдырәлі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Оқу-ағарту министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Ақпарат және қоғамдық
даму министрі
2022 жылғы 6 қыркүйектегі
№ 365 Бұйрықпен
бекітілген

Сараптама тобын құру, сондай-ақ балаға қатысты кибербуллинг фактілері бойынша өтінішті қарау қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы сараптама тобын құру, сондай-ақ балаға қатысты кибербуллинг фактілері бойынша өтінішті қарау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Бұқаралық ақпарат құралдары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 18-4-бабының 1-тармағына сәйкес әзірленді және сараптама тобын құру, сондай-ақ балаға қатысты кибербуллинг фактілері бойынша өтінішті қарау тәртібін айқындайды.

      2. Бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы уәкiлеттi орган (бұдан әрi – уәкiлеттi орган) – бұқаралық ақпарат құралдары саласында мемлекеттiк реттеудi жүзеге асыратын мемлекеттiк орган.

2-тарау. Сараптама тобын құру тәртібі

      3. Сараптама тобы балаға қатысты кибербуллинг фактілері бойынша өтінішті интернет-ресурстарда қарау мақсатында уәкілетті органның жанынан құрылады.

      Бұқаралық ақпарат құралдарын және (немесе) телекоммуникация желілерін пайдалана отырып, қорлау сипатындағы жүйелі (екі және одан да көп) әрекеттер, баланы қудалау және (немесе) қорқыту, оның ішінде қандай да бір әрекетті жасауға немесе жасаудан бас тартуға мәжбүрлеуге бағытталған әрекеттер баланың кибербуллингі болып табылады.

      4. Сараптама тобының төрағасы, төрағасының орынбасары және мүшелері уәкілетті органның, баланың құқықтарын қорғау саласындағы уәкілетті органның, қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатарынан уәкілетті органның бұйрығымен айқындалады.

      5. Сараптама тобы өз қызметін жүзеге асыру кезінде мемлекеттік органдармен және ұйымдармен өзара іс-қимыл жасайды.

      Сараптама тобын төраға басқарады.

      Төраға болмаған кезде оның міндеттерін төрағаның орынбасары атқарады.

      Сараптама тобының отырыстары күндізгі нысанда және (немесе) онлайн режимде өткізіледі.

      Сараптама тобының шешімдері хаттамамен ресімделеді және оған сараптама тобының қатысып отырған мүшелері қол қояды.

      6. Сараптама тобының отырыстарын өткізуді ұйымдастыруды, хаттама нысанында сараптама тобы отырыстарының шешімдерін ресімдеуді, сондай-ақ сараптама тобының материалдарды сақтауын сараптама тобының хатшысы жүзеге асырады.

      Хатшы тоқсанына кемінде бір рет қаралған кибербуллинг фактілері туралы есепті дайындауды жүзеге асырады, ол уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылады.

      Хатшы сараптама тобының мүшесі болып табылмайды және сараптама тобының шешімдер қабылдау кезінде дауыс беруге құқығы жоқ.

3-тарау. Балаға қатысты кибербуллинг фактілері бойынша өтініштерді қарау тәртібі

      7. Сараптама тобының негізгі міндеттері:

      1) балаға қатысты кибербуллинг туралы өтініштерді қарау және өтініштерде көрсетілген кибербуллинг фактілерін бағалауды жүзеге асыру;

      2) кибербуллинг фактілерінің болуы не болмауы туралы шешім шығару.

      8. Балаға қатысты кибербуллинг фактілері анықталған кезде азамат не баланың заңды өкілі осы Қағиданың қосымшасына сәйкес балаға қатысты кибербуллинг фактілері бар интернет-ресурстың атауын көрсете отырып, балаға қатысты жасалып жатқан кибербуллинг фактілері туралы жазбаша нысанда немесе электрондық цифрлық қолтаңба арқылы куәландырылған электрондық құжат нысанында уәкілетті органға өтінішпен жүгінеді.

      9. Балаға қатысты кибербуллингтің расталған фактілері бойынша уәкілетті орган сараптама тобының шешімі негізінде нұсқаманы интернет-ресурстың меншік иесіне және (немесе) заңды өкіліне дереу жібереді.

      10. Интернет-ресурстың меншік иесі және (немесе) заңды өкілі уәкілетті органның нұсқамасын алғаннан кейін жиырма төрт сағат ішінде балаға қатысты кибербуллинг деп танылған ақпаратты жою жөнінде шаралар қабылдайды.

      11. Балаға қатысты кибербуллинг фактілері бойынша өтінішті қарау қорытындылары бойынша уәкілетті орган келіп түскен күннен бастап үш жұмыс күнінен кешіктірмей өтініш берушіге қазақ тілінде немесе өтініш берілген тілде жауап береді.

      12. Уәкілетті орган Заңға сәйкес кибербуллинг фактілері бойынша өтінішті қарау мерзімін күнтізбелік он бес күннен аспайтын мерзімге бір рет ұзартады және қарау мерзімі ұзартылған кезден бастап екі жұмыс күні ішінде өтініш берушіге хабарлайды.

      13. Егер өтініштің мазмұнында балаға қатысты кибербуллинг фактілері жасалып жатқан немесе анықталып отырған интернет-ресурс көрсетілмесе, өтінішті қараудан бас тартылады.

  Сараптама тобын құру
сондай-ақ балаға қатысты
кибербуллинг фактілері
бойынша өтінішті
қарау қағидаларына
қосымша

      Нысан

  Уәкілетті органға
________________________
(тегі, аты, әкесінің аты
(бар болған кезде)

Өтініш

      "Бұқаралық ақпарат құралдары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 18-4-бабының 1-тармағына сәйкес кибербуллинг фактілері туралы мәліметтерді сараптама жүргізу үшін жібереміз.

      Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзудың анықталған фактілерінің тізімі (деректерді беру желісіндегі мекенжайлар, (IP-мекенжай) және (немесе) интернет-ресурстың және (немесе) оның интернет-парақшасының домендік атауы және (немесе) сәйкестендіргіші көрсетіледі):*

      1)______________________;

      2)______________________;

      3)______________________;

      4)______________________.

      Осы хабарламада көрсетілген мәліметтердің заңдылығы мен негізділігін растаймын.

      Азамат немесе баланың заңды өкілі

      _______________ ____________________________________

      (қолы) (тегі, аты, әкесінің аты (бар болған кезде)

      ___________________________

      * Ескерту: жолдар саны хабарламаға енгізілетін Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзудың анықталған фактілерінің санына байланысты.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады