Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінен шығарылатын адамдарды әлеуметтік бейімдеуді ұйымдастыру жөніндегі қағидаларды бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2022 жылғы 26 қыркүйектегі № 834 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 28 қыркүйекте № 29856 болып тіркелді.

      Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 2 маусымдағы № 357 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі туралы ереже 15-тармағының 145) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінен шығарылатын адамдарды әлеуметтік бейімдеуді ұйымдастыру жөніндегі қағидалар бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Тәрбие және идеологиялық жұмыстар департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Заң департаментіне жолдауды қамтамасыз етсін.

      3. Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің мынадай бұйрықтарының күші жойылды деп танылсын:

      1) "Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінен шығарылатын адамдарды әлеуметтік бейімдеуді ұйымдастыру жөніндегі қағидаларды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2019 жылғы 26 сәуірдегі № 287 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 18618 болып тіркелген);

      2) "Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінен шығарылатын адамдарды әлеуметтік бейімдеуді ұйымдастыру жөніндегі қағидаларды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2019 жылғы 26 сәуірдегі № 287 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің 2021 жылғы 31 наурыздағы № 181 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 22463 болып тіркелген).

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      5. Осы бұйрық лауазымды адамдарға, оларға қатысты бөлігінде жеткізілсін.

      6. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Қорғаныс министрі
Р. Жаксылыков

  Қазақстан Республикасы
Қорғаныс министрі
2022 жылғы 26 қыркүйектегі
№ 834 Бұйрығымен
бекітілген

Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінен шығарылатын адамдарды әлеуметтік бейімдеуді ұйымдастыру жөніндегі қағидалар

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінен шығарылатын адамдарды әлеуметтік бейімдеуді ұйымдастыру жөніндегі қағидалар (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінен шығарылатын адамдарды әлеуметтік бейімдеуді ұйымдастыру тәртібін айқындайды.

      2. Қызметтен шығарылған кезде адамдарды әлеуметтік бейімдеу (бұдан әрі – әлеуметтік бейімдеуге жататын адамдар) жөніндегі іс-шараларды ұйымдастыру және жүргізу екі бағытта жүзеге асырылады: қайта даярлау және әлеуметтік-психологиялық қамтамасыз ету.

      3. Мемлекеттік мекемелерде бірінші басшылардың бұйрығымен Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінен шығарылатын адамдарды әлеуметтік бейімдеу мәселелері жөніндегі комиссиялар (бұдан әрі – Комиссиялар) тағайындалады.

      4. Комиссияның құрамы қаржы, медициналық, заң, психологиялық қызметтер мен кадр органдарының өкілдерінен құрылады.

      5. Комиссия жыл сайын 20 желтоқсанға қарай Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінен шығарылатын адамдарды әлеуметтік бейімдеуді ұйымдастыру жөніндегі жұмыс жоспарын (бұдан әрі – Жоспар) жасайды.

      6. "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 50-бабының 2-тармағына сәйкес кадрлық әскери басқару органдары әскери қызметте болудың шекті жасына толуы бойынша, денсаулық жағдайы бойынша, әскери қызмет міндеттерін орындауға байланысты ауырған, сондай-ақ жиырма және одан да көп еңбек сіңірген жылдары бар шығарылуға жататын адамдардың тізімдерін жасайды.

      7. Кәсіптік қайта даярлауға қаржыландыру кәсіптік қайта даярлауға мұқтаж, әлеуметтік бейімдеуге жататын адамдардың болжамды санына, оқытудың ұзақтығы мен құнының орташа көрсеткіштеріне сүйене отырып есептеледі. Есептеуді білім және қаржылық қамтамасыз ету мәселелеріне жауапты Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің құрылымдық бөлімшелері жүргізеді.

2-тарау. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінен шығарылатын әлеуметтік бейімдеуге жататын адамдарды қайта даярлау

      8. Әлеуметтік бейімдеуге жататын адамды қызметтен шығарылғанға дейін 6 ай бұрын кадрлық әскери басқару органдары әлеуметтік бейімдеуді қамтамасыз етуге, оның ішінде әскери қызмет өткеру кезеңінде азаматтық мамандық алу мақсатындағы құқығы туралы жазбаша хабардар етеді.

      9. Мамандық алуға ниет білдірген, әлеуметтік бейімдеуге жататын адам әлеуметтік бейімдеуді қамтамасыз етуге, оның ішінде әскери қызмет өткеру кезеңінде азаматтық мамандық алу мақсатындағы құқығы туралы хабарламаны алған сәттен бастап Комиссияға оны әлеуметтік бейімдеуді қамтамасыз ету тізімдеріне қосу және қайта даярлау курстарында оқу үшін оқу демалысын ұсыну туралы баянатты ұсынады.

      Комиссия баянат негізінде кадрлық әскери басқару органдарында әлеуметтік бейімдеуге жататын адамның мынадай құжаттарын:

      1) жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесін;

      2) білімі туралы құжаттардың көшірмесін;

      3) еңбек өтілі бар болған кезде еңбек өтілін растайтын басқа да құжаттың көшірмесін;

      4) қызметтік тізімді;

      5) әскери қызметте болу туралы мәліметтерді көрсетумен қызмет орнынан анықтаманы сұратады.

      10. Комиссия айына бір рет 25-і күніне дейін әскери қызметшілердің қайта даярлау курстарында оқу үшін оларды әлеуметтік бейімдеуге жататын адамдардың тізімдеріне қосу туралы баянаттарын қарайды. Бұл ретте әлеуметтік бейімдеуге жататын адамдардың дене бітімінің, жас ерекшелігінің және денсаулық жағдайының мүмкіндігі ескеріледі.

      11. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінен шығарылатын адамдарды тиісті мамандық бойынша жұмысқа орналастыру мүмкіндігін қарау үшін кадр органы тоқсан сайын қызмет өткеру орны бойынша бос орындарға мониторинг жүргізеді.

      12. Мониторинг қорытындысы бойынша әлеуметтік бейімдеуге жататын адамға қызмет өткеру орны бойынша бос лауазымдар тізбесі ұсынылады.

      Ескерту. 12-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Қорғаныс министрінің 08.12.2023 № 1265 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      13. Алып тасталды - ҚР Қорғаныс министрінің 08.12.2023 № 1265 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      14. Әлеуметтік бейімдеуге жататын адам қызмет өткеретін орны бойынша ұсынылған бос лауазымнан бас тартса, сондай-ақ еңбек нарығында талап етілетін азаматтық мамандықтар тізбесінен мамандықты тандамаса, онда оған 15 күн ішінде тандау қайта ұсынылады. Қайта бас тартқан жағдайда Комиссия бас тартқаны туралы акті жасайды.

      15. Кадр органы әлеуметтік бейімдеуге жататын адамдардың жұмысқа орналасуына және жұмысқа орналасқаннан кейін 3 ай ішінде жаңа жұмыс орнына бейімделуіне мониторинг жүргізеді.

3-тарау. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінен шығарылатын әлеуметтік бейімдеуге жататын адамдарды әлеуметтік-психологиялық қамтамасыз ету

      16. Комиссия тоқсанына бір рет әлеуметтік бейімдеуге жататын адамдармен әлеуметтік қамсыздандыру, оның ішінде психологиялық қолдау және психологиялық сүйемелдеу мәселелері бойынша консультация өткізеді.

      17. Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінен шығарылатын адамдарды бейімдеуді психологиялық сүйемелдеу тиімді әлеуметтік-психологиялық бейімдеудің қажетті компоненті ретінде ұсынылады, ол екі кезеңде жүргізіледі:

      бірінші кезең – әскери қызметтен шығарылғанға дейін 3 ай бұрын басталады. Осы кезеңде азаматтық қоғамдағы өмірге бейімделуге психологиялық-педагогикалық көмек көрсетуді көздейтін психологиялық дайындау жүзеге асырылады.

      Ай сайын Жоспарға сәйкес әлеуметтік бейімдеуге жататын адамдарға кәсіби консультация беру жүргізіледі, ол шығарылатын адамның жеке басын, оның қызығушылығын, икемділігін, болашақ кәсіптің әртүрлі сипаттамасының өзі үшін қолайлы жеке пайымын, кәсіби қабілетін, бар білімін, біліктері мен дағдысын, бар мүмкіндігін алдын ала зерделеу нәтижесіне негізделеді;

      екінші кезең – білікті психологиялық көмек көрсету әскери қызметтен шығарылғанға дейін бір ай бұрын басталады. Осы кезеңдегі жұмыс қажетті жаңа дағдыларды қалыптастыруға: өзін-өзі жобалауға, тиімді қарым-қатынасқа және өзара іс-қимылға, жеке басының проблемаларын шешуге бағытталған. Жұмыс маман психологтың міндетті түрде апта сайынғы консультациялары нысанында ұйымдастырылады және жүргізіледі.

      Жеке консультациялар психологиялық қолдауға және психикалық төзімділігін сақтауға ықпал ететін аутотренингке, арнайы психикалық-техникалық жаттығуларға оқыту элементтерін қамтиды.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады