"Электр қондырғыларын орнату қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 20 наурыздағы № 230 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2022 жылғы 31 қазандағы № 340 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 1 қарашада № 30364 болып тіркелді

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы бұйрықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 4 т. қараңыз

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Электр қондырғыларын орнату қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 20 наурыздағы № 230 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10851 болып тіркелді) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      бұйрықтың кіріспесі жаңа редакцияда жазылсын:

      "Электр энергетикасы туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 5-бабының 19) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:";

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Электр қондырғыларын орнату қағидаларында:

      97-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "97. Коммерциялық ретінде пайдаланылатын есепке алу аспабы Қазақстан Республикасының өлшем бірлігін қамтамасыз етудің мемлекеттік жүйесінің тізілімінде тіркеліп, тексерілуі тиіс.

      Әрбір орнатылған КЕА-ның қаптаманы бекіту құрылғысында – салыстырып тексеру таңбасы, ал қысқыш қақпағында немесе есептеуіш аспаптарының бірқатар қысқыштарына қолжетімділікті болдырмайтын басқа құрылғыда – энергия беруші ұйымның пломбасы болуы тиіс.

      Жаңадан орнатылатын статистикалық (электрондық) есепке алу аспаптарында салыстырып тексеру аралығының мерзімі жартысынан аспайтын салыстырып тексеру таңбалары болуы тиіс, индукциялық есепке алу аспаптары үшін мерзімі 12 айдан аспайтын салыстырып тексеру таңбалары болуы тиіс.";

      699-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "699. Жабдықтың, материалдардың салмағынан, сымдардың, найзағайдан қорғау арқандарының ауырлығынан түсетін жүктемелердің нормативтік мәндері қолданыстағы құрылыс қағидалары, мемлекеттік стандарттар негізінде немесе "Құрылыс конструкциялары мен негіздерінің сенімділігі. Негізгі ережелер" МЕМСТ 27751 талаптарын ескере отырып, осы Қағидалардың 14-тарауының 4-параграфына және Қағидалардың 1-қосымшасының 134-кестесіне сәйкес қабылданады.";

      782-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "782. Металл және темірбетон тіректері бар 110-500 кВ ӘЖ желінің барлық ұзындығы бойынша найзағайдың тікелей соққысынан сымарқандармен қорғалуы тиіс.

      Сымарқандарсыз 110-500 кВ ӘЖ салуға:

      1) найзағай сағат саны жылына 20-дан кем аудандарда;

      2) топырағы нашар өткізгіш аудандарда ӘЖ-нің жекелеген учаскелерінде (r ≥ 103 Ом.м);

      3) көктайғақ қабырғасының есептік қалыңдығы 20 мм асатын трасса учаскелерінде рұқсат етіледі.

      Осы тармақтың 1), 2) және 3) тармақшаларында келтірілген жағдайлар үшін оқшаулауды күшейту талап етілмейді.

      Кіші станцияларға ӘЖ-ге кіреберісті қорғау осы Қағидалардың 16-тарауының талаптарына сәйкес орындалуы тиіс.

      35 кВ дейінгі ӘЖ үшін найзағайдан қорғайтын арқандарды қолдану талап етілмейді.";

      мынадай мазмұндағы 847-1-тармақпен толықтырылсын:

      "847-1. ТОБЖ-ны ӘЖ тіректерінде бірлесе ілу осы Қағидаларға 5-қосымшада көзделген ӘЖ-ТОБЖ-ның жалпы техникалық сипаттамаларына сәйкес жүзеге асырылады. Бұл ретте, осы техникалық сипаттамалар электр желілерінің теңгерім ұстаушысымен келісу бойынша қайта қаралады.";

      1398-тармақ жаңа редакцияда жызылсын:

      "1398. Конструкцияларында жайтартқыштарды орнатуға жол берілмейтін немесе конструктивті пайымдаулар бойынша орынсыз АТҚ-да найзағайдың тікелей түсуінен қорғау кедергісі 80 Ом-нан аспайтын оқшауланған жерге тұйықтағыштары бар жеке тұрған жайтартқыштармен орындалады.

      Жайтартқыштың оқшауланған жерге тұйықтағышының және АТҚ (кіші станция) жерге тұйықтау құрылғысының арасындағы Sз, м арақашықтығы тең (бірақ 3 м кем емес) болуы тиіс.

      Sз >0,2Rи, (46)

      мұндағы Rи – 40 Ом-нан аспайтын жеке тұрған жайтартқыштың жерге тұйықтау кедергісі. Бұл ретте найзағайдан қорғайтын арқан желілі порталға бұрылмауы тиіс, ал бірінші аралық жеке тұрған жайтартқышпен қорғалуы тиіс.

      Оқшауланған жерге тұйықтағышы бар жеке тұрған жайтартқыштан АТҚ-ның (кіші станцияның) ток өткізгіш бөліктеріне, жерге тұйықталған конструкцияларына және жабдықтарына дейінгі ауа бойынша арақашықтық Sв,o тең (бірақ 5 м кем емес) болуы тиіс.

      Sв.o > 0,12 Rи+ 0,1 Н, (47)

      мұндағы Н – жайтартқыштың қарастырылатын нүктесінің жер деңгейінен биіктігі, м.

      АТҚ-да жеке тұрған жайтартқыштардың жерге тұйықтағыштары осы Қағидалардың 1395-тармағында көрсетілген АТҚ конструкцияларында жайтартқыштарды орнату шарттары сақталған кезде АТҚ-ның (кіші станцияның) жерге тұйықтау құрылғысына жалғанады. Кіші станцияның жерге тұйықтау құрылғысына жеке тұрған жайтартқыштың жерге тұйықтағышын жалғау орны жерге тұйықтау магистральдары бойынша оған трансформатордың (реактордың) қосылуы орнынан кемінде 15 м арақашықтықта орналасуы тиіс. Жеке тұрған жайтартқыштың жерге тұйықтағышын 35–110кВ АТҚ-ның жерге тұйықтау құрылғысына жалғанған жерінде жерге тұйықтау магистральдары бойынша екі-үш бағыт орындалуы тиіс.

      Прожекторлық діңгектерде орнатылған жеке тұрған жайтартқыштардың жерге тұйықтағыштары кіші станцияның жерге тұйықтағыш құрылғысына жалғануы тиіс. Бұл ретте осы Қағидалардың 1395-тармағында көрсетілген шарттар сақталмаған жағдайда, жеке тұрған жайтартқыштардың жерге тұйықтағыштарын қосудың жалпы талаптарына қосымша мынадай талаптар сақталуы тиіс:

      1) жайтартқыштан 5 м арақашықтықта ұзындығы 3-5 м үш-төрт тік электрод орнатылады;

      2) егер жерге тұйықтау магистральдары бойынша жайтартқышты жерге тұйықтау құрылғысына қосу орнынан оған трансформатордың (реактордың) қосылу орнына дейінгі арақашықтық 15 м-ден асса, бірақ 40 м-ден кем болса, онда трансформатордың кернеуі 35 кВ дейінгі орамалардың шығыстарына жақын жерде вентильді ажыратқыштар орнатылуы тиіс.

      Жерге тұйықтағышы АТҚ-ның (кіші станцияның) жерге тұйықтау құрылғысымен жалғанған жеке тұрған жайтартқыштан ток өткізгіш бөліктерге дейінгі ауа бойынша арақашықтығы Ѕв,с, м.:

      Sв,с > 0,1Н + m, (48) болуы тиіс.

      мұндағы Н – ток өткізгіш бөліктердің жер деңгейінен биіктігі, м;

      m – оқшаулағыш гирляндасының ұзындығы, м.";

      1899-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "1899. Жарық беру нормалары, шырағдандардың соқыр әрекетін шектеу, жарық беру пульсациялары және басқа да жарық беру қондырғыларының сапалық көрсеткіштері, жарық беру түрлері мен жүйелері ҚР ҚН 2.04-01 "Табиғи және жасанды жарықтандыру" талаптарына сәйкес қабылдануы тиіс.

      Шырағдандарды пайдалану Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің 2022 жылғы 21 ақпандағы № 55 бұйрығымен бекітілген Өрт қауіпсіздігі қағидаларында (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 26867 болып тіркелген) (бұдан әрі – Өрт қауіпсіздігі қағидалары) белгіленген өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкес болуы тиіс.";

      2300-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "2300. Жарылыс қаупі бар аймақтары бар ғимараттарды, құрылыстарды және сыртқы қондырғыларды найзағайдың тікелей түсуінен және оның екінші рет қайталануынан қорғау ҚР ЕЖ 2.04-103 "Ғимараттар мен құрылыстарды найзағайдан қорғау құрылғысы" стандартына сәйкес орындалуы тиіс.";

      осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес 5-қосымшамен толықтырылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Электр энергетикасын дамыту департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалғаны туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының энергетика вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Энергетика министрі
Б. Акчулаков

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Сауда және интеграция министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Цифрлық даму, инновациялар және

      аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі

  Қазақстан Республикасы
Энергетика министрі
2022 жылғы 31 қазандағы
№ 340 Бұйрыққа
қосымша
  Электр қондырғыларын
орнату қағидаларына
5-қосымша

ӘЖ-ТОБЖ жалпы техникалық сипаттамалары

      1. Кернеуі 110 кВ және одан жоғары ӘЖ найзағайдан қорғайтын арқанында БООК типті ОК орамасы, сондай-ақ кернеуі 35 кВ желінің фазалық сымына ОК орамасы мынадай сипаттамалармен қолданылады:

      1) рұқсат етілген созылу жүктемесі, кН – 0,3;

      2) оптикалық талшықтардың саны – 2-24;

      3) габариттік өлшемдері, мм – 3,4*5,2;

      4) ОК массасы, кг/км – 17,5 артық емес.

      2. Мынадай сипаттамалары бар 35, 110 кВ ӘЖ төменгі сымдарының арасында немесе одан төмен МӨОК типті оптикалық кабельдің аспасы пайдаланылады:

      1) рұқсат етілген созылу жүктемесі, кН – 7;

      2) рұқсат етілген ұсақтайтын жүктеме, Н/см – 300;

      3) оптикалық талшықтардың саны – 24-32;

      4) номиналды сыртқы диаметрі ОК, мм – 10,6;

      5) ОК массасы, кг/км – 92-ге дейін.

      3. Елді мекендерде 0,4, 6 және 10 кВ желілері бойынша ТОБЖ салу үшін төменгі сымдардан төмен, мынадай сипаттамалары бар МӨОК кабелінің аспасы пайдаланылады:

      1) рұқсат етілген созылу жүктемесі, кН – 7;

      2) рұқсат етілген ұсақтайтын жүктеме, Н/см – 300;

      3) оптикалық талшықтардың саны – 8-12;

      4) номиналды сыртқы диаметрі ОК, мм – 10,6;

      5) ОК массасы, кг/км – 64-ке дейін.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады