"Азаматтық қорғаудың құлақтандыру жүйесін ұйымдастыру, бейбіт және соғыс уақытында төтенше жағдайлар кезінде халықты, мемлекеттік органдарды құлақтандыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ішкі Істер министрінің 2014 жылғы 26 желтоқсандағы № 945 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің 2022 жылғы 12 желтоқсандағы № 292 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 13 желтоқсанда № 31077 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Азаматтық қорғаудың құлақтандыру жүйесін ұйымдастыру, бейбіт және соғыс уақытында төтенше жағдайлар кезінде халықты, мемлекеттік органдарды құлақтандыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2014 жылғы 26 желтоқсандағы № 945 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10151 болып тіркелген) мынадай өзгеріс енгізілсін:

      Көрсетілген бұйрықпен бекітілген Азаматтық қорғаудың құлақтандыру және бейбіт және соғыс уақытында төтенше жағдайлар кезінде халықты, мемлекеттік органдарды құлақтандыру жүйесін ұйымдастыру қағидалары осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Ақпараттандыру, цифрландыру және байланыс департаменті Қазақстан Республикасы заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркеуді;

      2) осы бұйрықты оның ресми жарияланғанынан кейін Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 4) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Төтенше жағдайлар министрі
Ю. Ильин

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ауыл шаруашылығы министрлігі


      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ақпарат және қоғамдық

      даму министрлігі


      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Әділет министрлігі


      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ғылым және жоғары

      білім министрлігі


      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Денсаулық сақтау министрлігі


      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Еңбек және халықты

      әлеуметтік қорғау министрлігі


      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Индустрия және

      инфрақұрылымдық даму министрлігі


      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Қаржы министрлігі


      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Қорғаныс министрлігі


      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Мәдениет және спорт министрлігі


      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Оқу-ағарту министрлігі


      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Сауда және интеграция министрлігі


      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Сыртқы істер министрлігі


      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ұлттық экономика министрлігі


      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Цифрлық даму, инновациялар және

      аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі


      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ішкі істер министрлігі


      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Экология, геология және

      табиғи ресурстар министрлігі


      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Энергетика министрлігі

  Бұйрыққа қосымша
Қазақстан Республикасы
Төтенше жағдайлар министрінің
2014 жылғы 26 желтоқсандағы
№ 945 бұйрығымен
бекітілген

Азаматтық қорғаудың құлақтандыру жүйесін ұйымдастыру, бейбіт және соғыс уақытында төтенше жағдайлар кезінде халықты, мемлекеттік органдарды құлақтандыру қағидалары 1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Азаматтық қорғаудың құлақтандыру жүйесін ұйымдастыру, бейбіт және соғыс уақытында төтенше жағдайлар кезінде халықты, мемлекеттік органдарды құлақтандыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Азаматтық қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 12-бабы 1-тармағы 70-2) тармақшасына сәйкес әзірленді және азаматтық қорғаудың құлақтандыру жүйесін ұйымдастыру, бейбіт және соғыс уақытында төтенше жағдайлар кезінде халықты, мемлекеттік органдарды құлақтандыру тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мына терминдер мен анықтамалар қолданылады:

      1) азаматтық қорғау – өрт қауіпсіздігі мен өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету, мемлекеттік материалдық резервті қалыптастыру, сақтау және пайдалану жөніндегі іс-шараларды қамтитын, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар мен олардың салдарларының алдын алуға және оларды жоюға, азаматтық қорғанысты ұйымдастыруға және жүргізуге, төтенше жағдай аймағындағы халыққа шұғыл медициналық және психологиялық көмек көрсетуге бағытталған, бейбіт уақытта және соғыс уақытында жүргізілетін жалпымемлекеттік іс-шаралар кешені;

      2) азаматтық қорғау күштері – азаматтық қорғаныстың әскери бөлімдері, авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдары, мемлекеттік және мемлекеттік емес өртке қарсы қызмет бөлімшелері, азаматтық қорғау құралымдары, азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның авиациясы, жағдайды байқау, бақылау және болжау қызметтері;

      3) азаматтық қорғау қызметі – азаматтық қорғаудың арнайы іс-шараларын орындауға арналған азаматтық қорғаудың басқару органдары мен күштерінің республикалық, облыстық, қалалық, аудандық жүйелері;

      4) азаматтық қорғаудың құлақтандыру жүйесі (бұдан әрі – құлақтандыру жүйесі) – халыққа және мемлекеттік органдарға адамдардың өмірі мен денсаулығына төнген қатер туралы, қалыптасқан жағдайда әрекет ету тәртібі туралы хабар беруді қамтамасыз ететін бағдарламалық және техникалық құралдар жиынтығы;

      5) азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың алдын алу және жою, халыққа шұғыл медициналық және психологиялық көмек көрсету, өрт қауіпсіздігін және Азаматтық қорғанысты ұйымдастыруды қамтамасыз ету бөлігінде азаматтық қорғау саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді, мемлекеттік саясатты әзірлеуді және іске асыруды жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      6) "Баршаның назарына!" құлақтандыру сигналы – төтенше жағдайлар туындау қатері төнген немесе туындаған кезде халықтың назарын аудару үшін дабылдамалар немесе басқа да сигнал беру құралдары арқылы берілетін құлақтандырудың бірыңғай сигналы;

      7) төтенше жағдайлар туралы халықты құлақтандыру – бұл халыққа табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың туындау қатері немесе туындауы кезінде туындайтын қауіптер туралы, сондай-ақ қалыптасқан жағдайда халықтың мінез-құлық қағидалары туралы "Баршаның назарына!" құлақтандыру сигналы мен шұғыл ақпаратты жеткізу.

      3. Құлақтандыру жүйесінің міндеті халыққа және мемлекеттік басқару органдарына сигналдарды және құлақтандыру ақпаратын уақтылы, кепілді және анық жеткізу, сондай-ақ бейбіт және соғыс уақытында азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің жыл бойы жұмыс істеуі және барлық жұмыс істеу режимдерінде пайдалануға тұрақты әзірлігі болып табылады.

2-тарау. Құлақтандыру жүйесін ұйымдастыру тәртібі

      4. Құлақтандыру жүйесі:

      1) республикалық деңгейде – Қазақстан Республикасының аумағын қамти отырып, республикалық құлақтандыру жүйесі;

      2) аумақтық деңгейде – облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың аумақтарын қамти отырып, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың құлақтандыру жүйесі;

      3) объектілік деңгейде – адамдар жаппай болатын объектінің, қауіпті өндірістік объектінің аумағын және төтенше жағдай таралатын есепті аймаққа жататын халықты қамти отырып, жергілікті құлақтандыру жүйесі ұйымдастырылады.

      5. Республикалық құлақтандыру жүйесі:

      1) Қазақстан Республикасының халқына;

      2) азаматтық қорғаудың басқару органдарына;

      3) азаматтық қорғаудың күштеріне;

      4) уәкілетті орган ведомствосының аумақтық бөлімшелеріне құлақтандыру сигналдарын және ақпаратты жеткізуді қамтамасыз етеді.

      6. Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың құлақтандыру жүйесі:

      1) тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік әкімінің өкімі бойынша облыс (облыс аумағының бір бөлігі), республикалық маңызы бар қала, астана халқына не аудан, облыстық маңызы бар қала, қаладағы аудан, аудандық маңызы бар қала, кент, ауыл, ауылдық округ халқына;

      2) жергілікті атқарушы органдарға және өзге де мемлекеттік органдарға;

      3) шұғыл және авариялық қызметтерге;

      4) тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік аумағындағы азаматтық қорғау күштеріне құлақтандыру сигналдарын және ақпаратты жеткізуді қамтамасыз етеді.

      7. Жергілікті құлақтандыру жүйесі (бұдан әрі - ЖҚЖ):

      1) төтенше жағдай таралатын есепті аймаққа жататын халыққа;

      2) қауіпті өндірістік объектіні пайдаланатын ұйым жұмыскерлеріне;

      3) адамдар жаппай болатын объектінің аумағындағы жеке тұлғаларға;

      4) қауіпті өндірістік объектілерге қызмет көрсететін авариялық-құтқару қызметтері мен құралымдарына;

      5) төтенше жағдай таралатын есепті аймақта орналасқан заңды тұлғалардың басшыларына және кезекшілік-диспетчерлік қызметтеріне құлақтандыру сигналдарын және ақпаратты жеткізуді қамтамасыз етеді.

      8. Республикалық құлақтандыру жүйесін және облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың құлақтандыру жүйесін құруды, дамытуды және ұдайы әзірлікте ұстап тұруды, оның ішінде жабдыққа техникалық қызмет көрсетуді, жоспарлы және ағымдағы жөндеуді, құлақтандыру жүйелерінің байланыс арналарын ұйымдастыру мен күтіп ұстауды уәкілетті орган, оның аумақтық бөлімшелері және жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады.

      Құлақтандыру жүйесінің негізгі (орнатылған) жабдығын, сондай-ақ орнатылған бағдарламалық қамтамасыз етуін (лицензиялық бағдарламалық қамтамасыз етуді) құру, толықтыру, жаңғырту және жете жарақтандыру бойынша бірыңғай техникалық саясатты айқындауды уәкілетті орган жүзеге асырады.

      9. Құлақтандыру мен хабардар етудің техникалық құралдарын орналастыруды ұйымдастыруды жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады.

      10. Объектілік деңгейдегі құлақтандыру жүйесін құруды, дамытуды және тұрақты әзірлікте ұстауды, оның ішінде құлақтандыру жүйелерінің жабдықтарын пайдалануды, техникалық қызмет көрсетуді, жоспарлы және ағымдағы жөндеуді, сондай-ақ олардың үздіксіз жұмыс істеуі үшін қажетті байланыс арналарын, оның ішінде аумақтық деңгейдегі құлақтандыру жүйесінің басқарушы жабдығына дейін ұйымдастыру мен күтіп ұстауды қауіпті өндірістік объектілер мен гидротехникалық құрылыстарды пайдаланатын, адамдар жаппай болатын объектілер (бұдан әрі – ұйымдар) жүзеге асырады.

      11. ЖҚЖ-ның қолданылу аймағының шекаралары қауіпті өндірістік объектілер мен гидротехникалық құрылыстардағы авариялардан қауіпті факторлардың әсер ету аумағының (аймағының) шекаралары болып табылады, бұл объектілер мен құрылыстарды орналастыру аумағынан тыс жерлерде тұратын немесе шаруашылық қызметті жүзеге асыратын халықтың өмірі мен денсаулығына зиян келтіру қаупі бар.

      ЖҚЖ қолдану аймағының шекаралары:

      Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2014 жылғы 30 желтоқсандағы № 341 бұйрығымен бекітілген (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10257 болып тіркелген) қауіпті өндірістік объектінің өнеркәсіптік қауіпсіздік декларациясын әзірлеу қағидаларында айқындалатын негізгі зақымдаушы факторлардың әсер ету аймақтарына (авариялардың, инциденттердің әртүрлі сценарийлері кезіндегі негізгі зақымдаушы факторлардың әсер ету аймағын бағалау) сәйкес қауіпті өндірістік объектілерді құруға (реконструкциялауға) арналған техникалық тапсырманы әзірлеу кезінде;

      Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 2 желтоқсандағы № 19-2/1054 бұйрығымен бекітілген (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12660 болып тіркелген) гидротехникалық құрылыстардың бөгет қауіпсіздігі декларациясын әзірлеу қағидаларында айқындалатын су басу аймақтарына, қоршаған ортаға зиянды әсер ету аймақтарының шекараларына сәйкес құруға (реконструкциялауға) арналған техникалық тапсырманы әзірлеу кезінде айқындалады.

      12. Бір-біріне жақын орналасқан әртүрлі ұйымдар пайдаланатын бірнеше қауіпті өндірістік объектілер мен гидротехникалық құрылыстарды орналастыру кезінде осы ұйымдар басшылығының бірлескен шешімі бойынша бірыңғай ЖҚЖ құруға жол беріледі.

      Бұл ретте әрбір ұйымның өз аумағы шегінде жеке объектілік құлақтандыру жүйесі болады.

      13. Қауіпті өндірістік объектілерде және гидротехникалық құрылыстарда ықтимал авариялар кезінде елді мекендер негізгі зақымдаушы факторлардың әсер ету аймағына және су басу аймағына, қоршаған ортаға зиянды әсер ету аймақтарының шекараларына түскен жағдайда, жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, аталған елді мекендерді құлақтандыру жүйесін құруға жол беріледі.

      ЖҚЖ аумақтық деңгейдегі құлақтандыру жүйесінің басқарушы жабдығынан іске қосылады.

      14. Халықты құлақтандыру және хабардар ету үшін телерадио хабарларын таратуды тоқтату арқылы ақпараттық бейне және дыбыс хабарламаларын беру "Телерадио хабарларын тарату туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.

      15. Энергиямен жабдықтау және телекоммуникация желілерінің жұмысы бұзылған кезде халықты құлақтандыру қол жетімді хабарлау құралдарын, уәкілетті органның құлақтандыру автомобильдерін, мемлекеттік органдардың және дауыс зорайтқыш қондырғылары бар азаматтық қорғау қызметтерінің қызметтік көлік құралдарын пайдалана отырып ұйымдастырылады.

      16. Уәкілетті орган және оның аумақтық бөлімшелері азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің басқару органдарын бейбіт және соғыс уақытында төтенше жағдайлардың қатері немесе туындауы туралы уақтылы құлақтандыру мақсатында, оларды қолда бар техникалық құралдарды пайдалану арқылы құлақтандыру үшін адамдардың тізімдерін (бұдан әрі – құлақтандыру тізімдері) қалыптастырады.

      Тізімдерді қалыптастыру үшін ақпаратты азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің басқару органдары уәкілетті органға және оның аумақтық бөлімшелеріне ай сайын келесі айдың 5-күніне және/немесе тиісті мәліметтер өзгерген кезде дереу ұсынады.

      17. Барлық деңгейдегі құлақтандыру жүйелерінің сенімділігін қамтамасыз ету мақсатында жылына кемінде бір рет республикалық құлақтандыру жүйесінің әзірлігін тексеру және тоқсанына кемінде бір рет "Баршаның назарына!" бірыңғай құлақтандыру сигналын бере отырып және халыққа бұқаралық ақпарат құралдары арқылы ақпараттық хабарламалар бере отырып, аумақтық құлақтандыру жүйесінің әзірлігін тексеру жүзеге асырылады.

      18. Республикалық құлақтандыру жүйесін техникалық тексеруді жүзеге асыру үшін және азаматтық қорғау бойынша республикалық оқу-жаттығуларды өткізу кезінде республикалық деңгейдегі құлақтандыру жүйесін іске қосу жөніндегі өкімді уәкілетті органның басшысы береді.

      Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың құлақтандыру жүйесіне техникалық тексеруді жүзеге асыру және азаматтық қорғау бойынша оқу-жаттығуларды өткізу үшін аумақтық деңгейдегі құлақтандыру жүйесін іске қосуға өкімді уәкілетті органның аумақтық бөлімшесінің басшысы береді.

3-тарау. Төтенше жағдайлар кезінде халықты және мемлекеттік органдарды құлақтандыру тәртібі

      19. Құлақтандыру тәртібі тиісті ден қою шараларын қабылдау үшін төтенше жағдайдың қаупі немесе туындауы туралы ақпаратты мемлекеттік органдарға, сондай-ақ халыққа "Баршаның назарына!" төтенше жағдайдың туындауы немесе қаупі және қалыптасқан жағдайларда іс-қимыл тәртібі туралы ақпараттық хабарламаларды жедел жеткізу болып табылады.

      20. Жаһандық ауқымдағы төтенше жағдайлар туралы ақпарат келіп түскен сәттен бастап уәкілетті орган Қазақстан Республикасының Премьер-Министрімен – Қазақстан Республикасының Азаматтық қорғаныс бастығымен халықты, уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерін, мемлекеттік басқару органдарын және жергілікті атқарушы органдарды дереу құлақтандыратын республикалық деңгейдегі құлақтандыру жүйесін іске қосуды келіседі.

      Өңірлік ауқымдағы төтенше жағдайлар кезінде құлақтандыру жүйесін іске қосу туралы өкімді уәкілетті органның басшысы береді.

      Жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай туралы ақпарат келіп түскен сәттен бастап ДЖБ-ның жедел кезекшісі ДЖБО-ны және уәкілетті органның аумақтық бөлімшесінің басшысын дереу хабардар етеді, ол тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің әкімімен аумақтық деңгейдегі құлақтандыру жүйесін іске қосу туралы өкімді келіседі.

      Ұйымдардың басшылары ДЖБ жедел кезекшісінің командасы бойынша немесе дербес түрде объектіде төтенше жағдай қаупі төнген немесе туындаған жағдайда ұйымның қызметкерлерін, авариялық-құтқару қызметтерін, кезекші-диспетчерлік қызметтерді және төтенше жағдай таралатын аймақта тұратын халықты объектілік деңгейдегі құлақтандыру жүйелерін іске қосу арқылы құлақтандырады.

      21. Төтенше жағдай қолданылатын кезеңде аумақтық деңгейдегі құлақтандыру жүйесін іске қосу туралы өкімді "Төтенше жағдай туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес төтенше жағдай енгізілген жергілікті жердің коменданты береді.

      22. Құлақтандыру жүйесін іске қосу туралы өкімді алғаннан кейін ДЖБ жедел кезекшісі құлақтандыру тізімдеріне сәйкес лауазымды тұлғаларды құлақтандыруды ұйымдастырады, сондай-ақ халықтың назарын аудару үшін "Баршаның назарына!" бірыңғай құлақтандыру сигналын беруді жүзеге асырады.

      23. ДЖБ жедел кезекшісі "Баршаның назарына!" бірыңғай құлақтандыру сигналын берген сәттен бастап шұғыл түрде төтенше жағдай туралы және қалыптасқан жағдайдағы халықтың іс-қимыл тәртібі туралы ақпараттық хабарламаларды мынадай жолдармен:

      1) эфирлік телерадио хабарларын тарату арналарын трансляциялауды тоқтату арқылы ақпараттық бейне - және дыбыс хабарламаларын беру арқылы;

      2) ұялы байланыс операторларының желілері бойынша мәтіндік хабарламаларды халықтың ұялы телефондарына жіберуді;

      3) деректерді берудің сымсыз желілері арқылы мобильді қосымшаларды пайдалана отырып, дыбыстық, графикалық, мәтіндік және дауыстық хабарламаларды беруді;

      4) сиреналық-сөйлеу құрылғыларын және әртүрлі ведомстволық тиесіліктегі жылжымалы құлақтандыру құралдарын пайдалана отырып, дыбыстық және дауыстық хабарламаларды беруді;

      5) халық көп жиналатын орындарда ақпараттық терминалдарды пайдалана отырып мәтіндік хабарламалар беруді;

      6) ақпарат уәкілетті органның және оның аумақтық бөлімшелерінің ведомстволық интернет-ресурсында, сондай-ақ өзге де қолжетімді бұқаралық ақпарат құралдарында орналастыруды ұйымдастырады.

      24. "Баршаның назарына!" құлақтандыру сигналы іске қосылған кезде құлақтандыру жүйесі халыққа төтенше жағдайдың қатері немесе туындауы туралы ақпаратты және қалыптасқан жағдайда адамдардың іс-қимыл жасау тәртібі туралы ақпаратты бір мезгілде және бірнеше рет қайталап жеткізуді қамтамасыз етеді.

      25. "Баршаның назарына!" құлақтандыру сигналы бойынша тұрғындар қалыптасқан жағдайда іс-әрекеттер туралы нұсқаулықтарды алу және орындау үшін ақпаратты қабылдаудың қолжетімді құралдарын пайдаланады.

      26. Табиғи, техногендік және әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайлар қатері немесе туындауы туралы, оның ішінде қазіргі заманғы зақымдаушы құралдардың қолданылуы туралы ақпаратты қадағалау, ахуалды бақылау және болжау қызметтері, оның ішінде сейсмологиялық қызмет, селдік құлақтандыру, радиациялық ахуалды бақылау жүйелері және меншік нысанына қарамастан өзге де құзыретті ұйымдар қалыптастырады және Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің аумақтық бөлімшелерінің дағдарыс жағдайларындағы басқармаларына (бұдан әрі - ДЖБ) және Дағдарыс жағдайларында басқару орталығына (бұдан әрі - ДЖБО) береді.

      Жоғарыда көрсетілген ақпаратты ДЖБ және ДЖБО алуы осы Қағидалардың 22-тармағына сәйкес халықты және мемлекеттік органдарды құлақтандыруды ұйымдастыру үшін негіз болып табылады.

      27. Табиғи, техногендік және әлеуметтік сипаттағы төтенше жағдайлардың қаупі немесе туындауы, оның ішінде қазіргі заманғы зақымдау құралдарын қолдану туралы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері әскери бөлімдерінің, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарының жеке құрамына және әскери қалашықтардың халқына құлақтандыру және ақпарат жеткізу тәртібін тиісті құрамалардың, бөлімдер мен бөлімшелердің командирлері уәкілетті органның аумақтық бөлімшелерімен бірлесіп айқындайды.

      28. Құлақтандыру жүйелері іске қосылған кезде ДЖБ жедел кезекшілерінің іс-қимылдарын және ақпараттық хабарламалардың мәтіндерін уәкілетті органның аумақтық бөлімшелері әзірлейді және қабылдайды.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады