Хромтау аудандық мәслихатының 2016 жылғы 18 ақпандағы № 323 "Хромтау ауданында әлеуметтік көмек көрсету, мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидаларын бекіту туралы" шешіміне өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Ақтөбе облысты Хромтау аудандық мәслихатының 2022 жылғы 26 тамыздағы № 249 шешімі. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 1 қыркүйекте № 29345 болып тіркелді

      ШЕШТІ:

      1. Хромтау аудандық мәслихатының "Хромтау ауданында әлеуметтік көмек көрсету, мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау қағидаларын бекіту туралы" 2016 жылғы 18 ақпандағы № 323 (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде № 4780 болып тіркелген) шешіміне мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген шешіммен бекітілген Хромтау ауданында әлеуметтік көмек көрсету, мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау Қағидалары, осы шешімнің қосымшасына сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Хромтау аудандық
мәслихатының хатшысы
Д. Мулдашев

  Хромтау аудандық мәслихаттың 2022 жылғы 26 тамыздағы № 249 шешіміне қосымша
  Хромтау аудандық мәслихатының 2016 жылғы 18 ақпандағы № 323 шешіміне қосымша

Хромтау ауданында әлеуметтік көмек көрсету, мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау Қағидалары

      1. Осы Хромтау ауданында әлеуметтік көмек көрсету, мөлшерлерін белгілеу және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындау Қағидалары (бұдан әрi – Қағидалар) Қазақстан Республикасының Бюджет кодексінің 56 бабының 1 тармағының 4) тармақшасына, Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін – өзі басқару туралы" Заңының 31 бабының 1 тармағының 24) тармақшасына, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 мамырдағы № 504 "Әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" қаулысына (бұдан әрі - Үлгілік қағидалар) сәйкес әзірленді және әлеуметтік көмек көрсетудің, оның мөлшерлерін белгілеудің және мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарының тізбесін айқындаудың тәртібін белгілейді.

1. Жалпы ережелер

      2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:

      1) "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" (бұдан әрі -уәкілетті ұйым) - Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсету, "бір терезе" қағидаты бойынша мемлекеттік қызметтерді, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі қызметтерді, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметтерін көрсетуге өтініштер қабылдау және көрсетілетін қызметті алушыға олардың нәтижелерін беру жөніндегі жұмысты ұйымдастыру, сондай–ақ электрондық нысанда мемлекеттік қызметтер көрсетуді қамтамасыз ету үшін Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша құрылған, жыл жымайтын мүлікке құқықтарды оның орналасқан жері бойынша мемлекеттік тіркеуді жүзеге асыратын заңды тұлға;

      2) арнайы комиссия – өмірлік қиын жағдайдың туындауына байланысты әлеуметтік көмек көрсетуге үміткер адамның (отбасының) өтінішін қарау бойынша Хромтау ауданы әкімінің шешімімен құрылатын комиссия;

      3) ең төмен күнкөрiс деңгейi – мөлшері бойынша "Қазақстан Республикасының Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Ақтөбе облысы бойынша департаменті" республикалық мемлекеттік мекемесі есептейтін облыстардағы мөлшері бойынша ең төмен тұтыну себетінің құнына тең, бір адамға қажетті ең төмен ақшалай кіріс;

      4) мереке күндері –Қазақстан Республикасының ұлттық және мемлекеттік мереке күндері;

      5) отбасының (азаматтың) жан басына шаққандағы орташа табысы – отбасының жиынтық табысының айына отбасының әрбір мүшесіне келетін үлесі;

      6) өмірдегі қиын жағдай – азаматтың тыныс-тіршілігін объективті түрде бұзатын, ол өз бетінше еңсере алмайтын ахуал;

      7) уәкілетті орган – жергілікті бюджет есебінен қаржыландырылатын, әлеуметтік көмек көрсетуді жүзеге асыратын "Хромтау аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесі;

      8) шекті шама – әлеуметтік көмектің бекітілген ең жоғары мөлшері.

      3. Осы Қағидалар Хромтау ауданында тұрақты тұратын адамдарға қолданылады.

      4. Әлеуметтік көмекке мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына "Хромтау аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесімен осы Қағидалармен белгіленген тәртіпте көрсетіледі.

      5. Әлеуметтік көмек ретінде жергілікті атқарушы орган (бұдан әрі – ЖАО) мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына (бұдан әрі – алушылар) өмірлік қиын жағдай туындаған жағдайда, сондай-ақ мереке күндеріне ақшалай нысанда көрсететін көмек түсініледі.

      Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасында мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтiк қорғау туралы" Заңының 16-бабында және Қазақстан Республикасының "Ардагерлер туралы" Заңының 10-бабының 2) тармақшасында, 11-бабының 2) тармақшасында, 12-бабының 2) тармақшасында және 13-бабының 2) тармақшасында (бұдан әрі - Заң) көрсетілген адамдарға әлеуметтік көмек осы Қағидаларда көзделген тәртіппен көрсетіледі.

      6. Әлеуметтік көмек бір рет және (немесе) мерзімді (ай сайын) көрсетіледі.

2. Әлеуметтік көмек алушылар санаттарының тізбесін айқындау және әлеуметтік көмектің мөлшерлерін белгілеу тәртібі

      7. Ай сайынғы әлеуметтік көмек табыстарын есепке алмай:

      1) Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне коммуналдық қызметтерге 8 000 (сегіз мың) теңге мөлшерiнде;

      2) жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлерге, басқа мемлекеттердiң аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне жылу маусымының 7 ай ішінде (қаңтардан сәуірге дейін, қазаннан желтоқсанға дейін) коммуналдық қызметтерге 3500 (үш мың бес жүз) теңге мөлшерінде;

      3) Заңының күші қолданылатын басқа да адамдарға жылу маусымының 7 ай ішінде (қаңтардан сәуірге дейін, қазаннан желтоқсанға дейін) коммуналдық қызметтерге 5000 ( бес мың) теңге мөлшерінде;

      4) Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдарға жылу маусымының 7 ай ішінде (қаңтардан сәуірге дейін, қазаннан желтоқсанға дейін) коммуналдық қызметтерге 5000 (бес мың) теңге мөлшерінде;

      5) онкологиялық аурулардан зардап шегетін азаматтарға, адамның иммуножетіспеушілік вирусы инфекциясын жұқтырғандарға және туберкулездің әртүрлі түрімен ауыратын науқастарға, ай сайын ұсынылатын "Ақтөбе облысының денсаулық сақтау басқармасы" мемлекеттік мекемесінің шаруашылық жүргізу құқығындағы "Хромтау аудандық ауруханасы" мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны ұсынған тізімдері негізінде, жылына 6 айға дейінгі амбулаториялық ем алу мерзіміне 10 (он) айлық есептiк көрсеткіш мөлшерінде көрсетіледі.

      Әлеуметтік көмек, егер жоғарыда аталған тұлғалар толық мемлекет қарауында болмаған жағдайда көрсетіледі.

      8. Біржолғы әлеуметтік көмек мерекелік күндерге, келесі санаттағы адамдарға көрсетіледі:

      1) 9 мамыр-Жеңіс күніне орай:

      Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне 2 000 000 (екі миллион) теңге мөлшерiнде;

      жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлерге, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне 33 (отыз үш) айлық есептік көрсеткіштер мөлшерiнде;

      Заңының күші қолданылатын басқа да адамдарға 33 (отыз үш) айлық есептік көрсеткіштер мөлшерiнде;

      еңбек ардагерлеріне 17 (он жеті) айлық есептік көрсеткіштер мөлшерiнде;

      2) 30 тамыз- Қазақстан Республикасының Конститутциясы күніне орай:

      мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақы алушы мүгедектігі бар адамдарға 50 000 (елу мың) теңге мөлшерiнде.

      9. Өмірлік қиын жағдайға тап болған кезде біржолғы әлеуметтік көмек:

      1) Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне 150 000 (жүз елу мың) теңгеден артық емес мөлшерде;

      2) жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген ардагерлерге, басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне 100 000 (жүз мың) теңгеден артық емес мөлшерде;

      3) еңбек ардагерлеріне, Заңының күші қолданылатын басқа да адамдарға 80 000 (сексен мың) теңгеден артық емес мөлшерде;

      4) зейнеткерлік жасқа жеткен адамдарға 60 000 (алпыс мың) теңгеден артық емес мөлшерде;

      5) мүгедектігі бар адамдарға, оның ішінде 18 жасқа дейінгі мүгедектігі бар баланы тәрбиелеп отырған адамдарға 60 000 (алпыс мың) теңгеден артық емес мөлшерде;

      6) саяси қуғын-сүргін құрбандары, саяси қуғын-сүргіндерден зардап шеккен адамдарға 50 000 (елу мың) теңгеден артық емес мөлшерде;

      7) көп балалы отбасыларға 140 000 (жүз қырық мың) теңгеден артық емес мөлшерде;

      8) жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға, балалар үйінің түлектеріне 60 000 (алпыс мың) теңгеден артық емес мөлшерде;

      9) табысы аз адамдарға 140 000 (жүз қырық мың) теңгеден артық емес мөлшерде;

      10) бас бостандығынан айыру орындарынан босатылған және пробация қызметінің есебіндегі азаматтарға 60 000 (алпыс мың) теңгеден артық емес мөлшерде көрсетіледі;

      11) онкологиялық аурулардан зардап шегетін азаматтарға, адамның иммуножетіспеушілік вирусы инфекциясын жұқтырғандарға және туберкулездің әртүрлі түрімен ауыратын науқастарға 80 000 (сексен мың) теңгеден артық емес мөлшерде;

      12) табиғи зілзаланың немесе өрттің шыққан орны бойынша табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан зардап шеккен азаматтардың (отбасылардың) - жан басына шаққандағы орташа табысы есепке алынбай, 80 (сексен) айлық есептік көрсеткіштер мөлшерінде көрсетіледі.

      10. Өмірлік қиын жағдайлардағы азаматтарға, егер жолыққан сәттің алдындағы тоқсанда отбасының (азаматтың) жан басына шаққандағы орташа табысы Ақтөбе облысы бойынша төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінен бір еседен аспаса әлеуметтік көмек көрсетіледі (кірісі есептелмей әлеуметтік көмек көрсетілетін Ұлы Отан соғысының ардагерлерін қоспағанда).

      Өмірлік қиын жағдай туындаған кезде азаматтардың мұқтаждар санаттарының қатарына жатқызу үшін негіздемелер:

      1) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген негіздемелер;

      2) табиғи зілзаланың немесе өрттің салдарынан азаматқа (отбасына) не оның мүлкіне зиян келтіру не әлеуметтік мәні бар аурулардың болуы;

      3) жан басына шаққандағы орташа табыстың, өмірлік қиын жағдай туындауына байланысты біржолғы әлеуметтік көмек тағайындау барысында ең төменгі күнкөріс деңгейінің бір еселік мөлшерінен аспауы болып табылады.

      11. Табиғи зілзала немесе өрт салдарынан өмірлік қиын жағдайлар туындаған кезде әлеуметтік көмек алу үшін өтініштерді қарау мерзімі:

      өмірлік қиын жағдайлар туындаған сәттен бастап алты айдан кеш емес.

      12. Әрбір жекелеген жағдайда көрсетілетін әлеуметтік көмек мөлшерін арнайы комиссия айқындайды және оны әлеуметтік көмек көрсету қажеттілігі туралы қорытындыда көрсетеді.

3. Әлеуметтік көмекті көрсету тәртібі

      13. Әлеуметтік көмек көрсету тәртібі Үлгілік қағидаларға сәйкес айқындалады.

      14. Мерекелік күндеріне әлеуметтік көмек алушылардан өтініштер талап етілмей уәкілетті ұйымның не өзге де ұйымдардың ұсынымы бойынша ЖАО бекіткен тізімі бойынша көрсетіледі.

      Өмірде қиын жағдай туындаған кезде әлеуметтік көмек алу үшін өтініш беруші өзінің немесе отбасының атынан уәкілетті органға немесе қала, ауыл, ауылдық округінің әкіміне Үлгілік қағидалардың 13-тармағына сәйкес құжаттар тізбесін қоса бере отырып, өтінішті ұсынады.

      15. Әлеуметтiк көмек ұсынуға шығыстарды қаржыландыру ауданның бюджетiнде көзделген ағымдағы қаржы жылына арналған қаражат шегiнде жүзеге асырылады.

4. Көрсетiлетiн әлеуметтiк көмектi тоқтату және қайтару үшiн негiздемелер

      16. Әлеуметтiк көмек:

      1) алушы қайтыс болған;

      2) алушы Хромтау ауданының шегінен тыс тұрақты тұруға кеткен;

      3) алушыны мемлекеттiк медициналық-әлеуметтiк мекемелерге тұруға жiберген;

      4) алушы ұсынған мәлiметтердiң дәйексiздiгi анықталған жағдайларда тоқтатылады.

      Әлеуметтiк көмектi төлеу көрсетiлген жағдаяттар туындаған айдан бастап тоқтатылады.

      17. Артық төленген сомалар ерiктi қайтаруға жатады, бас тартқан жағдайда - сот арқылы.

5. Қорытынды ереже

      18. Әлеуметтiк көмек көрсету мониторингi мен есепке алуды уәкiлеттi орган "Е-собес" автоматтандырылған ақпараттық жүйесiнiң немесе "Әлеуметтік көмек" автоматтандырылған ақпараттық жүйесiнiң дерекқорын пайдалана отырып жүргiзіледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады