"Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында іске асыратын білім беру бағдарламаларының тізілімін жүргізу қағидалары, сондай-ақ білім беру бағдарламаларының тізіліміне енгізу мен одан алып тастау негіздерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрінің 2022 жылғы 12 қазандағы № 106 бұйрығына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2023 жылғы 27 маусымдағы № 293 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2023 жылғы 30 маусымда № 32982 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында іске асыратын білім беру бағдарламаларының тізілімін жүргізу қағидалары, сондай-ақ білім беру бағдарламаларының тізіліміне енгізу мен одан алып тастау негіздерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрінің 2022 жылғы 12 қазандағы № 106 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 30139 болып тіркелді) мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:

      бұйрықтың кіріспесі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 19 тамыздағы № 580 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 14) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:";

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында іске асыратын білім беру бағдарламаларының тізілімін жүргізу қағидалары, сондай-ақ білім беру бағдарламаларының тізіліміне енгізу мен одан алып тастау негіздерінде:

      3-тармақта:

      2) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) білім беру бағдарламаларының тізілімі – жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары әзірлеген білім беру бағдарламаларының тізбесін қамтитын ғылым және жоғары білім беру саласындағы уәкілетті органның "Жоғары білім беруді басқарудың бірыңғай жүйесі" ақпараттық жүйесі (бұдан әрі – ақпараттық жүйе);";

      4-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "4. Тізілімді жүргізуді ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті орган айқындайтын әкімші жүзеге асырады. Тізілімді жүргізу ақпараттық жүйеде электрондық түрде жүзеге асырылады.";

      8-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "8. Тізілімге бағдарламаларды енгізу немесе алып тастау жөніндегі өтінімдерді қарау үшін әкімші тұрақты жұмыс істейтін Комиссия (бұдан әрі – Комиссия) құрады.

      Комиссия құрамына әкімшінің және/немесе ғылым және жоғары білім беру саласындағы уәкілетті органның кемінде 5 (бес) өкілі кіреді. Комиссия құрамын әкімшінің басшысы бекітеді.

      Комиссия отырысы өтінім берушінің өтінімдері бойынша шешім қабылдау мақсатында қажеттілігіне қарай өткізіледі. Отырысты өткізу үшін Комиссия мүшелерінің кемінде 2/3 (үштен екісінен) тұратын кворум болу керек. Комиссияның шешімі қарапайым көпшілік дауыспен қабылданады және отырыстың хаттамасымен ресімделеді. Дауыстар тең бөлінсе, Комиссия төрағасының дауысы шешуші болып табылады.".

      мынадай мазмұндағы 24-1-тармақпен толықтырылсын:

      "24-1. Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымы кадрлар даярлаудың тиісті бағыты бойынша лицензиясы болған кезде, тапсырыс беруші ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті орган болып табылатын Тізілімге енгізілген бағдарламаға өтінім беруге жол беріледі. Бұл ретте бағдарламаны енгізуге өтінім сараптамасыз қаралады.";

      29-тармақта:

      2) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "2) ғылым және жоғары білім беру саласындағы уәкілетті орган ресми ұсынған ақпарат және (немесе) заңды күшіне енген сот шешімі негізінде өтінім берушіні даярлаудың тиісті бағыты бойынша білім беру қызметімен айналысуға лицензиядан, лицензияға қосымшадан айыру;";

      5) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

      "5) бағдарламаның өзектілігін жоғалтуы (соңғы 4 (төрт) жыл ішінде білім алушылар контингентінің болмауы);".

      2. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркелуін;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Ғылым және жоғары білім
министрі
С. Нурбек

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады