Білім беру жинақтау сақтандыруы шарты бойынша есептеу сомасын есептеу қағидаларын, сақтандыру төлемдерін жүзеге асырудың есептемесі мен тәртібін бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2022 жылғы 22 қарашадағы № 94 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 29 қарашада № 30796 болып тіркелді.

      "Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 1-бабының 21) тармақшасына және 11-1-бабының 17-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес Білім беру жинақтау сақтандыруы шарты бойынша есептеу сомасын есептеу қағидалары, сақтандыру төлемдерін жүзеге асырудың есептемесі мен тәртібі бекітілсін.

      2. Сақтандыру нарығы және актуарлық есеп айырысу департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген іс-шараның орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Қаржы нарығын реттеу және
дамыту Агенттігінің Төрағасы
М. Абылкасымова

  Қазақстан Республикасының
Қаржы нарығын реттеу
және дамыту
Агенттігінің Басқармасының
2022 жылғы 22 қарашадағы
№ 94 Қаулыға
қосымша

Білім беру жинақтау сақтандыруы шарты бойынша есептеу сомасын есептеу қағидалары, сақтандыру төлемдерін жүзеге асырудың есептемесі мен тәртібі

      Осы Білім беру жинақтау сақтандыруы шарты бойынша есептеу сомасын есептеу қағидалары, сақтандыру төлемдерін жүзеге асырудың есептемесі мен тәртібі (бұдан әрі – Қағидалар) "Мемлекеттік білім беру жинақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Заң) 1-бабының 21) тармақшасына және 11-1-бабының 17-тармағына сәйкес әзірленді және білім беру жинақтау сақтандыруы шарты бойынша есептеу сомасын (бұдан әрі – сақтандыру шарты бойынша есептеу сомасы) есептеу тәртібін, білім беру жинақтау сақтандыруы шарты (бұдан әрі – сақтандыру шарты) бойынша сақтандыру төлемдерін жүзеге асырудың есептемесі мен тәртібін белгілейді.

1-тарау. Сақтандыру шарты бойынша есептеу сомасы

      1. Сақтандыру шарты бойынша есептеу сомасы әрбір күнтізбелік жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша кірістіліктің тиімді пайыздық мөлшерлемесін ескере отырып жинақталған сақтандыру шарты бойынша сақтандыру резервінің және есептелген мемлекет сыйлықақылардың сомасы ретінде мына формула бойынша есептеледі:

      ЕСn = РЕЗn + МС(n-1)*(1+i),

      мұндағы:

      ЕСn - сақтандыру шарты бойынша есептеу сомасы;

      РЕЗn – Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 18290 болып тіркелген, Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2019 жылғы 31 қаңтардағы № 13 қаулысымен бекітілген Сақтандыру резервтерін қалыптастыруға, есептеу әдістемесіне және олардың құрылымына қойылатын талаптардың 38-тармағына сәйкес n жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша есептелген сақтандыру шарты бойынша сақтандыру резерві;

      МС(n-1) – i кірістіліктің тиімді пайыздық мөлшерлемесін ескере отырып жинақталған n-1 жылға есептелген мемлекет сыйлықақылары;

      i – кірістіліктің тиімді пайыздық мөлшерлемесі;

      n – сақтандыру шартының қолданыста болу жылы.

      2. Сақтандыру шарты бойынша есептеу айырысу сомасын айқындау мақсатында табыстылықтың тиімді жылдық пайыздық мөлшерлемесі сақтандыру шарты бойынша сақтандыру тарифін есептеу кезінде пайдаланылатын табыстылық мөлшерлемесіне сәйкес келеді.

2-тарау. Сақтандыру шарты бойынша сақтандыру төлемін жүзеге асырудың есептемесі мен тәртібі

      3. Сақтандыру шарты бойынша сақтандыру төлемі пайда алушының шетелдік білім беру ұйымына түсу жағдайын қоспағанда, Заңның 11-1-бабының 10, 12, 13, 14-тармақтарына және 18-1-бабының 8-тармағына сәйкес білім беру ұйымына жүзеге асырылады.

      4. Сақтандыру төлемі сақтандыру сыйлықақысына (жарналарына), инвестициялық кіріске, есептелген мемлекет сыйлықақысына қарай есептеледі.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 05.05.2023 № 23 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      5. Пайда алушы шетелдік білім беру ұйымына келіп түскен жағдайда, сақтандыру төлемі Заңның 11-1-бабының 11-тармағына сәйкес ақша сомасын "эскроу-шот" режиміндегі банк шотына аудару арқылы жүзеге асырылады.

      6. Сақтандыру шарттары бойынша іс жүргізуге арналған шығыстары және пайда алушының атына "эскроу-шот" режимінде банк шотын ашу шығыстары қатысушы-сақтандыру ұйымының қаражаты есебінен төленеді.

      7. Сақтандыру төлемін қатысушы-сақтандыру ұйымы сақтанушының не пайда алушының өтініші негізінде немесе білім беру қызметтерін көрсету шартының көшірмесін қоса бере отырып, Қазақстан Республикасының азаматтық заңнамасында белгіленген тәртіппен және жағдайларда, оның заңды өкілінің өтініші негізінде жүзеге асырады.

      8. Пайда алушы шетелдік білім беру ұйымына келіп түскен жағдайда, сақтандыру төлемін жүзеге асыруға арналған өтінішке мемлекеттік және орыс тілдеріндегі нотариат куәландырған аудармасымен қоса оқуға түскендігі туралы растайтын құжаттар (инвойс, шақыру хат/білім беру қызметтерін көрсету туралы шарт) қоса беріледі.

      9. Қатысушы-сақтандыру ұйымы білім беру ұйымына аударған сақтандыру төлемінің сомасы академиялық кезеңдегі (оқу жылы немесе бүкіл оқу мерзімі) оқу құнының сомасынан аспайды.

      10. Сақтандыру төлемдері мөлшерінің оқыту құнынан асып кеткен сомасы Заңның 11-1-бабының 14-тармағына сәйкес пайда алушыға не оның заңды өкіліне төленуге тиіс.

      11. Заңның 11-1-бабының 13 және 15-тармақтарында көзделген жағдайларды қоспағанда, сақтандыру шарты бойынша нысаналы мақсатын сақтамай сақтандырудың қорғау мерзімі өткен жағдайда, сақтандыру шарты сақтанушыға немесе пайда алушыға сатып алу сомасы төлене отырып және мемлекет сыйлықақысын бюджетке қайтарыла отырып бұзылады.

      12. Егер үш жыл ішінде оқудан шығарылған пайда алушы оқудан шығарылған білім беру ұйымына қайта алынбаса не басқа білім беру ұйымына оқуға түспесе, онда қатысушы-сақтандыру ұйымы сақтанушыға немесе пайда алушыға сатып алу сомасын төлеуді және мемлекеттің есептелген сыйлықақысының толық сомасын бюджетке қайтаруды жүзеге асырады.

      13. Пайда алушы Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтқан жағдайда, сақтандыру шарты сақтанушыға немесе пайда алушыға сатып алу сомасы төлене отырып және Қазақстан Республикасының Үкіметі бекіткен мемлекет сыйлықақысын есептеу әдістемесіне сәйкес есептелетін, білім беру қызметтеріне пайдаланылмаған мемлекеттің сыйлықақысы бюджетке қайтарыла отырып бұзылады.

      14. Сақтандыру шарты бұзылған кезде, бірақ ол жасалған сәттен бастап екі жылдан ерте емес мерзімде, қатысушы-сақтандыру ұйымы мемлекет сыйлықақысын ескере отырып сатып алу сомасын басқа қатысушы-сақтандыру ұйымына аударады не сақтанушыға сақтандыру шарты бойынша сатып алу сомасын төлейді және мемлекет сыйлықақысын бюджетке қайтаруды жүзеге асырады.

      15. Сақтандыру шарты бойынша сатып алу сомасы Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 3190 болып тіркелген, Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2004 жылғы 25 қыркүйектегі № 274 қаулысымен бекітілген Жинақтаушы сақтандыру жөніндегі қызметті жүзеге асыратын сақтандыру ұйымының өз сақтанушыларына қарыздар беру және сатып алу сомасын есептеу қағидаларына, сондай-ақ жинақтаушы сақтандыру жөніндегі қызметті жүзеге асыратын Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымы филиалының Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру ұйымының өз сақтанушыларына қарыздар беруі бойынша көрсетілетін қызметтерді ұсыну тәртібі мен шарттарына сәйкес айқындалады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады