"Куәландырушы орталықтарды аккредиттеуді жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2020 жылғы 1 маусымдағы № 224/НҚ бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2022 жылғы 30 қыркүйектегі № 363/НҚ бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 3 қазанда № 29960 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Куәландырушы орталықтарды аккредиттеуді жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2020 жылғы 1 маусымдағы № 224/НҚ бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20815 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      бұйрықтың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

      "Куәландырушы орталықтарды аккредиттеу туралы куәлікті беру және кері қайтарып алу қағидалары";

      бұйрықтың кіріспесі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабы 3-тармағының 2) тармақшасына және "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:";

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Қоса беріліп отырған Куәландырушы орталықтарды аккредиттеу туралы куәлікті беру және кері қайтарып алу қағидалары бекітілсін.";

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Куәландырушы орталықтарды аккредиттеу туралы куәлікті беру және кері қайтарып алу қағидалары осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Цифрлық даму, инновациялар
және аэроғарыш өнеркәсібі министрі
Б. Мусин

  Қазақстан Республикасының
Цифрлық даму, инновациялар
және аэроғарыш өнеркәсібі
министрінің
2022 жылғы " "
№ бұйрығына
қосымша
  Қазақстан Республикасының
Цифрлық даму,
инновациялар және аэроғарыш
өнеркәсібі министрінің
2020 жылғы 1 маусымдағы
№ 224/НҚ
бұйрығымен бекітілген

Куәландырушы орталықтарды аккредиттеу туралы куәлікті беру және кері қайтарып алу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы куәландырушы орталықтарды аккредиттеу туралы куәлікті беру және кері қайтарып алу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабы 3-тармағының 2) тармақшасына және "Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 1) тармақшасына (бұдан әрі – Заң) сәйкес әзірленді және куәландырушы орталықтарды аккредиттеу тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) ақпаратты криптографиялық қорғау құралы (бұдан әрі – АКҚҚ) – криптографиялық түрлендіру алгоритмдерін, шифрлау кілттерін құруды, қалыптастыруды, бөлуді немесе басқаруды іске асыратын бағдарламалық қамтылым немесе бағдарламалық-аппараттық кешен;

      2) Қазақстан Республикасының Негізгі куәландырушы орталығы – куәландырушы орталықтардың электрондық цифрлық қолтаңбасының ашық кілттерінің тиесілілігін және жарамдылығын растауды жүзеге асыратын куәландырушы орталық.

      3. Куәландырушы орталықтарды аккредиттеу (бұдан әрі – мемлекеттік көрсетілетін қызмет) куәландырушы орталықтардың Қазақстан Республикасының Негізгі куәландырушы орталығын қоспағанда, өз қызметін Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асыруы үшін міндетті шарты болып табылады.

      Мемлекеттік көрсетілетін қызметті Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитеті (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті беруші) заңды тұлғаларға (бұдан әрі – көрсетілетін қызметті алушы) көрсетеді.

      Мемлекеттік көрсетілетін қызмет тексеру нәтижелері туралы актінің негізінде, көрсетілетін қызметті алушының осы Қағидаларға, сондай-ақ Қазақстан Республикасының электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба саласындағы заңнамасында белгіленген талаптарға сәйкестігін бағалау мақсатында іске асырылады.

      Көрсетілетін қызметті алушыны зерттеп-қарауды көрсетілетін қызметті берушінің бұйрығымен айқындалатын куәландырушы орталықтарды аккредиттеу жөніндегі комиссия (бұдан әрі – комиссия) жүзеге асырады. Комиссия көрсетілетін қызметті берушінің, техникалық реттеу жөніндегі уәкілетті органның және ұлттық қауіпсіздік органдарының өкілдерінен тұрады.

      4. Көрсетілетін қызметті беруші осы Қағидаларға өзгерістер және (немесе) толықтырулар қолданысқа енгізілген сәттен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде ақпаратты Бірыңғай байланыс орталығына жібереді және www.gov.kz Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдарының интернет-ресурстарының бірыңғай платформасында "Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі" деген бөлімде орналастырады.

2-тарау. Куәландырушы орталықтарды аккредиттеу туралы куәлікті беру тәртібі

      5. Мемлекеттік қызмет көрсету ерекшеліктері ескеріле отырып, қызмет көрсету процесінің сипаттамаларын, нысанын, мазмұны мен нәтижесін, сондай-ақ өзге де мәліметтерді қамтитын мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын негізгі талаптар тізбесі осы Қағидалардың 1-қосымшасына сәйкес "Куәландырушы орталықтарды аккредиттеу" мемлекеттік қызмет көрсетуге қойылатын негізгі талаптар тізбесінде (бұдан әрі – Тізбе) келтірілген.

      6. Көрсетілетін қызметті алушы куәландырушы орталықтарды аккредиттеу туралы куәлікті (бұдан әрі – аккредиттеу туралы куәлік) алу үшін көрсетілетін қызметті берушіге www.egov.kz "электрондық үкімет" веб-порталы арқылы (бұдан әрі – портал) осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес толтырылған өтініш нысаны бар Тізбенің 8-тармағына сәйкес құжаттарды ұсынады.

      7. Көрсетілетін қызметті берушінің өтініші түскен күні оны қабылдауды және тіркеуді іске асырып, жауапты құрылымдық құрылымдық бөлімшенің орындаушысына орындауға жолдайды (бұдан әрі – көрсетілетін қызмет беруші қызметкері).

      Көрсетілетін қызметті алушы жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін, демалыс және мереке күндері жүгінген кезде Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес өтінішті қабылдау және мемлекеттік көрсетілетін қызмет нәтижелерін беру келесі жұмыс күні жүзеге асырылады.

      Құжаттар туралы мәліметтерді, заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтаманы немесе куәлікті көрсетілетін қызметті беруші тиісті мемлекеттік ақпараттық жүйелерден "электрондық үкімет" шлюзі арқылы алады.

      Көрсетілетін қызметті алушы өтінішті портал арқылы тапсырған кезде "жеке кабинетке" мемлекеттік қызмет көрсетуге арналған сұранымның қабылданғаны туралы мәртебе, сондай-ақ мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесін алу күні мен уақыты көрсетілген хабарлама жолданады.

      8. Көрсетілетін қызметті берушінің қызметкері өтініш тіркелген күннен бастап екі жұмыс күні ішінде осы Қағидалардың 5-тармағында көрсетілген тізім бойынша ұсынылған құжаттардың болуын тексереді.

      9. Егер ұсынылған құжаттар осы Қағидалардың 5-тармағында көрсетілген тізімге сәйкес келмеу фактісі анықталған жағдайда, көрсетілетін қызметті беруші портал арқылы өтінішті одан әрі қараудан дәлелді бас тарту жібереді.

      10. Бас тарту үшін негіздер болмаған жағдайда, көрсетілетін қызметті беруші портал арқылы көрсетілетін қызметті алушыны оны комиссия тексеру жүргізетіні туралы хабардар етеді. Комиссия тексеруін екі кезеңде: құжаттық және көшпелі нысанда өткізеді.

      11. Көрсетілетін қызметті беруші хабарламаны жіберген күні көрсетілетін қызметті алушыға комиссияның көрсетілетін қызметті алушыны тексеруді жүргізетіні туралы комиссия мүшелеріне хат жолдайды.

      12. Комиссия көрсетілетін қызметті алушыға хабарлаған күннен бастап үш жұмыс күні ішінде осы Қағидалардың 5-тармағында көрсетілген құжаттардың мазмұнына тексеру жүргізеді.

      Егер жүргізілген болса, алдыңғы тексерістер нәтижелері бойынша актілермен танысады.

      Ұсынылған құжаттардың сәйкессіздігі және/немесе Қазақстан Республикасының заңнамасымен мазмұнға сәйкес болмау фактісі анықталған жағдайда, көрсетілетін қызметті алушы хаттамамен ресімделетін комиссия шешімі негізінде, портал арқылы өтінішті одан әрі қараудан дәлелді бас тарту жібереді.

      Құжаттық тексеру нәтижелері бойынша бас тартуға негіздер болмаған жағдайда, көрсетілетін қызметті беруші көрсетілген мерзімде портал арқылы көрсетілетін қызметті алушыға куәландырушы орталықтың инфрақұрылымы орналасқан жерде оны комиссияның көшпелі тексеру жүргізетіні туралы хабарлайды.

      Көшпелі тексеруді комиссия оны жүргізу туралы хабарлаған күннен бастап алты жұмыс күні ішінде жүзеге асырады.

      Көрсетілетін қызметті алушыны көшпелі тексеруді жүргізу кезінде комиссия аккредиттеуге берілген құжаттардың нақты жағдайға сәйкестігін айқындайды және мыналарды айқындайды:

      1) тексерілетін көрсетілетін қызметті алушыда қолданылатын, пайдаланылатын АКҚҚ-тың Қазақстан Республикасының Негізгі куәландырушы орталығымен үйлесімділігі;

      2) Қазақстан Республикасының Негізгі куәландырушы орталығының тіркеу куәлігінен көрсетілетін қызметті алушының АКҚҚ-ты пайдалана отырып, көрсетілетін қызметті алушыны пайдаланушының тіркеу куәлігіне дейінгі тіркеу куәліктерінің дұрыс тізбегінің құрылуын тексеру;

      3) көрсетілетін қызметті алушы шығаратын тіркеу куәліктерінде көрсетілетін қызмет беруші тіркеген объектілік сәйкестендіргіштердің болуы;

      4) электрондық цифрлық қолтаңбаның тіркеу куәліктерінің тізбектерін дұрыс құрылуын тексеру механизмі;

      5) тіркелген объектілік сәйкестендіргіштер (ОID);

      6) серверлік үй-жай;

      7) пайдаланылатын байланыс арналары;

      8) Қазақстан Республикасының уақыт бірлігінің эталонынан, позициялаудың спутниктік жаһандық жүйелерінен, жалпыға бірдей танылған халықаралық көздерден уақыттың ағымдағы мәні туралы цифрлық ақпараттың ұдайы берілуін қамтамасыз ететін техникалық құралдар кешенімен аккредиттелетін көрсетілетін қызметті алушының уақытын үйлестіру рәсімі;

      9) "Байланыс туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес аккредиттелетін көрсетілетін қызметті алушының бірыңғай есепке алу-есеп беру уақыты;

      10) көрсетілетін қызметті алушы ұсынатын қызметтер;

      11) көрсетілетін қызметті алушының инфрақұрылымы (сертификаттау орталығы және тіркеу орталықтары);

      12) физикалық негізгі және резервтік серверлердің болуы;

      13) кері қайтарылып алынған тіркеу куәліктерінің тізіміне колжетімділік;

      14) негізгі криптографиялық кілттерді қорғауға арналған негізгі және резервтік аппараттық-бағдарламалық кешендердің болуы;

      15) серверлік үй-жайларға қойылатын талаптар:

      үздіксіз қоректену көзінің болуы;

      ауа баптау жүйесінің болуы;

      серверлердің адам тұрмайтын үй-жайларда орналасуы;

      серверлік үй-жай жабдығы 1,5 сантимерден кем емес мөлшердегі кондуитпен ғимараттың жерге тартылған жүйесінің негізгі электродымен қосылуы;

      серверлік үй-жай төбесінің биіктігі 2,44 метрден кем болмауы;

      хабарлаудың және өрт сөндірудің автоматты жүйесі;

      серверлік үй-жайға кірудің шектелуі, кіруді бақылау;

      серверлік үй-жайға жүргізілетін жұмыстардың тігілген журналының болуы.

      13. Тексеру аяқталған күні тексеру нәтижелері туралы акт (бұдан әрі – акт) жасалады, онда көрсетілетін қызметті алушының нақты жай-күйі, қорытындылар мен ұсынымдар көрсетіледі.

      Актіге комиссияның барлық мүшелері қол қояды.

      Егер комиссия мүшесі қабылданған шешіммен келіспеген және тексеру актісіне қол қоймаған жағдайда, ол себептерін негіздей отырып, көрсетілетін қызметті берушіні хабардар етеді.

      Тексеру актісі комиссия мүшелерінің қолдарының үштен екісі, оның ішінде ұлттық қауіпсіздік органдары өкілінің қолы болған кезде қабылданды деп есептеледі.

      14. Актіге сәйкес көрсетілетін қызметті беруші актіні қабылдағаннан кейін келесі жұмыс күні ішінде куәландырушы орталықты аккредиттеу туралы куәлікті беру не беруден бас тарту туралы шешім қабылдайды.

      15. Көрсетілетін қызметті беруші шешім қабылдағаннан кейін бір жұмыс күні ішінде көрсетілетін қызметті алушыға осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес қолданылу мерзімі үш жыл көрсетілетін қызметті берушінің уәкілетті тұлғасының электрондық цифрлық қолтаңбасымен қол қойылған электрондық құжат нысаны бойынша аккредиттеу туралы куәлікті береді немесе көрсетілетін қызметті алушыға портал арқылы аккредиттеу туралы куәлікті беруден дәлелді бас тартуды жібереді.

      16. Мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту үшін негіздер осы Қағидаларға 1-қосымшада баяндалған.

      17. Көрсетілетін қызметті беруші Мемлекеттік қызмет көрсету сатысы туралы деректерді ақпараттандыру саласындағы уәкілетті орган белгілеген тәртіппен мемлекеттік қызметтер көрсету мониторингінің ақпараттық жүйесіне енгізуді қамтамасыз етеді.

      Көрсетілетін қызметті беруші куәландырушы орталықтарды аккредиттеу туралы берілген куәліктердің тізілімін жүргізеді.

      18. Аккредиттеу туралы куәліктің негізінде көрсетілетін қызметті алушы тіркеу куәлігін тіркеуден (қайта тіркеуден) өту үшін Қазақстан Республикасының Негізгі куәландырушы орталығына жүгінеді.

3-тарау. Куәландырушы орталықтарды аккредиттеу туралы куәлікті кері қайтарып алу тәртібі

      19. Куәландырушы орталықтарды аккредиттеу туралы куәлікті кері қайтарып алу мынадай негіздер бойынша жүзеге асырылады:

      1) заңды тұлға (көрсетілетін қызметті алушы) қайта тіркелген, сондай-ақ қызметі тоқтатылған жағдайда;

      2) куәландырушы орталықтарды пайдаланушыларға залал келтіруге әкеп соққан, осы Қағидалардың 21, 22 және 23-тармақтарында көзделген тәртіппен анықталған бұзушылықтарды жою жөніндегі жазбаша ұсынымдарды белгіленген мерзімдерде негізді себептерсіз орындамаған жағдайда жүзеге асырады.

      20. Көрсетілетін қызметті алушы заңды тұлға (көрсетілетін қызметті алушы) қайта тіркелген, сондай-ақ қызметі тоқтатылған жағдайда, Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген барлық рәсімдерді аяқтау үшін қажетті мерзімді көрсете отырып, көрсетілетін қызметті берушіге хабарлама жібереді.

      Көрсетілетін қызметті беруші хабарламада көрсетілген мерзім өткеннен кейін куәландырушы орталықтарды аккредиттеу туралы куәлікті кері қайтарып алу туралы шешім қабылдайды.

      21. Осы Қағидалардың талаптарын бұзу туралы жеке және заңды тұлғалардан өтініш (шағым, арыз) түскен күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде көрсетілетін қызметті беруші көрсетілетін қызметті алушыдан ақпаратта көрсетілген мәселелер бойынша түсіндірмелер сұратады (талап етеді).

      Осы Қағидалардың талаптарын бұзу фактісін түсіндіруді және анықтауды, сондай-ақ көрсетілетін қызметті алушының бұзушылықты растауын қарау нәтижелері бойынша көрсетілетін қызметті беруші көрсетілетін қызметті алушының көрсетілетін қызметті берушінің ұсынымын алған күнінен бастап 60 (алпыс) жұмыс күнінен аспайтын мерзімде бұзушылықтарды жою үшін мерзімді көрсете отырып, бұзушылықтарды жою жөнінде ұсынымдар жібереді.

      Көрсетілетін қызметті алушы көрсетілетін қызметті берушіге жеке және заңды тұлғалардың өтініштеріне қарсылықтарымен (шағым, арыз) өз түсіндірмесін жолдайды, ал көрсетілетін қызметті беруші оны қарайды.

      Көрсетілетін қызметті беруші көрсетілетін қызметті алушының бұзушылықтарды жою бойынша пысықтауды жүргізу қажеттігі туралы түсініктемесін 60 (алпыс) жұмыс күнінен астам мерзімде алған жағдайда, бұзушылықтарды жою бойынша жеткілікті мерзім көрсетілетін қызметті алушы мен көрсетілетін қызметті беруші арасындағы келісім бойынша айқындалатын болады.

      Көрсетілетін қызметті алушының сұрау салуы бойынша осы Қағидалардың талаптарын бұзу туралы түсіндірме 30 (отыз) жұмыс күні ішінде ұсынылмаған, сондай-ақ көрсетілетін қызметті алушы тарапынан бұзушылық фактісімен негізсіз келіспеген жағдайда, көрсетілетін қызметті беруші оны куәландырушы орталықтың инфрақұрылымын орналастыру орны бойынша комиссияның көшпелі зерттеп-қарау жүргізу күні мен нысанасы туралы хабардар етеді.

      Көшпелі зерттеп-қарауды Комиссия оны жүргізу туралы хабардар етілген күннен бастап 6 (алты) жұмыс күні ішінде жүзеге асырады.

      22. Көшпелі зерттеп-қарауды комиссия жүзеге асырады.

      Комиссия төрағадан, хатшыдан және Комиссия мүшелерінен тұрады. Комиссия мүшелерінің саны кемінде 5 (бес) адамнан тұрады.

      Көшпелі зерттеп-қарауды аяқтау нәтижелері бойынша акт жасалады.

      Егер актіге хатшыны қоспағанда, оның мүшелерінің жалпы санынан кемінде 3 (үш) адам қол қойса, ол заңды деп есептеледі.

      Осы Қағидалардың талаптарын бұзушылықтар болмаған кезде актіде тиісті белгі қойылады.

      Осы Қағидалардың талаптарын бұзушылықтар анықталған жағдайда көрсетілетін қызметті беруші аккредиттеу туралы куәлікті кері қайтарып алу туралы шешім шығарады.

      Көрсетілетін қызметті алушы көрсетілетін қызметті берушіге акт бойынша қарсылықтарымен өз түсіндірмесін жолдайды, ал көрсетілетін қызметті беруші оны қарайды және көрсетілетін қызметті алушыға қарау нәтижелері туралы хабарлайды.

      Көрсетілетін қызметті беруші 60 (алпыс) жұмыс күнінен астам мерзімде бұзушылықтарды жою бойынша пысықтаулар жүргізу қажеттігі туралы акті бойынша қарсылықтары бар көрсетілетін қызметті алушының түсіндірмесін алған жағдайда, бұзушылықтарды жою бойынша жеткілікті мерзім көрсетілетін қызметті алушы мен көрсетілетін қызметті берушінің арасындағы келісім бойынша айқындалады.

      23. Бұзушылықтарды жою туралы ұсынымда белгіленген бұзушылықтарды жою мерзімі өткеннен кейін көрсетілетін қызметті алушы көрсетілетін қызметті берушіге анықталған бұзушылықтарды жою туралы ақпаратты ұсынады.

      Көрсетілетін қызметті алушы бұзушылықтарды жою жөніндегі ұсынымдарды орындау туралы ақпаратты белгіленген мерзімде ұсынбаған жағдайда, көрсетілетін қызметті беруші 2 (екі) жұмыс күні ішінде көрсетілетін қызметті алушыға бұзушылықтарды жою жөніндегі ұсынымдарды орындау туралы ақпаратты ұсыну туралы сұрау салуды жібереді.

      Көрсетілген мерзімде ақпарат ұсынылмаған жағдайда көрсетілетін қызметті беруші куәландырушы орталықты аккредиттеу туралы куәлікті кері қайтарып алу туралы шешім қабылдайды.

      24. Куәландырушы орталықтардың жұмыс істеу шарттары мен функционалдығы өзгерген кезде көрсетілетін қызметті алушы 10 (он) жұмыс күні ішінде көрсетілетін қызметті берушіге енгізілген барлық өзгерістер туралы ақпаратты жібереді.

      Куәландырушы орталықтардың нақты сипаттамаларында сәйкессіздіктер анықталған жағдайда көрсетілетін қызметті беруші бұзушылықтарды жою, сондай-ақ куәландырушы орталықтың нақты жағдайын Қазақстан Республикасының электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба саласындағы заңнамасына сәйкес келтіру жөніндегі ұсынымдарды жіберу туралы шешім қабылдайды.

      Көрсетілетін қызметті алушы ұсынымнан туындайтын қажетті шараларды қабылдамаған жағдайда, көрсетілетін қызметті беруші осы Қағидалардың 21, 22 және 23-тармақтарында көзделген тәртіппен куәландырушы орталықтардың инфрақұрылымын орналастыру орны бойынша комиссияның көшпелі тексеруі туралы шешім қабылдайды.

4-тарау. Мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша көрсетілетін қызметті берушінің және (немесе) оның лауазымды адамдарының шешімдеріне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағымдану тәртібі

      25. Жеке және заңды тұлғалардан алынған ақпарат (өтініштер, арыздар, хабарламалар, шағымдар) негізінде жүргізілген зерттеп-қарау, мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша көрсетілетін қызметті берушінің шешіміне, әрекеттеріне (әрекетсіздігіне) шағым Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет көрсету туралы заңнамасына сәйкес көрсетілетін қызметті беруші басшысының атына, жоғары тұрған мемлекеттік органға, мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органға берілуі мүмкін.

      Заңның 25-бабының 2-тармағына сәйкес көрсетілетін қызметті берушінің атына келіп түскен көрсетілетін қызметті алушының шағымы тіркелген күнінен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде қаралуға жатады.

      Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органның атына келіп түскен көрсетілетін қызметті алушының шағымы тіркелген күнінен бастап 15 (он бес) жұмыс күні ішінде қаралуға жатады.

      Көрсетілетін қызметті алушы мемлекеттік қызмет көрсету нәтижелерімен келіспеген жағдайда Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен сотқа жүгінеді.

  Куәландырушы орталықтарды
аккредиттеу туралы куәлікті
беру және
кері қайтарып алу қағидаларына
1-қосымша

"Куәландырушы орталықтарды аккредиттеу" мемлекеттік қызметін көрсетуге қойылатын негізгі талаптардың тізбесі

1.

Мемлекеттік көрсетілетін қызметтің атауы

"Куәландырушы орталықтарды аккредиттеу"

2.

Көрсетілетін қызметті берушінің атауы

Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитеті.

3.

Мемлекеттік қызмет көрсету тәсілдері

"Электрондық үкімет" веб-порталы арқылы.

4.

Мемлекеттік қызмет көрсету мерзімі

Көрсету мерзімі – өтінішті кеңседе тіркеген сәттен бастап 13 (он үш) жұмыс күні

5.

Мемлекеттік қызмет көрсету нысаны

Электрондық (жартылай автоматоматтандырылған).

6.

Мемлекеттік қызмет көрсету нәтижесі

Куәландырушы орталықтарды аккредиттеу туралы куәлік беру немесе мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту туралы дәлелді жауап.
Мемлекеттік қызметті көрсету нәтижесі көрсетілетін қызметті алушының "жеке кабинетінде" көрсетілетін қызметті берушінің уәкілетті адамының электрондық цифрлық қолтаңбасымен қол қойылған электрондық құжат нысанында жолданады және сақталады.
Көрсетілетін мемлекеттік қызметтің нәтижесін беру нысаны: электрондық.

7.

Мемлекеттік қызмет көрсету кезінде көрсетілетін қызметті алушыдан алынатын төлемақы мөлшері және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда оны алу тәсілдері

Мемлекеттік көрсетілетін қызмет заңды тұлғаларға тегін көрсетіледі.

8.

Көрсетілетін қызметті берушінің, Мемлекеттік корпорацияның және ақпарат объектілерінің жұмыскестесі

1) көрсетілетін қызметті берушілер – Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 23 қарашадағы Еңбек кодексіне (бұдан әрі – Кодекс) сәйкес демалыс және мереке күндерін қоспағанда, белгіленген жұмыс кестесіне сәйкес дүйсенбіден жұма аралығында сағат 13.00-ден 14.30-ға дейінгі түскі үзіліспен сағат 9.00-ден 18.30-ға дейін.
2) портал – техникалық жұмыстарды жүргізуге байланысты үзілістерді қоспағанда, тәулік бойы.
Мемлекеттік қызмет көрсету орындарының мекенжайлары:
1) Министрліктің – www.gov.kz/memleket/entities/mdai интернет-ресурсында;
2) порталда орналасқан.

9.

Мемлекеттік қызмет көрсету үшін көрсетілетін қызметті алушыдан талап етілетін құжаттар мен мәліметтердің тізбесі

куәландырушы орталықтарды аккредиттеу туралы куәлік беруге өтініш:
еркін таралмай пайдаланылатын бағдарламалық құралдарға лицензиялардың және/немесе сертификатардың көшірмелерін, сондай-ақ өзі әзірлеген жағдайда авторлық құқықты растайтын құжаттардың электрондық көшірмесі;
көрсетілетін қызметті алушының мемлекеттік ақпараттық жүйелермен интеграцияланған жағдайда ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестікке сынақтар нәтижелері бойынша акттің электрондық көшірмесі;
көрсетілетін қызметті алушы бекіткен көрсетілетін қызметті алушының модульдерінің (құрамбөліктерінің) өзара іс-қимылының схемасын және қолданылатын криптографиялық түрлендіру алгоритмдері туралы деректер және электрондық цифрлық қолтаңба үдерісін іске асыру жөніндегі басқа да бастапқы деректер (негізгі талаптар) мен жекелеген параметрлерге және куәландырушы орталыққа қойылатын талаптар бар электрондық цифрлық қолтаңба схемаларының электрондық көшірмесі;
сериялық нөмірі, моделі, өндіруші туралы мәліметтерді қоса алғанда, негізгі және резервтік серверлердің, куәландырушы орталықтың негізгі криптографиялық кілттерін қорғаудың негізгі және резервтік аппараттық-бағдарламалық кешендерінің нақты орналасқан жері туралы электрондық түрдегі мәліметтер.
бекітілген нормативтік-техникалық құжаттардың электрондық көшірмелері:
көрсетілетін қызметті алушының ақпараттық қауіпсіздік саясатын;
көрсетілетін қызметті алушы қызметінің регламентін немесе қағидаларын;
тіркеу куәліктерін қолдану саясатын;
куәландырушы орталық туралы ережені;
штаттан тыс, дағдарысты жағдайларда көрсетілетін қызметті алушының атынан көрсетілетін қызметті алушының тіркеу куәліктерін сүйемелдеу, әкімшілендіру, шығару жөніндегі жұмыстарға тікелей қатысып, жұмыстарды жүзеге асыратын жұмыскерлердің іс-қимылы жөніндегі нұсқаулықтың электрондық көшірмесі;
көрсетілетін қызметті алушының ақпараттық ресурстарын резервтік көшіру туралы нұсқаулықтың электрондық көшірмесі;
көрсетілетін қызметті алушының бағдарламалық қамтылымын орнату және жөнге келтіру жөніндегі нұсқаулықты регламенттейтін бекітілген нормативтік-техникалық құжаттар тізбесінің электрондық көшірмесі;
ҚР СТ 1073-2007 "Ақпараттық криптографиялық қорғау құралдары. Жалпы техникалық талаптар" бойынша қолданылатын ақпаратты криптографиялық қорғау құралдарына сәйкестік сертификаттарының электрондық көшірмесі, осы көрсетілетін қызметті алушыда және оның пайдаланушылары қолданатын екінші деңгейден төмен емес.

10.

Мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тарту үшін Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген негіздемелер

1) мемлекеттік қызметті алу үшін көрсетілетін қызметті алушы ұсынған құжаттардың және (немесе) оларда қамтылған деректердің (мәліметтердің) дәйексіздігі анықталған;
2) көрсетілетін қызметті алушының және (немесе) мемлекеттік қызметті көрсету үшін қажетті ұсынылған материалдардың, объектілердің, деректер мен мәліметтердің Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген талаптарға сәйкес келмеуі;
3) көрсетілетін қызметті алушыға қатысты белгілі бір мемлекеттік қызметті алуды талап ететін қызметке немесе жекелеген қызмет түрлеріне тыйым салу туралы заңды күшіне енген сот шешімі (үкімі) болған жағдайда;
4) көрсетілетін қызметті алушыға қатысты заңды күшіне енген сот шешімі бар, соның негізінде көрсетілетін қызметті алушы мемлекеттік көрсетілетін қызметті алуға байланысты арнайы құқықтан айырылған;
5) Қазақстан Республикасының заңдарында мемлекеттік қызметтер көрсетуден бас тарту үшін өзге де негіздер белгіленуі мүмкін.

  Куәландырушы орталықтарды
аккредиттеу туралы куәлікті
беру
және кері қайтарып алу
қағидаларына
2-қосымша
  Қазақстан Республикасы
Цифрлық даму, инновациялар
және аэроғарыш өнеркәсібі
министрлігінің Ақпараттық
қауіпсіздік комитетіне

Куәландырушы орталықтарды аккредиттеу туралы куәлік беруге өтініш

      _____________________________________________________________

      __________

      (куәландырушы орталықтың атауы, заңды мекенжайы, телефоны)

      _____________________________________________________________

      ___________________

      аккредиттеу туралы куәлік беруді сұраймын.

      Ақпараттық жүйелерде қамтылған заңмен қорғалатын құпияны құрайтын мәліметтерді

      пайдалануға келісемін.

      Күні 20 __ жылғы "___" ___________

      Басшы _____________________

      _________________________________________________________

      (қолы) тегі, аты, әкесінің аты (бар болған жағдайда)

  Куәландырушы
орталықтарды аккредиттеу
туралы куәлікті беру және
кері қайтарып алу
қағидаларына
3-қосымша
  Нысан

Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлiгiнiң Ақпараттық қауіпсіздік комитеті



 

Комитет по информационной безопасности Министерства цифрового развития, инноваций и аэрокосмической промышленности Республики Казахстан

Куәландырушы орталықты аккредиттеу туралы № ____ куәлік

      Осы куәлік:

      ________________________________________________________________

      _______________,

      (заңды тұлғаның атауы)

      ______________________________________________________ мекенжайы

      Бойынша берілді,

      (заңды тұлғаның мекенжайы)

      Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі

      министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитеті

      ______________________________________

      куәландырушы орталықтарды тексеру нәтижелері туралы актінің негізінде,

      Куәландырушы орталықтарды аккредиттеуді жүргізу қағидаларына

      сәйкес____________________________________________ аккредиттелді деп танылсын.

      Осы куәландырушы орталықты аккредиттеу туралы куәліктің қолданылу

      мерзімі берілген күнінен бастап 3 жылды құрайды және Қазақстан Республикасының

      бүкіл аумағында қолданылады.

      Лауазымы                              ТАӘ

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады