"Байланыс туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 41-1-бабының 5-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Интернет-ресурсқа қол жеткізуді қайта бастау қағидалары бекітілсін.
2. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Ақпарат комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықтың көшірмесін Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрық Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрі |
Д. Қыдырәлі |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Ұлттық қауіпсіздік комитеті
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Цифрлық даму, инновациялар және
аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі
Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрі 2022 жылғы 6 қыркүйектегі № 366 Бұйрықпен бекітілген |
Интернет-ресурсқа қол жеткізуді қайта бастау қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Интернет-ресурсқа қол жеткізуді қайта бастау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Байланыс туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 41-1-бабының 5-тармағына сәйкес әзірленді және интернет-ресурсқа қол жеткізуді қайта бастау тәртібін айқындайды.
2. Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) байланыс операторы – байланыс қызметтерін көрсететін және (немесе) байланыс желілерін пайдаланатын, Қазақстан Республикасының аумағында тіркелген жеке немесе заңды тұлға;
2) масс-медиа саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – масс-медиа саласындағы мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
3) интернет-ресурс – бірегей желілік адресі және (немесе) домендік аты бар және Интернетте жұмыс істейтін аппараттық-бағдарламалық кешенде орналастырылған (мәтіндік, графикалық, аудиокөрінімді немесе өзге де түрдегі) ақпарат;
4) лездік хабар алмасу сервисі – қаржылық көрсетілетін қызметтерді ұсынуға және электрондық коммерцияға арналған бағдарламалық қамтылымды қоспағанда, лездік хабарлар алмасуға не оларды нақты айқындалған тұлғаға (тұлғаларға) телекоммуникация желілерін пайдалана отырып нақты уақыт режимінде беруге арналған және (немесе) сол үшін пайдаланушылар қолданатын бағдарламалық қамтылым;
5) мемлекеттік техникалық қызмет – Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған акционерлік қоғам;
6) онлайн-платформа – қаржылық көрсетілетін қызметтерді ұсынуға және электрондық коммерцияға арналған интернет-ресурсты және (немесе) лездік хабарлар алмасу сервисін қоспағанда, белгілерді және (немесе) сигналдарды және (немесе) дауыстық ақпаратты және (немесе) жазбаша мәтінді және (немесе) кескінді және (немесе) дыбыстарды және (немесе) хабарларды орналастыру, қабылдау және (немесе) нақты айқындалған немесе айқындалмаған тұлғалар тобына беру арқылы пайдаланушының өзі жасаған дербес парақшасы арқылы ақпарат таратуына арналған интернет-ресурс және (немесе) лездік хабарлар алмасу сервисі.
Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің м.а. 26.08.2024 № 378-НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.2-тарау. Интернет-ресурсқа қол жеткізуді қайта бастау тәртібі
3. Интернет-ресурсқа қол жеткізуді қайта бастау интернет-ресурстың меншік иесінің және (немесе) заңды өкілінің және (немесе) пайдаланушысының жазбаша (электрондық) жолданымы (бұдан әрі – жолданым) бойынша жүзеге асырылады.
4. Интернет-ресурсқа қол жеткізуді қайта бастау Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтарды жою және қол жеткізуді шектеу үшін негіз болған құқыққа қарсы материалдарды интернет-ресурстан жою шартымен уәкілетті органның нұсқамасы негізінде оған қол жеткізуді шектеу кезінде жүзеге асырылады.
5. Жолданым тіркелген күннен бастап 15 (он бес) жұмыс күні ішінде уәкілетті орган интернет-ресурстың қол жеткізуді шектеу үшін негіз болған құқыққа қарсы материалдарды жою мәніне мониторинг жүргізеді.
6. Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтарды жою туралы ақпарат расталғаннан және интернет-ресурстан құқыққа қарсы материалдар жойылғаннан кейін уәкілетті орган байланыс операторларына және (немесе) мемлекеттік техникалық қызметке осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес ресімделген уәкілетті органның нұсқамасының күшін жою, интернет-ресурсқа қол жеткізуді шектеуден шығару және қайта бастау туралы тапсырма береді.
7. Байланыс операторлары және мемлекеттік техникалық қызмет уәкілетті органнан уәкілетті органның нұсқамасының күшін жою, интернет-ресурсқа қол жеткізуді шектеуден алу және қайта бастау туралы тапсырма алғаннан кейін интернет-ресурсқа қол жеткізуді дереу қайта бастайды.
Интернет-ресурсқа қол жеткізуді қайта бастау қағидаларына қосымша |
|
Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің "Мемлекеттік техникалық қызмет" АҚ Байланыс операторына (операторларына) (тізім бойынша) |
Тапсырма
___________________ (уәкілетті органның толық атауы) Қазақстан Республикасының заңнамасын бұзушылықтарды жойып, қол жеткізуді шектеу үшін негіз болған құқыққа қарсы материалдарды жою себебі бойынша ____________________ интернет-ресурсқа қол жеткізуді қайта бастау жөніндегі _______________________________ (жолданым берушінің атауы) жолданым келіп түсті.
Мониторинг барысында уәкілетті органның (шығыс құжаттың күні мен нөмірі) нұсқамасымен Қазақстан Республикасының аумағында таратылуы шектелген интернет-ресурстағы:
1)________________________________________________ _____________;
2)_____________________________________________________________;
3)_____________________________________________________________;
4)________________________________________________ сілтемелер бойынша бұрын орналастырылған құқыққа қарсы материалдар ____________________________ (ағымдағы күн) жағдай бойынша __________________________________ интернет-ресурстың меншік иесімен жойылған.
"Байланыс туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 41-1-бабының 5-тармағына сәйкес уәкілетті органның _______________________________ (шығыс құжаттың нөмірі мен күні) нұсқамасының күшін жоюды, жоғарыда көрсетілген интернет-ресурсқа (тарға) (сілтеме (лер) және оның мобильдік қосымшасына қол жеткізуді қайта бастауды тапсырамыз.