Ұлытау облысында жануарларды аулау, уақытша ұстау және жансыздандыру қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Ұлытау облыстық мәслихатының 2022 жылғы 23 қарашадағы № 10/70 шешімі. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 25 қарашада № 30719 болып тіркелді

      "Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Ұлытау облыстық мәслихаты ШЕШТІ:

      1. Қоса беріліп отырған Ұлытау облысында жануарларды аулау, уақытша ұстау және жансыздандыру қағидалары бекітілсін.

      2. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Ұлытау облыстық мәслихатының хатшысы Б. Шингисов

  Ұлытау облыстық
мәслихатының
2022 жылғы 23
қарашадағы
№ 10/70
шешімімен бекітілген

Ұлытау облысында жануарларды аулау, уақытша ұстау және жансыздандыру қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Ұлытау облысында жануарларды аулау, уақытша ұстау және жансыздандыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес, (бұдан әрі – Заң), Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 2022 жылғы 18 мамырдағы № 162 "Жануарларды аулаудың, уақытша ұстаудың және жансыздандырудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" бұйрығына сәйкес әзірленді (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 28125 болып тіркелген) және Ұлытау облысында жануарларды аулау, уақытша ұстау және жансыздандыру (иттер мен мысықтар) тәртібін айқындайды.

      2. Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар мен терминдер пайдаланылады:

      1) аулау қызметі – жануарларды аулаумен, уақытша ұстаумен және жансыздандырумен айналысатын, облыстың жергілікті атқарушы органдары құрған мемлекеттік ветеринариялық ұйым, сондай-ақ дара кәсіпкерлер және мемлекеттік емес заңды тұлғалар;

      2) жануардың иесі – жануар меншік құқығымен немесе өзгедей заттық құқықпен тиесілі болатын жеке немесе заңды тұлға;

      3) жануарларға арналған панажай – тіршілігі мен саулығына қатер төндіретін жағдайға ұшыраған жануарларды, қараусыз қалған және қаңғыбас жануарларды, сондай-ақ жеке немесе заңды тұлғалардан алып қойылған немесе тәркіленген үй жануарларын (компаньон жануарларды) ұстауға арналған және жабдықталған мүліктік кешен;

      4) жануарға қатыгездікпен қарау – жануардың өліміне, мертігуіне немесе оның саулығына өзге де зиян келуіне алып келген немесе алып келуі мүмкін қасақана іс-әрекет;

      5) жануарларды уақытша ұстау пункті – табылған, ауланған қараусыз қалған және қаңғыбас жануарларды, сондай-ақ жеке немесе заңды тұлғалардан алып қойылған немесе тәркіленген үй жануарларын (компаньон жануарларды) уақытша ұстау үшін әдейі арналған және жабдықталған мүліктік кешен;

      6) жануарды эвтаназиялау (бұдан әрі – эвтаназиялау) – жануардың ауырсынуын және физикалық қиналуын болғызбай оны дәрі-дәрмекпен жансыздандыру;

      7) қаңғыбас жануарлар – иесі жоқ иттер мен мысықтар;

      8) қараусыз қалған жануарлар – ұстау орнынан тыс жерде және жануардың иесі және (немесе) жауапты адам тарапынан бақылаусыз қалған жануарлар;

      9) стерилизациялау – жануарды хирургиялық, дәрі-дәрмекпен не өзге тәсілдермен ұрпақ өрбіту қабілетінен айыру;

      10) үй жануарларын есепке алу бұйымдары (құралдары) – үй жануарларын есепке алу үшін пайдаланылатын болюстер, чиптер және басқа да бұйымдар (құралдар);

      11) үй жануарларын есепке алу жөніндегі деректер базасы (бұдан әрі – деректер базасы) – үй жануарының жеке нөмірі туралы, диагностикалық зерттеулер нәтижелерін қоса алғанда, оны ветеринариялық өңдеу туралы, үй жануарлары ұсталатын немесе тасымалданатын жылжымайтын мүлік объектілері мен көлік құралдары, жеке тұлғаның әрекет қабілеттілігі туралы ақпарат, жергілікті атқарушы органдар ұйымдастырған үй жануарларын иелену тарихы туралы деректерді тіркеудің бірыңғай, көп деңгейлі жүйесін көздейтін электрондық деректер базасы;

      12) үй жануарларын есепке алу – үй жануарына жеке нөмір берілгені, тұрғылықты жері көрсетілген оның иесі және жүргізілген ветеринариялық іс-шаралар туралы мәліметтерді міндетті тіркеу.

2-тарау. Жануарларды аулау

      3. Жануарларды аулауды, тасымалдауды, уақытша ұстауды және жансыздандыруды аулау қызметі жүзеге асырады.

      4. Жануарларды аулау күнтізбелік бір жылға арналған аулау қызметінің басшысы бекіткен кестеге сәйкес жүргізіледі.

      5. Кесте жануарлардың шоғырлану орындарын бақылауды қамтамасыз ету мақсатында олардың жиналу орындарының мониторингі нәтижелері бойынша және азаматтардың өтініштері бойынша жасалады.

      6. Аулау жануарға жарақат салуды және мертігуді, азаматтардың денсаулығына, олардың мүлкіне, заңды тұлғалардың мүлкіне, қоршаған ортаға зиян келтіруді болдырмайтын ізгілікті тәсілдермен жүзеге асырылады. Адамның және (немесе) жануардың өміріне немесе денсаулығына нақты қатер төнген жағдайларды қоспағанда, балалардың қатысуымен жануарларды аулауға жол берілмейді.

      7. Аулау жануарларға зиян келтірмейтін құралдармен оқшаулау сүрлемдерін, торларды, гельдік оқшаулағышы бар ілмектерді, ұстап алу кезінде бекітуге арналған Ү-тәрізді бекіткіштерді (рогатин), Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынбаған жануарларды қимылсыздандыруға арналған препараттарды қолдана отырып жүзеге асырылады.

      8. Қоғамдық орындарда (көшелерде, аула аумақтарында, саябақтарда, скверлерде, қараусыз қалған ғимараттарда, қала шетінде, саяжай алқаптарында және басқа жерлерде) жануарлар иесінің қарауынсыз жүрген жануарлар аулауға жатады.

      9. Уақытша ұстау пункттерінің немесе жануарларға арналған панажайлардың иелері жануарлардың бұрынғы немесе жаңа иесін іздеуді:

      1) деректер базасында және аулау қызметінің ресми сайтында жануар туралы мәліметтерді орналастыру;

      2) деректер базасынан алынған байланыстар арқылы жоғалған жануардың бар екендігі туралы жануар иесін хабардар ету;

      3) волонтерлер арқылы жұртшылықты хабардар ету арқылы жүзеге асырады.

      Жануарларды бұрынғы иесіне немесе жауапты тұлғаға қайтару оның жазбаша өтініші негізінде жануарды уақытша ұстау пунктінде немесе жануарларға арналған панажайда болу мерзімі ішінде жүзеге асырылады.

      10. Адамға, жануарларға шабуыл жасаған немесе адамның, жануардың өміріне немесе денсаулығына қатер төндіретін, оның ішінде кемінде үш дарақтан тұратын топтасқан иттерді мекендеу ортасынан аулау кезінде Қазақстан Республикасының заңнамасымен тыйым салынбаған жануарларды қимылсыздандыруға арналған препараттарды қолдануға жол беріледі. Аулау қызметі еркін нысанда акт жасайды, оған кемінде екі куә қол қояды. Куәлар болмаған жағдайда аулауды тіркеудің техникалық құралдарын қолдануға (бейнетүсірілім) жол беріледі.

      11. Жануарларды аулау жөніндегі қызметті жүзеге асыру кезінде, аулау қызметі мамандарының өзімен бірге осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес белгіленген үлгідегі аулау қызметі қызметкерінің куәлігі (бұдан әрі – куәлік) болады және олар азаматтардың талап етуі бойынша көрсетіледі.

      12. Аулау қызметінің басшысы қызметкерлерді осы Қағидалардың қосымшасына сәйкес белгіленген үлгідегі куәлікпен күнтізбелік бір жыл мерзімге қамтамасыз етеді.

      13. Ауланған жануарларды тасымалдау Заңның 12-бабына және "Жануарларды тасымалдау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 2022 жылғы 19 мамырдағы № 164 бұйрығына сәйкес жүзеге асырылады (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 28139 болып тіркелген).

3-тарау. Жануарларды уақытша ұстау пунктінде ұстау

      14. Ауланған жануарлар уақытша ұстау пунктіне орналастырылады немесе жануарларға арналған панажайға беріледі және деректер базасында тіркелуге жатады.

      15. Уақытша ұстау пунктімен жануарларды ұстау, азықтандыру, қарау, жансыздандыру, қажетті құрал-саймандармен жарақтандыру жөніндегі іс-шаралар қамтамасыз етіледі.

      16. Уақытша ұстау пунктінде клиникалық тексеру және деректер базасында тіркеу жүргізіледі.

      Қаңғыбас жануарларды вакцинациялау және стерилизациялау жүргізу тәртібі "Қаңғыбас жануарларды вакцинациялау және стерилизациялау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 2022 жылғы 20 мамырдағы № 171 бұйрығына сәйкес айқындалады (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 28155 болып тіркелген).

      17. Жануарларды ұстау Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасының талаптарына сәйкес профилактиканы және диагностиканы қамтамасыз етеді.

      18. Уақытша ұстау пункті жануарларды ұстауға арналған металл торлармен және үйшіктермен жарақталады, онда 1 (бір) дарақтан орналастырылады.

      19. Тордың мөлшері жануарларға еркін тұруға, жатуға және өздеріне тән тәсілмен еркін айналуға мүмкіндік береді.

      20. Ауланған жануарларға күтім жасалады, торларда күнделікті механикалық тазарту және дезинфекциялау жүргізіледі.

      21. Үй-жайлардың қабырғалары мен едендік жабындарының беті тегіс, жинауға және дезинфекциялауға ыңғайлы.

      22. Жануарларды ұстау шарттары олардың биологиялық, түр және жеке ерекшеліктеріне сәйкес келеді, олардың табиғи қажеттіліктерін қанағаттандырады.

      23. Азықтық рационды және жануарларды азықтандыру режимін уақытша ұстау пунктінің басшысы жасайды. Азықтарды сақтау және пайдалану оларды өндірушілер белгілеген сақтау шарттарын ескере отырып жүзеге асырылады.

      24. Жануарларды азықтандыру күніне кемінде бір рет, оның ішінде мысықтарды күніне кемінде екі рет жүзеге асырылады.

      25. Ішетін ыдыстар мен басқа да су көздері әрбір жануарға таза ауыз суға тұрақты және шектеусіз қол жеткізуді қамтамасыз ететіндей етіп орналастырылады. Ауыз суды ауыстыру тәулігіне кемінде бір рет жүзеге асырылады.

4 тарау. Жануарларды жансыздандыру

      26. Адамға, жануарларға шабуыл жасаған немесе адамның өмірі мен денсаулығына қатер төндіретін жануарлар, оның ішінде кемінде үш дарақтан тұратын топтасқан жануарлар, сондай-ақ емделмейтін аурулармен ауыратын жануарлар Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған препараттармен, дәрілік жолмен (эвтаназиямен) уақытша ұстау пункттеріне немесе жануарларға арналған панажайларға жеткізгеннен кейін ізгілік жолмен жансыздандыруға жатады.

      27. Жануарлардың өлекселерін кәдеге жаратуды арнайы кремациялау пештері орнатылған орындарда, мал қорымында (биотермиялық шұңқырларда) аулау қызметі жүргізеді.

      28. Қаңғыбас жануарлардың санын уларды, химиялық препараттарды пайдалануды қоса алғанда, кез келген тәсілмен жансыздандыру жолымен реттеуге жол берілмейді.

  Ұлытау облысында жануарларды аулау,
уақытша ұстау және жансыздандыру
қағидаларына
қосымша
  Нысан

      Жануарларды аулаудың, уақытша ұстаудың және жансыздандыру қызметі қызметкерінің куәлігі

      Қағазда жасалған және қорғаныс пленкасына салынған куәліктің мөлшері 54х85 миллиметр болады.

      Жануарларды аулаудың, уақытша ұстаудың және жансыздандыру қызметі қызметкерінің куәлігі (1)

      Ұйым атауы (2)

      № ________ (3)

      QR-код (4)

      Фотосурет (5)

      Тегі, аты, әкесінің аты (бар болса) (6)

      Берілген күні: __________ жыл (7)

      Әрекет ету мерзімі __________ жылға дейін (8)

      Осы құжаттың түпнұсқалығын деректер базасы арқылы тексере аласыз (9)

      1-жол – "Жануарларды аулаудың, уақытша ұстаудың және жансыздандыру қызметі қызметкерінің куәлігі" құжатының атауы көрсетіледі;

      2-жол - жануарларды аулаудың, уақытша ұстаудың және жансыздандыру қызметінің қызметкері жұмыс істейтін ұйымның атауы көрсетіледі;

      3-жол – деректер базасында жинақталатын және қалыптастырылатын куәліктің бірегей сәйкестендіру нөмірі көрсетіледі;

      4-жол - мөлшері 30х30 сантиметр деректер базасында автоматты түрде туындалатын QR-код түріндегі куәліктің бірегей сәйкестендіру нөміріне арналған орын;

      5-жол - жануарларды аулаудың, уақытша ұстаудың және жансыздандыру қызметі қызметкерінің өлшемі 3х4 сантиметр фотосуретіне арналған орын;

      6-жол - жануарларды аулаудың, уақытша ұстаудың және жансыздандыру қызметі қызметкерінің тегі, аты, әкесінің аты (бар болса) көрсетіледі;

      7-жол - күні, айы, жылы форматы бойынша куәліктің берілген күні көрсетіледі;

      8-жол - күні, айы, жылы форматы бойынша куәліктің қолданылу мерзімі көрсетіледі;

      9-жол – "Осы құжаттың түпнұсқалығын деректер базасы арқылы тексере аласыз" деген жазу көрсетіледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады