Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында іске асыратын білім беру бағдарламаларының тізілімін жүргізу қағидалары, сондай-ақ білім беру бағдарламаларының тізіліміне енгізу мен одан алып тастау негіздерін бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2022 жылғы 12 қазандағы № 106 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 13 қазанда № 30139 болып тіркелді.

      "Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 19 тамыздағы № 580 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 14) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда – ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің 27.06.2023 № 293 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында іске асыратын білім беру бағдарламаларының тізілімін жүргізу қағидалары, сондай-ақ білім беру бағдарламаларының тізіліміне енгізу мен одан алып тастау негіздері бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркелуін;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін;

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Ғылым және жоғары білім министрі
С. Нурбек

      КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ауыл шаруашылығы министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Денсаулық сақтау министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Мәдениет және спорт министрлігі

  Қазақстан Республикасының
Ғылым және жоғары білім
министрі
2022 жылғы 12 қазандағы
№ 106 бұйрығына
қосымша

Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары іске асыратын білім беру бағдарламаларының тізілімін жүргізу қағидалары, сондай-ақ білім беру бағдарламаларының тізіліміне енгізу мен одан алып тастау негіздері

1-тарау. Жалпы қағидалар

      1. Осы Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары іске асыратын білім беру бағдарламаларының тізілімін жүргізу қағидалары, сондай-ақ білім беру бағдарламаларының тізіліміне енгізу және олардан алып тастау негіздері (бұдан әрі – Қағидалар) "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 5-3) тармақшасына сәйкес әзірленді және жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары іске асыратын білім беру бағдарламаларының тізілімін (бұдан әрі – Тізілім) жүргізу тәртібін, сондай-ақ Тізілімге енгізу және одан алып тастау негіздерін айқындайды.

      2. Тізілімді жүргізу жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары іске асыратын білім беру бағдарламаларын есепке алудың бірыңғай ақпараттық жүйесін қалыптастыру мақсатында жүзеге асырылады.

      3. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі ұғымдар:

      1) білім беру бағдарламасы (бұдан әрі – бағдарлама) – оқытудың мақсатын, нәтижелері мен мазмұнын, білім беру процесін ұйымдастыруды және оларды іске асыру тәсілдері мен әдістерін, оқыту нәтижелерін бағалау өлшемшарттарын қамтитын білім берудің негізгі сипаттамаларының біртұтас кешені;

      2) білім беру бағдарламаларының тізілімі – жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары әзірлеген білім беру бағдарламаларының тізбесін қамтитын ғылым және жоғары білім беру саласындағы уәкілетті органның "Жоғары білім беруді басқарудың бірыңғай жүйесі" ақпараттық жүйесі (бұдан әрі – ақпараттық жүйе);

      3) әкімші – білім беру саласындағы уәкілетті орган айқындаған және Тізілімді жүргізуді жүзеге асыратын заңды тұлға.

      4) өтінім беруші – жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын ұйым;

      Ескерту. 3-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің 27.06.2023 № 293 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      4. Тізілімді жүргізуді ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті орган айқындайтын әкімші жүзеге асырады. Тізілімді жүргізу ақпараттық жүйеде электрондық түрде жүзеге асырылады.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің 27.06.2023 № 293 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      5. Тізілімге интернет желісі арқылы қол жеткізеді.

      6. Тізілімде қамтылған мәліметтер танысуы үшін ашық және қолжетімді болып табылады.

2-тарау. Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары іске асыратын білім беру бағдарламаларының тізілімін жүргізу тәртібі, сондай-ақ білім беру бағдарламаларының тізіліміне енгізу мен одан алып тастау негіздері

      7. Білім беру бағдарламаларын Тізілімге енгізу төрт кезеңде жүргізіледі:

      1) білім беру ұйымының бағдарламаны Тізілімге енгізу үшін осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес өтінімді (бұдан әрі – өтінім) ұсынуы;

      2) әкімшінің өтінімді тексеруі және өтінімді пысықтау үшін өтінім берушіге қайта жолдау (ескертілер болған жағдайда);

      3) сарапшының бағдарламаға сараптама жүргізуі және өтінімді пысықтау үшін өтінім берушіге қайта жолдау (ескертілер болған жағдайда);

      4) әкімшінің бағдарламаны Тізілімге енгізуі не өтінімді Комиссия шешімінің негізінде кері қайтаруы.

      8. Тізілімге бағдарламаларды енгізу немесе алып тастау жөніндегі өтінімдерді қарау үшін әкімші тұрақты жұмыс істейтін Комиссия (бұдан әрі – Комиссия) құрады.

      Комиссия құрамына әкімшінің және/немесе ғылым және жоғары білім беру саласындағы уәкілетті органның кемінде 5 (бес) өкілі кіреді. Комиссия құрамын әкімшінің басшысы бекітеді.

      Комиссия отырысы өтінім берушінің өтінімдері бойынша шешім қабылдау мақсатында қажеттілігіне қарай өткізіледі. Отырысты өткізу үшін Комиссия мүшелерінің кемінде 2/3 (үштен екісінен) тұратын кворум болу керек. Комиссияның шешімі қарапайым көпшілік дауыспен қабылданады және отырыстың хаттамасымен ресімделеді. Дауыстар тең бөлінсе, Комиссия төрағасының дауысы шешуші болып табылады.

      Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің 27.06.2023 № 293 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      9. Бағдарламаны Тізілімге енгізу үшін өтінім беруші өтінімді қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде электрондық форматта толтырады және әкімшіге жолдайды.

      10. Өтінім түскен күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде әкімші мәліметтердің толықтығын және өтінімнің толтырылуының дұрыстығын, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2022 жылғы 20 шiлдедегi № 2 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 28916 болып тіркелген) Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарына (бұдан әрі - МЖМБС), ұлттық біліктілік шеңберіне және (немесе) салалық біліктілік шеңберлеріне сәйкестігіне тексеру жүргізеді.

      Әкімші өтінімді осы тармақтың талаптарына сәйкес келген кезде сараптамаға жібереді. Дұрыс толтырылмаған өтінім, себептерін көрсете отырып, өтінім берушіге пысықтау үшін (бір реттен артық емес) қайтарылады.

      11. Өтінім беруші бағдарламаны пысықтауды әкімші жіберген күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде жүргізеді. Бағдарлама уақтылы пысықталмаса, ол Комиссияның шешімімен қабылданбайды.

      12. Әкімші пысықталған өтінімге тексеруді келіп түскен күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде жүргізеді. Ескертулер түзетілген жағдайда әкімші өтінімді сараптамаға жібереді. Ескертулер түзетілмеген жағдайда Комиссия шешімі бойынша кері қайтарылады.

      13. Сараптамаға жіберетін бағдарламалардың саны ағымдағы қаржы жылына арналған бюджет шегінде шектеледі (әкімші бюджет шегінде өтінімдерді қабылдаудың соңғы күні белгілеген күні сағат 18.30-дан кешіктірілмейді). Бұл ретте өтінімдердің түсу кезектілігі келіп түскен күні мен уақыты бойынша сақталады.

      Әрбір тоқсандықтың соңғы аптасында әкімші ағымдағы жылы бөлінген бюджет шегінде қаралатын өтінімдердің саны туралы ақпаратты ресми интернет-ресурста орналастырады.

      14. Тізілімге енгізу үшін түскен бағдарламаға сараптама 2 (екі) сарапшымен қатар жүргізіледі. Қазақстан Республикасында баламасы жоқ және өтінім беруші алғаш рет іске асыратын бағдарламаның (бұдан әрі-инновациялық бағдарлама) сараптамасын 3 (үш) сарапшы қатар жүргізеді.

      15. Бағдарламаларды сараптамадан өткізетін сарапшылардың тізімі әкімші басшысының бұйрығымен бекітіледі.

      16. Сарапшыны тағайындау кезінде оның біліктілігінің мәлімделген бағдарлама шеңберінде кадрларды даярлау бағытына сәйкестігі ескеріледі. Магистратура және докторантура деңгейі бойынша бағдарлама сараптамасын жүргізу үшін ғылыми дәрежесі (ғылым докторы, ғылым кандидаты, философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор) немесе философия докторы (PhD), бейіні бойынша доктор дәрежесі бар сарапшы тартылады.

      Өтінім берушінің бағдарламасына сараптама жүргізуге аталған өтінім берушіде жұмыс істейтін сарапшы жіберілмейді.

      17. Бағдарламаға сараптама әкімшіден келіп түскен күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде жүргізіледі.

      18. Сарапшы:

      1) бағдарламаның МЖМБС, ұлттық біліктілік шеңберіне және (немесе) салалық біліктілік шеңберлеріне, Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 117-бабының 2-тармағына сәйкес бекітілген кәсіптік стандарттарға (олар болған кезде) сәйкестігіне бағалау жүргізеді;

      2) бағдарлама атауының бағдарлама мазмұнына, көрсетілген білім берудің саласына, дайындық бағытына, Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 13 қазандағы № 569 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17565 болып тіркелген) Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлау бағыттарының сыныптауышына сәйкестігін талдайды;

      3) өтінімді толтырудың дұрыстығын тексереді;

      4) қалыптастырушы оқыту нәтижелерімен байланысқан әрбір пән бойынша оқыту нәтижелерінің қол жеткізу дәрежесін анықтайды;

      5) жаңа қызмет түрлеріне бағытталған инновациялық бағдарламаны, мамандыққа сұраныстың жоғары деңгейін, инновациялық экономиканың дамуын, ел мен өңірдің экономика салаларының басымдылығы қағидатын бағалайды.

      19. Сарапшы әкімшіге сараптама нәтижелері бойынша бағдарламаны Тізілімге енгізу немесе ескертулерді көрсете отырып, өтінім берушіге пысықтауға жіберу туралы қорытындыны ұсынады.

      Өтінімде бөтен материалдың болғаны анықталған жағдайда (мәтін сәйкестігінің рұқсат етілген шегі – 50 % – дан жоғары емес), сарапшы бағдарламаны қабылдамайды.

      Сарапшының қорытындысы ақпараттық жүйеде, оның ішінде өтінім берушінің жеке кабинетінде көрінеді.

      20. Өтінім беруші сарапшы жіберген күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде сарапшылардың ескертулеріне сәйкес бағдарламаны пысықтайды және пысықталған өтінімді Тізілімге жолдайды.

      21. Сарапшы пысықталған өтінімді бағалауды ол Тізілімге келіп түскен күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде жүргізеді. Сараптама жүргізілгеннен кейін сарапшы өтінімді "мақұлдау" немесе "кері қайтару" туралы шешім қабылдайды.

      22. Барлық немесе көпшілік сарапшылардың қорытындылары теріс болса, өтінім ақпараттық жүйеде автоматты түрде кері қайтарылады. Сарапшылардың теріс және оң қорытындыларының саны тең болса, Комиссия сарапшылар тізімінен тәуелсіз сарапшыны тарта отырып, өтінімді қарайды.

      23. Сараптама жүргізілгеннен кейін әкімші сарапшылардың қорытындыларын және өтінім материалдарын электронды немесе қағаз түрінде Комиссияға ұсынады, ол бағдарламаны енгізу немесе өтінімді кері қайтару туралы шешім қабылдайды.

      24. Өтінім берушінің бағдарламасы Тізілімге енгізіледі:

      1) сарапшылардың оң қорытындылары;

      2) оқыту нәтижелеріне қол жеткізу коэффициенті – кемінде 75 %;

      3) бағдарламаны пысықтаудың ең көп саны – 2 (екі) реттен артық емес, оның ішінде әкімшінің ескертулері бойынша – бір пысықтаудан артық емес және сарапшылардың ескертулері бойынша – бір пысықтаудан артық емес болғанда.

      24-1. Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымы кадрлар даярлаудың тиісті бағыты бойынша лицензиясы болған кезде, тапсырыс беруші ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті орган болып табылатын Тізілімге енгізілген бағдарламаға өтінім беруге жол беріледі. Бұл ретте бағдарламаны енгізуге өтінім сараптамасыз қаралады.

      Ескерту. 24-1-тармақпен толықтырылды – ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің 27.06.2023 № 293 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      25. Тізілімге енгізілген білім беру бағдарламасын өтінім беруші оны өзектендіру мақсатында кезең-кезеңімен жетілдіріп (бұдан әрі - жаңарту) отырады. Жаңартуға түскен бағдарламаға сараптаманы 1 (бір) сарапшы жүргізеді.

      Әкімші бағдарламаны мынадай жағдайларда сараптамадан өткізбей жаңартады:

      1) қайталанатын пәндерді жою;

      2) пәнді бір циклден немесе компоненттен екіншісіне ауыстыру;

      3) оқытудың бар нәтижелерін сақтай отырып, кредиттердегі пәннің еңбек сыйымдылығы көлемінің өзгеруі;

      4) пәндердің жалпы санынан кемінде 50 % пәндерді өзгерту немесе енгізу;

      5) оқу нәтижелерінің 50 % – дан азын өзгерту;

      6) оқытудың бар нәтижелерін сақтай отырып, пән сипаттамасын өзгерту;

      7) мәтінді техникалық түзету.

      26. Әкімші Комиссия шешімінің негізінде бағдарламаны Тізілімге енгізеді (жаңартады).

      27. Комиссия шешімінің негізінде немесе сарапшылар кері қайтарылған бағдарламаны енгізу және (немесе) жаңарту үшін өтінімді Тізілімде қайта қарау, өтінім берушінің қаражаты есебінен ақылы негізде жүргізіледі.

      Бір бағдарламаға өтінімді өтінім беруші 12 ай ішінде 3 реттен асырмай береді.

      28. Тізілімге лицензия және/немесе кадрларды даярлаудың тиісті бағыты бойынша лицензияға қосымшаны алу үшін ұсынылған бағдарлама Комиссия шешімі бойынша Тізілімге ортақ қол жеткізу үшін көрсетілмей енгізіледі.

      29. Әкімші келесі жағдайлардың бірі болған кезде бағдарламаны Тізілімнен алып тастайды:

      1) өтінім берушінің алқалы органы отырысының себебі көрсетілген хаттамасынан үзінді көшірмені қоса бере отырып, бағдарламаны Тізілімнен шығару туралы өтінім берушінің жазбаша өтініші (еркін нысанда);

      2) ғылым және жоғары білім беру саласындағы уәкілетті орган ресми ұсынған ақпарат және (немесе) заңды күшіне енген сот шешімі негізінде өтінім берушіні даярлаудың тиісті бағыты бойынша білім беру қызметімен айналысуға лицензиядан, лицензияға қосымшадан айыру;

      3) бағдарлама Тізілімге енгізілгеннен кейін 6 (алты) ай ішінде лицензия және (немесе) тиісті даярлау бағыты бойынша білім беру қызметімен айналысуға лицензияға қосымша болмаған кезде;

      4) өзі ресми ұсынған ақпарат негізінде танылған аккредиттеу органдарының Тізіліміне енгізілген аккредиттеу органының бағдарламаны аккредиттеу және/немесе "бағдарламаны аккредиттемеу" шешімін қабылдау туралы пікірлер;

      5) бағдарламаның өзектілігін жоғалтуы (соңғы 4 (төрт) жыл ішінде білім алушылар контингентінің болмауы);

      6) МЖМБС, салалық біліктілік шеңбері және/немесе Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 117-бабының 2-тармағына сәйкес бекітілген кәсіптік стандарттар өзгергеннен кейін 1 (бір) күнтізбелік жыл ішінде бағдарламаны жаңартудың болмауы.

      Ескерту. 29-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Ғылым және жоғары білім министрінің 27.06.2023 № 293 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

  Жоғары және (немесе) жоғары
оқу орнынан кейінгі білім беру
ұйымдары іске асыратын білім
беру бағдарламаларының
тізілімін жүргізу Қағидалары,
сондай-ақ білім беру
бағдарламаларының тізіліміне
енгізу мен одан алып тастау
негіздеріне қосымша
Нысан

Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларының тізіліміне енгізу үшін өтінім

      электрондық нысанда толтырылады*

1

Жоғары және / немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымының атауы

2

Білім беру саласы (Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 13 қазандағы № 569 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу Тізілімінде № 17565 болып тіркелген) бекітілген Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлау бағыттарының сыныптауышына (бұдан әрі - Сыныптауыш) сәйкес білім беру салаларының тізімінен таңдалады.)

3

Дайындық бағыты (Сыныптауышқа сәйкес бағыттар тізімінен таңдалады)

4

Білім беру бағдарламаларының тобы (білім беру бағдарламалары топтарының Тізбесінен таңдалады)

5

Білім беру бағдарламасының атауы (Тізілімге енгізу үшін берілетін тиісті білім беру бағдарламасының атауы)

6

Бағдарламаның мақсаты (білім алушылар алуы тиіс оқыту нәтижелерін қысқа, нақты және синергетикалық біріктіріп тұжырымдалуы тиіс; өзектілік, нақтылық, қол жеткізу өлшемшарттарына сәйкес келуі тиіс)

7

Бағдарламаның түрі (қолданыстағы бағдарлама – өтінім беруші кадрлар даярлауды жүзеге асыратын бағдарлама, жаңа бағдарлама-ол тізілімде орналастырылғанға дейін өтінім беруші кадрлар даярлауды жүзеге асырмаған бағдарлама, инновациялық бағдарлама – Қазақстан Республикасында баламасы жоқ және өтінім беруші алғаш іске асыратын бағдарлама)

8

Ұлттық біліктілік шеңбері бойынша деңгей

9

Салалық біліктілік шеңберлері бойынша деңгей

10

Бағдарламаның айрықша ерекшеліктері

11

Берілетін академиялық дәреже

12

Оқыту мерзімі

13

Кредиттердің көлемі (Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2022 жылғы 20 шiлдедегi № 2 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 28916 болып тіркелген) Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарына сәйкес)

14

Оқыту тілі (осы бағдарлама оқытудың қандай тілдерін қамтитынын көрсету керек)

15

Кәсіби стандарт негізінде әзірленген (бекітілген күні)

16

Бағдарламаның Ғылыми кеңесте бекітілген күні

17

Кадрлардың дайындық бағыты лицензиясына қосымшаның бар болуы

18

Дайындық бағытына лицензиясының нөмірі

19

Бағдарламаның аккредиттелуінің бар болуы

20

Қалыптастырылатын оқыту нәтижелері (Оқыту нәтижелері: бағдарламаның
мәнмәтінін, деңгейін, көлемін және мазмұнын көрсетеді, өзара байланысты, түсінікті, бағдарламаның оқу жүктемесі шеңберінде қолжетімді, тиісті оқу қызметіне, бағалау әдістері мен өлшемшарттарына байланысты болып табылады)

21

Пәндер туралы мәліметтер (мынадай компоненттерге сәйкес келетін пәндер көрсетіледі: жоғары оқу орны компоненті, таңдау компоненті):
- пәннің атауы
- пәннің қысқаша сипаттамасы
- цикл
- компонент
- пәннің кредиттегі көлемі
- тиісті оқыту нәтижелері

      * үш (қазақ, орыс және ағылшын) тілде толтырылады

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады