Алматы қаласы әкімдігінің 2020 жылғы 15 желтоқсандағы № 4/580 "Алматы қаласының аумағында су қорғау аймақтарын, белдеулерін және оларды шаруашылықта пайдалану режимін белгілеу туралы" қаулысына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Алматы қаласы әкімдігінің 2022 жылғы 24 тамыздағы № 3/411 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2022 жылғы 25 тамызда № 29278 болып тіркелді

      Алматы қаласының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Алматы қаласы әкімдігінің 2020 жылғы 15 желтоқсандағы № 4/580 "Алматы қаласының аумағында су қорғау аймақтарын, белдеулерін және оларды шаруашылықта пайдалану режимін белгілеу туралы" қаулысына (Алматы қаласы Әділет департаментінде 2020 жылғы 23 желтоқсанда № 1672 болып тіркелді) келесі өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген қаулының 2-қосымшасы осы қаулының қосымшасына сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Осы қаулының орындалуын бақылау Алматы қаласы әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Алматы қаласының әкімі Е. Досаев

  Алматы қаласы
әкімдігінің 2022 жылғы
24 тамыздағы № 3/411
қаулысына қосымша
  Алматы қаласы
әкімдігінің 2020 жылғы
15 желтоқсандағы № 4/580
Қаулысына 2-қосымша

Алматы қаласының аумағындағы су қорғау аймақтары мен су
объектілерінің белдеулерін шаруашылық пайдалану режимі

      1. Алматы қаласының аумағындағы су объектілерінің су қорғау белдеулерін шаруашылық пайдалану режимі.

      Су қорғау белдеулерінің шегінде:

      1) су объектілерінің сапалық және гидрологиялық жай-күйін нашарлататын (ластану, қоқыстану, сарқылу) шаруашылық қызметіне немесе өзге де қызметке;

      2) су шаруашылығы және су жинайтын құрылысжайлар мен олардың коммуникацияларын, көпірлерді, көпір құрылысжайларын, айлақтарды, порттарды, пирстерді және су көлігі қызметіне байланысты өзге де көліктік инфрақұрылым, кәсіпшілік балық өсіру, балық шаруашылығы технологиялық су айдындары объектілерін, жаңартылатын энергия көздерін (гидродинамикалық су энергиясын) пайдалану объектілерін, сондай-ақ су объектісіндегі рекреациялық аймақтарды қоспағанда, демалыс және (немесе) сауықтыру мақсатындағы ғимараттар мен құрылысжайларды салмай, ғимараттар мен құрылысжайларды салуға және пайдалануға;

      3) бау-бақша егуге және саяжай салуға жер учаскелерін беруге;

      4) су объектілерінің және олардың су қорғау аймақтары мен белдеулерінің ластануын болғызбайтын құрылыстармен және құрылғылармен қамтамасыз етілмеген объектілерді пайдалануға;

      5) жекелеген учаскелерді шалғындандыруға, егін егуге және ағаш отырғызуға арналған жерлерді өңдеуді қоспағанда, топырақ және өсімдік қабатын бұзатын жұмыстарды жүргізуге (оның ішінде жер жыртуға, мал жаюға, пайдалы қазбаларды өндіруге);

      6) шатыр қалашықтарын, көлік құралдары үшін тұрақты тұрақтарды, малдың жазғы жайылым қостарын орналастыруға;

      7) пестицидтер мен тыңайтқыштардың барлық түрлерін қолдануға тыйым салынады.

      2. Алматы қаласының аумағындағы су объектілерінің су қорғау аймағын шаруашылық пайдаланудың арнайы режимі.

      Белгіленген су қорғау аймақтарының шегінде:

      1) су объектілерін және олардың су қорғау аймақтары мен белдеулерінің ластануы мен қоқыстануын болғызбайтын құрылыстармен және құрылғылармен қамтамасыз етілмеген жаңа және қайта жағыртылған объектілерді пайдалануға беруге;

      2) ғимараттарға, құрылыстарға, коммуникацияларға және басқа да объектілерге қайта жаңғырту жүргізуге, сондай-ақ құрылыс, су түбін тереңдету және жарылыс жұмыстарын жүргізуге, пайдалы қазбалар өндіруге, кәбіл, құбыр және басқа да коммуникацияларды төсеуге, белгіленген тәртіппен жергілікті атқарушы органдармен, бассейндік инспекциялармен, қоршаған ортаны қорғау саласындағы уәкілетті мемлекеттік органмен, халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органмен және басқа да мүдделі органдармен келісілген жобасы жоқ бұрғылау, жер қазу және өзге де жұмыстар жүргізуге;

      3) тыңайтқыштар, пестицидтер, мұнай өнімдерін сақтайтын қоймаларды, көлік құралдары мен ауыл шаруашылығы техникасына техникалық қызмет көрсету, оларды жуу пункттерін, механикалық шеберханаларды, тұрмыстық және өнеркәсіп қалдықтарын төгетін құрылғыны, аппаратураларды пестицидтермен толтыратын алаңдарды, авиациялық-химиялық жұмыстар жүргізуге арналған ұшу-қону жолақтарын орналастыруға және салуға, сондай-ақ судың сапасына кері әсер ететін басқа да объектілерді орналастыруға;

      4) мал шаруашылығы фермалары мен кешендерін, сарқынды су жинағыштарды, сарқынды сумен суарылатын егістіктерді, зираттарды, мал қорымдарын (биотермиялық шұңқырларды), сондай-ақ жерүсті және жерасты суларының микробпен ластану қаупіне себепші болатын басқа да объектілерді орналастыруға;

      5) жүктелім нормасынан асырып мал жаюға, су тоғандарының режимін нашарлататын мал тоғыту мен санитариялық өңдеуге және шаруашылық қызметінің басқа да түрлеріне;

      6) су көздеріндегі су кемерінен екі мың метрге жетпейтін қашықтықта орналасқан ауыл шаруашылығы дақылдары мен орман екпелерін пестицидтермен әуеден өңдеу және әуе арқылы минералдық тыңайтқыштармен қоректендіру тәсілін қолдануға;

      7) концентрациясының жол берілетін шегі белгіленбеген пестицидтерді қолдануға, қардың үстіне тыңайтқыш себуге, сондай-ақ залалсыздандырылмаған көң қосылған сарқынды суды және тұрақты хлорорганикалық пестицидтерді тыңайтқыш ретінде пайдалануға тыйым салынады.

      Су қорғау аймағында мәжбүрлі санитариялық өңдеу жүргізу қажет болған жағдайда уыттылығы әлсіз және орташа тұрақсыз пестицидтерді қолдануға жол беріледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады