ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы бұйрық 01.01.2023 бастап қолданысқа енгізіледі
Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің 144-2-бабының 4-тармағының төртінші және бесінші бөліктеріне сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:
1. Мыналар:
1) 1-қосымшаға сәйкес бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау жүргізудің жартыжылдық тізімдерінің нысаны;
2) 2-қосымшаға сәйкес Бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау жүргізудің жартыжылдық тізімдеріне өзгеріс енгізу қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті (бұдан әрі – Комитет):
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының ресми интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрықтың көшірмесін мүдделі мемлекеттік органдарға, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының құрылымдық бөлімшелерінің басшыларына, облыстардың, астананың, республикалық маңызы бар және оларға теңестірілген қалалардың прокурорларына, сондай-ақ Комитеттің аумақтық органдарына мәлімет үшін жолдауды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Комитет төрағасына жүктелсін.
4. Осы бұйрық ресми жариялануға жатады және 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры |
Б. Асылов |
Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры 2022 жылғы 9 қыркүйектегі № 182 бұйрығына 1 қосымша |
|
нысан | |
Реттеуші мемлекеттік органның немесе жергілікті атқарушы органның бірінші басшысының актісімен бекітіледі |
Бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау жүргізудің 20__жылдың ____ жартыжылдығының тізімі ________________________________________________________________________________ (мемлекеттік органның және мемлекеттік бақылау жүзеге асырылатын қызмет саласының атауы)
№ р/с | Тексерілетін субъектінің атауы | Жеке сәйкестендіру нөмірі/ бизнес сәйкестендіру нөмірі | Тексерілетін объектінің атауы | Тексерілетін субъектінің (объектінің) орналасқан жері | Тәуекел тобы | Тексерілетін субъектінің кәсіпкерлік санаты | Тексерілетін субъектінің әділет органдарында бастапқы мемлекеттік тіркелген күні |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 |
Қазақстан Республикасы Бас Прокуроры 2022 жылғы 9 қыркүйектегі № 182 бұйрығына 2 қосымша |
Бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау жүргізудің жартыжылдық тізімдеріне өзгерістер енгізу қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау жүргізудің жартыжылдық тізімдеріне өзгерістер енгізу қағидалары Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 144-2 бабының 4-тармағының бесінші бөлігіне сәйкес әзірленді және бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) бару арқылы профилактикалық бақылау жүргізудің жартыжылдық тізімдеріне (бұдан әрі – жартыжылдық тізім) өзгерістер енгізу тәртібін айқындайды.
2. Профилактикалық бақылаудың жартыжылдық тізімдерін қалыптастыру және оларды Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының интернет-ресурсында (бұдан әрі – интернет-ресурс) орналастыру тәртібі Кодекстің 141-бабы 7-тармағы екінші бөлігінің талаптарын ескере отырып, Кодекстің 144-2-бабының 4-тармағында регламенттелген.
3. Осы бұйрықтың 1-қосымшасына сәйкес бақылау және қадағалау органы жартыжылдық тізімдердің сәйкес келмейтін нысанды ұсынған жағдайда, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті (бұдан әрі – Комитет) оларды алған сәттен бастап бес жұмыс күні ішінде бұзушылықтарды жою үшін кері қайтарады.
4. Бақылау және қадағалау органы бұзушылықтарды жояды және оларды қайтарған сәттен бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей жартыжылдық тізімдерді бекітіп, Комитетке жолдайды.
2-тарау. Жартыжылдық тізімдерге өзгерістер енгізу тәртібі
5. Интернет-ресурста орналастырылған жартыжылдық тізімдерге өзгерістер келесі жағдайларда енгізіледі:
1) заңды тұлғаның, оның ішінде олардың филиалдары мен өкілдіктерінің меншік нысаны қайта тіркелгенде немесе өзгергенде, сондай-ақ бизнес-сәйкестендіру нөмірінің өзгеруіне әкелмейтіндей түрде қайта құрылғанда;
2) жартыжылдық тізімдерін қалыптастыру, тәуекелдерді бағалау жүйесін қолдану немесе бақылау және қадағалау субъектісіне (объектісіне) қатысты тәуекел дәрежесін айқындау кезінде прокурорлық қадағалау және ден қою актілері бойынша және заңды күшіне енген сот актілері бойынша заңдылықты бұзу фактілері анықталғанда;
3) бақылау және қадағалау органы бақылау және қадағалау субъектісін (объектісін) жартыжылдық тізімдер бойынша профилактикалық бақылаудан босататын мән-жайларды (аудиторлық қорытындының болуы, мораторий немесе профилактикалық бақылаудың немесе тексерілетін субъект қызметінің өзге себеппен уақытша тоқтап тұруы, субъектінің банкроттығы немесе қызметінің өзге себеппен тоқтап тұруы, жеке тұлға болып табылатын бақылау және қадағалау субъектісінің қайтыс болуы, заңды күшіне енген сот актілерінің негізінде, сондай-ақ Кодекстің 141-бабының 9-тармағында көзделген негіздермен әрекетке қабілетсіз деп танылуы) анықтаған жағдайда.
6. Жартыжылдық тізімдерді олардың қолданылу кезеңінде, осы Қағидалардың 5-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көзделген жағдайларды қоспағанда міндетті түрде интернет-ресурста орналастыра отырып, жарты жылда тек бір рет қана өзгертуге жол беріледі.
Осы қағидалардың 5-тармағының 1) және 2) тармақшаларында көзделген жағдайларда жартыжылдық тізімдерді өзгертуге оларда көрсетілген мән-жайлар туындаған кезде, оларды міндетті түрде интернет-ресурста орналастыра отырып, жол беріледі.
7. Жартыжылдық кестелерге өзгерістер енгізу реттеуші мемлекеттік органның немесе жергілікті атқарушы органның бірінші басшысының Комитетке растайтын құжаттармен және жаңартылып, бекітілген жартыжылдық тізіммен қоса жолданған өтінішхаты негізінде рұқсат беріледі.
8. Өтінішхатты қарау мерзімі ол келіп түскен күннен бастап он жұмыс күнін құрайды.
9. Өтінішхатты қарау барысында Комитет жартыжылдық тізімдеріндегі өзгерістердің негізділігін зерделейді және мынадай:
1) өтінішхатты қанағаттандыру және өзгертілген жартыжылдық тізімдерін интернет-ресурста орналастыру туралы;
2) жартыжылдық тізімдеріне өзгерістер енгізу үшін осы Қағидалардың 5-тармағында көзделген негіздер болмаған жағдайда, дәлелдерін келтіре отырып, өтінішхатты қанағаттандырудан бас тарту туралы шешімдердің бірін қабылдайды.
10. Өтінішхат қанағаттандырылған жағдайда Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасы өзгертілген тізімдерді бес жұмыс күні ішінде интернет-ресурста орналастырады.
11. Реттеуші мемлекеттік органның немесе жергілікті атқарушы органның бірінші басшылары жартыжылдық тізімдеріне енгізілген өзгерістердің дұрыстығын, тұтастығын, объективтілігін және уақтылығын қамтамасыз етеді.